Accessibility links

«Қаражанбасмұнайдың» наразылығына «ӨзенМұнайГаздың» аштығы қосылды


«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)
«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

Он күннен аса ереуілдетіп жатқан маңғыстаулық «Қаражанбасмұнай» мұнайшылары қысым көргендерін айтып шағымданады. Бүгін Жаңөзендегі «ӨзенМұнайГаз» жұмысшылары да аштық жариялады.


Кәсіподақ белсендісі Қуаныш Сисенбаевтың айтуынша, мамырдың 24-і күні кешкі сағат 9-дар шамасында Наталья Соколованы Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына шақырып, түн жарымында Соколованы сегіз тәулікке қамауға алу жөнінде шешім шығарған.

«БАСЫП-ЖАНШУ»

Сөйтіп бір жетінің ішінде Наталья Соколова осымен екінші рет әкімшілік жауапқа тартылды. Мамырдың 17-сі күні Маңғыстаудағы Түпқараған аудандық соты «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшыларының
«Қаражанбасмұнай» жұмысшылары кәсіподағының заңгері Наталья Соколова. (Сурет Ольга Ярославскаядан алынған)

еңбекақыны көбейту және тәуелсіз кәсіподақ құру талабымен өткізген жаппай наразылық шарасына қатысқаны үшін Соколоваға 15 ең төменгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 150 АҚШ доллары) айыппұл салған еді.

Ереуілге қатысушылардың бірі Шыңғыс Есболаев Наталья Соколованың абақтыға қамалуы жағдайды мүлде ушықтырып жіберуі мүмкін дейді.

– Мұнайшылар наразылығы басталғаннан бері басшылар тарапынан мәмілеге келуге деген ниет көріп отырғамыз жоқ. Олар бізді басып-жаншу арқылы өз дегендерін жасағылары келіп отыр. Темекі мен қалта телефондарының кәртішкелері сатылатын дүкенді де жапқызып тастады. Қазірдің өзінде бірнеше белсендіден жауап алып, жұмыстан қууға тырысып жатыр. Тіпті бәрімізді толықтай жұмыстан шығарып, жаңадан адам қабылдаймыз дегенді де естіп отырмыз, – деді Шыңғыс Есболаев Азаттық тілшісіне.

«ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ӨЗІ КЕЛСІН!»

Қаражанбас басында ереуілдеп жатқан мұнайшылар дүйсенбі күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Асқар Әубәкіровтың «Қаражанбасмұнай» компаниясы вице-президентімен бірге келіп, сес көрсетіп кеткенін айтады. Олар әр цехтан бір жұмысшыдан бітімгершілік комиссиясын құруды ұсынды. Қарапайым жұмысшылар заңды білмейтін болған соң келіспей отырмыз дейді мұнайшылар.

- Өзіміздің заңды білетін адамдарымыз бар сайлап қойған. Солармен сөйлессін және мәселені талқылауға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы бас директоры Асқар Балжанов пен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры жетекшісі Тимур Құлыбаевтың өзі келсін деп талап етіп отырмыз, - деп мәлімдеді мұнайшылар белсенділерінің бірі Азаттық тілшісіне.

«КОМПАНИЯНЫҢ ШЫҒЫНЫ - 240 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ»

«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығына қатысты компания қожайындарының бірі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы ұстанымын білгіміз келген. Алайда акционерлік қоғамның бұқарамен байланыс жөніндегі департамент директоры Дәулет Жұмаділ мұнайшылардың бұндай талаптарынан хабарсыз екенін айтты.

- Олардың «басшылардың келуін талап етеміз» дегенін білеміз, бірақ «Барлау Өндірудің» бас директоры келсін» дегендерін естігеніміз жоқ, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Ал «Қаражанбасмұнай» компаниясының баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің жазбаша сауалына екі күннен соң электронды пошта арқылы баспасөз хабарламасын жіберді. Онда былай деп жазылыпты:

«2011 жылғы мамырдың 20-сы күні өткен Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық соты «Қаражанбасмұнай» АҚ, «АрғымақТрансСервис» ЖШС, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС жұмысшыларының ереуілін заңсыз деп таныды, сот шешімі бірден жүзеге асырылатын болып бекітілді. «Қаражанбасмұнай» компаниясы басшылығы тарапынан жағдайды реттеу
Жаңаөзен қаласының атауы жазылған белгі.

жайлы бірнеше мәрте ұсыныс жасалғанымен, ереуілді ұйымдастырушылар акционерлік қоғамының өндірісін тұрақсыздандыруға тырысып отыр».

«Қаражанбасмұнай» компаниясының баспасөз қызметінен келген хатқа жүгінсек, «өндірістегі болған жағдайдың салдарынан акционерлік қоғамның тартқан шығыны - 240 миллион теңгеден астам».

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖҰМЫСШЫЛАР ДА АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ

Бүгін Жаңөзендегі «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалына қарасты УОС-5 мекемесінің жұмысшылары да жалақыны көтеруді талап етіп аштық акциясын бастады.

Бұл жайлы Азаттық тілшісіне «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы құрамындағы №3 мұнай-газ өндіру басқармасы операторы Естай Қарашаев хабарлады.

– Былтыр бізге «барлығы еңбек заңына сай шешіледі, жалақыларың көтеріледі» деп түсіндірген. Алайда іс жүзінде еңбекақымыз артады деген 25 пайыздың орынына 15 пайызға түсіп, азайып кетті. Сол себепті бүгін бірқатар жұмысшылар аштық жариялады, – дейді ол.

Оның сөзін растаған УОС-5 мекемесінің әкімшілік және әлеуметтік қамту қызметінің басшысы Жак Аминов аштық жариялайтындарын алдын-ала ескертіп, 20 шақты адамның тиісті орындарға шағым жазғанын айтады.

– Таңертеңгі сағат 8-ден бастап 14 адам кеніш басындағы машина жөндейтін орында аштық акциясын бастады. Оларға бүгін тағы 4 адам қосылуға ниет білдіріп, шағымдарын құзырлы орындарға тапсыруға кетті. Қазір мұнай ұңғымаларына техникалық қолдау көрсетумен айналысатын УОС-5 және УОС-2 мекемелері жұмысы толық тоқтады, – деп хабарлады Жак Аминов Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне сүйенсек, наразылық өткен айда төленуге тиісті сыйақының жоспар орындалмады деген себеппен берілмеуінен басталған. Жаңаөзендіктер сәуірдің 15-інде премьер-министр Кәрім Мәсімовке, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа, облыстағы барлық заң орындарына арызданыпты. Бірақ тиісті жауап ала алмаған.

– Жоспардың орындалмауына біз кінәлі емеспіз. Өндірген майымызды ортадан ұрлап отырғандар бар. Бұрнағы жылдары Ақтау портынан сыртына «Сұйық битум» деп жазылған 57 вагон шикі мұнай ұсталған еді. Мұның бәрі біздің жоспарымызға кірмей ме? – дейді Жак Аминов.

ЖҰМЫСШЫЛАР ТАЛАБЫ

Жаңаөзендік жұмысшылар аштық жариялайтындары туралы мамырдың 16-сы күні жазылған ескертпе арыздарының бір көшірмесін Азаттық тілшісіне де ұсынған болатын.

Арыз Жаңаөзен қаласы әкімі О.Сарыбөпеевке, қала прокуроры М.Тойжанға, «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы директоры К.Ешмановқа, «ӨзенМұнайГаз» кәсіподағы төрағасы Н.Сақтағановқа бағытталған екен.

Онда жұмысшылар 2010 жылы 11 маусымда жасалған қосымша келісімді бұзуды, оның орнына тарифтік ставкалар толық көрсетілген №2045-58
Жалақыға қосымша төленетін аймақтық коэффициентті қалдыруды талап еткен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары жұмысты тоқтатып ереуілге шықты. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 4 наурыз 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

келісімді қалпына келтіруді, айлық орташа жалақыға 1,8 пайыз салалық және 1,7 пайыз аудандық коэффициент төлеуді енгізуді, аса ауыр, қауіпті әрі зиян жұмыс жағдайына байланысты төленетін қосымша төлемдер мен ай сайынғы ағымдағы сыйақыларды толық төлеуді талап еткен.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты Жаңаөзен қалалық әкімдігіне қоңырау шалған еді. Алайда Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ Сарбөпеев жұмысшылар аштық жариялап жатыр дегенді «жалған ақпарат» деп бағалап, «біреу айтқан әңгіме не керек сізге – келіңіз, көріңіз» деп тұтқаны тастай салды. Ал «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай Ешмановтың ұялы телефоны ажыратулы болғандықтан хабарласу мүмкін болмады.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы 26 мамыр күні «Өзенмұнайгаз» ӨФ (ӨМГ) бойынша 250-ге жуық жұмыскердің жұмысқа шықпауына және 10 жұмыскердің аштық акциясын бастауына байланысты» түсініктеме берді. Бұл құжатқа жүгінсек, Жаңаөзен қаласының әкімшілігі қалалық соттың шешіміне сүйене отырып, аштық жариялау акциясын өткізуге рұқсат бермеген. Бірақ «компания басшылығы өзінің құзырына жататын мәселелерді заң шеңберінде шұғыл шешуге дайын».

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы «ӨзенМұнайГаз» кәсіпорны жұмысшылары былтыры наурызда еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуді талап етіп, ең ұзақ наразылық акциясына шыққан еді.
XS
SM
MD
LG