Accessibility links

Huawei мен Google тартысы қазақстандық қолданушыларға қалай әсер етеді?


Huawei смартфоны экранындағы Android логотипі. Көрнекі сурет.
Huawei смартфоны экранындағы Android логотипі. Көрнекі сурет.

Google интернет компаниясы қытайлық Huawei корпорациясымен әріптестігін тоқтатып, Android бағдарламасын жаңарту мүмкіндігін шектеді. Қазақстанда Huawei смартфоны бар тұрғындарға бұл қалай әсер етпек? Азаттық зерттеп көрді.

Мамырдың 15-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді» деген күдікпен америкалық компанияларға шетелдік телекоммуникация құрылғыларды қолдануға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін Google Alphabet интернет компаниясы Android базасында жұмыс істейтін смартфондар шығаратын қытайлық Huawei компаниясымен қарым-қатынасын тоқтатты. Енді Huawei ашық платформадағы бағдарламаларды ғана жүктеп, Android операциялық жүйесіндегі жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізе алмайды.

ВИДЕО: Huawei мен Google неге әріптестікті тоқтатты?

Huawei мен Google неге әріптестікті үзді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

Бұған дейін АҚШ-тың әділет министрлігі Huawei компаниясын «T-Mobile компаниясынан ақпарат пен технология ұрлады» деп айыптаған. Бұған қоса, қытайлық кәсіпорынның шетелдік компаниялардан заңсыз жолмен ақпарат алған қызметкерлеріне сыйақы тағайындауға уәде бергені туралы айтылған.

2018 жылы желтоқсанда Канадада Huawei компаниясының қаржылық директоры Мэн Ваньчжоу «Иранға қарсы салынған санкцияларды бұзды», «алаяқтық жасады» деген айыппен ұсталған. Болжам бойынша, Huawei Skycom Иран компаниясымен байланысқан және оны халықаралық банктерден жасырып келген.

Huawei компаниясының қаржы директоры Мэн Ваньчжоу.
Huawei компаниясының қаржы директоры Мэн Ваньчжоу.

«ҚАРАПАЙЫМ ҚОЛДАНУШЫЛАРҒА ӘСЕР ЕТПЕЙДІ»

Қазақстандағы Huawei Device PR-менеджері Олеся Колесниченко Азаттыққа берген пікірінде «Android-тың негізгі серіктестерінің бірі ретінде Huawei ашық платформаларымен жұмысын жалғастыра береді» деді.

- Huawei қауіпсіздік жүйесін жаңартып, тұтынушылар қолындағы барлық Huawei мен Honor смартфондары мен планшеттеріне қызмет көрсетуді жалғастыра береді. Біз бүкіл әлемдегі Huawei қолданушылары үшін қауіпсіз және тұрақты бағдарламалық экожүйе құру жолындағы жұмысымызды тоқтатпаймыз, - деді ол.

«Время» газетінің журналисі Руслан Бақтыгареев Huawei өнімдеріне үлкен қызығушылықпен қарап, компанияның жаңалықтарын қалт жібермей қарап жүреді. Оның ойынша, бұл шектеу қарапайым қолданушыларға қарағанда, компания мен оның бизнес серіктестеріне көбірек әсер етеді.

- Бізге (қарапайым қолданушыларға) қолданыстан шығып қалуы мүмкін Google сервистерінің жағдайы қызықтырады. Мәселен, Gmail почтасы ашылмай қалуы мүмкін деп айтады. Қазақстанда Gmail қызметін қанша адам жиі пайдаланады? Көбі Mail.ru немесе Yandex қызметтерін қолданады. Сонымен қатар Google-карталарды 2Gis немесе Yandex-навигатор алмастыра алады. Тіпті Play Market дүкенінің де қосымшалар жүктеуге мүмкіндік беретін әртүрлі баламасы бар. Мен Huawei смартфонын екі жыл қатарынан қолданып келемін. Ешқандай шағым жоқ. Бірақ қазірдің өзінде Google жұмыс істемей тұр деген қауесеттер бар. Бұл кедергіні браузердегі Google іздеу жүйесі арқылы айналып өтуге болады. Сондықтан қарапайым қолданушыларға әсер етпейді деп ойлаймын, - дейді журналист.

HUAWEI ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ МЕН IT-МАМАН НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық сөйлескен адамдардің көбі Huawei смартфонын «суретті жақсы түсіретін камерасы үшін таңдаған». Олардың бірқатары бұл телефонды бірнеше жылдан бері қолданып келе жатқанын, Huawei мен Google арасындағы қатым-қатынас оларға әсер етпейтінін айтады. Huаwei смартфонын ұстағандар «хабарласып, WhastApp желісін қолдансақ болды, бағдарламаны жаңарту жағы аса алаңдатпайды» деді.

- Шынымды айтсам, бұл туралы ойламаппын әрі қазір ойлағым да келмейді. Телефон жұмыс істеп тұрса, қолдана беремін. Жұмыс істемей қалса, басқа смартфон сатып аламын, – дейді алматылық Әлия Сағиева.

Қазақстандағы техника дүкендерінің сөресінде тұрған Huawei смартфондарының бағасы – 50 мың мен 520 мың теңге (131-1370 доллар) аралығында. Смартфонның қымбат үлгілерін пайдаланушыларды компанияның айналасында болып жатқан оқиғалар алаңдататыны байқалады. Өйткені олар гаджеттері жарамсыз болып қалғанын қаламайды.

Екібастұз тұрғыны Анастасия Дзюбак ұялы телефонын өткен жылы сатып алған. Ол Huawei смартфонын баға мен сапасы көңілге қонымды болғаны үшін таңдағанын айтады.

- Мен ол кезде смартфонды 350 мың теңгеге (шамамен 921 доллар) алдым. Бұл арзан дей алмаймын. Бірақ көңілімнен шықты, қолданып келемін. Қазірге дейін смартфонымды ауыстыру туралы ойлаған емеспін. Huawei смартфонында Android болмайды дегенді естігенде, көңілім түсіп кетті. Енді смартфоным ары қарай жұмыс істей ме, білмей отырмын. Бұл жағдай мені де алаңдатады. Компания жаңа операциялық жүйеге көшсе, телефон жұмысында ақау пайда болуы мүмкін. Маған мұндай қиындықтар керек емес, сондықтан телефонды кепілдеме бойынша қалай қайтаруға болатынын сұрап көремін. Себебі телефондағы қосымшаларды жұмыс барысында жиі пайдаланамын, - дейді ол.

Орал қаласында тұратын программист Рустам Ахметов Huawei смартфондарын бірнеше жылдан бері пайдаланып келеді. Оның ойынша, смартфон қолданушыларының мерзімінен бұрын алаңдай бастауы дұрыс емес.

- Android-тың жаңа нұсқасы шыққанда мәселе шешіледі деп ойлаймын. Ал қазір Huawei смартфондарының жаңа үлгілерін сатып алуға асықпау керек. Google сервистері қалай жұмыс істеп тұрғанын жиі тексеріп тұрған жөн.

- Android-тың жаңа нұсқасы шыққанда мәселе шешіледі деп ойлаймын. Ал қазір Huawei смартфондарының жаңа үлгілерін сатып алуға асықпау керек. Google сервистері қалай жұмыс істеп тұрғанын жиі тексеріп тұрған жөн. Жұмыс істемей тұрса, басқа бағдарламалық жүйе орнату қажет. Қазір Play Market-ке (Google компаниясының Android операциялық жүйесі қолданушыларына қосымшалар мен ойындар сататын дүкені. — Ред.) кез келген телефоннан кіруге мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Бұл сайттардың бұғатталуы сияқты, қалаған адам шектеулерді айналып өте алады. Ең үлкен кемшілігі – Android жаңармайды. Бұл кедергіні қалай айналып өтуге болатыны қазір белгісіз. Яғни, Google шығаратын «қауіпсіздік қосымшаларын» қолдана алмаймыз, - дейді ол.

Huawei сайтында көрсетілген ресми дерекке сәйкес, 2018 жылы компания әлемдік нарыққа 200 миллионнан астам смартфон шығарған. International Data Corporation халықаралық зерттеу консалтингінің дерегінше, 2018 жылы Huawei смартфондар сатылымы бойынша Apple компаниясы өнімдерін артта қалдырып, әлем бойынша Samsung компаниясынан кейін екінші орын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG