Accessibility links

Қасымов қызметінің "жаңғырығы" және Қытай қазағының "жоғалуы"


Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы ішкі істер министрінің жұмысына арналған отырыста сөйлеп жатыр. Астана, 19 қараша 2018 жыл

Осы аптада батыс басылымдары Қазақстан билігіндегі ауыс-түйістер туралы жазды. Халықаралық ақпарат құралдары сонымен бірге Қытайда туған этникалық қазақ, Ташкент әуежайының транзиттік аймағынан Өзбекстан билігі мен әлем елдеріне үндеу жасаған Ғалымбек Шағыманның "жоғалуын" талқылап, Астанадағы жаңа қаржы биржасының тағдырын да сөз еткен.

"ТЕК НАЗАРБАЕВ БІЛЕДІ"

Америкалық Diplomat басылымы "Неліктен Орталық Азиядағы кадрлар алмасуын мұқият бақылап отырмыз?" деген мақалада Қалмұханбет Қасымовтың жаңа қызметі туралы жазады. Сегіз жылға жуық Қазақстанның ішкі істер министрлігін басқарған генерал енді президент кеңесшісі және қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.

Басылымның жазуынша, саяси процестері бұлыңғыр Орталық Азияда шешімдер "жоғарыда қабылданады" және кадрлары жиі алмасып отырады.

Diplomat басылымының пікірінше, премьер-министрлердің саны мемлекеттің тәуелсіздік алған жылынан да көп ауысқан Қырғызстанда мұндай кадрлық ауыс-түйіске парламенттік жүйе факторы әсер еткен. Өзбекстанда президент Шавкат Мирзияев жақында бірнеше күштік құрылым басшысын ауыстырды. Президенттің өзі мұны реформа жүргізу мақсатымен түсіндірді. Ал Қазақстанда мұндай өзгерістердің мәні мүлдем басқа, сондықтан оны талдау қиынға түседі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев және президент кеңесшісі және қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов
Президент Нұрсұлтан Назарбаев және президент кеңесшісі және қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов

"Қазақстан биліктің ауысуы алдында кадрлардың тағайындауын бастан өткеріп жатқан тәрізді. Шын мәнінде Қазақстандағы кадрлардың алмасуына не түрткі болғанын түсіну қиын" деген сарапшы Дженнифер Муртазашвилидің пікірін басылым цитата етіп берген.

Diplomat жазуынша, ел ішінде президент Назарбаевтың алдағы жоспарына қатысты болжам-сыбыстар көп: "ол қызметінде қала ма, әлде 2020 жылғы кезекті президент сайлауына дейін қызметінен кете ме, ол жағы белгісіз". Осы орайда Diplomat сарапшы Пол Стронскидің "Назарбаевтың не істейтінін Назарбаев ғана біледі" деген сөзін еске салған.

Дженнифер Муртазашвилидің пікірінше, биліктегі кадрлардың жиі алмасуы қызметке келгендерді "қалауынша қарпып қалуға жетелейді, себебі олар билікте ертең қалар-қалмасын білмейді". Қазақстан мен Өзбекстандағы кадрлар алмасуы – шексіз президент билігінің нәтижесі.

Бұл ел басшыларының "өкілеті шектеусіз, көбіне қызметке президенттің тікелей өзі тағайындайды". Сондықтан да мұндай өзгерістерді мұқият бақылаймыз деп жазады Diplomat.

Басылымның жазуынша, "өзгеріс басшы қалауына байланысты жасалады". Сондықтан кез келген кадр алмасуы – жасырылған басқару жүйесінің қалай жұмыс істейтіні туралы қосымша ақпарат береді.

ҒАЛЫМБЕК ШАҒЫМАННЫҢ "ЖОҒАЛУЫ"

"Жоғалған қазақ-қытай босқынының жұмбақ ісі" атты тағы бір мақаласында Diplomat Шыңжаңда туған этникалық қазақ Ғалымбек Шағыман туралы жазады. Желіде оның видеомәлімдемесі тараған соң қоғам Шағыман туралы біле бастады, видеоны ол Ташкент әуежайының транзиттік аймағында түсірсе керек.

Шағыман Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен халықаралық қауымдастыққа үндеу жасап, өзін Қытайға бермеуді сұрады. Оның айтуынша, Қытайда өзін "аңдып, қудалайды". Қазір Шағыманның қайда екені белгісіз.

Қытай қазағы Ғалымбек Шағыманның төлқұжаты.
Қытай қазағы Ғалымбек Шағыманның төлқұжаты.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі ақпанның 9-ы күні Шағыманның Бангкокке ұшып кеткенін мәлімдеді. Оның Таиландқа барғаны-бармағаны белгісіз. БҰҰ жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартып, ақпараттың құпия екенін айтқан.

Diplomat пікірінше, Таиланд ұйғыр босқындарды Қытайға депортация жасауда әртүрлі шешім қабылдайды. Кейде азаматтарды еліне қайтарады, кейде (әсіресе, халықаралық қысыммен) адамдарды беруден бас тартады. Басылым жазуынша, Шағыман ісі Вашингтонның назарын аударған сияқты.

Пекиндегі АҚШ елшілігінің өкілі ақпанның 11-і күні мәлімдеме жасап, "Америка билігінің Шағыман ісінен хабардар екенін, осы мәселеге қатысты халықаралық ұйымдармен және негізгі үкіметтермен тығыз қарым-қатынас орнатып отырғанын" жеткізген.

Ал Өзбекстан сыртқы істер министрі берген ақпарат сәл өзгешелеу. Оның айтуынша, Таиландтан Алматыға кетіп бара жатқан Шағыман Ташкентте транзиттік аялдама жасаған. Ол бұдан басқа ештеңе айтпады. Қазақстандық Serke басылымы Шағыманды Қазақстан аумағына кіргізбей, қайтадан Ташкентке қайтарды деп жазды.

Осы орайда Diplomat Қытайда туған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісін еске салады, Пекин оны да қайтаруды талап еткен болатын. Сауытбай Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін айыпталды, бірақ елден депортацияланған жоқ.

"Бұл іс Қазақстанды тығырыққа тіреді" дейді Diplomat. Мемлекет Қытаймен тығыз экономикалық қарым-қатынас және елдің іші мен сыртындағы қысым сияқты "екі оттың ортасында қалған". Сауытбайды депортация жасаудан бас тартқан Қазақстан оның босқын мәртебесін алу туралы өтінішін қабылдамай, шиеленісті жағдайдан құтылуға тырысқан.

"Егер Шағыманды расымен Қазақстанға кіргізбесе, билік тағы бір проблемадан арылуға тырысты" деп қорытады басылым.

"ТОЗАҚТАҒЫ ЖЕТІ КҮН"

Ал британдық ВВС хабар тарату корпорациясы Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерлерінде" болған адамдардың сөздері мен олардың туыстарының әңгімелерін жариялаған.

ВВС жазуынша, қытай үкіметі ол мекемелерді "тегін білім беру орталықтары" деп атаса, әкесі осындай жерде қамауда жатқан Қытай азаматы, этникалық қазақ Айбота Серік "түрме" дейді.

ВВС-ге сұхбат берген Нұрболат Тұрсынжанұлы 2016 жылы Алматы облысына келгенін айтқан. Оның Қытайдағы қарт ата-анасы Қазақстанға келе алмай жүр, себебі билік төлқұжаттарын алып алған.

Тағы бір Қазақстанда тұратын этникалық қазақ Бекмұрат Нүсіпханұлының айтуынша, Қытайдағы туыстары телефонмен сөйлесуге және Қытайда танымал WeChat желісі арқылы сөйлесуге қорқады. Нүсіпханұлының айтуынша, шетелдегі туыстарымен сөйлескені үшін оларды "лагерьге" жіберуі мүмкін екен.

Этникалық қазақ Орынбек Қоқсыбек бірнеше ай осындай "лагерьлерде" отырып шыққан. Сондай лагерьлердің бірінде оны азаптаған, сол кезеңді Орынбек "тозақтағы жеті күн" деп атайды. "Маған кісен салып, аяқтарымды байлап тастады. Шұңқырға лақтырды. Қолымды көтеріп, жоғарыға қарадым, сол кезде үстімнен су құйды. Одан соң не болғанын білмеймін" дейді ол.

ВВС жазуынша мұндай әңгімелерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес, бірақ Human Rights Watch пен өзге де құқық қорғау ұйымдарының дәлелденген деректеріндегі оқиғаларға қатты ұқсас. Қазақстандағы Қытай елшілігі жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

АСТАНАДАҒЫ ЖАҢА БИРЖАНЫҢ БОЛАШАҒЫ

2019 жылдың қаңтар айында KASE (Қазақстандық биржа қоры) және MOEX (Мәскеу биржасы) арасында жасалған келісім Астанадағы жаңа халықаралық қаржы орталығының болашағына қатысты көп сұрақтар туғызды деп жазды Nikkei Asian Review басылымы "Қазақстандық жаңа AIX биржасын жаңа бәсекелесі айналып өтпек" атты мақаласында.

Халықаралық "Астана" қаржы орталығы "британдық құқық" негізіндегі құқықтық режиммен іске қосылған. Мақала авторы Нәубет Бисеновтың жазуынша, мақтанға толы сән-салтанатпен былтыр шілдеде ашылған орталық аймақтағы халықаралық инвестиция орталығы болып, қазақстандық мемлекеттік компанияларды жекешелендіру платформасына айналуға тиіс еді. Оның құрамына халықаралық қаржы алыптары қолдайтын "Астана" халықаралық қаржы орталығы (Astana International Exchange, AIX) қор биржасы кіреді.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы. Көрнекі сурет
"Астана" халықаралық қаржы орталығы. Көрнекі сурет

Nikkei пікірінше, KASE екінші орынға түсіп, АХҚО-ға ("Астана" халықаралық қаржы орталығы) позициясын беріп қойғысы келмейді. Биржада сатылған акцияның жалпы көлемі 2018 жылы екі еселеніп, 1,6 миллиард долларға дейін жеткен. Былтыр Мәскеу биржасы KASE акционері болды, ол 2019 жылдың соңына қарай KASE акциясының 20 пайызын алмақ.

KASE басқарма төрайымы Алина Алдамберген АХҚО басшысы Қайрат Келімбетовтың "ірі және орташа эмитенттер AIX-ке өткісі келеді" деген жорамалын үзілді-кесілді теріске шығарған.

Nikkei пікірінше, екі биржаның артықшылығы туралы даулар негізгі проблеманы – іскерлік саласындағы ашықтықтың жоқтығы мәселесін шеше алмайды. Мақала авторының пікірінше, Қазақстанның аймақтағы қаржы орталығы болсам деген амбициясына сол ғана кедергі болып тұр.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың пікірінше, рейдерліктен қауіптенгендіктен көп компаниялар нақты табысын көрсеткісі келмейді. Nikkei жазуынша, елдегі 1075 акционерлік компанияның 122-сі ғана KASE-де көрсетілген: "Табыстарын жариялауды талап еткендіктен акция нарығында капитал ұлғайтуға көбі тырыспайды. Олар банктен қарыз ала салғанды жөн көреді".

Сарапшы Сергей Домниннің пікірін келтірген Nikkei "бұл мәдениет АХҚО үшін де, KASE үшін де әлемдік нарықта инвесторларға бәсекелес болуды қатты қиындатуы мүмкін" деп жазған.

"Негізгі мәселе "көк фишкалар" (өтімділігі жоғары акциялар – ред.) Алматыдан Астанаға өте ме деген сауалға тіреліп тұрған жоқ. Лондон, Гонконг және Шанхай биржаларымен салыстырғанда жаһандық нарықта эмитенттер үшін АХҚО-ның пайдасы қандай болмақ деген сауал туады" дейді Домнин.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNEWS 26.02.2020
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG