Accessibility links

Көп балалы отбасыны жәрдемақыны қайтаруға міндеттеді


Билікке талабын жеткізуге келген көп балалы аналар үкімет үйінің алдына қалдырған бесік арбалар. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Қарағанды облысында көп балалы отбасыны осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек ретінде алған жарты миллион теңгеден астам қаржыны мемлекетке қайтаруға міндеттеді. Шенеуніктер отбасы табысын жасырған дейді. Атаулы әлеуметтік көмектен қағылған ата-ана жергілікті билік өздерін не үшін сотқа бергенін, мемлекет алдындағы қарызын қайтіп өтейтінін білмейді.

Сәрсенбаевтар отбасы жеті баласымен Қарағанды облысы Шахан кентіндегі ескі үйде тұрады. Тоғыз адам екі бөлмелі пәтерді паналап отыр. Шаңырақта отағасы ғана жұмыс істейді, ал анасы ең кенжесі үш айға енді толған балаларды бағып үйде отыр.

БЕРГЕН ЖӘРДЕМІН ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТТІ

Биыл көктемде Қазақстан билігі атаулы әлеуметтік көмектің көлемі өскенін мәлімдеген кезде (мұндай бастама аз қамтылған отбасыларға қолдауды күшейтуді талап еткен көп балалы аналар наразылығынан соң көтерілді) жетінші баласына аяғы ауыр Назгүл Сәрсенбаева жергілікті әлеуметтік қамсыздандыру қызметіне барған. Мекеме қызметкерлері Назгүлге кеңес беріп, қажет құжаттарды өткізуін сұраған. Барлық анықтамалар жиналған соң, құжаттарды қараған шенеуніктер Назгүлдің отбасына әлеуметтік көмек берілетінін айтқан. Сәрсенбаевтар отбасы сәуірден шілдеге дейін мемлекеттен айына 129 460 теңгеден (шамамен 330 доллар, отбасының әр мүшесіне шаққанда 41 доллардан тиеді), төрт айда 517 840 теңге алған. Шілде айында Сәрсенбаевтар отбасында жетінші бала дүниеге келген. Назгүл мемлекеттен берілген көмек оларға жақсы қолдау болғанын айтады.

Тамыз айында әлеуметтік төлем беру тоқтатылған. Кейінірек отбасы "артық төленген қаржыны күштеп өндіріп алу" туралы хабарлама алған. Сәрсенбаевтар салықпен қоса есептегенде мемлекетке 523 мың теңге қайтаруы тиіс. Қыркүйек айында осындай шешім шығарған сот ақшаны мемлекетке қайтаруға отбасына екі ай уақыт берген.

Шенеуніктер Назгүл Сәрсенбаева күйеуі ақпан айында пеш жағушы боп істеп, тапқан 16 570 теңге көлеміндегі қосымша табысын жасырған деп есептейді. Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Сәрсенбаевтар отбасын сотқа беріп, жеңіп шыққан. Сот шешіміне сәйкес, жұмыспен қамту бөлімі отбасының бірінші тоқсандағы орташа айлық табысы 174 912 теңге болғанын анықтаған. Мұндай жағдайда отбасының әр мүшесіне тиетін қаржы 21 864 теңгені құрайды. Бұл – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау талабында көрсетілген мөлшерден 1075 теңгеге көп. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс көлемі күнкөріс шегінің 70 пайызы немесе 20789 теңгеден төмен болған кезде беріледі.

Моторы жанып кеткен, жүрмейтін ескі көлігімізді де есепке алды. Бірден сотқа бермей, бәрін анықтап алса болар еді ғой. Осындай масқара боларын білсек, әлеуметтік көмек сұрап жүгінбес едік.

Сәрсенбаевтар 16570 теңге табысты жасыру ниеті болмағанын айтады. Олардың сөзінше, күзетте істейтін отағасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берерден бірнеше ай бұрын пеш жағушы жұмысынан босап, ешқандай қосымша табыс алмаған. Қазір көп балалы әке бұрын негізгі жұмысы саналған күзет қызметінен кетіп, қайтадан пеш жағушы болып жұмысқа тұрған.

- Мен ол кезде пеш жағушы болып істемейтінмін. Сондықтан қайдағы табыс? Бірақ бізді табысын жасырды деп кінәлап отыр. Олардың базасында аударылған барлық ақша көрініп тұрды. Шенеуніктер өздері дұрыс қарамаған. Ал біз бұрын болған, қазір қолымызға тимейтін табысты да көрсету керегін білген жоқпыз. "Табыс түсіп тұр" деп моторы жанып кеткен, жүрмейтін ескі көлігімізді де есепке алды. Бірден сотқа бермей, бәрін анықтап алса болар еді ғой. Осындай масқара боларын білсек, әлеуметтік көмек сұрап жүгінбес едік., - дейді көп балалы әке Әлібек Сәрсенбаев.

Енді отбасы мемлекетке қайтаруы керек жарты миллионнан көп ақшаны қайдан аларын білмейді. Олар күштеп өндіріп алудың салдарын ойлап алаңдайды. Жақында Назгүл Сәрсенбаева заңгерлердің көмегіне жүгініп, сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Шағымда Назгүл Сәрсенбаева шенеуніктердің атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік салықты өндіріп алу туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұраған.

"ТАБЫСЫН ЖАСЫРДЫ". ШЕНЕУНІКТЕР УӘЖІ

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сәрсенбаевтардан қаржыны заң жүзінде талап етіп отырғандарын, отбасы болашақта атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алатынын айтады.

- Өтініш иесі сәуір айында атаулы әлеуметтік көмек сұраған кезде, ақпан айында күйеуі пеш жағушы боп жұмыс істегенін жазбаған. Өтініште күйеуінің күзеттегі негізгі қызметін ғана көрсеткен. Сот шешіміне сәйкес, өтініш иесі ақшаны қайтаруы керек. Ақшаны бірден қайтара ма, әлде бөліп төлей ме - ол сот орындаушысына байланысты. Ақшаны қайтарған соң, табыс көлемі белгіленген мөлшерден аспаса, атаулы әлеуметтік көмекке қайта өтініш бере алады, - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы айда "атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу процесінің дұрыстығын тексеру үшін жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қазақстан бойынша 74 мың адам табысы туралы дұрыс ақпарат бермегені анықталғанын" хабарлады (министрлік дерегіне сәйкес, биыл алғашқы он айда атаулы әлеуметтік көмек 412 мың отбасыға немесе екі миллион 138 мың адамға тағайындалған).

- Төлемдерді тоқтатудың негізгі себептерінің бірі – табысын әдейі жасыру. Отбасының қосымша табысы бары анықталды. Базаға барлық табыс түрі кірмеген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар өздерімен бірге тұратын табысы бар адамдар туралы ақпарат бермеген жағдайлар кездесті. Учаскелік комиссиялар үйлерді қайта аралаған кезде осының бәрі анықтала бастаған. Мәселен, жеке кәсіпкерлер өтініште ең төменгі жалақы мөлшеріне тең табысы барын жазған. Ал басқарма қызметкерлері салық бөлімшесінен ақпарат алғанда, әлгі кәсіпкерлердің есеп бойынша 5-10 миллион теңге көлемінде табысы бары белгілі болған, - дейді Әсем Жүніспекова.

Министрлік әкімдіктермен бірге "әр анықталған факті негізінде заңбұзушылықтың алдын алып, заңсыз тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша" жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қарағандыда үш қабатты коттеджде тұратын бақуатты отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келген деген ақпарат таратты. Нәтижесінде, оларға әлеуметтік көмек беру тоқтаған. Тағы бір ақпаратқа сәйкес, зейнетақы қорына бірнеше рет ақша аударған есепшінің қателігінен табысы белгіленген мөлшерден жоғары боп шыққан, Шахтинскіде тұратын аз қамтылған көп балалы отбасы қайтадан атаулы әлеуметтік көмек ала бастаған.

Ақордаға бармақшы болған көп балалы аналардың жолын бөгеп тұрған полиция қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 12 шілде 2019 жыл.
Ақордаға бармақшы болған көп балалы аналардың жолын бөгеп тұрған полиция қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 12 шілде 2019 жыл.

Биліктің айтуынша, табысы белгіленген мөлшерден жоғары немесе қосымша кіріс көздерін жасырған отбасылардың үстінен сотқа күштеп қаржы өндіру туралы шағым беріледі. Қазірге дейін Қарағанды облысында осындай төрт шағым болған. Әкімдік дерегінше, екі шағым бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жеңіске жеткен. Аталған екі отбасының бірі – Сәрсенбаевтар жанұясы.

"ОТБАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕМЕГЕН"

Қарағандылық заңгер Нұржан Жалбыровтың пікірінше, шенеуніктер бұрын төленген атаулы әлеуметтік көмекті өндіріп алу туралы шағымды отбасының жағдайын жан-жақты зерттеп алмастан сотқа өткізіп отыр. Заңгер мұның салдары үлкен болатынын, көп балалы және аз қамтылған отбасылар мемлекетке қайтаруы тиіс қаржыны бірден таба алмайтынын айтады.

- Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін сот орындаушылары банктегі есепшоттар мен мүлікті арест қояды. Сот міндеттеген төлемнен бөлек, сот орындаушысы жұмысының шығынын да айыпты деп танылған тарап өтейді. Екі ай ішінде төлем жасалмаса, мүлікті электронды саудаға шығаруы мүмкін, - дейді заңгер Нұржан Жалбыров.

Ақпарат құралдарында жарияланған деректер бойынша, атаулы әлеуметтік көмекті қайтару туралы талап тек Қарағанды облысында ғана емес, басқа өңірлерде де көп балалы аналардың наразылығын туғызғанға ұқсайды. Қазан айының басында басылымдар отбасының табыс көлемі кедейлік шегінен 104 теңгеге асып кеткені үшін атаулы әлеуметтік көмек ретінде төленген ақшаны қайтаруға міндеттелген, Ақмола облысы, Зеренді ауданында тұратын көп балалы әкенің жұмыспен қамту орталығына атаулы әлеуметтік көмек ақшасына сатып алған заттарды апарып бергенін жазды. Ақпарат құралдарында келесі күні жарияланған дерекке сәйкес, орталық қызметкерлері заттарды отбасына қайтарып берген, бірақ әлеуметтік төлемдер беруді тоқтатқан.

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көлемі ел астанасында уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқаннан кейін бірнеше қалада жаппай наразылық білдірген көп балалы аналар талабынан кейін сәуір айында көтерілген.

Көп балалы аналардың билікке талабы (12 ақпан 2019 жыл)

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

Билік бірқатар жеңілдіктер жасаған. Бірақ артынша жоғары лауазымды шенеуніктер әлеуметтік қолдау сұраған азаматтарды "масылдық" үшін кінәлаған. Тамыздың 21-і күні биліктегі "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің отырысында ұйым басшысы және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік төлемдер сұраған көп балалы аналардың "мемлекетпен ақылдаспағанын", сондықтан отбасын асырау олардың "өз мәселесі" екенін айтқан.

Қыркүйектің 2-сі күні жарияланған Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті "азаматтарды қамсыз тірлікке емес, еңбекке ынталандыратын, ашық, әділ жолмен беруді" ұсынды.

Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін бір айдан соң еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің "жаңартылған" жобасын таныстырды. Билік 2020 жылы қаңтардың 1-нен бастап атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға ондағы еңбекке жарамды азаматтар мемлекет ұсынған жұмыста істеуге келіскен кезде ғана (шенеуніктер тілінде бұл "жұмыспен қамтуға ықпал ету шарасына қатысу" деп аталады) берілетінін мәлімдеді. Отбасы мүшелері жұмыстан бас тартқан жағдайда, бүкіл отбасына берілетін төлем тоқтатылады. Билік барлық көп балалы отбасы үшін бала санына байланысты, көлемі 73 375 теңгеден аспайтын дифференциалды жәрдемақы енгізуді ұсынады.


  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG