Accessibility links

"Елбасы қолындағы көзір карта". Сыроежкин үкіміне сарапшылар пікірі


Саясаттанушы Константин Сыроежкин. Алматы, 14 қараша 2012 жыл.

Синолог ғалым Константин Сыроежкин мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 10 жылға түрмеге қамалды. Азаттық сөйлескен сарапшылар Сыроежкинді Қазақстан азаматтығынан айыруы мүмкін, ал оған қарсы іс президент Тоқаевқа ықпал етудің бір әрекеті болуы ықтимал деп топшылайды.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қазанның 7-сі күні синолог ғалым Константин Сыроежкинді мемлекетке опасыздық жасаған деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлады Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі.

Бұған дейін 63 жастағы Қазақстан азаматы Сыроежкиннің 2019 жылдың ақпанында мемлекеттік құпияны ашу ісі бойынша жүргізілген тергеу жұмыстары аясында ұсталғаны хабарланған.

Сыроежкиннің ұсталғаны туралы ақпарат құралдары мамыр айында бір-ақ жазды. Кейінірек ҰҚК-не сілтеме жасаған баспасөз Сыроежкин ақпанның 19-ынан бастап "мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен тұтқында отырғанын хабарлады. Сыроежкиннің ісі бойынша ресми түсініктеме берілген жоқ.

Құпия саналатын бұл іс жайлы америкалық Wall Street Journal (WSJ) басылымы жазды. Шілденің 10-ы күні жариялаған мақаласында басылым қарсы барлау қызметкерлері Сыроежкинді өз пәтерінде құпия операция барысында ұстаған деп хабарлады. Бұл істен хабары бар дерек көзіне сілтеме жасаған басылым "Сыроежкин Қытайдың барлау органымен байланысы бар адамдарға құпия құжаттар берген болуы мүмкін" және "сол үшін ақшалай сыйлық алуы ықтимал" деп жазды. WSJ Қытай билігінің Сыроежкиннің ісін "жоқтан бар жасап құрастырылған жаңалық" деп атағанын айтады. Басылымның пайымдауынша, ғалымды тұтқындау "Қазақстанда Қытайдың ықпалына байланысты алаңдаушылық күшейіп келе жатқанын және осалдық сезімі өрши түскенін" көрсетеді. Сонымен бірге басылым Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болған жылдары Сыроежкин оның Қытай мәселелері бойынша кеңесшісі болғанына назар аударған. Газеттің дерегінше, Сыроежкин Тоқаевқа Қытаймен шекараны бірлесіп демаркациялау туралы келіссөздер кезінде кеңес берген.


"АРНАУЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСЫ БАР БОЛУЫ МҮМКІН"

Константин Сыроежкиннің үкімі туралы ақпарат қазанның 9-ы күні жарияланды. Бұл туралы Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Агелеуов Facebook парақшасына жазып, сот Сыроежкинді 10 жылға түрме жазасына кесіп, азаматтығынан айырған деп хабарлады. ҰҚК бір сөйлемнен тұратын хабарламасында Сыроежкинді азаматтықтан айыру жөнінде ешқандай мәлімет келтірген жоқ.

"Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев Facebook парақшасында ҰҚК жариялаған ресми ақпараттан "Сыроежкинді Қазақстан азаматтығынан айыру туралы мәселе қозғалмағаны" белгілі болды деп жазды.

Чеботарев Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының түрлі бағыттарын зерттеу кезінде Сыроежкин отандық ықпал ету топтарының бірінің мүддесіне тап болған, ал арнаулы қызметтің өз ішінде қоғам біле бермейтін кикілжіңдер факторы іске қосылған деп болжайды.

"Өмірбаянына қарасақ, Сыроежкиннің кезінде СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) жұмыс істегенін көреміз. Осыдан Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінде Сыроежкин белгілі бір мәртебеге ие болған шығар. Бұл органда басқа мекемелердегі сияқты жаңа басшылық пен кадрлардың келуіне байланысты туған әртүрлі қайшылық болуы мүмкін" дейді Чеботарев.

Бұға қоса ол осы іс бойынша тергеу мен сот процесінің барысы жайлы ақпараттың құпия қалуын Сыроежкиннің арнаулы қызметке қатысы болуы мүмкін деген болжаммен байланыстырады.

Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов Сыроежкинмен жақсы араласқанын айтып, оны "адамгершілігі жоғары азамат" деп сипаттайды.

- Шынайы, бұрмаланбаған білімге ие екені көрініп тұратын, бойынан айрықша зиялылық байқалатын. Қытай мәселесін зерттейтін мамандар тапшы екенін ескерсек, ол басқалардың арасында ерекшеленіп тұратын адам еді. Қоғам оның тағдырына алаңдаушылық танытып, оған шын мәнінде қандай айып тағылғанын білуге құқылы деп ойлаймын, - дейді Әуезов.

АЗАМАТТЫҚТАН АЙЫРА МА?

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің ойынша, Константин Сыроежкиннің ісінен Қазақстанның саяси элитасы ішінде "біреуден екінші біреуге белгі беру" түріндегі кикілжің мен қайшылық байқалып отыр.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Жовтистің пікірінше, ҰҚК хабарламасында Сыроежкинді Қазақстан азаматтығынан айыру жайлы ешқандай деректің болмауы үкімде мұндай шешім жоқ дегенді білдірмейді. Құқық қорғаушы осыдан бірнеше күн бұрын Сыроежкиннің үкімі туралы ақпаратпен танысқанын, онда азаматтықтан айыру туралы мәселе қозғалғанын айтады.

- Азаматтықтан айыру мүмкіндігі 2017 жылы Конституцияда заңдастырылып, осыдан кейін Қылмыстық кодекс пен өзге де заң актілеріне енгізілген. ҰҚК хабарламасында Сыроежкин Қазақстан азаматы деп жазылғандықтан, оны азаматтықтан айырудың мәні жоқ, өйткені ондай жағдайда ол азаматтығы жоқ адамға айналады, ал бұл – заңсыз. Сыроежкиннің қос азаматтығы болса, Қазақстан оны (жазасын өтегеннен кейін) екінші азаматтығын алған мемлекетке жібере алады, - дейді Жовтис.

ТОҚАЕВТЫҢ БҰРЫНҒЫ КЕҢЕСШІСІ

Журналист және биыл Қазақстанда кезектен тыс өткен сайлауға ел президенттігіне кандидат болып қатысқан Әміржан Қосанов "жоғары деңгейдегі құпиялылық сенсациялық және резонансты іс туралы пікір білдіруге мүмкіндік бермей отырғанын" айтып, Сыроежкиннің ғылыми жолымен байланысты ішкі саяси аспектілерге назар аударды.

Әміржан Қосанов. 11 қараша 2016 жыл.
Әміржан Қосанов. 11 қараша 2016 жыл.

- Wall Street Journal Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр қызметінде жүрген жылдары Сыроежкин оның Қытай мәселесі бойынша кеңесшісі болғанын жазды. Бұл іс Қазақстан президенті Тоқаевқа ықпал етудің амалы емес пе? Солай болса, мұндай қауіп кімнен келуі мүмкін? – дейді Қосанов.

Швейцарияға қашқан ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Елжан Тұрсымбеков Константин Сыроежкинді қылмыстық қудалаудағы мақсат – президент Қасым-Жомарт Тоқаев болуы мүмкін деп есептейді.

- Сыроежкин – елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолындағы көзір карта. Ол Тоқаев "Мұрагер" жоспарынан тайған кезде қолданылады. Тұтқын Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара бойынша келісімдердегі Тоқаевтың рөлі туралы компромат болуға жарайтын ақпарат білуі мүмкін. Бұл ақпаратты Тоқаевтың қарсыластары мемлекетке опасыздық деп көрсетуі ықтимал. Конституция бойынша, мемлекетке опасыздық жасау – президент импичментіне негіз болатын жалғыз себеп, - дейді Елжан Тұрсымбеков.

ҰҚК-нің отставкадағы генерал-майоры Тұрсын Айжолов Азаттыққа әдетте барлау қызметі тыңшылар мен сатқындарды анықтау фактілері туралы ақпарат жариялайтынын, ал бұл жолы арнаулы қызметтің Сыроежкиннің ісі бойынша үнсіз отырғаны түсініксіз екенін айтты.

- Саяси тұрғыдан бұл туралы ақпаратты ашық жариялау тиімсіз. Біздің қоғамда Қытайға қарсы көңіл-күй жоғары. Сондықтан отқа май құймас үшін бұл іс жайлы тіс жармауды, тек мемлекетке опасыздық айыбы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ғана хабарлауды ұйғарған, - дейді Айжолов.

Қазақстандық саясаткер, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Константин Сыроежкиннің үкіміне байланысты бірқатар сұрағы барын айтады:

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

- Сыроежкин мемлекеттік құпияны сатқан болса, – ал ол мемлекеттік құпияға қол жеткізе алатын мемлекеттік қызметкер болған жоқ, – онда "Ғалымға құпия ақпаратты берген мемлекеттік қызметкер кім?" деген сұрақ туындайды. Тағы бір мәселе, кезінде Серікжан Біләшқа қарсы іс Қытай тарапының ықпалымен қозғалды деген пікір айтылғаны сияқты, Сыроежкинді жауапқа тартудың артында да сыртқы күштердің қысымы тұрған жоқ па? Бірақ Қытай Сыроежкиннің ісін "жоқтан құрастырылған" десе, Қазақстан бұл істі үшінші бір мемлекеттің қысымымен қозғаған болуы мүмкін, - дейді бұрынғы дипломат Бейсебаев.

Америкалық WSJ әлгі мақаласында Пекиннің Азия, Еуропа және АҚШ-та көлемді барлау операцияларын белсенді түрде жүргізіп отырғаны туралы жазады. Басылымның хабарлауынша, Қытай барлауы агенттері атқарған жұмысы үшін қолма қол ақша және өзгедей сыйлықтар алады. Пекин осындай операцияларын Ресей мен Қазақстанда, соның ішінде барлауға қажетті адамдармен байланысуға мүмкіндік беретін Қытай жөніндегі жартылай ресми талдау орталықтары арқылы жүргізеді деп жазады америалық басылым журналистері. Газет Мәскеу қаласындағы экономика жоғарғы мектебінің Қытай бойынша сарапшысы Василий Кашиннің: "Олар (Қытай – ред.) үшін бұл агент жалдау жұмысы кезіндегі стандартты тәжірибе және оны барлық жердегідей Қазақстанда да қолданады" деген сөзін келтірген.

Алматы қаласының тумасы 63 жастағы Константин Сыроежкин – СССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) жоғарғы мектебінің түлегі. Қытай мәселесі бойынша жетекші мамандардың бірі саналған. Ол орыс, ағылшын және қытай тілдерінде мыңдаған мақала жазған. 2006 жылдан бері Сыроежкин президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып істеген. Институт сайтындағы қызметкерлер тізімінде Сыроежкиннің аты-жөні кездеспейді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG