Accessibility links

Тоқаев уәдесінен кейінгі ұстаулар және Шыңжаңға байланысты үндеу


Арнайы жасақ өкілдері тыйым салынған ұйым "митингі орны" ретінде көрсеткен жерде бір адамды ұстап бара жатыр. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Осы аптада Батыс басылымдары Қазақстан басшылығының саяси наразылыққа жауабы және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “халықпен санасатын мемлекет құру” туралы уәдесінен соң митинг өткізген адамдардың тұтқындалғаны туралы жазады. Ақпарат құралдарында Шыңжаңдағы этникалық қысымға байланысты АҚШ-қа Орталық Азиядағы саясатын өзгерту туралы ұсыныс айтылған. Сонымен бірге Батыс басылымдары қазақстандық суретшілердің мемлекеттік “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында шетелде көрме өткізген соң өнер туындыларынан айырылып қалғаны туралы да ақпарат берген.

“ХАЛЫҚҚА ҚҰЛАҚ ТҮРЕТІН МЕМЛЕКЕТ” ФОРМУЛАСЫ

Британдық Economist журналы “Қазақстан халықтың наразылығына рұқсат береді, бірақ қазір емес” атты мақаласында осы айда үкіметке және Қытайға қарсы наразылық білдірген адамдардың тұтқындалғаны туралы жазады. Басылым Қазақстан үкіметінің саяси реформаларға дайын екенін, сондай-ақ бейбіт митингілер туралы заңды қайта қарауға да әзір екенін бірнеше қайтара мәлімдегенін еске салады.

“Жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев ондаған жылдық автократиядан соң сергітерлік бетбұрыстар туралы айтуға тырысады. Осы айдың басында халыққа арналған алғашқы жолдауында ол өзінің “халыққа құлақ түретін мемлекет” формуласы бөтен ойлыларға төзімділікпен қарауды көрсетеді деген еді. Оған дейін бірнеше күн бұрын ғана халық ерекше көріністің куәсі болды: елде ешкім тұтқындалмаған демократиялық шеру өтті. Бірақ басқа наразылықтарға, соның ішінде жақында болған Қытайға қарсы митингілер толқынына берілген жауап басқаша болды. Елдегі ескі саяси әдетті түбірімен жою қиын” деп жазады Economist.

Жақында болған Қытайға қарсы митингілер кезінде Қазақстан билігі жүзге жуық адамды қамады. Ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, ұсталғандардың көпшілігін ешқандай айып тақпастан үйлеріне қайтарса, бесеуі әкімшілік қамауға алынған. Өткен аптада Қазақстан аумағында Қытаймен бірлескен кәсіпорындар ашуға наразылардың жиыны кезінде тағы ондаған адам қамалған.

Болмаған митингі: Жылаған бала, протез аяқ және қолшатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Наразылық білдірушілер өздері “Қытайдың экономикалық үстемдігі” деп атаған жайтқа қарсы деп жазады басылым.

Пекин Қазақстандағы мұнай өндірісінің бестен бірін қадағалайды әрі қазір өнім өндіру, құрылыс, химия өнеркәсібі сияқты экономиканың басқа салаларында да ықпалын арттырып келеді.

“[Наразылыққа қатысушылар] Қытаймен арадағы жобалардың жария еместігіне, Қазақстанның алған қарызды өтеу мүмкіндігіне және Қытайдан келген жұмыс күшін қолдануға алаңдайды" деп жазады басылым. Оның үстіне, Пекиннің Шыңжаң аймағындағы саясаты да Қытайға деген наразылықты өршітіп отыр. Онда этникалық азшылық өкілдерін, соның ішіне қазақтарды “саяси қайта үйрету лагерлеріне” жаппай қамап жатыр.

Economist журналының жазуынша, Қазақстан құқық қорғау органдары қамалғандарды митинг өткізуге жергілікті биліктен арнайы рұқсат алмады деп айыптаған, сонымен бірге наразылықтарды басып тастауға басты себеп – Францияда тұрып жатқан қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовтың митингіге шығуға шақырған үндеуі түрткі болған. “Ол “режимді өзгерту” үшін елде тәртіпсіздік бастауға ниетті екенін жасырмайды. Ал үкімет “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысына тыйым салып, оның жақтастарын қылмыскер деп қарастырады” делінген мақалада.

Наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткелі елде түрлі наразылық шаралары болды: халық Тоқаев жеңімпаз деп танылған сайлауға, астананың экс-президенттің есімімен Нұр-Сұлтан деп аталуына қарсылық білдірді.

“Тоқаев президент болғалы елде жалпы саны 4500-ге жуық адам қамауға алынды, бұл – ықтимал реформатор үшін көңіл көншітер көрсеткіш емес” деп қорытындылайды Economist. Бұл арқылы журнал Тоқаевтың президент қызметіне кірісі сала өзін “реформатор” деп атағанын меңзеп тұрған тәрізді.

АҚШ-ТЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САЯСАТЫН ӨЗГЕРТУГЕ ШАҚЫРУ

Америкада шығатын Foreign Policy журналы осы аптада “АҚШ-тың терроризмге қарсы саясаты Қытайдағы репрессияға жол ашты” деген материал жариялады.

Мақала авторы АҚШ сенатының 11 қыркүйекте Ақ үйді Шыңжаңдағы ислам дінін ұстанатын этникалық азшылыққа жасалып жатқан репрессияға қарсы шара қолдануға шақырған акт қабылдағанын құптайды. Дегенмен автор бұл құжаттың “АҚШ-тың Орталық Азиядағы ондаған жылдарға созылған қайшылыққа толы саясатын өзгерте алмасын” айтады.

“Егер АҚШ ұйғырлардың ауыр жағдайына шынымен алаңдайтын болса, онда ол тек Қытайдың батыс шекарасымен шектеліп қалмауы керек” дейді автор. Сол арқылы автор 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан соң террорға қарсы жаһандық күресте Қытаймен ынтымақтасуды ұйғарған Вашингтонды аймақтағы саясатын қайта қарауға шақырады. Пекин ұйғыр сепаратистік қозғалысын радикализммен ол кезде де байланыстырған, қазір де Шыңжаңдағы кез келген қарсылықты терроризм көрінісі деп суреттеп, исламофобияны қолдап, сол ұстанымында қалып отыр деп жазады автор.

Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу орталықтарының" бірі. Пекин оны "кәсіби білім беру орталығы" ретінде атайды. Хотан, қыркүйек 2018 жыл.
Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу орталықтарының" бірі. Пекин оны "кәсіби білім беру орталығы" ретінде атайды. Хотан, қыркүйек 2018 жыл.

“Шыңжаңның сыртындағы Орталық Азияның бұрынғы совет республикаларының зайырлы автократтары исламға дәл Қытай сияқты қарайды, әрі бұл процесте АҚШ-тың қаржысын алып, қолдауын көріп отыр” деп жазады Foreign Policy. Соның ішінде автор ондаған жылдар бойы “әлемдегі ең репрессияшыл режимдердің бірі болып” сонымен бірге “АҚШ-тың аймақтағы басты одақтасы ретінде оның әскери көмегін алып келді” деп сипаттаған Өзбекстанға жақында Американың көмек бергенін де жазады.

Автор сонымен бірге Тәжікстанды мысалға келтіреді. “2015 жылы Тәжікстан басшылығы елдегі басты оппозициялық партияны (Ислам жаңғыру партиясын – Ред.) заңсыз деп танып, оның жүздеген белсендісін тұтқындады. Содан бірер апта бұрын ғана Вашингтон режимнің қауіпсіздік күштеріне миллион доллардың әскери техникасын табыс еткен еді. Және миллиондаған доллар елдің Ауғанстанмен арадағы нашар қорғалған шекарасын нығайту мақсатында берілді...Бұл көмек жемқор режимге соншалық оң әсер ете қоймады, елдің шекара қызметінің есірткі саудасымен байланысы бар делінеді” деп жазады Foreign Policy.

Шыңжаңда қауіпсіздік шараларын күшейту барысында Пекин шекараның ар жағындағы, соның ішінде Қазақстандағы едәуір көлемдегі ұйғыр диаспорасына көңіл бөле бастады. Соңғы жылдары Орталық Азияның барлық дерлік елдері ұйғырларды Қытайға депортациялады және олардың бақылаудағы басылымдары бұл туралы ештеңе айтпады. Ал Қазақстан үшін бұл – тіпті нәзік мәселе. Қытайдың Шыңжаң аймағында 1,5 миллионға жуық қазақ диаспорасы тұрады, олардың көбі Қытайдағы “қайта тәрбиелеу лагерлеріне” қамалды. Алайда көп сарапшылардың пікіріне сенсек, ел билігі маңызды экономикалық әріптеске қарсы келуден қашқақтап, өз диаспорасын ашық қорғаудан қорқып отыр.

Наурыз айында “Пекин Шыңжаңды басудағы қолдауы үшін Қазақстан үкіметіне алғыс айтты”. Мұнда олар “Атажұрт еріктілері” ұйымының бұрынғы басшысы Серікжан Біләштің қылмыстық қудалауға ұшырап, бес айдан астам уақыт үйқамақта отырғанын меңзесе керек (тамыз айында кінәсін мойындау туралы процессуалдық келісім жасалған соң Біләшке айыппұл салынды, адвокат Айман Омарова мұны “қысымның күшімен қол қойылған келісім” деп атады. Біләшқа қоғамдық ұйымдарды басқаруға тыйым салды).

“Қытайдың бұйрығын орындап отырған режимнің күштік аппараты қоғамға тоқтау сала алды” деп жазады автор.

“Тиімді болу үшін Вашингтонға 11 қыркүйектен кейінгі ойлау жүйесін өзгертіп, Орталық Азияның жемқор да репрессияшыл жүйелерін жауапқа тартуы керек” деп жазады Foreign Policy.

СУРЕТШІЛЕР ӨЗ ТУЫНДЫЛАРЫН ҚАЙТАРУДЫ СҰРАЙДЫ

Өнер саласындағы жаңалықтарды жазатын Artnet.com сайтында мемлекеттік “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында шетелдегі көрмеге қатысқан қазақстандық әйгілі “Қызыл трактор” арт-тобы суретшілерінің 200-ден аса туындысының арестке алынғаны туралы айтылған.

Арт-топтың мүшесі Саид Атабеков 20 қыркүйекте Facebook желісінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, онда өткен жылдың желтоқсанынан бері Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің тасымалдау туралы міндеттемелерін орындамаған мердігерлері – “логистердің тасымал контейнерлерінде” жатқан туындыларын қайтаруға көмектесуді сұрады.

Туындылар Focus Kazakstan жобасының аясында АҚШ-тың Нью-Джерси қаласында өткен Mana Contemporary заманауи өнер көрмесінен қайтып келе жатқан.

"Қызыл трактор" тобының мүшелері: Виталий Симаков (сол), Смайыл Баялиев (ортасында) және Арыстанбек Шалбаев (оң жақта) көрмеде. Алматы, 8 мамыр 2019 жыл.
"Қызыл трактор" тобының мүшелері: Виталий Симаков (сол), Смайыл Баялиев (ортасында) және Арыстанбек Шалбаев (оң жақта) көрмеде. Алматы, 8 мамыр 2019 жыл.

Саид Атабековтың айтуынша, туындылардың тұтқындалуына мердігер компанияның өз жұмысына “қылмыстық немқұрайлылығы” себеп болған. “Бұл жағдай біздің шетелдік әріптестерімізбен жұмысымыздың абыройына нұқсан келтіреді” дейді суретші. Оның айтуынша, суреттерді қоймада сақтау туындыларға орны толмас зиянын тигізуі мүмкін.

Artnet.com сайтының жазуынша, Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі мен елдің ұлттық музейі мердігер компаниямен 2017 жылы келісімшарт жасасқан. Ауқымды арт-жобаның бюджеті миллион доллар болған. Компанияны туындыларды тасымалдау, сақтау және суретшілер мен кураторларға ақы төлеу мақсатында жалдаған. Бұл мердігер “тасымалдау кезінде бүлінген болуы мүмкін туындылардың өтемін айтпаған күннің өзінде, жергілікті және халықаралық әріптестерге 53 мыңнан 100 мың долларға дейінгі төлемді жасамаған тәрізді” деп жазады басылым.

Басылым Берлинде жұмыс істейтін куратор Надим Самманның “Ең қиыны – бұл аса үлкен, маңдайалды музей және мемлекеттік мекеме сыртқы тасымалдаушыларға қатысты кәсіби емес әрекет жасап, жоғары деңгейдегі суретшілерге нашар қарап отыр” деген пікірін келтіреді. Оның айтуынша, бұл жауапсыз қарым-қатынас суретшілерді кемсітіп, өз істеріне адал, талантты кураторлардың жұмысына кесірін тигізеді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Карантин көп балалы шаңыраққа қалай әсер етті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00
XS
SM
MD
LG