Accessibility links

Мемлекеттен көмек алуы тиіс кәсіпорындар "тізімін" қайта талқыламақ


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық компания жетекшілері және кәсіпкерлермен кездесуі. Астана, 3 шілде 2014 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық компания жетекшілері және кәсіпкерлермен кездесуі. Астана, 3 шілде 2014 жыл.

Төтенше жағдай кезінде жұмысы тоқтап қалғаны үшін биліктен көмек алуы тиіс 361 компанияның тізімі желіде жарияланып кетті. Үкіметтен көмек алғысы келетін кәсіпорын, фирма, холдингтер арасында Forbes журналының байлар тізіміне енген қазақстандықтардың да бизнесі бар. Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы бір-біріне сілтеп, “мемлекеттік комиссияның мақұлдауына ұсынылған компаниялар тізімін біз жасаған жоқпыз” деп отыр.

Аптаның басында “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰҚП) (президиумды Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев басқарады) мен Ұлттық экономика министрлігінің басы дауға қалып, сол шу әлі басылмай тұр.

26 сәуірде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы ресми сайтындағы хабарламада “24 сәуірде ұлттық экономика министрлігіндегі мемлекеттік комиссияның отырысында көмек алуы тиіс кәсіпорындардың алдын ала тізімі ұсынылды. Бұл тізімге “Атамекен” қарсы” деп мәлімдеді. Кәсіпкерлер палатасы бизнеске қолдау көрсету ашық жүргізілуі тиіс деп санайды.

“Бұл тізімді түзерде бізбен ақылдаспады. Бұған қоса, тізім не үшін құрылғаны да анық емес. Кәсіпкерлерді іріктеу және тізімді түзуге “Атамекеннің” қатысы жоқ. Ұлттық палата экономика министрлігі құрыстырған ірі бизнестерге арналған сауалнаманы таратуға атсалысты. Кәсіпорындар сауалнаманы алды, бірақ оны толтыру-толтырмауды өздері біледі. Сауалнаманы толтыру бірден көмек алатын кәсіпорындар тізіміне ену дегенді білдірмейді” деп мәлімдеді ұлттық палата.

Кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
Кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.

Ал Ұлттық экономика министрлігінің Азаттыққа мемлекеттен көмек алуы мүмкін кәсіпорындар тізімін түзу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын жеткізді. Сөздерінше, бизнес ортада және министрлікте талқыланған соң мемлекеттік комиссияға ұсынылады.

«Тізімді түзудің негізгі мақсаты – ірі кәсіпорындардың экономикалық жағдайына мониторинг жасау және соған сай кейін шығын шеккен кәсіпорындарға ғана көмек көрсету қарастырылған” деп мәлімдеді министрлік.

27 сәуірде сенат спикері Дариға Назарбаева (Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы) өткізген жиында сенат депутаттары “кәсіпорындар тізімімен” келіспей, мемлекет қолдау көрсететін бизнес тізімін дайындауға қатысты ұсыныс дайындап жатқанын мәлімдеді.

Дариға Назарбаева Еуразия медиа форумында отыр. 2019 жыл.
Дариға Назарбаева Еуразия медиа форумында отыр. 2019 жыл.

“Бұл тізімде құрылыс және сауда компаниялары тым аз. Ал тау-кен және қайта өңдеу кәсіпорындары де өте аз. Экономикалық стратегияның мақсаты – импортты алмастыру саясатын күшейту. Азық-түлік қауіпсіздігі де өте маңызды” деді Назарбаева.

«ТІЗІМДІ КІМ ЖАСАҒАНЫН ТАУЫП, ЖАУАПҚА ТАРТУ КЕРЕК»

Қайта өңдеу кәсіпорындары одағының атқарушы директоры Әділбек Бектібаев бір ай бұрын ақпарат құралдары арқылы биліктен қайта өңдеу саласына қолдау сұраған. Бектібаев алғашқылардың бірі болып Facebook парақшасында “көмек алатын бизнес” тізімін жариялады. Бұл тізім жұрттың ызасын туғызды. Бектібаев тізімді “сенімді дереккөзден” алғанын айтады.

— Білмеймін, бірақ біреу тізімді үндемей ақырын өткізіп жіберуді қалаған сияқты. Тізімді біздің сала енбей қалған. Бізден ешкім сұраған да жоқ. Кім кімге, қашан ақпарат бергені белгісіз, бәрі білмейміз деп отыр. Мойындағысы келмейді. Көмек алуы тиіс негізгі кәсіпорындарды анықтау кезінде нақты ереже болмаса әділетсіздікке тап келеміз. Егер тізімде ондаған мың адам жұмыс істейтін ірі бизнес болса оның шынайы жағдайына қарау керек. Ол компания мемлекеттен алған, жыл соңына дейін аяқтауы тиіс тапсырысы болмаса, оған көмек көрсетіп не керек? – дейді ол.

Бектібаевтың ойынша, билік қай сала болашақта ел экономикасына маңызды екенін түсінуі тиіс.

— Егер біз үнсіз қалсақ, бәлкім бұл тізім өтіп кетер ме еді. Бәрі есеп беріп, бюджеттен ақша бөлініп, бәрі көмекке дән риза болып кетер еді. Тізімді кім жасағанын тауып, жауапқа тарту керек. Бастысы бұл тізім қабылданбайды. Осыған қол жеткіздік, - дейді Бектібаев.

Даулы тізімге қазақстандық байлардың фирмалары мен кәсіпорындары да кірген. Олардың қатарында «Астана Моторс» компаниясы мен MEGA ойын-сауық орталықтары кіретін Astana Group иесі Нұрлан Смағұлов бар. Былтыр Смағұловтың байлығы 525 миллион долларға бағаланған.

— Astana Group компаниясы жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорындарының бәрін тізімге қосты. Өйткені тізім дайындалған кезде жүйедегі негізгі компанияларға қойылатын нақты критерийлер болған жоқ. Мемлекеттік органдар ірі бизнесті қолдауға арналған шараларды дайындағанын күтіп отырмыз, — деді корпоративтік байланыс жөніндегі департамент директоры Ләззат Әлжанова.

Astana Group төтенше жағдай кезінде қанша ақша жоғалтқаны, мемлекеттен қандай көмек күтетіні туралы пікір айтудан бас тартты.

Тізімде BI Group құрылыс холдингіне кіретін компаниялар да бар. Былтыр холдингтің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев 485 миллион доллар байлығымен елдегі ең дәулетті 50 бизнесменнің тізіміне кірген. BI Group коронавирусқа қарсы күрес шараларының аясында мемлекет қаржысына Нұр-Сұлтан мен Алматыда инфекциялық аурухана салды. (Шымкентте салынуы тиіс болған үшінші аурухананың құрылысы тоқтап қалған).

Холдингтің баспасөз қызметі тізім әлі дайын емесін айтып, Азаттық тілшісінің жағдайға қатысты пікір беру туралы сұрағын басшылыққа жеткізуге уәде берді. Бірақ компания өкілдері қайта хабарласқан жоқ.

Андрей Лаврентьев басқаратын қазақстандық автокөлік бизнесі қауымдастығының баспасөз қызметі пікір беруден мүлде бас тартты. Қауымдастыққа автобизнес саласындағы 30 ірі және шағын компания мүше. Олардың бірқатары даулы тізімге кірген.

«ӘДІЛ» ТІЗІМ БОЛА МА?

Зейнетақы қорлары қауымдастығының бұрынғы басшысы, экономист Айдар Әлібаев тізімді көргенде таңданғанын айтады. Оны әсіресе, тізімге ойын-сауық орталықтары мен автосалондардың кіргені қайран қалдырған.

— Бұл компаниялар шетелден көлік әкеліп, үстіне көп ақша қосып сатады. Оларды қолдаудың не қажеті бар? Бұл бизнесті жүйені құраушы компанияға жатқызуға бола ма? Тізімде ашығын айтқанда, қымбат әуе билеттерін сатып немесе қарапайым адамдардың қолы жетпейтін қымбат үйлер салып, халықтың есебінен пайдаға батып отырған компаниялар бар. Мұндай компаниялар үшін мемлекеттен көмек сұрау ұят деп санаймын, — дейді Әлібаев.

Экономистің пікірінше, тізім «әділ, ашық және адал» құрылуы керек.

— Бірінші кезекте, елдің дағдарыстан шығуына көмектесетін азық-түлік, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетілуі керек. Тізім ашық құрылса, халық бәрі әділ жүзеге асып жатқанына куә болады. Адамдар онсыз да шенеуніктерге сенбейді. Ал қазір олар халық сенімінен толықтай айырылуы мүмкін, — дейді экономист.

Расул Рысмамбетов.
Расул Рысмамбетов.

Financial Freedom қоғамдық қорының директоры, қаржыгер Расул Рысмамбетов даулы тізімнің желіге тарап кеткені алдағы шешімдерге оң әсер етер деп үміттенеді.

— Тізімде көмек алып, қазір жұмысын бастауы керек компаниялардың бәрі бірдей көрсетілмеген. Мен осындай көмек сұрап, бірақ ешқандай қолдау көрмеген өндіріс иелерін білемін. Дұрыс тізім жасалады деп ойлаймын, — дейді ол.

27 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы мәлімдемесінде 11 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісіне несие төлеу мерзімі ұзартылғанын айтты. Президент “700 мың компания мен жеке кәсіпкерді қамтыған салықтық ынталандыру шарасы бизнес өкілдерінің триллион теңгеге жуық қаржысын үнемдейді” деп мәлімдеді.

Тоқаевтың айтуынша, азаматтарды жұмысы мен табысынан айырмау үшін «ел экономикасында шынымен маңызы бар кәсіпорындардан тұратын» жүйені құраушы компаниялар тізімі дайындалып жатыр. Тізімге кірген компанияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG