Accessibility links

"Маңғыстаумұнайгаз" экс-жұмысшыларының талабын орындамады


Экс-жұмысшылар бес жылдық жалақының жартысын сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:12 0:00

Экс-жұмысшылар бес жылдық жалақының жартысын сұрады

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшылары бес жылдық жалақыларының елу пайызын бірден төлеуді тағы талап етті. Компания басшылығының пайымдауынша, олардың талаптары орынсыз. Экс-жұмысшылар Қазақстан билігіне хат жолдады.

Ақтауда мамырдың 10-ы күні "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына қарасты "Тұрғын үй пайдалану цехының" жатақхана күтушілері, кір жуушылар, слесарь, сантехниктер, өндіріс орынын тазалаушылар, көгалдандырушылар бес жылдық еңбекақысының жартысын (5/50) алдын-ала беруді тағы талап етті.

Жұмысшылардың айтуынша, олардың кейбіріне биыл сәуірден бастап 5/50 төлемін беріп, ал кейбірін "тендерді ұтып алған" Caspian Food мекемесіне күштеп жіберіп отыр. "Бұл - әділетсіз" деген жұмысшылар барлығына бірдей бес жылдық еңбекақының жартысын алдын-ала беруді сұрайды.

- Алдымыз 25-30 жыл бойы осы компанияға еңбек еттік. Неге бізге төлем берілмейді? Неге "онкологиялық аурумен ауратын науқастарға ғана беріледі" деп алдайды? Мен "Күміс алқаның" иесімін, алты балам бар. Жолдасым жұмыссыз. Мен де жүректен ауырамын, -деді жатақхана күтушісі Раушан Бисекенова.

Жатақхана күтушісі Раушан Бисекенова​ (ортада) компания басшыларымен кездесуде отыр. 10 мамыр 2018 жыл.
Жатақхана күтушісі Раушан Бисекенова​ (ортада) компания басшыларымен кездесуде отыр. 10 мамыр 2018 жыл.

​Жатақхана күтушісі Маржан Жомартованың айтуынша, "Маңғыстаумұнайгаз" оларды жұмыстан шығарғаны және басқа компанияға жібергендері туралы арнайы құжаттарды көрсетпеген. Ол келісім шарттың да дұрыс жасалмағанын айтып, өздерін жұмысқа қабылдаған Caspian Food мекемесіне сенімсіздік білдірді. Маржан Жомартованың сөзін жиналғандар да қоштады.

Оқи отырыңыз: Экс-жұмысшылар бес жылдық жалақының жартысын сұрады

Наразы жұмысшылармен "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы бас директоры Бақыт Иманбаев пен оның орынбасары Пэй Цзяньшэн кездесті.

- 5/50 жалақы беріледі деген әңгіме болған жоқ. Оның "Маңғыстаумұнайгазға" керегі жоқ. Біздің жалақымыз бар, өндіріп отырған мұнайымыз бар. Біз жалақыны, сыйақыны, басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеп отырып, бес жылға Caspian Foodқа бердік, -деді Иманбаев.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы бас директоры Бақыт Иманбаев наразы жұмысшылармен кездесіп отыр. 10 мамыр 2018 жыл.
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы бас директоры Бақыт Иманбаев наразы жұмысшылармен кездесіп отыр. 10 мамыр 2018 жыл.

"Маңғыстаумұнайгаздың" тең дәрежелі акционерінің өкілі Пэй Цзяньшэн 5/50 төлемін беру үшін де көп эконмикалық зерттеулер жасауға тура келгенін айтты.

- Бұл бағдарлама еңбек кодексінде қаралмаған. Компания сонда да түсіністікпен қарады. Менің де 10/50 алып кеткім келеді. Кім оны маған береді? Жұмысшыларға пайдалы бағдарлама жұмыс берушіге тиімсіз болуы мүмкін. Менің қалауым көп, оның бәрі қамтыла бермейді, - деді ол Азаттық тілшісіне.

"Маңғыстаумұнайгаздың" тең дәрежелі акционерінің өкілі Пэй Цзяньшэн жұмысшылармен кездесуде отыр. 10 мамыр 2018 жыл.
"Маңғыстаумұнайгаздың" тең дәрежелі акционерінің өкілі Пэй Цзяньшэн жұмысшылармен кездесуде отыр. 10 мамыр 2018 жыл.

​Caspian Food мекемесінің директоры Наурыз Сартов жұмысшыларға бәрін түсіндіргенін, оларға бұрынғы жалақы беріліп отырғанын айтты.

Жиналған жұмысшылар бұған қанағаттанбады. Олар жиналыстан соң бірден Қазақстан президентінің әкімшілігіне, парламентке, бас прокуратураға, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясына, Маңғыстау облысы әкіміне хат жолдады.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының жұмысшылары мамырдың 5-і күні жиналып, осы талаптарын қойған еді. Олар бір айдан бері арыздарына жауап ала алмағандарына шағымданып, компания басшылығының өздерімен кездесуді талап еткен.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл

Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ компанияларының бірі саналатын "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы Маңғыстау облысында Қаламқас, Жетібай және тағы басқа кеніштерді игеріп жатыр. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC компаниясы бірлесіп иелік ететін кәсіпорында алты мыңдай адам жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG