Accessibility links

Экс-жұмысшылар бес жылдық жалақының жартысын сұрады


"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесінің алдында талаптарын айтып тұрған жұмысшылар. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшылары бес жылдық жалақыларының елу пайызын алдын ала төлеу туралы талап қойды. Олар еңбек құқықтары бұзылғанын айтады. Кәсіпорын өкілі мен кәсіподақ ұйымы жетекшісі наразылардың уәжімен келіспейді.

Мамырдың 5-сі күні "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының Ақтаудағы кеңсесі алдына биылғы сәуірге дейін осы компаниядағы әкімшілік департаментіне қарасты цехта бөлме тазалаушы, кір жуушы, құбыр жөндеуші болып еңбек еткен бір топ жұмысшы жиналды. Олар өздерін "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясынан шығаруға наразы екендерін айтып, кәсіпорын әкімшілігінен өздеріне 5/50 тәсілімен, яғни бес жылдық жалақының елу пайызын алдын ала төлеуді талап етті.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясында 23 жыл кір жуушы болып жұмыс істеген Бибігүл Көбенова бұлар атқарып келген жұмыстар сәуір айынан бастап жеке меншік компанияға өткендіктен басшылық өздеріне жұмыстан кету туралы ықтиярынан тыс өтініш жаздырғанын айтады. Ол жаңа мекемеде жалақымыз қандай болады деген дүдәмал ойымен бөлісті.

- Жалақым бар болғаны 160 мың теңге. Оған жалғыз өзім ауру қызды бағып отырмын. "Маңғыстаумұнайгаз" маған бес жылдық еңбекақымның жартысын берсін, әйтпесе басқа компанияға барғанда бұл күйімізден де айырылып қаламыз, - дейді Бибігүл Көбенова.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл

Жиналғандар "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кәсіподақ ұйымы өздерінің еңбек құқығын қорғамай отыр деп наразылық білдірді. Олардың сөзінше, өздерін толғандырған мәселелерге байланысты компания басшылығына жолдаған хаттарына бір айдан бері жауап алмаған.

- "Маңғыстаумұнайгаз" бас директоры Бақыт Иманбаев пен оның орынбасары Пэй Цзяньшэннің арамызға келіп, сауалымызға жауап беруін талап етеміз. Неге бізге ештеңені түсіндірместен құжаттарға қол қойдыртады? - дейді жұмысшылардың бірі Гүлжан Өтемұратова.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы бас директорының кеңесшісі Талғат Әйтенов. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы бас директорының кеңесшісі Талғат Әйтенов. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл

Өзін "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы бас директоры Бақыт Иманбаев пен оның орынбасары Пэй Цзяньшэннің кеңесшісімін деп таныстырған Талғат Әйтенов жұмысшылардың уәжімен мүлде келіспейді.

Оның айтуынша, компанияның негізгі жұмыс саласына жатпайтын қызмет түрлері тендер арқылы жеке меншік серіктестікке берілуіне байланысты жұмыстан босаған барлық адамдарға тиесілі еңбекақы төлемдерін жасаған. Бұған қоса, зейнетке кетуіне бес жыл қалған, денсаулығы нашар 104 адамды іріктеп, оларға бес жылдың еңбек ақысының жартысын алдын ала төлеген. "5/50" деген төлем Қазақстан заңына сәйкес келмесе де, компания басшылығы әлгіндей жұмысшылардың жағдайын ескеріп, төлем жасаған дейді ол.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кәсіподағының жетекшісі Тарген Мысамбаев жұмысшылардың алаңдауына негіз жоқ деп санайды. Оның сөзінше, наурызда тендерді ұтып алған Caspian Food жауапкершілігі шектеулік серіктестігі, "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы және кәсіподақ ұйымы арасында жұмысшылардың еңбек жағдайы мен еңбекақы және өзге төлемдерге қатысты үшжақты келісім жасалған.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Тарген Мысамбаев. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Тарген Мысамбаев. Ақтау, 5 мамыр 2018 жыл

- Біз осы келісімге сай жұмысшылардың әлеуметтік пакеттерінің сақталуын қадағалаймыз. Тендерді ұтып алған компания жұмысшыларға ай сайын берілетін сыйақыны да, Тәуелсіздік күніне берілетін 50 айлық есептік көрстекішке тең сыйақыны да - бәрін сақтаймыз деп отыр, - дейді ол.

Алайда жұмысшылар мұнымен келіспейді. Олар осы уақытқа дейін ешқандай келісім-шартты көрмегендерін айтады.

- Қайда ол келісім-шарт? Егер ондай келісім-шарт болса неге бізді кәсіподақтан өз еркімізден тыс шығарған? Арамызда кейбір аяғы ауыр әйелдер наурызда демалысқа шықса да, оларға осы күнге дейін тиісті еңбекақысы неге төленбей отыр? Олар наурызда "Маңғыстаумұнайгаз" қызметкері болды емес пе? – дейді Гүлжүзім Есқұлова.

Компания өкілі бұл сауалдарға "Бізде бәрі заңды" деп қана жауап қатып, кетіп қалды. Наразы қызметкерлер енді сотқа жүгінуге ниетті екендерін айтты.

Азаттық тілшісіне сенбі күні Caspian Food жауапкершілігі шектеулік серіктестігінен комментарий алудың сәті түспеді.

Қазақстандағы ең ірі мұнайгаз компанияларының бірі саналатын "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы Маңғыстау облысында Қаламқас, Жетібай және тағы басқа кеніштерді игеріп жатыр. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC компаниясы бірлесіп иелік ететін кәсіпорында 6000 адам жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG