Accessibility links

"Тапсырманы орындай алмағандар" президент маңайында қалды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Асқар Мамин ТМД басшыларының жиынында. 11 қазан 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сынынан кейін отставкаға кеткен үкімет мүшелерінің көбі жаңа қызметке тағайындалды. Кейбірі бұрынғы орнында қалды, енді бірі қызметте өсті, кейбірі басқа қызметке барды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда кадр тағайындауда кәсібилік емес, басшыға адалдық ескеріледі.

Қазақстан ұлттық экономика министрлігін басқарған Тимур Сүлейменов наурыздың 2-сі күні ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал ұлттық банкті енді бұрынғы үкіметте вице-премьер болған Ерболат Досаев басқарады.

Назарбаев "экономиканы дамытудың тиімді жолын таба алмады" деп сынаған бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен ұлттық банктің экс-төрағасы Данияр Ақышев та қызметсіз қалмады. Назарбаев Ақышевты өзіне кеңесші етіп тағайындады. Отставкаға кеткен күні Назарбаевқа алғыс айтқан Сағынтаев енді мемлекеттік хатшы қызметін атқармақ.

"НЕГІЗГІ ТАЛАП - ПРЕЗИДЕНТКЕ АДАЛДЫҚ"

Азаттық тілшісі сарапшылардан "отставкаға кеткен үкіметте болған министрлердің басым бөлігі не үшін қызметінде қалды?" және "жаңарған үкіметте неге су жаңа министрлер жоқ?" деп сұрады.

Бұрын екі мәрте министрлер кабинетіне кірген 71 жастағы экономист Петр Своиктің пайымдауынша, үкімет отставкасы – әлеуметтік саладағы дағдарыстың тұсында халық көңілін басқа жаққа бұру әрекеті.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы және журналист Сергей Дувановтың ойынша, Назарбаев өзіне адалдығын дәлелдеген маңайындағы кадрларды сатпайтынын көрсетті.

- Қазақстанда билік бір адамның, Нұрсұлтан Назарбаевтың, маңайына шоғырланған. Назарбаевқа сауатты кадрлар керек, бірақ негізгі талап – олардың адалдығы, - дейді Дуванов.

Liberty қоғамдық қорының жетекшісі, саясаттанушы Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, қоғам үкіметте реформа болады деп үміттенген, бірақ қазіргі экономика мен саясаттағы дағдарыстың тұсында қандай да бір өзгеріс болуы екіталай.

- Реформа 2007 жылы аяқталған (2007 жылы Қазақстан конституциясына өзгеріс енгізіліп, бірінші президент Назарбаевқа сайлауға шексіз түсуге мүмкіндік берілген - ред.). Енді билікте, үкіметте өзгеріс болу үшін бір тылсым оқиға болуы керек, - дейді Ағелеуов.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың айтуынша, соңғы он жылда Қазақстанда номенклатуралық жүйе қалыптасқан.

- Бұрын үкіметте Ораз Жандосов, Зейнолла Кәкімжанов болғанда мұндай номенклатуралық жүйе болмаған еді. Адамдар бизнестен үкіметке келе беретін не үкіметтен кетіп, бизнеске оралатын. Қазір адам жоғарғы номенклатуралық жүйеге бір еніп алса, айналып жүре береді. Форс-мажор болса ғана номенклатурадан шығып қалады, - дейді саясаттанушы.

Сарапшылар "Қазақстандағы кадр тағайындау мәселесін Нұрсұлтан Назарбаев қолында ұстап отыр" деп санайды.

СОЛ БАЯҒЫ МИНИСТРЛЕР

Премьер-министрлікке тағайындалған Асқар Мамин екі жыл көлемінде "халықпен дұрыс жұмыс істей алмаған" ескі үкімет құрамында премьер-министрдің бірінші орынбасары болды.

Жаңа министрлер Руслан Даленов (ұлттық экономика министрі) пен Роман Скляр (индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі) бұған дейін осы ведомстволарда вице-министр қызметін атқарған.

Қаржы, ішкі істер, сыртқы істер, қорғаныс, энергетика, әділет, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрлері қызметінде қалды. Бұрынғы үкіметте ақпарат және коммуникациялар министрі болған Дәурен Абаев қайта құрылған ақпарат және қоғамдық даму министрлігін басқарады.

Асқар Мамин пен үкімет мүшелері. Астана, 1 наурыз 2019 жыл.
Асқар Мамин пен үкімет мүшелері. Астана, 1 наурыз 2019 жыл.

Сағынтаевтың командасында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Асқар Жұмағалиев қайта құрылған цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды.

Қаржы министрі қызметін сақтап қалған Әлихан Смаилов енді премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін қатар атқарады. Сағынтаев басқарған үкіметте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған Жеңіс Қасымбек пен бұрынғы мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова премьер-министр орынбасары қызметіне келді. Әбдіхалықова 2014 жылы премьер-министрдің орынбасары қызметінен мемлекеттік хатшылыққа ауысқан еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Бердібек Сапарбаев бұған дейін екі облыстық әкімі және вице-премьер болған. Ол 2007 жылдың тамызынан 2009 жылдың наурызына дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған.

Жаңа үкіметте екі жаңа министр тағайындалғанымен, оларды "су жаңа министрлер" деп атау қиын. Білім және ғылым министрлігіне келген 60 жастағы Күләш Шәмшидинова 2000 жылдардың басында білім және ғылым министрінің орынбасары болған. Министр болып тағайындалғанға дейін "Назарбаев зияткерлік мектебі" қорының басқарма кеңесінің төрайымы болған.

Енді ауыл шаруашылығы министрлігін басқаратын Сапархан Омаров 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың наурызына дейін ауыл шаруашылығы вице-министрі болған. Ол ауыл шаруашылығы министрлігіне мәжілістен келді.

Сағынтаев басқарған үкіметте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымова мен білім және ғылым министрлігін басқарған Ерлан Сағадиев қызметсіз қалды.

Сағадиев жергілікті ақпарат құралдарына алдағы уақытта Гарвардта оқуын жалғастыратынын айтқан. Ал Мәдина Әбілқасымованың жоспары белгісіз. Қазақстан қалаларында болған көп балалы аналар наразылығында әйелдер Әбілқасымованың отставкасын талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG