Accessibility links

"Нұрланған" атаулардың саны артты


Тұрғын: "Шашқан" деген ұйғырша "тышқан" деген сөз ғой...
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

"Нұрланған" елімекендердің саны артты

Алматы әкімдігі қаладағы 27 шағын ауданның атауын өзгертті. Енді үш ауданның аты "Нұр" деп басталады. Атауы өзгерген елдімекендердің біріндегі тұрғындардың жаңа атауға көңілі толмайды.

Алдағы уақыттан бастап "Колхозшы" шағын ауданы "Нұршашқан", "Алғабас-1" шағын ауданы "Нұркент", "Алатау" шағын ауданы "Нұр Алатау" деп аталады.

Азаттық радиосының тілшісі "Нұршашқан" шағын ауданына барып, тұрғындардың пікірін сұрап қайтты. Бұл мекен бұрын Алматы облысы Талғар ауданының құрамында болған. Тек 2014 жылы ғана Алматы қаласының аумағына кірген.

Жергілікті тұрғындар елдімекен атауын өзгертерде ешкім пікір сұрамағанын айтады. "Колхозшының" тұрғындары "Нұршашқаннан" өзге кез келген атауды құптауға дайын. Айтуларынша, қазақша "шашқан" деген сөз ұйғырша "тышқан" (жәндік - ред.) деп аударылады. Өзін Тұрғанжан Илимов деп таныстырған тұрғын әңгімесін "Нұршашқан" дегенше басқа ат қоюы керек еді» деп бастады.

- "Нұр" деген жақсы. Нұр – құдайдың нұры деген сөз. Ал "шашқан" деген ұйғырша жүгіріп жүретін жәндік - "тышқан" деген сөз. Кейін біреулер "шашқанды" "тышқан" деп келеке қылады. Бұл жерде 70-80 пайыз ұйғырлар тұрады, - дейді ол.

"Нұршашқан" шағын ауданы. 9 қаңтар 2019 жыл.
"Нұршашқан" шағын ауданы. 9 қаңтар 2019 жыл.

​Жаңа атауға ие "Нұршашқан" шағын ауданының тұрғыны Әбдуәли Әбілқайыров:

- "Нұршашқанды" қазақша дұрыс түсінуге болады. "Нұр шашылып тұр" деген сөз. Ал бізше "Нұршашқан" деген "тышқан" деген мағына ғой. "Нұр отан" деп те атаса болар еді, - дейді.

Алматы қаласы ономастика бөлімінің жетекшісі Өтепберген Қалабай шағын аудандардың атауын өзгерткенде тұрғындардың пікірі ескерілгенін айтады.

- Міндетті түрде жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріледі. Заңның негізінде тұрақты комиссия бар. Ол жерге ұсынылады. Мәслихаттан келісім алғаннан кейін Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссиясы талқылайды, - дейді ол.

2017 жылы Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыдағы көшелерге "Нұр әлем", "Нұрлы жол", "Нұрсая" атауы берілген.

Бұған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр" деген атауды "барлық жерге тықпалай беруге болмайтынын" айтып, ескерту жасаған.

2014 жылы Назарбаев Астанадағы сауда орталықтарының бірін "Нұр Плаза" деп атауға қарсы болған. Бизнесмен Нұрлан Смағұлов Назарбаевтан сауда орталығын "Нұр Плаза" деп атауды сұраған. Сол кезде Назарбаев "жағымсуды қайдан үйренгенсің?" деп ұрысқанда, Смағұлов: "өмір үйретті" деп жауап берген. Бұл видео әлеуметтік желіде көп талқыланған.

2016 жылы қарашада Нұрсұлтан Назарбаев "нұр" деген атауларға қатысы жоқтығын, олай атауға бұйрық бермегенін айтқан.

"Бірнеше рет айттым ғой. Мен "нұр", "нұрлы" деп атауға пәрмен беріп жатыр деп ойлайтын шығар. Парламенттің өзі астананы менің атыммен атауды ұсынған. Мен ондай ұсыныс айтқаным жоқ" деген ол.

Назарбаевтың қарсылығына қарамастан Қазақстанда "нұр" сөзі елдімекендер, көшелер, орталықтардың атауында, мемлекеттік бағдарламаларда ("Нұрлы жер", "Нұрлы жол") жиі қолданылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG