Accessibility links

Нұр-Сұлтан тұрғыны полиция алған көлігін пикетке шығып қайтарды


Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын талап еткен Нұр-Сұлтан тұрғыны Ермек Бекішев. Нұр-Сұлтан, 9 тамыз 2019 жыл.

Президент сайлауынан кейінгі наразылық күндері "полициядан құқай көріп, көлігінен айырылған" Нұр-Сұлтан тұрғыны тамыздың 9-ы күні ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын талап етіп, бір адамдық пикет өткізді. Ізінше тұрғынға полиция көлігін қайтарып берді.

36 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны Ермек Бекішев - 14 жылдан бері арбаға таңылған 1-топтағы мүгедек. Ол тамыздың 9-ы күні қолына "Ішкі істер министрі Тұрғымбаевтың отставкасын талап етемін" (Требую отставки министра МВД Тургымбаева) деген жазуы бар плакат ұстап, арбасымен ішкі істер министрлігі алдына келді.

- Құқығым бұзылды, көлігіме заңсыз арест салып, мені тауып отырған нанымнан айырды. 1-топтағы мүгедек болсам да, газ баллонын қолданды. Полиция қызметкерлері "жоғары басшылық бұйрығы" дейді. Ал олардың басшысы кім? Министр. Яғни, ішкі істер министрі азаматтардың құқығын бұзатын, шектейтін осындай бұйрық береді. Мен оның отставкасын талап етемін, - деді ол.

Ермек Бекішевтің бір адамдық пикеті. Нұр-Сұлтан, 9 тамыз 2019 жыл.
Ермек Бекішевтің бір адамдық пикеті. Нұр-Сұлтан, 9 тамыз 2019 жыл.

Оған 2-топтағы мүгедек Азамат Сәдуов көмектесіп жүрді. Олар бірігіп, көлікпен адам тасып, күн көреді.

Ермек Бекішевтің сөзінше, маусымның 12-сі күні (президент сайлауы өткеннен кейін бірнеше күннен кейін - ред.) қалада машинамен келе жатып, автобус жолағынан басқа жолаққа өту үшін дабыл берген. Оларды полиция тоқтатып "рұқсат етілмеген жерден дабыл бердің, көшеде дабыл бергендерді күштеп ұстау туралы" бұйрық барын айтқан. "Көліктен күштеп түсіріп, көздеріне газ баллонын шашқан". Көлігін айыппұл тұрағына қойғандықтан ол өзінің екі айдан бері табыссыз жүргенін айтты.

Ермек Бекішевтің жараланғаны туралы дәрігер анықтамасы. 18 маусым 2019 жыл.
Ермек Бекішевтің жараланғаны туралы дәрігер анықтамасы. 18 маусым 2019 жыл.

Ол маусым айында Азаттыққа берген сұхбатында сол күні полицияның өзіне күш қолданғанын, басы мен кеудесіне соққы тигенін айтқан. Сол сөзін дәлелдейтін дәрігер анықтамасын да көрсеткен еді.

Тамыздың 9-ы күнгі акция кезінде Ермек Бекішев құқық қорғау органдары Қазақстан қол қойған мүгедектер құқығы туралы конвенцияны сақтамай отырғанын да айтты.

Шамамен он минут өткен соң оның қасына министрліктен басқарма бастығы, полковник Бағланбек Айтбаев шығып, "мәселені анықтау үшін ішке кіруді" сұрады. Олар Бекішев ұсынған құжаттармен танысты. Айтбаев көліктің Бекішевтікі екені анықталса, дереу айыппұл тұрағынан шығарып беретінін айтты. Жағдайын айқайлап айтып жатқан Бекішевтің қасына бірнеше полиция өкілі келді. Басқарма бастығының орынбасары Юрий Козловтың сөзінше, істе полиция әрекетіне қатысты қылмыс құрамы болса, ол анықталады. Ішкі істер министрінің қауіпсіздік қызметінің бастығы Ермек Бекішевтен полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеті туралы арыз жазып өткізуді, оған тез арада жауап беретіндерін айтты.

Ермек Бекішевтің шағымына байланысты жауап беріп тұрған подполковник Нұрсейіт Әбішев (сол жақта) және полковник Бағланбек Айтбаев. Нұр-Сұлтан, 9 тамыз 2019 жыл.
Ермек Бекішевтің шағымына байланысты жауап беріп тұрған подполковник Нұрсейіт Әбішев (сол жақта) және полковник Бағланбек Айтбаев. Нұр-Сұлтан, 9 тамыз 2019 жыл.

- Біз полициядан қатты қорқамыз. Пикетке шықсақ жауып тастай ма деп уайымдасақ та келіп тұрмыз. Сіздер тек жазалауды ғана білесіздер, - деді әңгімеге араласқан Азамат Сәдуов.

Аздан соң қайта айналып келген полковник Бағланбек Айтбаев Ермек Бекішевтің көлігіне қатысты құжаттарын сұрады.

- Қазір айыппұл тұрағына барамыз. Көліктің өзіңізге тиесілі екені туралы құжатты көрсетсеңіз, көлігіңізді алып кетесіз,- деді ол.

Түстен кейін Азаттық тілшісіне хабарласқан Ермек Бекішев полицияның көлігін айыппұл тұрағынан шығарғанын айтты.

- Прокуратура, сот, полицияға жазған шағымым еш нәтиже бермеді. Қалай пикетке шықтым, бірден көлігімді қайтарды. Олар заңсыз болса, бермеуші еді. Адамдар заң сақталмаған соң пикетке шығуға мәжбүр. Тек сонда ғана дауысымыз жетеді, - деді ол.

Ішкі істер министрлігінің ғимараты. Нұр-Сұлтан, 9 тамыз 2019 жыл.
Ішкі істер министрлігінің ғимараты. Нұр-Сұлтан, 9 тамыз 2019 жыл.

Ермек Бекішев "полиция заңсыз ұстады" деп маусымның 17-сі күні бас прокуратураға арызданғандар арасында болған. Ол ұсталған күні (12 маусым) Нұр-Сұлтанда Қазақстан президентінің инауграциясы өтіп жатты.

Қазақстанда маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, биліктің "Нұр Отан" партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жеткен. Сайлау өткен күні және одан кейін елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар президент сайлауы мен оның ресми қорытындысына қарсылық білдірді.

Қарай отырыңыз: Нұр-Сұлтан полициясы азаматтарды қалай ұстады? (9 маусым 2019 жыл).

Нұр-Cұлтан полициясы наразыларды қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев митингілер кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар "билік ұсталғандар санын тым азайтып көрсетті, ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады" деп мәлімдеді. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау қорытындысының бұрмаланғанын айтып, сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті.

Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстан билігін бейбіт наразыларды ұстағаны үшін айыптады. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG