Accessibility links

"Күрес тоқтаған жоқ". Оралдағы наразылыққа қатысқан белсендінің әңгімесі


Оралдағы үкіметке наразылық акциясы. 4 қаңтар 2022 ж. Митингіге қатысушылар саны артқан сайын саяси реформалар туралы талап та жиі айтыла бастады.
Оралдағы үкіметке наразылық акциясы. 4 қаңтар 2022 ж. Митингіге қатысушылар саны артқан сайын саяси реформалар туралы талап та жиі айтыла бастады.

Бұрын саясатқа көңіл бөлмеген қазақстандық азамат пайдалы қазбаға бай елдегі кедейлік салдарынан саяси белсендіге айналып, қаңтардағы наразылық акциясына шыққан. Ол полициядан таяқ жегеніне қарамастан, жарқын болашақ үшін күресінен бас тартпауға бекініп отыр.

Қазақстанның мұнайға бай солтүстік батысы өңіріндегі Жалпақтал кентінде дүниеге келген Аслан Жамалиев көп жыл бойы саясатқа мүлде қызықпаған.

Телекоммуникация саласы бойынша білім алып, Батыс Қазақстан облысындағы мобильді телефон сататын дүкенде жұмыс істеген. Кейін өзі қатарлы басқа азаматтар сияқты мұнай-газ саласында жұмыс істеген. Қазір 39 жастағы жігітті мұнай-газ саласында еңбек етіп жүргенде "қазба байлығы көп елде неге халыққа күнкөріске әзер жететін тиын-тебен ғана төленеді?" деген ой жиі мазалайтын.

Ол Атырау облысында күн ұзақ ауысымда жүріп, ауыр еңбек еткеніне қарамастан, ай соңында небәрі 100 мың теңге (230 доллар) жалақы алған. Бұл – елде ресми бекітілген орташа жалақының (243,7 мың теңге немесе 570 доллар) жартысынан да аз.

– Жоғары білімім, тәжірибем бар. Онда неге 100 мың теңгеге жұмыс істеуім керек? Тіпті 100 мың теңге де емес. Міне жақында 70 мың теңге (160 доллар) жалақы ұсынды. Бұл ақша ештеңеге жетпейді, – дейді ол.

Былтыр Аслан Жамалиев коронавирус жұқтырып ауырып, жұмыссыз қалған.

Биыл қаңтардың басында ол мыңдаған қазақстандықпен бірге үкіметке наразылық акциясына қатысты. Бейбіт акцияның аяғы қантөгіс пен тәртіпсіздікке ұласып, билік наразылықты күшпен басып-жаншыды.

Ресми мәлімет бойынша, 225 адам қаза тауып, мыңдаған азамат зардап шеккен. 19 миллион халқы бар елде 10 мыңға жуық адам ұсталған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған, ондаған мың адам қатысқан жалпыхалықтық демонстрация 2 қаңтарда Жаңаөзен қаласындағы сұйылтылған газдың қымбаттауына наразылықтан басталды.

3 қаңтарда наразылыққа Жамалиев тұратын Орал қаласының тұрғындары да қосылды. Әуелі 80 жүргізуші үкіметтен газ бағасын түсіруді талап етті. Кейін наразылар қатары артқан сайын халықтың арыз-шағымы көбейіп, биліктен саяси реформалар жүргізуді талап ете бастады.

– Наразылыққа газдың қымбаттауы ғана түрткі болған жоқ, – дейді Жамалиев.

Ол халықтың елдегі қазба байлықты түгел уысында ұстап отырған саяси элитаға наразы екенін, газдың қымбаттауы жұртқа сыныққа сылтау іздегендей әсер еткенін айтады.

– Наразылыққа үкіметтен шаршаған соң қосылдым. Бұл жерде кедейлікті меңзеп отырмын, бірақ елде халықты қажытқан басқа да экономикалық, саяси мәселелер бар. Жақсы, демократиялық елде тұрғым келеді, – дейді Жамалиев.

Орал қаласындағы наразылық жиыны. 5 қаңтарға қараған түн, 2022 ж.
Орал қаласындағы наразылық жиыны. 5 қаңтарға қараған түн, 2022 ж.

Аслан Жамалиевтың Қазақстанда сайлаудың көмегімен саяси өзгерістер жасауға болады деп ойлаған кезі де болған. Бірақ 2019 және 2021 жылғы сайлаулардан кейін ештеңе өзгермейтінін түсінген.

Аслан Жамалиев қос сайлауда да жергілікті тәуелсіз бақылаушылар тобында болған.

Ол парламент сайлауы қарсаңында Оралда халықты биліктегі "Нұр Отан" партиясына дауыс бермеуге үндейтін плакаттарды көшеге іліп шыққан.

Жамалиевтің айтуынша, сайлау нәтижесі бұрмаланып, "Нұр Отан" партиясы жеңіске жетіп, парламентте бұрынғыдай басым күйінде қалған. Ал белсенділер мен тәуелсіз бақылаушыларға қоқан-лоқы жасалған.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы адал, демократиялық сайлау көрмеген ел азаматтарына бұл таңғаларлық жайт емес еді.

Орал қалалық соты Жамалиевке "заңсыз пропаганда өндірісі мен таралымы" үшін 73 мың теңге (170 доллар) айыппұл салған.

"Былтырғы сайлаудан кейін саясатқа бей-жай қарай алмадым" дейді ол.

"БИЛІК ЖҰМСАҒАН АРАНДАТУШЫЛАР"

4 қаңтарда Аслан Жамалиев Оралдағы Абай орталық алаңына – жергілікті әкімдік жанына жиналған наразыларға қосылған.

Ол наразылық акциясына бейбіт әрі тәрбиелі адамдар жиналғанын, кей азаматтар өзімен бірге шай мен тамақ әкеліп, артына қоқыс қалдырмай, жинап жүргенін айтады.

Ақтөбе, Шымкент, Орал, Қостанай... Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі наразылықтар
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:03 0:00

Жамалиевтің сөзінше, наразылар әкімдік ғимаратына қарай беттеген кезде аяқ астынан пайда болған агрессивті жастар тобы (олардың көбі мас болған) демонстранттарға тап беріп, провокация жасамақ болған. Олар адамдарды сүйреп, үстіне секіріп, белсенділердің қолындағы дауыс зорайтқыштарды тартып алуға тырысқан.

Жамалиев бұл топтағы адамдардың кейбірі 2021 жылы осыған ұқсас әдіс-тәсіл қолданып, бейбіт митингінің шырқын бұзуға тырысқанын көргенін айтады.

Қазақстан билігі демонстранттарды "полицияға шабуыл жасап, әкімшілік ғимараттарды өртеп, кәсіпорындарды тонады" деп айыптады.

Жамалиев билік халық арасында кикілжің шығарып, бейберекет жағдайға жеткізгісі келді деп санайды.

"Әлгі жастар билік жіберген арандатушылар болды деп ойлаймын. Олар төбелес шығарғысы келді. Сонда полицияға наразыларды күштеп таратуға сылтау табылар еді. Бірақ біз олардан іргемізді аулақ салуға тырыстық" дейді Жамалиев.

5 қаңтарда таңға қарай полиция Оралдағы наразыларды күштеп таратып, жүздеген адамды ұстаған.

"ӨКІНБЕЙМІН"

Аслан Жамалиевтің айтуынша, алаңда өзін үш полиция қызметкері ұстап, көлікке салған. "Көлікте мені жұдырықпен де, таяқпен де ұрды" дейді ол.

Полиция бөлімшесіне жеткізілген соң да ұрып-соғу, тепкілеу мен қорлау жалғасқан. Жамалиевті полиция дайындаған хатқа қол қоюға мәжбүрлеп, кейін босатқан. Ол өзі қол қойған хатта не жазылғанын білмейді.

"Полицейлердің бірі тағы да наразылыққа барғанымды көрсе, өлтіретінін айтты" дейді ол.

Жамалиев полиция қызметкерлерінің автозактағы наразыларды ұрып-соғып жатқанда өздерінің де халі мүшкіл екенін айтып шағынғанын естіген.

– [Полицейлердің] бірі "100 мың теңгеге жұмыс істеймін. Жұмыста жүріп, отбасымды көрмеймін. Ал сен сияқтылар өміріне шағынады" деді. Қазақ, орыс тілдеріндегі боғауыз сөзді жаудырып жатты, – дейді Жамалиев.

Жергілікті билік 5 қаңтарда Оралда жаппай тәртіпсіздікке байланысты 360 адам ұсталып, кейін босатылғанын хабарлаған.

Қазақстан үкіметі "шетелде дайындықтан өткен террористер" мен "бұзақылар бастаған тәртіпсіздіктен" кейін елде қоғамдық тәртіп қалпына келе бастағанын айтады.

Бірақ Жамалиевтің жарқын болашақ үшін күресі осымен аяқталмайтын сияқты. Ол қазақстандықтар көшеге қайта шығуы мүмкін деп топшылайды.

"Өзімді ұрып-соққан офицерлерге еш өкпем жоқ, олар – өздері мойындағандай, аз жалақыға жұмыс істеп жүрген бақытсыз жандар. Бірақ бұл – олардың өз таңдауы. Саяси белсенділігімізді жалғастырамыз" дейді Аслан Жамалиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG