Accessibility links

"Үнемі уәде еткенімен, ешкім көмектеспейді". Саяжай тұрғындарының сүреңсіз тірлігі


Салтанат Қуанышәлиева "Колос" саяжай серіктестігіндегі үйінің алдында тұр. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.
Салтанат Қуанышәлиева "Колос" саяжай серіктестігіндегі үйінің алдында тұр. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.

Орал қаласының шеткері аудандарында мыңдаған адам қыста тұруға жарамайтын саяжайдағы үйлерде тұрады. Кей саяжайларда газ, асфальт пен су құбыры жоқ. Бірақ бұл – олардың тұрғын үйге қол жеткізудің жалғыз амалы. Қала билігі заңдардың жоғын айтып, жағдайға ықпал ете алмайтынын айтады.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласының маңында жергілікті әкімдіктің дерегінше, 165 саяжай бар. Ауылшаруашылық мақсаттағы жер тұрғылықты өмір сүруге арналмаған. Дегенмен саяжайдағы игерілген учаскелердің көп бөлігінде адамдар жыл он екі ай тұрады. Саяжайда тұрақты негізде шамамен 17 мың адам тұрады.

Саяжайдағы көп үйде газ, орталықтандырылған су құбыры, кей аудандарда жарық жоқ. Күз бен қыс мезгілінде жолдың жоқтығы негізгі мәселеге айналады - балалардың мектепке баруы қиындайды, жедел-жәрдем мен құтқарушылар дәл үйдің алдына келе алмайды. Газ бен су кіргізуге немесе үйінің сыртын қаптауға көбінің мүмкіндігі жоқ.

Әкімдіктің бұл мәселеден хабары бар, бірақ қала сыртындағы тұрғындардың мәселесін шеше алмайды: заң бойынша саяжай үйлері тек ауылшаруашылық мақсатқа пайдаланылуы керек, сондықтан ол жерге газ бен су тарту тұрғындардың өз міндетіне кіреді.

"Колос" саяжай серіктестігі тұрғындары. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.
"Колос" саяжай серіктестігі тұрғындары. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.

Жақында қалалық құс фабрикасы ауданындағы саяжай ауылдарының бірінде тұратын тұрғындар Орал әкімдігінен өз территориясын қалаға қосуды сұраған. Тұрғындар қалаға қосылу аудандағы мәселелерді шешуге көмектеседі деп үміттенеді. Билік саяжайдағы жағдайды "қалыпты" деп атап, адамдар "өмір сүруге қажет шекті мөлшердегі ақшаны алып отырғанын" айтады.

САЯЖАЙ ШЕТІНДЕГІ ӨМІР

Ізбасар мен Салтанат Қуанышәлиевтер төрт баласымен Орал қаласынан бес километр жерде орналасқан "Колос" саяжай серіктестігінде тұрады. 29 жастағы Салтанат күні бойы үй шаруасымен айналысады: таңертең күйеуін жұмысқа шығарып салып, алты жасар үлкен ұлы Арланды мектепке жібереді, үлкен отбасына түскі және кешкі ас дайындайды, балаларды тамақтандырып, үй жинап, пеш жағады. Күні бойы жас келіншектің қолы тірліктен босамайды – үйде газ жоқ, пешті ағаш жағып, жылытады, құдық суы тастай, кішкентай балаларға бас-көз болуы керек.

"Колос" саяжай серіктестігінде тұратын Салтанат Қуанышәлиева балаларымен бірге. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.
"Колос" саяжай серіктестігінде тұратын Салтанат Қуанышәлиева балаларымен бірге. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.

- Қазір мен үшін ең қиыны – үлкен ұлымды күнделікті мектепке шығарып салу: балаларды мектептен таситын автобус Арланды алып кетпейді. Балам бірінші сыныпқа барған кезден бастап алып кетеміз дейді. Қазір балам дайындық сыныбында оқиды. Оны өзім апарып, сабақтан кейін өзім алып кетемін, - дейді кешкі астан кейін дастархандағы ыдыстарды жинап жүрген Салтанат.

Саяжайдан автобусқа мінген Салтанат пен Арлан мектепке дейін төрт аялдама жүріп жетеді. Бірақ автобус аялдамасына дейін үйден бір километр жер жаяу жүріп, бүкіл саяжайды кесіп өтуі керек. Өйткені Қуаншәлиевтер отбасы саяжайдың шетінде тұрады. Олардың үйінің артында жатқан жазық жердің соңы орманға барып тіреледі.

Салтанат үлкен ұлын мектепке апарып, әкелгенше қалған үш баласын үйінен 300 метр жерде тұратын көршісіне қалдырып кетеді.

- Кейде балаларын мектепке апара жатқан көршілеріміз баламды көлігіне отырғызып, алып кетеді. Бірақ олар шықпаса, бүкіл күнім мектепке барып, келумен өтеді. Басқа амалым жоқ, баламды оқыту керек, - дейді Салтанат.

Орал қаласының іргесіндегі "Колос" саяжай серіктестігіндегі жол. Батыс Қазақстан облысы. 14 қазан 2019 жыл.
Орал қаласының іргесіндегі "Колос" саяжай серіктестігіндегі жол. Батыс Қазақстан облысы. 14 қазан 2019 жыл.

Салтанаттың айтуынша, әзірге ауыл жолдарын шайып, ми батпаққа айналдыратын күзгі жауын басталмай тұрып, мектепке жету салыстырмалы түрде жеңіл. Бірақ жаңбыр мен қар маусымы басталғанда автобус аялдамасына жету қиындайды.

"ЖАРНА ЕСЕБІНЕН ЖҰМЫС ІСТЕП ОТЫРМЫЗ"

Саяжай тұрғындарының қиын жағдайда өмір сүріп жатқаны туралы Орал қалалық бақша өсірушілер қоғамы да біледі. Қоғам төрағасы Андрей Заозёров Қазақстанда саяжай қауымдастығы туралы бірде-бір заң болмауынан, саяжайдағыларға көмектесу қиын екенін айтады.

- Біздің қоғам – ерікті бірлестік. Жарна есебінен күн көріп отырмыз. Жарна ерікті түрде жиналады, ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Қолымызда саяжайдағыларға да, әкімдікке ықпал ету тетіктері жоқ, арнаулы заң болмаған соң, олардан ештеңе талап ете алмаймыз. Ал шешілуі қажет мәселе шаш-етектен. Президент пен облыс әкімінің резиденциясы орналасқан Самал ауданын есепке алмағанда, қалған саяжайлардың ешбірінде жол жоқ. Бірінші кезекте осы мәселені шешу керек. Қалған саяжайларда көбіне газ, су мен жарық болмайды. Жарық болса, тариф бағасы қымбат. Электр желісін тартумен айналысатын компаниялармен, тұрғын үй шаруашылық өкілдерімен, әкімдік қызметкерлерімен бірнеше рет кездестік. Үнемі уәде бергенімен, бізге ешкім көмектесе алмайды, - дейді Андрей Заозёров.

Орал қаласының іргесіндегі "Колос" саяжай серіктестігі. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.
Орал қаласының іргесіндегі "Колос" саяжай серіктестігі. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.

Заозёровтың айтуынша, Орал қаласының маңындағы саяжай ауылдарда жыл он екі ай 17 мың адам тұрады. Бірақ бұл дерек нақты емес, өйткені бақша өсірушілер қауымдастығының халық санағын жүргізуге құқығы жоқ.

- Жергілікті билікке саяжай мәртебесін алып тастап, бұл жердің бәрін қала құрамына қосуды ұсындым. Сонда тұрғындардың да өмірі жеңілдейді: жоспар бойынша жол салынып, инфрақұрылым пайда болады. Бірақ әлі биліктен нақты жауап алған жоқпыз. Алматының тәжірибесі бар – қазір ол жақта саяжай жоқ, бұрынғы саяжайдың бәрін қалаға қосты, - дейді Андрей Заозёрный.

Орал қалалық әкімдігінің өкілдері Қазақстан президентінің 2016 жылғы мамырдың 6-сындағы № 248 "Жер заңнамасының жекелеген нормаларына мораторий жариялау туралы" жарлығына сәйкес, саяжайды жекеменшікке беруге болмайтынын түсіндірді.

- Саяжай – ауылшаруашылық қажетіне арналған жер. Мораторийдің күші жойылмайынша, бұл учаскелер жеке меншікке өтпейді. Сондықтан газ, су, жарықты саяжай тұрғындарының өзі тартулары керек. Одан бөлек, саяжайда адамдар тек жаз кезінде ғана тұра алатынын атап өткім келеді, - деді Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисимбалиев.

Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Жасұлан Жұмашев құтқарушылар тұрақты негізде саяжай тұрғындарына тасқын мен өртке қарсы шаралар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықты қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыратынын айтты.

"ӘКІМНІҢ ҚОЛЫ БОСАМАЙДЫ"

"Колос" саяжай қоғамының басшысы Андрей Бойцов адамдарға жыл бойы саяжайда тұру қиын екенін, бірақ көбінің басқа амалы жоқ екенін: барлық жас отбасының қаладан тұрғын үй сатып алуға жағдайы келе бермейтінін айтады. Ал саяжайдағы үйлер арзандау тұрады.

Оралдың іргесіндегі "Колос" саяжай серіктестігіндегі үйлер. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.
Оралдың іргесіндегі "Колос" саяжай серіктестігіндегі үйлер. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.

- Мұнда ондай отбасылар көп. Бәріне көмектескім келеді, бірақ қиын. Қазірге дейін қанша әкім ауысты, олармен қанша кездесу өтті, бірақ одан пайда жоқ. Осыдан бұрынғы әкіммен (2019 жылдың тамыз айына дейін Орал қаласының әкімі болған Мұрат Мұқаев. — Ред.) дәл осы жерде смета жасадық: саяжайға дейін жол салуға қанша қаржы қажет екенін, жол салуға қанша уақыт кететінін – бәрін талқыладық. Ол көмектесуге уәде берді, бірақ әкім ауысты да, біздің мәселелеріміз қалып қойды. Біз бұл жолды өзіміз жөндеп, балансқа алғымыз келген. Бірақ билік жол жекеменшік мүлік емес деп, рұқсат бермеді. Не өздері істемейді, не басқаларға мүмкіндік бермейді. Жыл сайын қыста қалаға шығу мүмкін емес: қыста жолды қар жауып, күзде жаңбыр шайып кетеді. Адамдар балаларын мектепке жіберу үшін оларды жолға дейін көтеріп апарады. Біреудің денсаулығы нашарласа, оны жедел-жәрдем көлігіне дейін зембілге салып жеткіземіз. Өйткені көлік үйдің алдына келе алмайды, - дейді Бойцов.

"Колос" саяжай қоғамында алты сотықтан тұратын 600 жер телімі бар. Олардың 50-і игерілген, тұрақты өңдеп, өнім егіп отырады. 50 учаскенің тек үшеуінде ғана – саяжайға тек жаз маусымында келетіндер тұрады. Саяжайдың қалған үйлерін халық жыл бойы мекендейді. 15 үйге газ тартылған. Қалған үйлер пеш жағады. 47 үйдің 10-ында – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар – көп балалылар, ата-анасының біреуі ғана жұмыс істейтін аз қамтылған жанұялар тұрады.

- "Колосқа" газ келген. Оны кез келген адам үйіне кіргізіп алса болады. Бірақ мәселе ақшаға тіреледі. Үйге газ тартуға 250 мың теңге және газ қондырғысы керек. Оны ауылда тұратындардың барлығының қалтасы көтере бермейді, - дейді Бойцов.

"Колос" саяжай серіктестігінің тұрғыны Салтанат Қуанышәлиева. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.
"Колос" саяжай серіктестігінің тұрғыны Салтанат Қуанышәлиева. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.

"Колос" саяжай серіктестігінің тұрғыны Салтанат Қуанышәлиева үйіне газ тартуға 500-600 мың теңге керегін айтады. Қазір бірінші кезекте үй құрылысын аяқтауды мақсат етіп отырған отбасы үшін бұл үлкен қаржы.

- Күйеуім құрылыста істейді, ең төменгі табыс - 42 мың теңге табады. Балаларға ай сайын 107 мың теңге жәрдемақы аламын. Қазір тоғыз айлық қызыма да бір жасқа дейін 22 мың теңге жәрдемақы беріледі. Өмір сүруге, тамақ пен киімге жетеді, - дейді Салтанат.

Салтанат пен күйеуі Ізбасар үш жыл бұрын саманнан тұрғызылған кішкентай үйінің құрылысын әлі толық біткен жоқ. Қазір олар үй қабырғасын жақында алған пенопластпен қаптап жатыр. Салтанат өткен қыста үйдің суық болғанын, сондықтан биыл жылу ұстап тұратын материалмен қаптап жатқанын айтады.

"Колос" саяжай серіктестігіндегі Қуанышәлиевтер отбасы тұратын үй. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.
"Колос" саяжай серіктестігіндегі Қуанышәлиевтер отбасы тұратын үй. Батыс Қазақстан облысы, 14 қазан 2019 жыл.

- Үй сыртының құрылысын жазда жүргізуге пеонпласт сатып алатын ақша болмады. Бәрін өзіміз істеп жатырмыз. Күйеуіме қолымнан келгенше көмектесемін. Балалармен жүріп, бәріне үлгеру қиын. Әкімдік бізге кішкене газ тартуға көмектессе, өмір сүру жеңілдер еді. Бірақ екі айдан бері әкімнің қабылдауына кіре алмай жүрмін – тамыздың басында жазылғам, содан бері қашан шақырар екен деп кездесуді күтіп жүрмін. Барып та көрдім, әр жолы әкімнің қолы босамайды, қабылдаған жоқ, оның біздің мәселемізде шаруасы жоқ, – дейді тілшімен қоштасқан Салтанат. Ол әлі ағаш пен су тасып, күйеуін жұмыстан күтіп алып, көп шаруа атқаруы керек.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG