Accessibility links

Президент Тоқаев саяси партиялар мен сайлау заңдарына қол қойды


Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы күні наразылық акциясына шыққан азаматтар мен полиция. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы күні наразылық акциясына шыққан азаматтар мен полиция. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев 25 мамырда "Саяси партиялар туралы" және "Сайлау туралы" заңдарға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан парламенті аталған екі заңның жобасын 21 мамырда мақұлдаған.

Енді Қазақстанда саяси партияны тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Бұған қоса жаңа заң бойынша партиялар мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруды міндеттейді.

Билік "елдің қоғамдық-саяси өмірі үшін өте маңызды" және "көппартиялық жүйені нығайтады" деп сипаттаған бұл екі құжат қоғамда қызу пікірталас туғызған. Екі заңды да өзгертуді талап етіп келген белсенділер "жаңа заңда тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсуі қарастырылмаған" деп санайды.

Оқи отырыңыз: "Сайлау және партия заңына өзгеріс – биліктің көз алдауы"

Қазақстанда партия құрғысы келетін азаматтар тіркеу кезіндегі бюрократиялық кедергілерге қоса қуғындалатынын айтып, жиі шағымданады.

Өткен аптада Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысының қызметіне тыйым салды. Қозғалыс белсенділері билік шешімімен келіспейді.

Бұған дейін елде "Демократиялық партиясын" құратынын мәлімдеген белсенділері "билік партияға құруға кедергі келтірді" деп шағымданған. "Наше право" партиясын құрмақ болған белсенділердің осындай мәлімдемесінен кейін биліктегі "Нұр Отан" партиясы мүшелері бірнеше белсендіні сотқа берген.

Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте билікті қолдайтын үш саяси ұйымның: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол" партиясы және Коммунистік халық партиясының өкілдері отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG