Accessibility links

Қоғамның "оянуы" және биліктің "жынды құтыға қайта тығу" әрекеті


Полицейлер "митинг өтеді" деген жерде ер адамды ұстап жатыр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Полицейлер "митинг өтеді" деген жерде ер адамды ұстап жатыр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Батыс басылымдары осы аптада Қазақстан мен Өзбекстан арасында шетел инвестициясы үшін бәсекенің өршіп бара жатқанын хабарлап, Қазақстандағы наразылықтың себебіне үңілген және Ресейді айналып өтіп, Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға баратын теміржол бағыты туралы сөз еткен.

БӘСЕКЕЛЕС ӘРІ "ҚАУІПТІ" ӨЗБЕКСТАН

Американың Bloomberg ақпарат агенттігі жариялаған "Өзбекстан шетел инвестициясына есік ашты, бұл Қазақстанмен арадағы бәсекені күшейтті" деген мақалада Ташкенттің соңғы кезде ұстанып отырған оқшауланудан бас тарту саясаты Орталық Азияда "жақсы бәсеке" тудырып отыр делінген.

Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары Марк Хортонның айтуынша, "Өзбекстан Қазақстанмен инвестиция үшін жақсы мағынада бәсекелес болады", бұл екі елдің де "ашықтыққа ұмтылып, саясаты мен бизнес-ортасын жақсартуға тырысуына мүмкіндік береді" дейді.

"Ұзақ жыл оқшауланып келген Өзбекстанның инвестицияға есік ашуы өзін Орталық Азияның экономикалық кіндігі санап келген Қазақстанның позициясына қауіп төндіруі мүмкін. Өзбекстанда 33 миллион адам тұрады, бұл Қазақстан халқынан 1,5 есе көп, дегенмен Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, оның экономикасы үш есе кіші" деп жазады автор.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кеден бекеті. Мамыр айы, 2018 жыл.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кеден бекеті. Мамыр айы, 2018 жыл.

Хортонның айтуынша, Өзбекстанның нарығы үлкен, экономикасы әртараптанған, әсіресе өнім өндіру секторы жақсы дамыған. Ол Қазақстанмен барлық салалар бойынша бәсекелеспеуі мүмкін. Бұл ел Қазақстаннан сабақ алуы тиіс әрі екі мемлекет те әріптестікке және өзара иневестиция алмасуға ниетті болуы керек деді ол.

Елді ширек ғасырдан астам уақыт басқарған Ислам Каримов қайтыс болған 2016 жылы билікке келген президент Шавкат Мирзияев реформа мен ашықтыққа бет түзеді. Ол валюта режимін либералдап, шетелдік туристердің келуін жеңілдетті, дала жұмыстарына мәжбүрлеп жұмыс істетуден бас тартып, саяси себеппен қамалды деп саналған ондаған адамды түрмеден босатты.

Қазақстанның экономика министрлігінің мәліметі бойынша екі ел арасындағы сауда 2016 жылғы 1,5 миллиард доллардан былтыр 2,5 миллиардқа өскен.

"ОЯНҒАН" ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ АЛАҢДАҒАН БИЛІК

Іскерлік жаңалықтар жазатын Intellinews.com сайтында Қазақстанда наразылықтың өршуі интернет бостандығын шектеумен қатар жүріп жатыр деген пікір айтылған. Мақалада Freedom House халықаралық үкіметтік емес ұйымының әлемдегі интернет бостандығы туралы соңғы есебін мысалға келтіп, Қазақстандағы соңғы митингілерді талдайды.

Мерзімінен бұрын президент сайлауы өткен маусым айындағы наразылық шаралары (ресми қорытынды бойынша, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңді) "Орталық Азияның саясатындағы ерекше оқиғалардың бірі" деп сипатталған.

"Қазақстанда "ояну" жалғасып жатыр, әжептәуір көп адам шеруге шығуға дайын екенін байқатты, бұл рұқсат етілмеген наразылық шараларын көбейіп, билікті біраз әбігер етті" деп жазады мақала авторы.

Полицейлер "рұқсат етілмеген митинг өтеді" деген жерде әйелді ұстап әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.
Полицейлер "рұқсат етілмеген митинг өтеді" деген жерде әйелді ұстап әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.

"Шетел инвесторларына бизнес жүргізуге қолайлы, тұрақты да заманауи ел" деп жақсы насихатталып жатқан образын сақтап қалуға тырысқан билік "жынды бөтелкеге қайта тығуға" тырысып жатыр. Ондағы бір әдіс – демократияны қолдаған шерулерге біршама деңгейде рұқсат беру. Екінші әдіс – интернет бостандығын шектеу, бірақ бұл құралдар іс жүзінде ыңғайсыз болып шықты деп жазады Intellinews.com.

Freedom House есебіне қарасақ, Қазақстан үкіметі интернеттегі контентті бақылауды жеңілдету шараларын қолға алған. Интернет нарығында ұлттық "Қазақтелеком" сияқты монополист де-факто жұмыс істейді. Билік әлеуметтік желіні бақылайтын құрал-жабдық сатып алды, бұл наразы пиғылды саралап отыруға мүмкіндік береді деп жазады халықаралық ұйым. Елде әлеуметтік желіге кіруге тосқауыл қою не оны шектеу әдістері қолданылады.

2019 жылы наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кеткен соң әлеуметтік желіні бұғаттау біраз саябырсыған, бірақ президент сайлауы жақындағанда бұл қайта өршіді. Freedom House есебінде "үкімет жаңалық ресурстарын бұғаттау сияқты бақылаудың басқа құралдарын қолдануға көшті" деп жазылған. Үкімет қаржыландырған тролльдар әлеуметтік желіде көп байқала бастады.

Онлайн пікірлері үшін журналистер мен белсенділерді тұтқындау, қудалау және қорқыту көбейе түсті, билік "саяси транзит" кезінде бөтен ойларды басып тастауға тырысып жатыр деп жазады халықаралық ұйым.

"Елдегі наразылықтың жаңа толқынын ұстап тұруға мүдделі белсенділер онлайннан гөрі оффлайн режимінде көбірек жүретін үлкен күрестің алдында тұрған сияқты" деп жазады Intellinews.com.

НАРАЗЫЛЫҚҚА ЭКОНОМИКА, ДЕМОГРАФИЯ, "ҚАСКӨЙЛІК" ЖӘНЕ... СМАРТФОН ТҮРТКІ БОЛДЫ

Британдық Economist журналында жарық көрген "Экономика, демография және әлеуметтік желі – көп елде болып жатқан наразылықтың бір ғана себебі" деген мақалада әлемдегі шерулердің себебіне үңілуге тырысқан.

"Соңғы күндері кейде бейбіт, кейде бейбіт емес шерулер барлық құрлықты шарпыды. Олар Алжир, Боливия, Ұлыбритания, Каталония, Чили, Эквадор, Франция, Гвинея, Гаити, Гондурас, Гонконг, Ирак, Қазақстан, Ливан, Пәкістан және басқа елдерде болып жатыр" делінген мақалада. Сарапшылар мұның экономикалық, демографиялық себептерін айтып, кейде конспирологиялық нұсқаларды да ұсынып отыр.

Кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полицейлер бейбіт митингіге келген адамдарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полицейлер бейбіт митингіге келген адамдарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Көбіне өмір сапасындағы аздаған өзгерістің өзі теңсіздік ұлғайған қоғамда тұратын халықтың төзімін тауысып, (мәселен, Чилиде метродағы тарифтің пайызға өсуі) наразылыққа итермелейді.

Наразылықтың демографиялық сипат алуының бір себебі: шеруге шыққандардың басым бөлігі – жастар. Әлем халқы әлі де біршама жас: ғаламшар тұрғынының орташа жасы - 30, ал жер тұрғындарының үштен бірі - 20-ға толмағандар.

Тарихшы Найл Фергюсон бұл жағдайды жұмыс орындарының саны жоғары оқу орындарын бітірген түлектер санынан аз болып, "білімді жастар тым артып кеткен" 1960-жылдармен салыстырады.

Ал "астыртын сөз байласу" туралы теорияға келсек, ел үкіметтері "бұл проблемарды сырттағы жауларымыз ұйымдастырып жатыр" деп түсіндіруге құмар.

"Дегенмен бұл теориялардың бірде-бірі әмбебап емес. Қазір әлем экономикасында осыдан он жыл бұрынғыдай үлкен проблемалар жоқ, бірақ ол кезде көшеге бұдан әлдеқайда аз адам шыққан" деп жазады Economist. Мақалада бұған қоса үш жаңа фактор айтылады.

"Көп жұрт айта бермейтін бір фактор – қанша қауіпті болғанына қарамастан, наразылық – күнделікті күйбең тіршілікке қарағанда анағұрлым еліктіргіш оқиға, жұрттың бәрі сонда ағылып жатқанда басқалар да қосыла кетеді". Мақалада сондай-ақ, "жұртттың бәрінде бар смартфондардың" рөлі туралы да айтылады. Олар "наразылықты ұйымдастырып, өткізуді оңайлатады", соңғы кездері саяси коммуникацияның әдеттегі арналары жұмыс істемейтін болды деп жазады басылым.

"Бұл тенденциялардың ешқайсысы жуықта өзгере қоймайтын тәрізді. Сондықтан, демонстранттардың көңілі қайтып қалмайынша, наразылықтың бұл толқыны жаһандық революцияның белгісі емес, жаңа статус-квоға айналатын түрі бар" деп жазады Economist.

РЕСЕЙДІ АЙНАЛЫП, ҚЫТАЙДАН ҚАЗАҚСТАНҒА ӨТЕТІН ЖОЛ

Америкада шығатын Forbes журналында жарық көрген "Бакуден Еуропаға аялдамасыз жол: Жібек жолының жаңа дәлізі" деп аталатын мақалада Ресейді айналып, Қытайдан Еуропаға баратын жаңа бағыт туралы айтады. Оның бірінші пойызы осы апта Қытайдың Сиань қаласынан Прагаға барды. Жаңа дәліз Қазақстан аумағынан да басып өтеді.

Деректі фильм: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00

"Жаңа Жібек жолының "орта дәлізі" Еуразияның ортасын қамтып, Қытай мен Еуропа арасында құрлықтағы тасымал жылдамдығын арттыруға өзара байланысты мультимодаль транспорт бағыттары сериясы. Бұл жол бойында зат тасымал, өндіріс пен сауданың жаңа нарықтарын ашады. Бұрын Транскаспий халықаралық транспорт бағыты деп аталған бұл дәліз 2014 жылы Қазақстан, Әзербайжан мен Грузияның әріптестігі нәтижесінде ашылған, бірақ кейін ол Украина, Румыния, Түркия және Польшаны қосып алды" деп жазады Forbes.

"Орта дәліз" - Қытайдан шығатын теміржолды теңіз өткелдерімен жалғап жатқан көлік жолы. Ол Қазақстан арқылы Әзербайжанға келіп, одан соң жол екіге жарылады: бір жағы Грузияны басып өтіп, Румынияға барса, екінші жағы Грузиядан Украинаға, ал үшіншісі Баку — Тбилиси — Карс жаңа тармағы арқылы түріктің Мармарай ұңғыжолымен өтіп, Еуропаға жетеді.

Қытай мен Еуропа арасында "Орта дәлізбен" пойыздар екі жылдан бері жүріп жатыр, бірақ жақында Сианнан шыққан пойыз – Стамбұлдағы Босфор бұғазының астынан салынған ұзындығы 13,4 километр болатын Мармарай тоннелімен өткен алғашқы пойыз болды. Мармарай тоннелі алты жыл бұрын ашылған, содан бері ол жүк тасымалдауға дайын болмаған еді. Оның ашылуы Бакуден Еуропаға үздіксіз қатынауды әлдеқайда жеңілдетіп, тасымал уақытын едәуір қысқартады.

"[Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына] қарасақ, Қытай қаржыландырған бөлек-бөлек жобалар құрамасын байқаймыз. Қазақстанның "Нұрлы жол" жобасын, Еуроодақтың логистикалық экожүйесін, Ресейдің теміржол империясын және "Орта дәліз" елдері консорциумының жұмысын қоспасақ, олардың барлығын бір жерге жинау мүмкін емес" деп жазады Forbes. Саяси, экономикалық өзгерістерден не экологиялық проблема кесірінен жолдардың бірі жабылып қалса, тауарлар басқа бағытпен жөнелтіледі. Қазір Қытай мен Еуропа арасында бес құрлық дәлізі жұмыс істеп тұр, олардың санын арттыру жоспарда бар" деп жазады басылым.

"Орта дәліздің" барлық бағыттары тегіс Ресейді айналып өтеді, сөйтіп оның "Еуроодақтан ет, азық-түлік өнімдері, ірімшік сияқты түрлі тауар түрлерін алып өтуге тыйым салған Ресейдің санкцияларын айналып өтеді. Қытайдың жылдам ұлғайып жатқан орта табы Еуропадан дәл осы тауарларды сатып алуға құлықты" деп жазады Forbes.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG