Accessibility links

"Қоғам пікірі" мен "саяси астар" Бишімбаев үкіміне әсер етті ме?


Қуандық Бишімбаевқа үкім оқылған күні акцияға шыққан белсенділер. Алматы, 13 мамыр, 2024 жыл.
Қуандық Бишімбаевқа үкім оқылған күні акцияға шыққан белсенділер. Алматы, 13 мамыр, 2024 жыл.

"Азаматтық некедегі әйелін өлтірді" деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның "қылмысты жасырды" деп айыпталған туысы Бақытжан Байжановқа шыққан үкімді қоғам әртүрлі қабылдады. Жәбірленуші тарап сот ұйғарымына "келіссе", феминистік белсенділер "өмір бойы түрме жазасына кесуді" талап етіп көшеге шықты. Ал құқық қорғаушылар үкімге "қоғам пікірі мен істің саяси жағы әсер етті" дейді.

13 мамырда Астанадағы ауданаралық қылмыстық сот бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа "әйелі Салтанат Нүкенованы қинап, аса қатыгездікпен өлтірді" деген айыппен 24 жыл түрме жазасын кесті. Ал "қылмысты жасырды" деп айыпталған Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады.

Істі қараған судья Айжан Көлбаева айып тағылған екеудің қылмысы жәбірленушілердің айтқанымен, сараптама қорытындыларымен, видеолармен, аудиожазбалармен, куәгерлердің сөзімен дәлелденді деп мәлімдеді.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев (артқы қатарда сол жақта) пен оның туысы Бақытжан Байжанов сотта тұр. Астана, 12 наурыз 2024 жыл.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев (артқы қатарда сол жақта) пен оның туысы Бақытжан Байжанов сотта тұр. Астана, 12 наурыз 2024 жыл.

Сот үкім шығарар кезде Бишімбаев пен Байжановтың кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Ал Бишімбаевтың бұрын сотты болғанын және қылмысты мас күйде жасағанын жағдайды ауырлататын жайт деп таныған.

СОТ ШЕШІМІНЕ ҚОҒАМНЫҢ ЫҚПАЛЫ

Азаттық тілшісі зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға жәрдемдесетін "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Дина Смайыловадан (Дина Таңсәрі) мыңдаған адам онлайн көз тіккен сотта үкімге қоғамның ықпалы болды ма деп сұрады. Құқық қорғаушы сот шешіміне шынымен де қоғамның ықпалы болды, бірақ "жақсы жағынан" ықпал етіп, "әділ" шешім шығаруға әкелді деп жауап берді.

"НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смайылова.
"НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смайылова.

Оның айтуынша, бұған дейін мұндай істерде сотталушы әлдеқайда аз, 8-10 жыл мерзім арқалайтын. Кейін шартты түрде ертерек бостандыққа шығатын.

– Шынын айтсам, 20 жылдан аз мерзім кесе ме деп қауіптенгем. Бірақ біздегі тәжірибеге сүйенсек, бұл шешім жақсы шығарылды деп айтуға болады. Бұған, әрине, қоғам ықпал етті. Бірақ бұл сыртта отырған біз сотты мәжбүрледік деген сөз емес, біз проблеманың ауқымы соншалықты орасан зор екенін, адам өлтіргендерге берілетін аз мерзім әйелдердің, жалпы еліміздің болашағына қалай әсер ететінін көрсеттік деген сөз. Қайта-қайта қылмыс істейтіндер, агрессорлар түрмеден өшігіп шығады. Іштегі кегін өзінен әлсіздерден алады. Осыған ұқсас жағдайларда 8, 10 жылға қамау күлкілі, себебі шартты түрде мерзімінен бұрын босап, пробациялық бақылауда жүргенде қайыра қылмыс істеп жатады. Бұл осындай қайталана беретін тізбек тәрізді нәрсе, – деді Дина Таңсәрі.

Қуандық Бишімбаев (сол жақта) пен Салтанат Нүкенованың суреттерінен коллаж
Қуандық Бишімбаев (сол жақта) пен Салтанат Нүкенованың суреттерінен коллаж

Ал Қазақстандағы адам құқықтары бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис үкімге мәселенің саяси жағы көбірек әсер етті деп есептейді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

– Қоғам пікірінің әсері қаншалықты болғанын айту қиын. Дей тұрғанмен оның судьяға да, алқабилерге де ықпалы болғаны анық. Өйткені бұл оқиғаның фоны ғой, адамдардың эмоциясы, қоғамның психологиясымен байланысты дүние. Бұдан қалай өзіңді қорғаймын десең де, ауа өтпейтін белгісіз бір кеңістікке кетіп қала алмайсың. Бірақ мен бұдан гөрі істің саяси жағы маңызды рөл атқарды ма деп ойлаймын. Себебі мәселенің мән-жайы тым анық болатын. Куәгерлер сөзі, бейнекамера жазбасы, Бишімбаев мырзаның телефонындағы видеолар… Айғақ, дәлелдер бұлтартпастай мықты болды, – деді Евгений Жовтис.

Оның пікірінше, мықты дәлелдер тұрғанда басқадай шешім шығару мүмкін емес болатын.

6 мамырда айыпталушы Қуандық Бишімбаев алқаби қазыларын "әділ әрі байыпты" болуға шақырған еді. Ол "әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қысым ықпал еткен тергеу барысы айыптау сарында жүргізілді" деп айтқан.

Оның алдында республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев заңгер әріптестерін сот процесін ашық талқыламауға шақырып, сотқа ықпал етуі мүмкін деген қауіп айтқан. "Бұл әрекеттер кәсіби әдеп кодексін бұзуға апарып соғуы мүмкін. Әр нәрсенің шегі болуы керек. Әр адвокат адвокатураның беделін ойлауға тиіс" деген еді.

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша сот процесі. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.
Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша сот процесі. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.

БҰЛ СОТ ҚАНДАЙ САБАҚ БЕРДІ?

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Қуандық Бишімбаев сотының тікелей эфирде көрсетілуі қоғамға тәрбиелік жағынан пайдалы болды деп есептейді.

Парламент депутаты, заңгер Абзал Құспан
Парламент депутаты, заңгер Абзал Құспан

– Ақыры сіз бен біздің еркімізден тыс бұл қоғамдық талқыға түскен екен, бүкіл әлем болып талқылап жатыр екен, ендеше оны біз дұрыс жағынан пайдалана білуіміз керек. Кез келген үкімнің тәрбиелік әсері болады. Бұл мен ойлап тапқан дүние емес, бұрыннан бар. Бұрын, 2000 жылы шағын ауданда прокуратурада қызмет еткенімде көшпелі сот отырыстарын өткізетінбіз. Яғни, кейбір қылмыстық істер қаралған сотты ауылдағы мәдениет үйінде өткізген едік. Бұл жастарға тәрбиелік жағынан жақсы болатын. Мұндай көшпелі отырыстар Совет одағы кезінен қалған тәжірибе. Ол кезеңнен қалған нәрсенің бәрін жоққа щығаруға болмайды, жақсы жағы да бар. Осы жолғы Қуандық Бишімбаевтың соты да соған ұқсайды. Қазір техника дамығаннан кейін онлайн көрсетілді. Біз енді мұны дұрыс жағынан пайдаланайық. Шаңырақ көтергелі жатқан жастар, отбасылы адамдардың өздері де адамның кейбір әрекеттері қандай қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін екенін қаперде ұстауы керек. Ал әйелдер өз құқығын қорғай білуге тиіс, – деді Абзал Құспан.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингіде марқұм Салтанат Нүкенованың суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 26 қараша, 2023 жыл.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингіде марқұм Салтанат Нүкенованың суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 26 қараша, 2023 жыл.

Ал құқық қорғаушы Дина Таңсәрі бұл сот тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне селқос қарауға болмайтынын дәлелдеді дейді. Ол "қылмысты жасырды" деп айыпталған Бишімбаевтың туысы Байжановқа дұрыс жаза қолданылды деп санайды.

– Байжановқа әділ жаза берілді. Мұндай іске бейжай қарау қылмыстан да қауіпті. Сотта BAU (Салтанат Нүкенова қайтыс болған мейрамхана – ред.) мейрамханасының көп қызметкері де Салтанаттың зорлық-зомбылыққа ұшырағанын білгені дәлелденді. Бірақ қызметкерлер үнсіз қалған. Мұндай үнсіздік қалыпты нәрсеге айналып кетеді. Адамдар мұның қандай қауіпті екенін жете түсінбейді. Арты неге апарып соғатынын, адам жанына қандай жара салатынын да ұқпайды, – деді құқық қорғаушы.

Бақытжан Байжанов айыпты мойындамаған еді. Сотта ол камерадағы видеоны Бишімбаевтың бұйрығымен өшіргенін, Нүкенованың қаза тапқанын да, видеоны өшіру себебін де білмегенін айтып ақталуға тырысқан.

"ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ АШЫҚ АЙТУ ӘЛІ ДЕ ҚИЫН"

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар бұрыннан дабыл қағатын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бірақ белсенділер әлі де зорлық-зомбылыққа қатысты ашық пікір айту қиын дейді.

Бұған дәлел ретінде Алматыда сот үкіміне қарсылығын айтқандардың 14 мамырда ұсталғанын алға тартты.

– Біз ешқандай тәртіп бұзып жатқан жоқпыз. Жай ғана азаматтық позициямызды көрсеттік. Ешкімге кедергі келтірмедік деп ойлаймыз, – деді Ақторғын Ақкенжебаласы екі белсендінің ұсталуына байланысты пікір білдіріп.

Қуандық Бишімбаевқа өмірлік жаза талап еткен Feminita өкілдерінің шеруі. Алматы, 13 мамыр, 2024 жыл.
Қуандық Бишімбаевқа өмірлік жаза талап еткен Feminita өкілдерінің шеруі. Алматы, 13 мамыр, 2024 жыл.

Қазақстанда "азаматтық некедегі әйелін аса қатігездікпен өлтірді" деп айыпталған адам 24 жылға бостандығынан айырылып, көпшілік оған "әділ жаза болды" деп жатқан тұста, 14 мамырда Feminita қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, құқық қорғаушы Гүлзада Сержан мен Qushtar қозғалысының мүшесі Ясмин Агулееваны полиция ұстаған. Оларға "бейбіт митингі ұйымдастыру тәртібін бұзу" бабымен айып тағылды. Белсенділер Қуандық Бишімбаевқа үкім оқылған күні шеруге шыққан. Наразылық акциясы кезінде белсенділер "Бишімбаевқа өмірлік жаза талап етеміз" деген еді.

Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатқан тұста елде бірнеше жылдан бері кейінге шегеріліп келген тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілікті қатайтатын заң жобасы да қабылданды. Көпшілік бұл заңды қаза болған Нүкенованың құрметіне "Салтанат заңы" деп те атап кетті.

Дегенмен құқық қорғаушы Дина Таңсәрі қабылданған заңды іске асыру үшін полиция мен соттардағы "сыбайлас жемқорлық пен непотизмді жою керек" деген пікірде. Бұл заңды "алғашқы оң қадам" деп бағалауға болады дейді ол.

Associated Press ақпарат агенттігі де Қазақстанда заң қабылданғанымен, тәуелсіз құқық қорғаушыларға қысым жасалып жатқанын жазған. 8 наурыз күні тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарын қолдап митинг өткізбек болған феминистер тобының наразылық акциясына рұқсат берілмеді деп жазды басылым. Желтоқсан айында Қазақстан зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қорғайтын "НеМолчи.KZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәріге іздеу жарияланғанына назар аударған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG