Accessibility links

Арыстағы құрылысшылар шағымы және мұғалімдерді "кәсіби қинау"


Арыстағы жарылыстан қираған үйдің бірін жөндеп жатқан құрылысшылар. 15 шілде 2019 жыл.
Арыстағы жарылыстан қираған үйдің бірін жөндеп жатқан құрылысшылар. 15 шілде 2019 жыл.

Осы аптада аймақ баспасөзі жарылыстан қираған Арыс қаласын қалпына келтірген кейбір құрылысшының жалақы ала алмай, билікке шағымданғанын хабарлады. Бұған қоса, Өскемендегі сайт біліктілік тестінен құлаған мұғалімдердің "арманы" туралы жазды.

"БІР ТИЫН ДА АЛМАДЫҚ"

Осы аптада Otyrar TV телеарнасы шамамен жарты жыл бұрын жарылыс болған Арыс қаласындағы үйлерді қалпына келтіруге атсалысқан біраз құрылысшының жалақы ала алмай отырғанын хабарлады. Телеарнаның дерегінше, 6 желтоқсанда 20 құрылысшы Арыс қаласы әкімдігіне барып, жалақы мәселесін шешіп беруді талап еткен.

"Біз тамыз айынан бастап жұмыс істей бастадық. Бір тұрғын үйді толық жөндеп бітірдік. 17-сектордағы жұмыс берушілер төрт адамға 420 мың теңге төлейді деп келіскен. Үш ай өтті. Бір тиын да алмадық" деді Ордабасы ауданынан келген құрылысшылар тобының бригадирі Мұстафа Әли Жанпейіс.

Әкімдік алдына жиналған құрылысшылардың бәрі осыған ұқсас пікір айтқан. Оларды қолдап келген жергілікті тұрғын Асатула Сұлыпбаев бірнеше ай бұрын көрші елдімекендерден келген жігіттерді қаланы қалпына келтіруге көмектесуге үгіттегеніне "өкінетінін" жеткізді.

"Ауданның прокурорына, "Нұр Отан" партиясының облыстық бөлімшесіне хат жаздық. Жеке өзім хатты апарып тапсырдым. Прокуратура хатты қайтадан Ақмола облысына (Арысты қалпына келтіруге бүкіл облыс атсалысып, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлген - Азаттық.) жіберді. Олар біздің ауданымыздың әкімдігіне жіберді. Ақша әлі жоқ" деді Сұлыпбаев.

Құрылысшылардың арыз-шағымын тыңдаған Арыс қаласы әкімдігі мәселені шешуге уәде берген. Арыс қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің жетекшісі міндетін атқарушы Ғани Садықовтың айтуынша, құрылысшыларға ақша қарыз компанияға әкімдік әлі ақша төлемеген. Олардың құжаттары тексеріліп жатыр. Садықов "мәселе шамамен екі аптада шешіледі" деп айтқан.

Биыл 24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан төрт адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен. Қаланың біраз бөлігі қирап қалған. Кейін Қазақстан билігі қаланы қалпына келтіруге 34,5 миллиард теңге (шамамен 90,7 миллион доллар) бөлгенін хабарлаған.

БІЛІКТІЛІКТІ ТЕКСЕРУ МЕ ӘЛДЕ ТӨЗІМДІ СЫНАУ МА?

Қазақстанның шығыс өңірінен ақпарат тарататын Yk-news.kz сайты осы аптада "Неліктен Өскеменде мұғалімдер мектептен кетуді армандайды?" деген тақырыпта мақала жариялады. Мақала авторы жаңадан енгізіліп жатқан ұлттық біліктілік тестінен көп жылдық тәжірибесі бар, жоғары категориядағы кейбір мұғалімнің өте алмай қалғанын, "біліктілігін дәлелдей алмай, тауы шағылған" мұғалімдердің қызметтен кетуді жоспарлап отырғанын жазды. Мақалада "кәсіби азаптауды" басынан кешірген мұғалімдердің оқиғасы мысал ретінде келтіріледі.

Ұлттық біліктілік тесті - мұғалімдерді аттестациялаудан өткізудің жаңа формасы. Бұған дейін білім және ғылым министрлігі қараша айында алғаш рет ұйымдастырылатын электронды тестілеуді шамамен 70 мың мұғалім тапсыратынын хабарлаған.

Мақаладағы дерекке сәйкес, қарашада Өскемен қаласында 556 мұғалім біліктілік тестін тапсырған. Ұлттық тестілеу орталығы қанша мұғалімнің категорияларын дәлелдей алмағанын айтудан бас тартқан. Басылым қаладағы мектептердің бірінде 12 мұғалімнің төртеуі қажетті балл ала алмағанын жазып, "сынақтан өтпей қалғандардың санын осындай деректер арқылы шамалауға болады" дейді.

Тест тапсырған мұғалімдердің сөзінше, ұйымдастыру жағындағы кемшіліктерді айтпағанда, кейбір тест сұрақтарының өзі дұрыс құрастырылмаған.

"[Мұғалім] Мария Ивановнаның айтуынша, ол кейбір жағдайда тест құрастырушының нені меңзегенін интуиция арқылы табуға тырысқан. Ашықтан-ашық қате сұрақтар да кездескен" деп жазды мақала авторы.

Кейбір мұғалімнің айтуынша, тест тапсырмасында пәнге тікелей қатысы жоқ сұрақтар өте көп.

"Мысалы, еңбек пәнінің мұғалімінен экономика немесе информатикадан сұрақ келген. Орыс әдебиеті мұғалімдерінен қазақ әдебиеті жайлы сұраған" деп жазылған мақалада.

Қазақстандағы мектептердің бірінде отырған оқушылар. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы мектептердің бірінде отырған оқушылар. Көрнекі сурет.

Мақала авторының жазуынша, тестілеуден кейін кейбір тәжірибелі мұғалімдердің сағы сынып, жұмыстан мүлде кетуді жоспарлаған.

"Мені моральдық жағынан әбден жаншыды" деген педагогика саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар Мария Ивановна.

Мақала авторы тестілеуден өткен мұғалімдерді аттестациялаудың келесі кезеңі - портфолио жинау сияқты тағы бір күрделі кезең күтіп тұрғанын айтып, "білім саласындағы осындай эксперименттер оқу сапасын жақсарта ма?" деген сұрақпен аяқтайды.

БАЙҚОҢЫРДАҒЫ "ҰРЛЫҚ"

Ақтөбеде шығатын "Диапазон" басылымы осы аптада ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасай отырып, Ресей жалға алған Байқоңыр айлағында қазақстандық күзет фирмасының қызметкерлері "ұрлық жасады" деген күдікке ілінгенін жазды.

Прокуратура дерегінше, қазан айының ортасында қазақстандық күзет фирмасының қызметкерлері "Байқоңыр" айлағындағы алаңда "қоймаға заңсыз кіріп, құны 1,85 миллион рубль болатын кабель ұрлаған".

Байқоңыр ғарыш айлағы.
Байқоңыр ғарыш айлағы.

Күдіктілердің бірі ұсталып, қамалған. Олар Қазақстан азаматы болғандықтан іс осы елдің құқық қорғау органдарына берілген. Ал Ресей жағы "Алдын ала астыртын топ болып байланысып, ірі көлемде ұрлық жасау" бабы бойынша тергеу жүргізген. Прокуратура дерегінше, күдіктілердің "кінәсі толығымен дәлелденген". Сайтта күдіктілердің саны, олардың аты-жөндері жазылмаған.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап, 2050 жылға дейін жылына 115 миллион долларға жалға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG