Accessibility links

Березовка балалары улану зардабын әлі күнге тартып отыр


Березовка мектебінде талып қалған 17 жастағы оқушы қызды көтеріп тұрған әкесі. Батыс Қазақстан облысы, 21 қаңтар 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылында болған жаппай улану оқиғасынан бері бес жыл өтсе де, басқа жерге көшірілгеніне қарамастан, балалар мен жасөспірімдер оның зардабын әлі тартып келеді. Экобелсенділер ауылды көшіруге билікті көндіру үшін Березовка балаларына денсаулығынан айырылуға тура келгенін айтады.

2014 жылы қарашаның 28-і күні Березовка ауылындағы жиырмадан астам оқушыны сабақ үстінен ауруханаға алып кеткен. Бұл - әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орнына жақын орналасқан ауылда болған алғашқы жаппай улану оқиғасы еді. Оқыс жағдай кейін де қайталанған. Есінен танып, денесі құрысқан балалар мен олардың жанында шарасыз күйде тұрған ересектердің суреттері мен видеолары кейін әлемдік ақпарат құралдарында жарияланды. Билік тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылдап, Березовка ауылы карта бетінен жоғалды. Бұрынғы ауыл тұрғындары мен экобелсенділер билік халықтың басқа жерге көшіру туралы он бес жыл бойы айтып келген өтінішіне балалар уланғаннан кейін ғана құлақ асқанын айтады.

"БАЛАЛАР ӘЛІ КҮНГЕ ЗАРДАБЫН ТАРТЫП ОТЫР"

Березовка ауылының бұрынғы тұрғыны Лидия Самара бес жыл бұрын қарашаның 28-і күні болған оқиғаны еске алған сайын, даусы дірілдеп, жанарына жас алады. Сол күні Лидия құрбысын шығарып салуға автобус аялдамасына шыққан. Олар бір жарым мың халқы бар ауылдағы жалғыз мектептің жанынан өтіп бара жатқан кезде ғимарат алдында жедел жәрдем көлігі тұрғанын байқаған.

- Мектептің жанынан өтіп бара жатқанда балаларды шығарып жатқанын көрдік: оқушылар құлап, кейбірінің аузынан көбік ағып, денесі дірілдеп жатты, - дейді Лидия Самара.

Медициналық жедел жәрдем қызметкерлері Березовка мектебінде уланған оқушыларды әкетіп барады. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.
Медициналық жедел жәрдем қызметкерлері Березовка мектебінде уланған оқушыларды әкетіп барады. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Уланғандардың арасында Лидия Самараның немере сіңлісі де болған. Ол әлі күнге жиі есінен танып қалады. Ресей дәрігерлері қойған "улы энцефалопатия" деген диагнозға қарамастан, қазақстандық дәрігерлер қызды тіркеуге алудан бас тартқан.

Осыған ұқсас жағдай басқа тұрғындардың да басында болған. Crude Accountability халықаралық экологиялық ұйымының кеңесшісі, Березовкада болған төтенше жағдайдан кейін құрылған "Балалар, әлде мұнай?" коалициясының мүшесі Сергей Соляник Қазақстан емханаларында Березовка балаларына улануға мүлде қатысы жоқ, "қан тамырының дистониясы" немесе "анемия" сияқты әртүрлі диагноздар қоятынын айтады.

2018 жылы қайырымды азаматтардың жәрдемімен жиналған ақшаға Березовкадан шыққан екі қызды Мәскеудегі Семашко атындағы диагностика және емдеу орталығына тексеруге апарған. Екеуіне де "улы энцефалопатия" – миы химиялық заттардан уланған деген диагноз қойған. Дәрігерлер аурудың ықтимал себебін көмірсутектің әсерімен байланыстырған.

- [Мәскеудегі] орталықтың дәрігері Елена Ровенская бізге қыздардың қатты уланғанын, тиісті ем қабылдамаса салдары ауыр болатынын ескертті. Бірақ Қазақстандағы мемлекеттік емханаларда балаларға улануға қатысы жоқ диагноздар қояды. Сондықтан олар қажет емге қол жеткізе алмайды. Тиісті ем-дом жасалмаса балалар мүгедек болып қалуы мүмкін. Олар жаппай улану зардабын әлі күнге тартып келеді. Проблема мен оның салдары әлі жойылған жоқ, - дейді Сергей Соляник.

ЖАППАЙ УЛАНУДАН КЕЙІНГІ КӨШІ-ҚОН

Березовка ауылының бұрынғы тұрғындары балалары жаппай уланғаннан кейін ғана билік ауыл халқын басқа жаққа көшіру туралы шешім қабылдағанын айтады. 2015 жылы үкімет (төтенше жағдайдан кейін улану себебін мектептің қазандығынан бөлінген улы газдармен байланыстырған, ауыл тұрғындары бұл мәлімдемеге күмән келтірген) кен орнының айналасындағы санитарлық қорғау аумағын кеңейту туралы қаулы шығарып, ауыл тұрғындарын басқа жаққа көшіру басталған. Тұрғындардың бір бөлігін Бөрлі ауданы әкімшілік орталығы Ақсай қаласына көшірген. Кейінірек Березовка тұрғындарына Ақсайдың іргесіндегі Аралтал ауылынан үй берген. Березовка халқын көшіру 2017 жылы толық аяқталған.

Зәрлі шындық. Березовкадағы жағдай туралы Азаттықтың деректі фильмі

Зәрлі шындық
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:16:28 0:00

- Бізді 2016 жылы желтоқсанның соңында көшірді. Қатты асыққандары байқалды. Дүние-мүлкімізді таситын көлік түнде келді. Соншама неге асыққанының себебін кейін түсіндім. Біз шу көтермесін деп, тезірек көшіруге тырысқан екен. Ауылдан алғашқы боп көшкендерге берілген тұрғын үйдің шаршы метрін де, өтемақы көлемін де қиып тастады, - дейді Лидия Самара.

Лидия көрсеткен құжатқа сәйкес, оған Ақсай қаласынан екі бөлмелі екі пәтер берілуі керек болған. Бірақ ол Березовка тұрғындарына арнап салынған үйден екі бөлмелі бір пәтер ғана алған. Ол екінші пәтерін даулап сотқа жүгінгенімен жеңіліп қалған. Шенеуніктер құжатта екі пәтер деп "қате жазылып кеткенін" алға тартқан.

Лидия Самара қазір Орал қаласында тұрады. Ақсайдағы пәтерін сатқан. Бірақ Ақсай қаласы мен Аралтал ауылында тұратындардың жағдайымен жақсы таныс. Аралтал ауылында дүкен, банк бөлімшесі мен пошта жоғын, ол жаққа қоғамдық көлік жүрмейтінін, такси мың теңгеден артық ақша сұрайтынын, ал оны халықтың көбінің қалтасы көтермейтінін айтады. Бірақ жұрттың көбі қазіргі күніне – өздерін кен орнына жақын ауылдан көшіріп әкеткеніне шүкіршілік етеді.

Энергетика министрі орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен кездесуде ауылды көшіруді талап етіп тұрған Березовка тұрғындары. 20 қаңтар 2015 жыл.
Энергетика министрі орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен кездесуде ауылды көшіруді талап етіп тұрған Березовка тұрғындары. 20 қаңтар 2015 жыл.

Березовка халқын көшіру шығынын мұнай-газ конденсаты кен орнының операторы Karachaganak Petroleum Operating B.V. шетелдік консорциумы өтеген. Компания жаппай улануға қатысы жоғын айтып, жергілікті тұрғындардың "кәсіпорын экологиялық норманы бұзатын қалдықтар шығарады" деген сөзін терістеген. 2014 жылы желтоқсанда консорциум құрамында күкіртті сутегі бар газдың ауаға таралуы туралы болжамдарды "қате" деп атаған. 2015 жылы шілдеде тексеру нәтижесінде консорциумға 2014 жылы ауаны ластайтын қалдықтар шығарғаны үшін 9,5 миллиард теңге айыппұл салған.

- Балалардың улануына компания кінәлі болмаса, оған неге соншама көп айыппұл салды? Мүмкін, бұл компанияның балаларды улағаны үшін төлеген ақысы шығар? - дейді эколог Сергей Соляник.

"ДЕНСАУЛЫҚТАН АЙЫРЫЛДЫ"

Жаппай улану оқиғасынан кейін полиция "Ауаға зиянды заттар шығару ережесін бұзудың салдарынан екі не одан көп адамның денсаулығына зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен бір тоқтап, кейін қайта басталған. Ақыр соңында ол іс жабылған.

Аралтал кентінде Березовка ауылы тұрғындарына арнап салынған жаңа үйлер. Ақсай, Батыс Қазақстан облысы, 25 тамыз 2017 жыл.
Аралтал кентінде Березовка ауылы тұрғындарына арнап салынған жаңа үйлер. Ақсай, Батыс Қазақстан облысы, 25 тамыз 2017 жыл.

- Жергілікті билік мәселені жабулы қазан күйінде қалдырғысы келеді. Сондықтан анонимді түрде негативті қауесеттер мен материалдар таратып, жұмыс пен бизнесте қиындықтар болатынын ескертіп, зардап шеккен балалардың ата-анасына қысым көрсетіп отыр. Ондай ата-ананың көбінде балаларын шетелде тексеруден өткізіп, емдетуге ақша жоқ. Билік пен мемлекеттік мекемелердегі дәрігерлердің ауру балаларға қарым-қатынасын көрген халық Қазақстанда емделуден нәтиже шығарына сенбейді, - дейді Сергей Соляник.

Азаттық тілшісі Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментіне Березовкада болған жаппай уланудан зардап шеккен балалар мен жасөспірімдердің жағдайы туралы сұрақтар жолдаған еді. Мақала жарияланған уақытқа дейін департамент өкілдерінен жауап келмеді. Редакция хатына әкімдік те үн қатпады.

Өткен жылы сәуірде Вашингтонда Дүниежүзілік банктің көктемгі кеңесі аясында өткен Азаматтық қоғам форумында Crude Accountability халықаралық ұйымының атқарушы директоры Кейт Уоттерс Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнын халықаралық қаржы институттарының жергілікті қауым мүддесін ескермеуінің "айқын мысалының бірі" деп атаған.

"Бұл институттардың пайдаға құнығып, Березовка балаларын денсаулығынан айыруы - масқара нәрсе" деп мәлімдеген Уоттерс.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Дәрігерлерді қолдау және қашықтан оқудан жалыққан бала
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:16 0:00
XS
SM
MD
LG