Accessibility links

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы Березовка ауылынан көшірілетін тұрғындарға үй салуға жұмсалған ақша көлемін асырып көрсеткен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (ҚПО) компаниясына қатысты қозғалған істерді тоқтатудың заңдылығын тексеріп жатыр.

Березовка ауылы тұрғындарын Ақсай қаласына көшірудің екінші кезеңінде ҚПО шетелдік консорциумы «көшетін тұрғындар үшін салынған үйлердің құрылыс шығындарын асырып көрсетті» деген айыпқа қалған.

ЕКІ ҮЙ

Ақсайдағы Қарашығанақ-1 шағын ауданында бетоннан құйылған 153 пәтерлік тоғызқабатты екі үй салу үшін ҚПО консорциумы екі кәсіпорын - «АТК фирмасы» мен «АзияТехСтрой» компанияларымен екі миллиард 427 миллион және екі миллиард 244 миллион теңгенің келісім-шартына отырған. Мұндай ақпарат табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне қарасты Батыс Қазақстан облыстық департаменті (ДАРЕМ) 2016 жылғы желтоқсанның 28-інде толтырған әкімшілік заң бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген.

Ақсайдағы Қарашығанақ-1 шағын ауданында Березовка ауылынан көшірілетін тұрғындарға арнап салып жатқан тоғызқабатты екі үйдің құрылысы. Батыс Қазақстан облысы, 18 наурыз 2017 жыл. (Сурет Березовка ауылы тұрғындарынан алынған.)
Ақсайдағы Қарашығанақ-1 шағын ауданында Березовка ауылынан көшірілетін тұрғындарға арнап салып жатқан тоғызқабатты екі үйдің құрылысы. Батыс Қазақстан облысы, 18 наурыз 2017 жыл. (Сурет Березовка ауылы тұрғындарынан алынған.)

Монополияға қарсы қызмет ҚПО корпорациясы әлгіндей әрекетімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Нарық субъектілерінің Кәсіпкерлік кодексте тыйым салынған бәсекелестікке қарсы келісімдері» деген 159-бабының 1-бөлімі талаптарын бұзған деп тапқан. «БҚО мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының сол жылғы наурыздың 2-сіндегі ұйғарымына сәйкес, әлгі үйлерді салуға 2016 жылдың бағасы бойынша іс жүзінде бір миллиард 800 миллион және бір миллиард 828 миллион теңге жұмсалған. ДАРЕМ консорциум «үйлерді салуға жарияланған тендер қорытындыларын бұрмалап», бір миллиард 43 миллион теңге (үш миллион доллардан көп) табыс тапқан» деп санайды.

ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ ТАППАҒАН

2017 жылғы ақпанның 20-сында судья Марат Сисенғали қол қойып, Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік соты шығарған қаулыда ҚПО өкілі Ақтылым Есенованың сотта хабарлағанындай, құрылыс жүргізуге ең арзан баға ұсынғандықтан тендерді «АТК фирмасы» мен «АзияТехСтрой» ұтқан деп көрсетілген.

ҚПО өкілінің сөзінше, компания жеке инвестор ретінде құрылыс бағасын өздігінен белгілеп, бекітуге құқылы. Екі үйдің құрылысына қарастырылған жалпы сома – 5 миллиард 824 миллион теңгені Бірлескен басқару комитетіне қарасты әрі құрамына энергетика министрлігі мен мердігердің өкілдері кіретін Бірлескен сатып алулар комитеті бекіткен. Бұған қоса, сот қаулысында Бірлескен сатып алулар комитеті үйлерді салу құнын құрылыс мерзімі қысқаруына (8 ай) сүйеніп және «аймақта қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті реттеуді көздеген облыс және аудан әкімдіктерінің құрылысты дереу бастау туралы талаптарын ескеріп» бекіткен деп жазылған. Бұған қоса, Бірлескен сатып алулар комитеті «пәтерлерді ас бөлмесі жихазымен жабдықтау қажеттігін» де қарастырған.

ҚПО өкілі «үйлердің құрылысы әлі аяқталған жоқ, сондықтан әлдебір кіріс алды деп айтуға ерте» деп мәлімдейді. Есенова авторлық және техникалық қадағалау органы берген «үй құрылыс нормаларына сай, жобалау-сметалық құжаттардан ауытқымай салынып жатыр» деген ұйғарымына сілтеме жасаған.

Сот «ҚПО әрекетінде заң бұзушылық жоқтығына байланысты» әкімшілік істі жабу жайлы қаулы шығарған. Оған дейін, былтырғы жылдың аяғында БҚО-ның мемлекеттік кіріс департаментіне қарасты экономикалық қылмыстарды тексеру қызметі ҚПО-ға қатысты сотқа дейінгі тексеруді тоқтатқан.

БҚО прокуратурасының 4-басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Ахметжанның Азаттыққа хабарлауынша, қазір прокуратура сотқа дейінгі қылмыстық тергеу амалдарын тоқтату мен сот қаулысын шығарудың қаншалықты заңды екенін тексеріп жатыр.

СОМА ЖӘНЕ МЕРДІГЕРЛЕР

Березовка ауылында әлі 1400 адам тұрып жатыр. 2015 жылғы желтоқсанның орта шеніне қарай Ақсай қаласына, арасында 2014 жылғы қарашаның аяғында жаппай уланудан зардап шеккен балалардың да отбасылары бар, 82 отбасы (416 адам) көшірілген. Билік ауылды биыл күзде толық көшіруге уәде еткен.

Қазақстан энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалинмен кездесуге келген Березовка ауылы тұрғындары. Батыс Қазақстан облысы, 20 қаңтар 2015 жыл.
Қазақстан энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалинмен кездесуге келген Березовка ауылы тұрғындары. Батыс Қазақстан облысы, 20 қаңтар 2015 жыл.

Березовка ауылы әлемдегі мұнай-газ конденсатын өндіретін ең ірі кеніштердің бірі – Қарашығанақтың іргесінде орналасқан. Тұрғындар консорциумды рұқсатыз газ жағып, салдарынан 25 оқушы уланды деп айыптаған. Кенішті игеріп жатқан шетелдік ҚПО консорциумы балалар уланардың алдында зиянды газ экологиялық нормаларға сай шығарылған деп мәлімдеп, балалардың улануына қатысты өз тарапына айтылған айыптауды жоққа шығарған. 2015 жылғы шілдеде Қазақстан үкіметі кеніш айналасындағы «санитарлық қорғау аймағын кеңейтуге байланысты» ауыл тұрғындарын түгел көрші Ақсай қаласына көшіру туралы қаулы шығарған, ал газды нормадан артық жаққаны үшін ҚПО консорциумына 10 миллиард теңгеге жуық айыппұл салған.

БҚО-да мұнай-газ кен орындарының санитарлық қорғау белдеу аумағында қалған ауыл тұрғындарын көшіру жұмыстары бұған дейін де жүргізілген болатын. 2003 жылғы мамырда ҚПО (ол кезде Қарашығанақ біріктірілген ұйымы (ҚБҰ) деп аталған) Тұңғыш ауылы тұрғындарын Орал қаласындағы 179 пәтерлік үйге көшірген. Қарашығанақ кеніші іргесінде жылдар бойы тұрып келген олар «күкірттің иісіне тұншықтық» деп шағымданған. Ол кезде ҚБҰ ауылды көшіруге 9,9 миллион доллар бөлген. 2009 жылы БҚО Зеленов ауданындағы Шынар (Чинарев) мұнай-газ конденсаты кенішін игеретін «Жайықмұнай» компаниясы санитарлық қорғау аймағында орналасқан Рожково ауылы тұрғындарын көшірген. Ол уақытта 120 отбасын (300-ге жуық адам) көшірген Оралдағы 90 пәтерлі алтықабатты үйді салуға мұнай-газ өндіретін компания 530 миллион теңге жұмсаған.

Достық даңғылын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жердегі тапсырыс беруші мен мердігер туралы мәліметтері бар жазу. Орал қаласы, 6 маусым 2016 жыл.
Достық даңғылын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жердегі тапсырыс беруші мен мердігер туралы мәліметтері бар жазу. Орал қаласы, 6 маусым 2016 жыл.

Березовка ауылы тұрғындары үшін жаңа үйлер салып жатқан мердігер компаниялар ҚПО қаржысы есебінен БҚО-да ірі нысандар салуға жарияланған тендерлерді бірнеше рет ұтқан. Мысалы, Ақсайдағы құны 866 миллион теңгеден асатын 1200 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенін 2015 жылдан бері Оралмен көрші Атырау қаласындағы «АТК фирмасы» салып жатыр. 2015 жылы «АзияТехстрой» компаниясы да ҚПО қаржысы есебінен БҚО Жәнібек ауданы Жәнібек кентінде құны 542 миллион теңге болатын 290 орындық балабақша салған. 2016 жылы «АзияТехСтрой» Оралдың орталық екі көшесі – Достық даңғылы мен Ихсанов көшесінің бір бөлігін ҚПО қаржысы есебінен күрделі жөндеуге жарияланған тендерді ұтқан. Жөндеу жұмыстарына бөлінген жалпы сома - бір миллиард 136 миллион теңге.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛЕС

Березовка ауылы тұрғындарын 1997 жылғы қарашаның 18-інде ҚПО мен Қазақстан үкіметі арасында бекітілген өнімді бөлу туралы келісімге сәйкес көшіріп жатыр. Келісімде ҚПО-ның барлық әлеуметтік төлемдері қазақстандық үлестен өндірілген шикізат түрінде өтеледі. Қоршаған ортаға зиянды заттарды нормадан артық және рұқсатсыз бөлгені үшін компанияға салынған айыппұлдар да өтелетін шығындарға жатады.

ҚПО консоциумына мұнай-газ өндіруші төрт халықаралық компания - «Эни СпА», «Роял Датч Шелл плс», «Шеврон», «ЛУКОЙЛ» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы кіреді. «Эни» мен «Шелл» Қарашығанақ кенішінің бірлескен операторы болғандықтан, екі компанияның әрқайсысы тең үлеске – 29,25 пайызға ие. «Шеврон» мен «ЛУКОЙЛ» компанияларының үлестері тиісінше 18 және 13,5 пайыз. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (10 пайыз) бірлескен кәсіпорын құрамына 2012 жылғы шілденің 1-інен бастап кірген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG