Accessibility links

Карантиннен қашу, беташар үшін жазалау және өзбек азаматтарының шағымы


Ауруханаға кіріп бара жатқан полиция қызметкері. Көрнекі сурет.
Ауруханаға кіріп бара жатқан полиция қызметкері. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ баспасөзі коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай енгізілгеннен кейінгі аймақтағы жа­ғдай туралы хабар таратты. Атырауда екінші қабаттан секіріп, карантиннен қашқан тұрғын әкімшілік жазаға тартылды. Ресей мен Қазақстан шекарасында тұрып қалған өзбек және қырғыз азаматтары Қазақстан билігінен көмек сұрады.

"КЕЙБІРІНІҢ АС-СУСЫЗ ЖҮРГЕНІНЕ ҮШ КҮН БОЛДЫ"

Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын mgorod.kz сайты Ресей мен Қазақстан арасындағы “Сырым” шекара өткізу пунктінде Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының "не ары, не бері өте алмай тұрып қалғанын" жазды. Латвия, Польша сияқты Еуропа елдерінен келе жатқан азаматтар Қазақстан арқылы өз елдеріне қайтпақ болған. Алайда Қазақстан жағы коронавирусқа байланысты шектеулерді алға тартып, өткізбеген.

Ресей-Қазақстан шекарасында тұрған мигранттар. Көрнекі сурет.
Ресей-Қазақстан шекарасында тұрған мигранттар. Көрнекі сурет.

“Бізді неге шекарадан өткізбейді? Ешкім ештеңе түсіндірмейді, қанша күту керектігін де айтпайды. Бізді үйде отбасымыз күтіп отыр. Мұнда кейбір адамдардың ас-сусыз жүргеніне үш күн болды. Жағдай жасалмаған. Егер шекараны кесіп өте алмасақ, онда тым болмағанда белгілі бір уақыт аралығында күтуге мүмкіндік беріңіздер. Кейбіріміз Латвия, кейбіріміз Польшадан келе жатырмыз. Ресейге қайта барайық десек, ол жақта да бізді жібермейді. Тексеруге қарсы емеспіз, денсаулыққа байланысты шағымымыз жоқ” деді Фазлетдин Баротов есімді Өзбекстан азаматы.

20 наурызда өткізу пунктіне Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен аймақтың бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев барған кезде көрші ел азаматтары осылай деп шағымданып, көмек сұраған.

Ал БҚО әкімі Ресей тарабымен бұл мәселені талқылауға уәде берген.

"Мой город" сайты бұған қоса шекара бекетінде ондаған жүк көлігінің ұзын-сонар кезекте тұрғанын жазады. Шекарашылар экспорт тауарларына шектеу қойылғандықтан әрбір жүк көлігі мұқият тексеріледі, сол себепті өту уақыты да кешігіп жатыр деп түсіндірген.

КАРАНТИН ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДАН КЕЙІН ЖАЗАЛАНҒАНДАР

Аймақ басылымдарының барлығы-дерлік төтенше жағдай режимін немесе карантин шарттарын бұзған адамдардың әкімшілік жазаға тартылғанын жазды.

Ақжайық сайтының жазуынша, 18 наурызға қараған түні Атырауда облыстық түбіркүлез диспансерінің екінші қабатынан секіріп, карантиннен қашқан 22 жастағы жігітке Атырау әкімшілік соты ескерту берген. Оған Әкімшілік кодекстің 476-бабы (“Карантиндік режимді бұзу”) бойынша айып тағылған. Ақпарат бойынша, ол Литвадан келгеннен кейін карантинге жатқызылған.

Оtyrar TV сайтының жазуынша, Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жаңаақыл ауылдық округіне қарасты ауылдардың бірінде беташар жасап, туған-туыстарын шақырған адамға айыппұл салынған. Аймақ басылымдары Қазақстанда төтенше жағдайға байланысты 50 адамнан артық жиналатын шара өткізуге тыйым салынғанын да еске салады.

МАСКА ТАПШЫЛЫҒЫМЕН КҮРЕС

Аймақ басылымдары сонымен бірге маска тапшылығы мәселесін шешу үшін жер-жерде кәсіпорындар мен еріктілер маска тігуге кіріскенін жазды.

“Уральская неделя” басылымының жазуынша, Оралда жеті компания медициналық маска тіге бастаған. “Саңыраулар қоғамы”, “Казмедком”, "Aдванс ма" сияқты мекемелер аптасына шамамен 100 мың маска тігуді жоспарлап отыр. Бірнеше қабаттан тұратын көпреттік маска мақта, шыттан тігіледі. Бағасы орташа есеппен алғанда 180-200 теңге шамасында болады деп айтылады. "Ақжайықтың" жазуынша, мұнда еріктілер маска тігіп, зейнеткерлер, көп балалы отбасы және мүгедектігі бар адамдарға үлестіре бастаған.

КОРОНАВИРУС ЗАРДАБЫ

Қазақстанның оңтүстік өңірінен ақпарат тарататын Otyrar TV телеарнасы туризммен айналысатын жүздеген кәсіпкер коронавирустың кесірінен шығынға батып жатыр деп хабарлады.

"Қазақстанда төтенше жағдай енгізілгеннен кейін адамдар жаппай туристік жолдамаларынан бас тартып, ақшаларын қайтарып жатыр. Бірақ бәрінің ақшасын қайтаруға шамамыз жетпейді дейді агенттіктер" деп жазды телеарна сайты.

Туристік операторлардың айтуынша, әуе компаниялар мен қонақ үйлер ақшаны қайтармағандықтан адамдардың ақшаны қайтару туралы өтінішін орындау қиынға түсіп жатыр. Олар мәселені шешу үшін клиенттеріне түрлі амал ұсынады.

Атыраудан шалғай орналасқан аудандардағы жағдайға шолу жасаған "Ақжайық" сайты ол жақта да медициналық маска жетпей жатқанын, халықтың жаппай азық-түлік сатып ала бастағанын жазды. Сайттың жазуынша, мысалы Ресейге жақын Құрманғазы ауданындағы кейбір ауылдарда Ресеймен шекараның жабылуына байланысты жағдай қиындаған.

"Аудан орталығынан алыс орналасқан Азғыр ауылында жағдай қиын. Мұнда шекара ашық кезде науқастарды бірден жедел жәрдем көлігімен 60 шақырым жердегі ресейлік Харабайлы қаласына жеткізетін. Енді 300 шақырым жердегі Құрманғазыға апару керек" деп жазды сайт.

Азғыр және Сүйіндік ауылдық округтеріндегі сатушылар шекараның жабылуына байланысты азық-түлік тауарларын алыстан әкелетіндіктен азық-түлік бағасын қымбаттатынын ескерткен.

Қарай отырыңыз: Коронавирус "ажиотажы". Қазақстанда азық-түлік жеткілікті ме?

Коронавирус "ажиотажы": Қазақстанда азық-түлік жеткілікті ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG