Accessibility links

"Ол мені өлгенше сабайтын". Әлімжеттік көрген әйелдердің оқиғасы және "жолаушыны қаққан" полицей соты


Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйел. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ баспасөзі Атырауда "жолаушыны қақты" деп айыпталған полицейдің соты басталғанын жазды. Жолаушы апат орнында көз жұмған. Жергілікті сайттар сонымен бірге қыста ұлымен бірге вагонда тұрып жатқан жалғызбасты ананың жағдайы мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің оқиғасын жазды.

ПОЛИЦЕЙ СОТЫ

"Ақжайық" газеті Атырау облысы Махамбет аудандық сотында өткен жылы жолаушыны қағып кетіп, жасырынып қалды деп күдікке ілінген полиция қызметкерінің соты басталғанын жазды. Полиция қызметкері Айболат Жұмашевке Қылмыстық кодекстің 345-бап 3-тармағы бойынша ("Жол-көлік ережелерін бұзу") айып тағылған.

Қылмыстық іс материалындағы дерекке сәйкес, Жұмашев 2019 жылы 13 қазанда түстен кейін “Ауди-100” көлігімен келе жатып, жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан 25 жастағы жолаушыны қаққан. Жолаушы сол жерде көз жұмған. Ал полицей оқиға орнынан жасырынып қалған.

Алдын ала сот отырысы кезінде айыпталушы тағылған айыпты мойындап, оған өкінетінін жеткізген. Жәбірленуші жақтан кешірім сұраған.

Келесі сот отырысы 29 қаңтарда өтеді. Онда куәгерлер мен полицейге қатысты медициналық сараптама жүргізген врач-наркологтан жауап алынады.

Бұған дейін Оралда да осыған ұқсас бірнеше жағдай болып, белсенділер полиция департаменті бастығының отставкасын талап еткен.

СУЫҚ ВАГОНДА ТҰРЫП ЖАТҚАН ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА

Mgorod.kz сайты осы аптада Оралда мектеп жасындағы баласымен құрылыс вагонында тұрып жатқан жалғызбасты ана туралы мақала басты. Сайттың жазуынша, ақша жетпегендіктен суық вагонда тұрып жатқан 42 жастағы Айнұр (толық аты-жөні айтылмайды) ұлын асырау үшін дәмханада ыдыс жуып, нәпақа тапады.

Ол 2013 жылдан бері толық емес отбасы ретінде баспана кезегінде тұр, оның алдында үш мыңнан астам адам бар.

- Қазан айында жалдап тұрып жатқан пәтерімізден кетуімізге тура келді. Пәтерақыға төлейтін ақша таба алмадым, еден жуушы, ыдыс жуатындарға көп төлемейді. Далада қалған соң хабарландырулардан жұмыс іздей бастадым. Сосын бір кәсіпкер ұлыммен бірге осы вагонға тұруға рұқсат берді. Бір жағынан нысанды күзетем. Жұмыс беруші жарықтың ақшасын төлеп, газ баллонын сатып алады. Туыстарымнан ештеңе сұрамаймын, себебі әр отбасының өз мәселесі бар. Бірнеше рет әкімдікке барып, көмек сұрадым. Жатақханада әзірге бос бөлме жоқ деді, - дейді әйел.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Айнұр күйеуі іше бастаған соң ұлымен үйден кетіп қалғанын айтады. Ресми түрде некелерін тіркетпеген. Сол себепті алимент те алмайды. Оның баласы сегізінші сыныпта оқиды.

Мақалада Орал қалалық полиция басқармасының ювеналды бөлімінің инспекторы Мадина Құспанованың да пікірі келтірілген. Ол былтыр шұғыл-іздестіру шарасы кезінде полиция қызметкерлерінің осы отбасын тапқанын айтып, әйелге жақсы мінездеме берген.

- Бізбен және мектеп әкімшілігімен үнемі байланыста. Спирттік ішімдік немесе есірткі қолданғанын көргем жоқ. Баласы таза жүр, жақсы оқиды, - деді Мадина Құспанова.

Сайт Айнұрға көмектескісі келетін адамдар үшін әйелдің телефонын да жазып қойған.

"ҮНЕМІ ҚОРҚЫНЫШТА ӨМІР СҮРЕДІ"

Mgorod.kz сайты осы аптада бұған қоса тұрмыстық әлімжеттік көріп, дағдарыс орталықтарына баруға мәжбүр болған және қазір сол жақта тұрып жатқан әйелдердің басынан кешірген қиын оқиғалары туралы жазды. 24 қаңтарда жарық көрген мақалада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған екі әйел Нұргүл мен Индираның (есімі өзгертілген) бастан кешкені баяндалады. "Әйелдер үнемі қорқынышта өмір сүреді" деп жазады сайт.

Мақалада оқиғасы баяндалған Нұргүл күйеуінің ұрып-соғуына төрт жыл төзгенін, осы уақыт бойы "түзелетін шығар" деген үмітпен өмір сүргенін айтады.

"Бұл менің екінші күйеуім. Біз қосылған кезде бәрі дұрыс болған, ұл босандым. Он айдан соң бірінші рет маған қол көтерді. Онда да еш себепсіз. Ол кезде оның сау емес екенін білмеппін, кешірдім. Үнемі аяп жүрдім. Ол трамадол (психотропты дәрі-дәрмек) қолданатын. Егер оны тастап кетсем, оған ешкім көмектеспейді деп ойлайтынмын. Есірткіге тәуелділіктен құтқару үшін өз ақшама емдеттім. Бірақ түк шыққан жоқ. Түзелген жоқ, сол күйі ұруын тоқтатқан жоқ. Осы уақытқа дейін бірде-бір күн тыныш өмір сүрмеппін. Таңертең ерте баланы балабақшаға апарып, жұмысқа кетем. Жұмыстан келсем, диванда жатады. Оны бақтым. Бәрі қалпына келер деген үмітпен өмір сүрдім. Үйдегі шаруаның бәрін істедім: ас әзірледім, кір жудым, үй жинадым" деп жылады Нұргүл.


Оның айтуынша, кейбір кезде қатты соққыдан сүйегі сынған кездері де болған. Қазір ол бетіндегі үлкен ісікті емдетіп жүр. Әрең сөйлейді, дұрыстап тамақ та іше алмайды.

Нұргүлдің айтуынша, пәтер жалдап тұрған кезде күйеуі тауып келіп, ұрып соққан. Ақырында дағдарыс орталығын сағалаған. "Мұнда тым болмағанда күзет бар" дейді ол.

"Ол мені жәй ғана өлтіре сала ма деп қорқамын. Мені тауып алмасын деп тіпті бұрынғы жұмысымнан шығып та кеттім. Есін жиған кезде ештеңені есіне түсіре алмайды. Ол арсыздыққа барып, менің атымнан несие де алған. Қалай төлейтінін білмеймін. Өмірімнің күрделі кезеңін бастан өткеріп жатырмын" деді ол.

Нұргүлдің айтуынша, отбасындағы кикілжіңнен бала да қорқып, жүрегі шайлығып қалған. Соңғы рет күйеуі ұрып, алтыншы қабаттан бірінші қабатқа дейін шашынан сүйреген кезде баласы жылап, "әке" деп айқайлаған. Кейде түнде селк етіп түсіп, "папа" деп айқайлайды дейді Нұргүл.

- Үнемі қорқынышта өмір сүремін. Неге полицияға айтпайды дейсіз бе? Сотқа да жеткен, айыппұл төлеп құтылып, тағы ұрып-соқты. Біз бірігіп сатып алған бөлмеде тұруға мүмкіндік бермейді, - дейді әйел.

Дағдарыс орталығындағы екінші әйел Индира да тұрмыстық әлімжеттіктің кесірінен осы жерге келген.

- Алты жыл бұрын тұрмыс құрғанмын, бір жылдан соң босандым. Жақсы тұрдық деп айта алмаймын, мені күйеуім ұратын. Төзбей, ата-анама кетіп қалдым. Ал әкемнің мінезі қиын. Оның ойынша, тойдан кейін қазақ қыздарының үйіне қайтып келуіне болмайды, осылайша отбасым мені қабылдамады. Бес жасар баламмен далада қалдым, баратын жер жоқ болды. Сондықтан осында келдім, - дейді Индира. Ол қазір орталықтың өзін балабақшаға тәрбиеші қылып орналастырып жатқанын айтты.

Орал қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тұрмыстық әлімжеттіктен зардап шеккендерге арналған дағдарыс орталығының директоры Талшынай Жүністің айтуынша, орталықта бір мезгілде онға дейін адам алты айға дейін тұра алады. Қазір екі әйел мен екі бала тұрып жатыр. Оның айтуынша, көбіне некеде болғанына он жылға жетпеген жас отбасылардан әйелдер келеді.

2019 жылы орталық 60 адамды қабылдаған. Талшынай Жүніс орталыққа келген адамдар туралы ақпараттың құпия сақталатынын айтады.

"Қызмет алғандар туралы деректі құпия сақтаймыз. Қаламыз шағын және оларды қандай да бір шарада көрсек те, жанына бармаймыз. Егер өздері амандасып, сөйлесіп келсе ғана жауап береміз. Ал былай оларды танымағандай боламын. Барлық мәселе осы орталық ішінде қалады" деді ол.

Дағдарыс орталығы директорының айтуынша, ер адамдардың көбі кінәсін мойындап, тіпті тізерлеп тұрып отбасын қайтаруды өтінеді. Олармен психологтар сөйлеседі дейді.

Қарай отырыңыз: Тоқаев өзгерткен "Зорлық-зомбылық" заңына көңілі толмайтындар көп (6 қаңтар 2020 жыл).

Тоқаев өзгерткен "Зорлық-зомбылық" заңына көңілі толмайтындар көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:54 0:00

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNEWS 20.02.2020
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG