Accessibility links

"Сары нөмір алуға ешкім келмеді". Шетелдік көліктерді уақытша тіркеу акциясы басталды


Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында отырған полиция қызметкерлері. Орал, 1 ақпан 2020 жыл. "Уральская неделя" сайтынан алынған скриншот.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында отырған полиция қызметкерлері. Орал, 1 ақпан 2020 жыл. "Уральская неделя" сайтынан алынған скриншот.

Осы аптада аймақ басылымдары шетелдік нөмірі бар көлік иелерінің митингісі туралы жазып, көліктерді уақытша тіркеу акциясы басталғанын хабарлады. Бұған қоса, кейбір аймақтағы медициналық маска тапшылығы мәселесіне тоқталды.

УАҚЫТША ТІРКЕУ АКЦИЯСЫ

1 ақпанда Қазақстанда Армения, Қырғызстан, Ресейден әкелінген көліктерді уақытша тіркеу басталды. "Уральская неделя" басылымының жазуынша, сенбі күні болғанына қарамастан акцияның алғашқы күні Оралда көлігін уақытша тіркеуге ешкім келмеген.

"Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы арнайы бөлімде адамдарды күткен полиция мен мемлекеттік кіріс департаменті өкілдері уақытының басым бөлігін босқа өткізді" деп жазды басылым.

- Таңертеңнен бері бізге ақпарат алу үшін тек 16 адам келді. Олардың біреуі ғана Армениядан көлік әкелген, қалғаны көліктерін Ресейден алған. Бірде-біреуі көлігін уақытша тіркеуге қоймады, - деді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.

Басылым жариялаған видеода халыққа қызмет көрсету орталығында полиция қызметкерлерінің адамдарды күтіп отырғаны, айналада адамның аса көп еместігі көрінеді.

1 ақпаннан бастап Қазақстанда Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) елдерінен әкелінген көліктерді уақытша тіркеу басталған еді. Армения, Қырғызстан, Беларусь, Ресейде алынған шетелдік нөмірі бар көліктер Қазақстанда заңсыз танылып, көлік иелері оларды тіркеуге міндеттелген.

Бұған дейін Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында жүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен.

24 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырған.

Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген. Бірақ биліктің мәлімдемесінен кейін де жүргізушілер наразылығы тоқтамай отыр.

"50-60 МЫҢ ТЕҢГЕЛІК ЖАЛАҚЫМЕН УТИЛИЗАЦИЯ АЛЫМЫН ҚАЛАЙ ТӨЛЕЙМІЗ?"

Осы аптада аймақ басылымдары 31 қаңтар күнгі бүкілреспубликалық жүргізушілер шеруіне Ақтау, Атырау, Қостанай тұрғындарының да қосылғанын жазды. Аталған қалаларда облыстық әкімдік ғимаратының алдына 100-200 дейін адам жиналған.

"Ақжайық" басылымының жазуынша, Атырауда сол күні шерулерге қатысып жүрген Абай (аты-жөні толық айтылмайды) есімді белсендіні полиция алып кетіп, ескерту жасаған. Полицияның наразылық алдында жолды жауып тастағанына қарамастан "армян" автокөліктерін жүргізушілердің бір бөлігі облыстық әкімшілік алдына өтіп үлгерген.

Атыраудағы жүргізушілер наразылығы. 31 қаңтар 2020 жыл.
Атыраудағы жүргізушілер наразылығы. 31 қаңтар 2020 жыл.

Сайтта жарияланған видеодан жүргізушілердің бірі "60-70 мың теңгелік жалақымен утилизация алымын қалай төлейміз?" деп ашынғаны көрінеді.

"Наша газета" басылымының жазуынша, Қостанайда автомобильдер қауымдастығының жетекшісі Диас Нұрмағамбетов "жеңілдікпен сатып алынған тауарларды шетелге шығармау туралы одақ ережесін бұзды" деп Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кейіннен қосылған Армения мен Қырғызстанды айыптаған. "Мемлекетіміз Минскідегі арбитраж сотқа (ЕАЭО-ның арбитраж соты) жүгініп, бұл елдерден келісімді бұзғаны үшін өтемақы талап еткенін қалаймыз" деді ол.

Заң бойынша, Еуразия экономикалық одағы елдерінен көлік әкелгендер кедендік баж салығы, бастапқы тіркеу және утилизация алымын төлеуі тиіс. Шетелдік көлік иелерінің ауырсынып отырғаны - соңғы екеу.

- Утилизация алымы: бұл басқа мәселе. Бізде утилизация жасайтын бір зауыт бар ма екен? Қазақстанда утилизация алымын жинаумен "Оператор РОП" жеке компаниясы айналысады. Нарықтағы монополист бағасын өзі анықтайды. Не үшін біз көлікті утилизациялау үшін төлеуіміз керек? Бұл темір, металл, резина ғана. Маған оданша оны бөлшектеп, өткізе салғаным артық емес пе? Маған сол үшін ақша төлейді, мен біреуге емес, - деді ол.

Ол бастапқы тіркеу мәселесіне де тоқталған.

- Бастапқы тіркеу деген ұғым қайдан шықты? Ішкі істер министрлігінің өз міндетін атқарып, көлік иелерін базаға енгізгені үшін біз төлеуіміз қажет пе? Бұл нағыз бірнеше қазақстандық өндірушінің мүддесін лоббилау. Біз толық амнистияға және осыншама көп соманы төлеуден босатылуға қол жеткіземіз...Не үшін заң алты жыл жұмыс істемей, енді соның зардабын біз тартуымыз керек? Бұлай болмайды, - деді Диас Нұрмағамбетов.

Жүргізушілердің сұрақтарына жауап берген заңгер, Қостанай әлеуметтік техникалық университетінің өкілі Сергей Жалыбин өзінің сенат кеңесіне мүше екенін айтып, 7 ақпанда сенат төрағасына жүргізушілердің талаптарын жеткізетінін айтты.

"Біздің талаптарыңызды құжатқа айналдыру бойынша құқықтық мүмкіндігіміз бар" деді ол.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов белсенділерден құралған бастама тобын құрып, депутаттармен бірге осы мәселені талқылауды ұсынды. Олар келесі аптада тағы кездесетін болып келісіп тарасқан.

Lada.kz сайтының жазуынша, Ақтауда "Ынтымақ" алаңына жиналған 200 шақты адам биліктен "Жол ережелері туралы" заңдағы шектеулерді қайта қарауды талап еткен. Олар сол күні Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкімет басшыларының Қазақстанда кездесіп жатқанын айтып, кездесуде осы мәселе де талқылансын деп талап қойған.

- Неге билік бізден Еуро-4 стандартын талап етіп отыр? Біздегі жанар-жағармай осы талапқа сай ма? Ал жолдар ше? Жарайды, егер төле десеңіздер - соған сай жағдай жасаңыздар. Өздеріңіз жауап бере алмайтын нәрсені сұрап отырсыздар. Егер үкімет мүшелерінікі сияқты ақшамыз болса, біз көлікті осы жерден сатып алатын едік. Ең төменгі күнкөріс мөлшері - 42 500 теңге. Адамдардың көбінің жалақысы - 70 мың теңге. Не айтып отырсыздар? - деді жүргізушілердің бірі Людмила Цмиева.

Сайтта жарияланған видеодан билік өкілдерінің жүргізушілерге "жағдайды түсіндіріп жатқаны", наразы азаматтардың олардың сөзіне көңілі толмағаны көрінеді. Ортада тұрған адамдардың бірі "президент уақыт берді, ешкім сіздерді шектеп жатқан жоқ" деген кезде көп қатты шулап кеткен.

МАСКА ТАПШЫЛЫҒЫ

Осы апта бірқатар аймақ басылымдары кейбір қалаларда медициналық масканың тапшы болып отырғанын жазды. Қазақстанның оңтүстік өңірінен ақпарат тарататын Otyrar TV арнасы Шымкентте оқушылар мен ата-аналардың дәріханалардан маска таба алмай қиналып отырғанын, бар дәріханаларда бағасының қымбаттап кеткенін жазды. Арнаның хабарлауынша, қалада бұған дейін бір медициналық масканың құны 8-10 теңге болып келсе, қазір 35-40 теңгеге дейін жеткен.

Арнаның айтуынша, қалада мектеп оқушылары сабаққа маскамен барып жүр, бірақ бұл коронавирустың таралуымен емес - қалада жедел респираторлық вирустық инфекцияға (ОРВИ) шалдыққандар санының артуымен байланысты.

"Вирус инфекциясы жиілегендіктен маска тағу режимін енгіздік. Қазір тұмау, ОРВИ, тыныс алу аурулары жиілеп жатыр. Мектепте де көбейіп жатыр, өткен аптадан бері балалар жиі ауырып жатыр. Алғашқы белгілері бірден байқалмайды да және оны көбі біле бермейді. Балаларға бір-бірінен жұқпас үшін маска режимін енгіздік" деген қаладағы мектептердің бірінің дәрігері Меруерт Жұмабекова.

Медициналық маска киген адам. Көрнекі сурет.
Медициналық маска киген адам. Көрнекі сурет.

Арнаның жазуынша, Шымкент дәріханаларында 700 мыңнан астам маска бар. Жақын арада тағы 300 мың түседі.

Lada.kz сайтының жазуынша, Ақтаудағы жағдай да осыған ұқсас. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері медициналық маскаларды тек медициналық мекемелер мен пациенттер үшін ғана сатып алып жатқанын айтқан.

Тауар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдерінің айтуынша, 28 қаңтар күнгі жағдай бойынша қалалық дәріханаларда шамамен 50 мың медициналық маска болған. 110 мың маскаға тапсырыс берілген. Жақын арада тауар жеткізілмек.

Өткен жылғы дерекке сәйкес, Маңғыстау облысында - 678 мыңнан астам адам, Ақтауда 183 мыңнан астам адам тұрады.

Қарай отырыңыз: Алматы мен Нұр-Сұлтан дәріханаларында медициналық маска тапшы (31 қаңтар 2020 жыл).

Алматы мен Нұр-Сұлтан дәріханаларында медициналық маска тапшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG