Accessibility links

"Академик болдым, мінеки". Айлығы болмаса да, атағы қымбат па?


Алматыдағы Ғылым академиясы ғимараты.

Совет кезіндегі ғылым академиясының орнын басқан қоғамдық бірлестік беретін академик атағы қазір ғылыми қолданыста жоқ. Бұрғындай көп ақша да төлемейді. Бірақ академик атанғысы келетіндер аз емес. Кейбіреулер мұны "атаққұмарлыққа" балайды. Азаттық тілшісі қазіргі академия мүшелері мен өзге зерттеушілердің пікірін сұрап көрді.

"АЛАШҚА... АКАДЕМИК ЖАУҒАН ЖЫЛ"

Биыл, 2020 жылдың мамырының соңына қарай "Ұлттық ғылым академиясы" қоғамдық бірлестігі осы академияның корреспондент-мүшелері мен академиктері сайлауын өткізді. "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған нәтижесіне қарағанда, сайлау "өте тартысты өткен", бір орынға 4-5 адамға дейін таласқаны байқалады. Нәтижесінде бұрынғылардың қатарына жаңадан 37 академик (толық мүше) және 24 корреспондент-мүше қосылған.

Сайлау қорытындысы шықпай тұрып-ақ әлеуметтік желіде академиктерді құттықтаулар көбейді. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеттің профессоры Алмасбек Әбсадық академияның корреспондент-мүшесі болып сайланған Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновті құттықтап, "бұл атақ Зиябектің жеке табысы ғана емес, бүкіл институттың ғылыми жетістіктерінің бағасы" деп жазды.

Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы әріптесі Шерубай Құрманбайұлының академик болғаны жайлы "алты алаштан сүйінші" сұрады. Дүкен Мәсімханұлының жазуынша, ҰҒА қоғамдық бірлестігінің академигі атану – "инемен құдық қазған жанкештілер ғана жететін ғылым шыңына" шыққанмен тең.

Сонымен бірге әлеуметтік желіде сын айтушылар да пікірін білдірді. Әдебиет зерттеушісі Ноябрь Кенжеғараев "Бұрынғының академиктері том-том іргелі еңбек жазып, тұтас бір ғылым бағытының барлық саласын егжей-тегжейлі зерттеп, халықаралық деңгейде мойындалған методологияларды ұсынып, ғылымнан ажырамай жұмыс істеп барып академик атағына ие болатын еді, қазіргілердің көбі шенеунік болып жүріп-ақ, белгілі бір кезеңді қамтыған бірді-екілі кітабымен "академик" атана беретін бопты" деп жазды.

Дінтанушы Досай Кенжетай "Кешегі академик деген сайланбалы атаққа әлі шыбындай үймелеп жатыр. Не атақ емес, не айлығы жоқ, сонда да атақ болса болды" деп сынады. Азаттық тілшісімен әңгімеде дінтанушы қарапайым азаматтардың совет кезіндегідей Ұлттық ғылым академиясы жоқ екенін біле бермеуі мүмкін екенін, "ал зерттеушілер біле тұра академиктікке таласа беретінін" айтты.

Қазіргі ғылыми жүйемізге қажеті жоқ, оны ешкім сұрамайды.

- Мені 2013 жылы осы академияның академигі болуға шақырған. Сол кезде жасы 50-ге дейінгілер академик болсын деген науқан жүрген. Бас тарттым, өйткені мұндай атақтың қазіргі ғылыми жүйемізге қажеті жоқ, оны ешкім сұрамайды. Академик болғаның үшін бұрынғыдай ақша да төленбейді. Бұл құр атақ қана, басқа ештеңе емес, - дейді Досай Кенжетай.

"МАТА ДАҢҚЫМЕН БӨЗ ӨТЕДІ"

Ашық ақпараттарда 1946 жылы іргесі қаланып, алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаев сайланған Қазақ ССР (тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының) ғылым академиясы 2002 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттік мекемесі болып өзгеріп, 2003 жылы күзде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен таратылғаны көрсетілген. Орнына "Ұлттық ғылым академиясы" қоғамдық бірлестігі құрылған. Ал академия құрамындағы 40-тан астам ғылыми институт Ғылым және білім министрлігіне өткен.

Академик Қаныш Сәтбаев (сол жақта) Алматыға сапармен келген Совет одағының басшысы Никита Хрущевке Ғылым академиясын таныстырып тұр.
Академик Қаныш Сәтбаев (сол жақта) Алматыға сапармен келген Совет одағының басшысы Никита Хрущевке Ғылым академиясын таныстырып тұр.

Азаттық тілшісімен сөйлескен зерттеушілер таратылған ғылыми мекеме мен оның ізіне құрылған қоғамдық бірлестіктің статусын шатастыруға болмайды, екеуі екі басқа деп қадап айтады. Қоғамдық бірлестік беретін академик атағы ғылыми қолданыста жоқ. Академик болғаны үшін совет кезінде қыруар ақша төленсе, қазір мүлде төленбейтіні де рас. Олай болса академик болуға сонша неге құмар?

Профессор Хангелді Әбжанов мұны "Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді" деген мәтелмен сипаттайды.

Хангелді Әбжанов.
Хангелді Әбжанов.

- Совет кезінде академик – ең жоғары ғылыми атақ еді. Соған сай мемлекет ерекше дәріптеп, қоғам құрметтеді. Академиктерге ай сайын министрдікінен де көп жалақы берілді. Біздің санамыздан кетпей тұрғаны сол статус – атақ, - дейді ол.

Кейінгі бірнеше жылдан бері өзі де осы академияның академигі болып келе жатқан профессор Хангелді Әбжанов "әр сайлау сайын академиктердің сапасы сұйылып барады. Осылай жалғаса берсе, өлген академияның орнындағы қоғамдық бірлестіктің де түпкілікті жойылғанына куә боламыз" деп санайды.

Профессордың сөзінше, ҰҒА қоғамдық бірлестігінің басқа академиялардан аздаған айырмасы бар. Өйткені ҰҒА қоғамдық бірлестігі Қазақстандағы ғылымның жай-күйі, болашағы туралы жыл сайын ұлттық баяндама дайындайды. Совет кезінен бері келе жатқан Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов атындағы сыйлықтарды Ғылым және білім министрлігі осы академия арқылы береді.

Ұлттық ғылым академиясындағы академик сайлауы жарғы бойынша 5 жылда бір рет өтуі тиіс. Бірақ зерттеушілер сөзінше, соңғы сайлау 2017 жылы өткен.

"СІЗ НЕГЕ АКАДЕМИК БОЛҒЫҢЫЗ КЕЛДІ?"

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Талас Омарбеков "57 мың теңге жарна төлеген кез келген ғылым докторы академик сайлауына түсе алады. Корреспондент-мүшелерді академиктер мен корреспондент мүшелер, ал академикті тек әр саланың академиктері ғана жабық дауыспен сайлайды. Олар ұнатпайтын адамдарына қарсы дауыс бере алады. Совет кезіндегі сайлаудан айырма жоқ" дейді.

Профессор Омарбеков совет кезінен қалған академиялар ТМД елдерінің көбінде сақталғандықтан, "академияны басшылық таратып жіберді деген әңгіме болмасын деп қоғамдық бірлестікке Ұлттық академия деп айдар таққанға ұқсайды" деп санайды.

Академияның аты бар да заты жоқ, өзін өзі қаржыландыра алмайды.

- Академияның қазіргі мүшелеріне қарасаңыз негізінен ғылыми зерттеу институтының директорлары мен жоғары билікте отырған адамдар екенін көресіз. Оның себебі ғылыми институттар академияның әртүрлі шарасын өткізуге қаржылай көмектеседі. Өйткені академияның аты бар да заты жоқ, өзін өзі қаржыландыра алмайды, - дейді ғалым.

Оның пікірінше, ҰҒА қоғамдық бірлестігін ғалымдар бас қосатын танымал ғылыми орта, клуб деуге болады. Зерттеушілер сол ортада мойындалғысы келеді.

- ҚазМҰУ бізді тек профессор, ғылым докторы деп тіркейді. Академик, корреспондент болғаныңыз өзіңізден басқа ешкімге керек емес, - дейді ол.

"Олай болса сіз неге сайлауға түстіңіз?" деген сұраққа Талас Омарбеков "академияның өзі шақырған соң бардым. Бұрын осы академияның құрметті академигі болғанымды білген де жоқ едім. Көппен бірге өткізе салыпты. Бұл академияда шетелден келген сыйлы қонаққа да берілетін "Құрметті академик" атағы да бар" деп жауап берді.

Талас Омарбеков биылғы сайлауда ҰҒА қоғамдық бірлестігінің корреспондент-мүшелігіне өтпей қалды.

"ҰШҚЫШ ТА, ДЕПУТАТ ДА, БИЗНЕСМЕН ДЕ АКАДЕМИК"

Азаттық тілшісі жаңадан академик болып сайланған тіл білімі саласының зерттеушісі Шерубай Құрманбайұлы мен тарихшы Берекет Кәрібаевтың да пікірін біліп көрді.

Шерубай Құрманбайұлы.
Шерубай Құрманбайұлы.

- Академия басшылығы ғылым академиясының бұрынғы мәртебесін қайтаруды мақсат тұтып отыр, біз де содан үміттіміз. Ғалымдардың ұмтылу себебі сонда, - деді Шерубай Құрманбайұлы.

Құрманбайұлы академия мүшелері – әр саланың көрнекті ғалымдары екенін айтады. "ҰҒА қоғамдық бірлестігінің басқа академиялардан орны бөлек" дейді ол.

Берекет Кәрібаевтың сөзінше, халық кезінде Қаныш Сәтбаев негізін қалаған академияны көбірек біледі. Ғалымдар "бұл академия болашақта қалпына келуі мүмкін" деп санайды.

Берекет Кәрібаев.
Берекет Кәрібаев.

Биыл ҰҒА қоғамдық бірлестігінің академигі мен корреспондент-мүшесі болып сайланғандар тізімінде университет ректорлары, ғылыми институттар мен орталық директорлары жиі кездеседі. Олардың арасынан Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Ақылбек Күрішбаев, Оңалбек Аяшев, Ахан Бижанов, Серік Оспанов, Мұхтар Құл-Мұхаммед секілді парламенттің бұрынғы және қазіргі депутаттары, өзге де шенеуніктер бар. Соңғы өткен сайлауда қазіргі парламент депутаты Серік Сейдуманов әйелі Зарема Шәукенова екеуі де академик болып сайланған. Зарема Шәукенова Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры, социология ғылымының докторы. 2005 жылдан Социология академиясының академигі.

Бұған қоса академиктер мен корреспондент-мүшелер тізімінде 2019 жылы Қазақстан президенттігіне кандидат болған Төлеутай Рахымбеков, қазақстандық "Форбс" журналының тізіміне енген бизнесмен Серікжан Сейітжановтың да аты-жөні тұр.

"ҚАЗІРГІ МЕН БҰРЫНҒЫ АКАДЕМИЯ БІРДЕЙ"

Ал ҰҒА қоғамдық бірлестігінің көп жылдан бергі президенті Мұрат Жұрынов зерттеушілердің әлгіндей пікірімен ішінара ғана келіседі.

"Ұлттық ғылым академиясы" қоғамдық бірлестігінің президенті Мұрат Жұрынов.
"Ұлттық ғылым академиясы" қоғамдық бірлестігінің президенті Мұрат Жұрынов.

- Бұрынғы ҰҒА-дан айырмашылығы жоқ, қазір де сол академия. Екеуі бір нәрсе. Біздің академияға келер жылы 75 жыл толады. Совет кезінде академик сайлауы қалай өтсе, қазір де солай өтеді. Жабық дауыс беру арқылы демократиялық сайлау өткізетін жалғыз академиямыз, - дейді ол.

Мұрат Жұрыновтың сөзінше, қазір Қазақстанда салалық 29 академия бар. Онға жуығы ұлттық деген терминді қосып алған.

- Басқа академиялардың бізбен құқығы бір, бірақ мүмкіндігі әртүрлі. Біз ғылымның барлық түрін қамтимыз. Бұл – жалғыз классикалық академия. Басқалары – салалық академия. Олар академиктерді біз сияқты жасырын дауыспен сайламайды, - дейді Жұрынов.

ҰҒА қоғамдық бірлестігінің президенті де алдағы уақытта академияның бұрынғы статусы қайтарылатынына сенеді.

- ТМД елдерінің көпшілігі совет кезіндегі ғылым академиясын сақтап қалды. Тек бізде ғана таратылды. Қазір 1995 жылға дейін сайланған академиктерге ғана стипендия төленеді. Ғылымсыз мемлекет дамымайды, - дейді ол.

Мұрат Жұрынов басқаратын ҰҒА қоғамдық бірлестігінде қазір 155 академик, 88 корреспондент-мүше бар.

Азаттық тілшісі сөйлескен зерттеушілердің көпшілігі совет кезіндегідей ғылым академиясы құрылып, ғылыми институттарды біріктірген дұрыс деп есептейді. Профессор Хангелді Әбжановтың сөзінше, академияның таратылуы Қазақстан ғылымына кері әсер еткен.

Ал Талас Омарбеков президенті мемлекет басшысына тікелей бағынатын, бюджеттен қыруар қаржы бөлініп келген академияны таратқаны дұрыс болған деп санайды.

- Қазіргі университеттер академияның функциясын өзіне алып жатыр. Әрі ғылыми зерттеумен айналысады. Университеттерді күшейткен жағдайда академиялық зерттеулермен де шұғылдана береді, - дейді ол.

Ғылыми зерттеушілер совет кезінен қалған академияның не үшін таратылғаны жайлы түрлі болжам айтады. Аты-жөнін атамауды сұраған бір академик 1994 жылы академия президентін сайлау кезінде екі адам дауысқа түсіп, Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидатура өтпей қалған соң-ақ билік академияға қырын қарай бастады деп топшылайды. Ашық деректерде президент Назарбаевтың академияға қоғамдық бірлестік статусын беру туралы ғалымдар ұсынысын қолдағаны айтылады.

Зерттеушілер "академияны тарату асығыстық болғаны жайлы" сол шешімді қабылдаған Назарбаевтың өзіне айтуға талпынып көрмекші де болған. Сондай бір мүмкіндіктің орайы 2011 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан президенті Алматыда ғалымдармен кездескенде келген. Бірақ сол жолы Қазақстан ғалымдары қауымдастығы атынан Назарбаевқа "Ғасыр ғұламасы" деген атақ берумен шектелген еді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG