Accessibility links

«Академияны тарату асығыстық болғаны президентке айтылар» деп үміттенеді


Ғылым академиясының ғимараты. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Президент Назарбаев ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығына арналған шараға қатыспақ. Бұл академияны «даңқынан айырылды» деп сөгушілер де, «халықаралық деңгейде беделі артты» деп мақтаушылар да бар.

Қазақстан президенті әкімшілігінің сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев 22 ақпанда ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығына арналған жиынға қатыспақ.

ИНСТИТУТТАРЫНАН АЙЫРЫЛҒАН АКАДЕМИЯ

Совет өкіметі кезінде қазақстандық ғылыми-зерттеушілердің негізгі орталығына айналған ғылым академиясы сырт қараған адамға әлі күнге бұрынғы қызметін атқарып тұрғанға ұқсайды. Қазақстанды Дінмұхамед Қонаев басқарып тұрғанда Қазақ ССР ғылым академиясына арнап салынған сарғыш түсті сәулетті ғимаратының сыртындағы «Ғылым ордасы» деген кісі бойындай үлкен жазу алыстан көрінеді.

Екі көшенің аралығын жауып тұрған ауқымды ғимаратта советтік кезеңде құрылған ғылыми зерттеу институттары да сол күйі отыр. Бірақ институт атауының маңдайшасы өзгерген. Өйткені мұндағы ғылыми институттар бұрынғы ұлттық ғылым академиясына емес, Астанада орналасқан ғылым және білім министрлігіне қарайды.

Алматыдағы ғылым академиясының маңдайшасындағы жазу.
Алматыдағы ғылым академиясының маңдайшасындағы жазу.

Бір қызығы – бүкіл институттың жұмысын жарты ғасыр үйлестірген ұлттық ғылым академиясы да ешқайда көшпеген. Ол да осы ғимаратта жұмыс істейді. 2003 жылы бұрынғы мәртебесінен айырылып, қоғамдық бірлестіктердің біріне айналғанына қарамастан, академия сырттай зор естілетін бұрынғы атауын сақтап қалған. Анда-санда Қазақстан президенті келгенде бұрын өзінен кеткен бүкіл ғылыми-зерттеу институттардың зерттеушілері мен басшыларын шақырып, өзін ғылымды әлі күнге ұйымдастырып отырған орталық ретінде көрсететіні байқалады.

Қазіргі статусы туралы Азаттық тілшісінің сұрағына ұлттық ғылым академиясынан жауап беретін ешкім болмады. Телефон тұтқасын алған қарапайым қызметкерлер басшыларының «Нұрсұлтан Назарбаевты күтіп алуға дайындалып, босамай жатқанын» айтты.

«АКАДЕМИЯНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ӘЛСІРЕДІ»

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов «ұлттық ғылым академиясының 2003 жылы қоғамдық бірлестік болып қайта құрылуы ғылым академиясының бұрынғы әлеуетін әлсіретті» деп санаушылардың бірі.

– Ұлттық ғылым академиясы 2003 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды. Бұрынғы советтік республикалардың Қазақстаннан өзгесі ғылым академияларын реформалады, басқару тәсілдеріне өзгерістер енгізді, бірақ ғылымды басқарудың ең жоғарғы мемлекеттік органы етіп қалдырды, – дейді ол.

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов.

Хангелді Әбжанов Батыс университтеріндегі профессорлардың материалдық-тұрмыстық жағдайы мен педагогикалық жүктемесін Қазақстандағы әріптестерінің жағдайымен салыстыруға келмейтінін айтады.

– Қазақстанда оқытушылар 700-900 сағат жүктемемен жұмыс істесе, шетелде 200-300 сағаттық жүктемемен ғана жүреді. Осындай жүктемемен жүрген қазақстандық профессорлар ертең ғылымды тура ғылым академиясындағыдай алып кетеді деуге өз басым күдікпен қараймын, – дейді ол.

Зерттеуші Гүлжауһар Көкебаева «академия соңғы 10 жылда негізгі қызметінен айрылып қалды» деп санайды. Бірақ, оның айтуынша, ғылыми зерттеу институттарын ғылым академиясынан алып, білім және ғылым министрлігіне беру, одан қайтадан университеттерге қосу сияқты істер асығыстау жасалғанға ұқсайды.

– Дамыған елдерде де ғылыми институттар университеттердің құрамында. Бізде олай жасау үшін университтердің өзіне мол қаржы бөлінуі керек. Ал министрлікке қараған зерттеу институттарының кейбірі азғантай жалақысын жарты жылға дейін ала алмай жүр, – дейді Гүлжауһар Көкебаева.

Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева.
Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева.

Оның айтуынша, кейінгі кезде ғылыми институттар қаржы табу үшін магистратура ашып, университеттегі магистратура жүйесін қайталай бастаған.

– Ғылыми институттар толығымен университеттердің құрамына кіруі керек немесе баяғы советтік қалпына келтіріліп, ұлттық ғылым академияның өзінен қаржыландырылуы керек. Академияны қоғамдық бірлестікке айналдырып жіберу асығыстық болғанын президентпен кездескен ғылыми зерттеушілер айтатын болар, – дейді Гүлжауһар Көкебаева.

«АКАДЕМИЯ – ҒАЛЫМДАР ПІКІРЛЕСЕТІН ОРЫН ҒАНА»

Бірақ «ұлттық ғылым академиясының қоғамдық бірлестік деңгейіне түскені дұрыс болды» дейтін зерттеушілер де бар. Соның бірі – педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайынов «ұлттық ғылым академиясы дамудың даңғыл жолына түскенін» айтады.

Оның сөзінше, дамыған елдерде ұлттық ғылым академиясы жоқ, ал ғылыммен негізінен университеттер шұғылданады.

– Академия – ғалымдардың бас қосатын, пікірлесетін орны, ғылымға қатысты мәселелер ойынша тұжырым жасайтын орталық қана. Ал әрі қарай ғылыми тапсырыстармен жұмыс істеу әр университеттің өзіне байланысты, – дейді Асқарбек Құсайынов.

Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес, 2003 жылы ұлттық ғылым академиясына «Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі» мәртебесі берілген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев академияның статусын өзгертуді осы академияның академиктерінің өзі хат жазып сұрағанын айтқан.

Ұлттық ғылым академиясындағы Нұрсұлтан Назарбаевпен сирек кездесулердің бірі 2011 жылы желтоқсанның 1-інде өткен. Бұл кездесуде сол кездегі ғылым және білім министрі Бақытжан Жұмағұлов Назарбаевқа «Ғасыр ғұламасы» атағы берілгенін жариялап, ол атақты ұлттық академияның президенті Мұрат Жұрынов тапсырған.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол жиында академияны қалпына келтіру туралы ұсыныс айтқан ғалымдарға «ол академия соны аңсаған академиктерге жақсы болатын шығар, бірақ ғылымның болашағына сай келмейді» деген жауабын айтқан.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов осыдан төрт ай бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, өзі басқаратын мекеменің «халықаралық деңгейдегі беделі артқанын» мәлім еткен. Ел президенті оған «ғылымды басқаруды орталықсыздандыру ісінің өзектілігі» туралы, «ғылыми зерттеу жұмысын жекелеген университеттерде дамыту қажеттігі» жайлы, «ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің маңызы» жөнінде айтқан.

Ұлттық ғылым академиясы сайтындағы мәліметке қарағанда, бұл мекеменің құрылғанына биыл 70 жыл емес, 71 жыл толады. «ҚазКСР ғылым академиясы 1946 жылдың 1 маусымында құрылған және республика ғылымының басты орталығы, Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының үйлестірушісі болып саналады» дейді ол дерек.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG