Accessibility links

"Қазақстанға сейсмикалық қауіпсіздік туралы заң керек"


Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков. Алматы. 28 желтоқсан 2018 жыл

Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтар, арнайы карта жасау, мамандар даярлау мен сейсмикалық қауіпсіздік туралы заң қажеттігі туралы айтады.

ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІНІҢ 40 ПАЙЫЗЫ ҚАУІПТІ АЙМАҚҚА ЖАТАДЫ

Азаттық: - Қазақстан бойынша жалғыз ғылыми-зерттеу орталығы саналатын сейсмология институтының негізгі міндеті қандай?

Нұрсәрсен Өзбеков: - Бірінші міндет – жер сілкіну қаупі бар аудандардағы табиғи сейсмикалық қауіпті анықтау. Екіншіден, сол аудандардағы тұрғындар мен ауылшаруашылығы нысандарына сейсмикалық қатерді анықтау. Үшіншісі, сейсмикалық қауіпті аймақтардағы сілкініс қаупін болжау. Қазақстан территориясының 40 пайызға жуығы сондай қауіпті аймаққа жатады. Олар - Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласы, Түркістан және Қызылорда облыстары. Маңғыстау облысы ішінара орта деңгейлі сілкініс қаупі бар аймаққа жатады. Осы облыстар бойынша кешенді түрде ғылыми зерттеу жүргізіледі.

Мамандар жер сілкінісіне қатысты деректі зерттеп жатыр. Көрнекі сурет
Мамандар жер сілкінісіне қатысты деректі зерттеп жатыр. Көрнекі сурет

Азаттық: - Қазақстан территориясының 40 пайызы сейсмикалық қауіпті аймақ дейсіз. Олардың жерасты картасы толық жасалған ба? Яғни нақты жер сілкінісі болуы ықтимал ошақтары анықталған ба?

Нұрсәрсен Өзбеков: - 2001-2012 жылдар аралығында сілкініс қаупі бар аймақтарға түбегейлі аудандастыру картасы әзірленген болатын. Сол карталар 2016 жылға дейін нормативтік күші бар құжат болып есептелетін. Құрылыс нысандарын сол карталарды есепке ала отырып жүргізетін. Бірақ қазіргі талап бойынша Еурокод-8 стандартына сай жасау керек болып отыр.

Азаттық Өзбеков: - Еурокод-8 стандартының қажеттілігі қандай?

Нұрсәрсен Өзбеков: – Мәселен, бұрын біз сілкініс қаупін, дүмпу күшін тек қана балл бойынша есептесек, ендігі жерде үдеулік күшінің көрсеткішімен көрсетеміз. Ол екі жылдық интервал аралығында жасалынған. Бұл елімізге сырттан келетін инвесторларға қолайлы жағдай жасау, яғни инвестор қаражатының қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін керек. Негізінде 2015 жылы еліміз бойынша осы еурокодқа сәйкес аудандастыру картасын жасап шығарғанбыз. Бірақ мұның масштабы өте ұсақ болғандықтан одан ақпарат алу қиын. Сондықтан қазір әр облыс карталарды жаңа стандартқа сәйкес жеке жасауды қолға алды. Ол үшін мемлекет тарапынан тиісті нормативтік құжаттар дайындалды. 2021 жылға дейін жасап шығарамыз.

Сейсмология институты ғимаратының сыртқы көрінісі. Алматы, 28 желтоқсан 2018 жыл
Сейсмология институты ғимаратының сыртқы көрінісі. Алматы, 28 желтоқсан 2018 жыл

Ендігі бір мәселе - сейсмикалық қатер. Оны анықтау жұмыстары сейсмикалық аудандастыру карталары жасалғаннан кейін жүргізілуі керек. Яғни сол карталардың негізінде қай жерде, қай елді мекен аумағында жік бар немесе топырақ ерекшеліктеріне байланысты сол жерде тұрған ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін нығайту жұмыстарының қажеттілігін анықтай аламыз.

Елді толғандырып жүрген үшінші мәселе – жер сілкінісін болжау. Біз үш кезеңді күшті жер сілкінісін болжау тәсілін ұсынып отырмыз. Болжаудың өзі үш сатыға бөлінеді. Ұзақ мерзімді – бес жылдан жеті жылға дейін, орта мерзімді – бір жылға дейін және қысқа мерзімді – сағаттық, тәуліктік. Осы үш мәселені бірдей шешу керек. Біз қазір 5-7 жылдық болжам картасын өзіндік дәрежеде жасай аламыз. Бұған қатысты ешкімнен кем емеспіз. Орта мерзімді, яғни бір жылдық сейсмикалық болжамды жасауға да қабілетіміз жетеді.

Қырғызстандағы таулы аймақ. Көрнекі сурет
Қырғызстандағы таулы аймақ. Көрнекі сурет

АЛМАТЫДА ЖЫЛЫНА 300-ДЕН АСА ЖЕР СІЛКІНІСІ ТІРКЕЛЕДІ

Азаттық: - Қазақстанда жер сілкінісі жиі болып тұрады. Олар туралы қандай зерттеу жүргізіп, болжам жасайсыздар?

Нұрсәрсен Өзбеков: – Жеті балдық жер сілкінісінен бастап ғимараттарға нұқсан келеді, адамдар зардап шеге бастайды. Сондықтан біз тек жеті балдық жер сілкінісінен бастап болжау жүргіземіз. Жылына екі мәрте жеті балдан жоғары жер сілкінісі бола ма деген сауал бойынша зерттеу жүргіземіз. Мысалы, 2018 жылы ешқандай жоғары деңгейлі жер сілкінісі болмайды деп болжағанбыз. Мұндай болжамды 1998 жылдан бері беріп келе жатырмыз.

Алматы қаласы
Алматы қаласы

Азаттық: - 2001 жылы жасалған аудандастыру картасы қазір қолданыста жоқ, жаңа стандартқа сай жасалған карта әлі бекітілмеген. Ал сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын Алматыда жаңа құрылыс нысандары салынып жатыр. Олардың жер сілкінісіне төтеп беру мәселесі қалай реттеледі?

Нұрсәрсен Өзбеков: - Алматы қаласына байланысты шағын аудандастыру картасы 2017 жылы жасалып біткен. Бірақ әлі бекітілген жоқ. Ал республика бойынша 2015 жылы жалпы аудандастыру картасы жасалған. Сол карта негізінде ереже бекітілген. Қазір сол бойынша реттеліп отыр.

Азаттық: - Қазақстанда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы арнайы заң жоқ. Сіздер қандай заңға сүйеніп әрекет етесіздер?

Нұрсәрсен Өзбеков: - Иә, арнайы заң жоқ. Бірақ ол мәселе басқа заң аясында қамтылған. Мәселен, бізде "Азаматтық қорғау туралы" заң бар. Онда төтенше жағдайларға байланысты болатын әртүрлі құбылыстар мен зиян келтіретін үрдістер қамтылған.

Азаттық: – Жеке заң керек пе?

Нұрсәрсен Өзбеков: - Керек, себебі сейсмикалық қауіпсіздік Қазақстан үшін өте көкейкесті мәселе. Өйткені Қазақстан аумағының 40 пайызы, оның ішінде өндірістік қуаты орналасқан аймақтың 60 пайызы, халық санының үштен бір бөлігі тұратын елді мекендер сілкініс қаупі жоғары аймақтарда жатыр. Сондықтан жеке заң қабылдана қалған жағдайда елдің, онан кейін сол елді мекендерде салынатын ғимараттардың қауіпсіздігін реттейтін заңның бірі болар еді. Екіншіден, сейсмикалық қатерді азайту, жер сілкінісін болжау, оған байланысты туындайтын мәселелерді, қажет болатын қаржыны, сейсмикалық қатер анықталған кездегі халық пен билік жүйесінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу үшін тиісті заң керек. Ал ондай жеке заң қабылдауға мүмкіндік болмаған жағдайда "Азаматтық қорғаныс туралы" заңды сондай баптармен толықтыруға болар еді.

Алматы маңы
Алматы маңы

Азаттық: - Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы заң қабылдау қажеттілігі жайлы өз тараптарыңыздан ұсыныс болды ма?

Нұрсәрсен Өзбеков: - 2018 жылдың басында депутаттар тобы сейсмологиялық институтқа келген кезде көтерген мәселеміздің бірі осы болды. Өздерінің ұсыныстарымен "Сейсмикалық қауіпсіздік туралы" заң жобасын жасап, тиісті мекемелерге бергенбіз. Болашақта шешімін табады деп ойлаймыз.

Азаттық: - Институт сейсмикалық қауіпсіздікті зерттеуге қажетті қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен толық жабдықталған ба?

Нұрсәрсен Өзбеков: - Институт негізінен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бірақ бізбен бірге тағы бір қосалқы мекеме бар. Ол сейсмологиялық тәжірибе-тәсіл экспедициясы деп аталады. Ауызекі тілде "сейсмологиялық экспедиция" деп атаймыз. Сол мекеменің Қазақстан бойынша 63 бекеті бар. Бұл республика деңгейінде жеткіліксіз. Тіпті кейбір сейсмикалық қауіпті аймақтарда бекет жоқтың қасы. Кей облыстарда бір-екіден ғана. Ол жер сілкінісінің алдын алу ғана емес, сілкініс болғаннан кейін оның күшін анықтауға қиындық тудырады. Мысалы, Қытай мен Жапонияны есептемегенде көрші Ресейдің Камчатка, Курьевск тәрізді аймақтарындағы бекеттердің орналасу тығыздығы бізден екі-үш есе жоғары. Жапонияда ондай бекеттердің саны үш мыңнан астам.

Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс Қазақстан облысы

"ЗАМАНАУИ ҚҰРЫЛҒЫНЫ МЕҢГЕРЕТІН МАМАН ЖОҚ"

Азаттық: - Сейсмикалық қауіпсіздік туралы арнайы заңның жоқтығы мен бекеттердің аздығынан басқа институт басшылығын толғандырып жүрген өзге қандай мәселе бар?

Нұрсәрсен Өзбеков: - Ең біріншісі - адами фактор, маман мәселесі. Үкімет жағынан қанша жерден көмектесіп, заманауи құрылғыларды алып бергенімен, оларды игеретін маман жоқ.

Азаттық: - Неге? Оқытпай ма, әлде жалақы мәселесіне байланысты жас мамандар келмей ме?

Нұрсәрсен Өзбеков: - Қазір жұмыс істеп жүргендер Алматыдағы ұлттық техника университетінің геофизика факультетін бітіргендер. Бұрын онда 75-80 шамасында орын бөлетін. Қазір 15-20 ғана орын береді. Бірақ ол мамандар нарықтағы сұранысы басым, бізбен салыстырғанда жалақысы жоғары мұнай мен газ секторына, пайдалы қазбаларды іздеу, оларды өндіру саласына кетіп қалады. Солардан аспайды. Қазір біздегі қызметкерлердің дені орта жастан асып кеткен адамдар. Жас маман жоқ.

Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG