Accessibility links

Әкелі-балалы шіркеуге барып, пастор істі болды


Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы Олег Бондаренко. Астана, 3 қазан 2017 жыл.
Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы Олег Бондаренко. Астана, 3 қазан 2017 жыл.

Ұлының құлшылығына қарсы әйел Жетінші күн адвентистері шіркеуінің басшысын Астана сотына тартты. Пастор "жас жігіттің шіркеуге келгенін білмегенін" айтады. Билік өкілі "шіркеу кәмелетке толмаған жасөспірімді кіргізбеу туралы бұйрық шығаруы тиіс еді" дейді.

Биылғы тамыздың 15-інде Астана тұрғыны Айжан Әбжанова қалалық дін істері басқармасына күйеуі Марат Әбжановтың үстінен шағым түсірген. Оның сөзінше, күйеуінің Жетінші күн адвентистері шіркеуіне барып жүргеніне жарты жылдай болған, ал шілденің соңында Марат Әбжанов анасының келісімінсіз кәмелетке толмаған ұлы Медетті де шіркеуге ертіп барған.

Әйелдің өзі шіркеуге барып көрмеген. Сотта ол шіркеуге барғаны туралы баласының өзінен естігенін, ал кейінірек – әлгі жайтты әкімдіктің дін істері басқармасы қызметкерлері тексере бастағаннан кейін ері де оны растағанын айтты.

Сотта Айжан Әбжанова наурыздан бері күйеуі "бір түрлі болып кеткенін, мінезі өзгеріп, үйде жиі ұрыс-керіс шыға бастағанын" әңгімеледі.

- Балам шіркеуге бір рет барғанын айтты. Ол жерде әндер айтқан, қысқасы, оқу үшін әлдебір кітап берген. Балама бұл ұнамаған. Олар бұған қоса, балаға әлдебір тоқаштар мен тәттілер берген, балама ұнамапты, - дейді Айжан Әбжанова.

"Балам шіркеуге бір рет барғанын айтты. Ол жерде әндер айтқан, қысқасы, оқу үшін әлдебір кітап берген. Балама бұл ұнамаған. Олар бұған қоса, балаға әлдебір тоқаштар мен тәттілер берген, балама ұнамапты".

Оның шағымы Астананың ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотына жетіп, Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы Олег Бондаренко жауапқа тартылды. Оны "ата-анасының біреуі қарсы болғанымен, кәмелетке толмаған баланы діни бірлестік қызметіне тартуға немесе қатыстыруға жол бермеу шарасын қарастырмағаны" үшін сотқа тартып жатыр. Пастор Бондаренко арыз берген әйелдің күйеуін де, баласын да танымайтынын, сотқа дейін оларды ешқашан көрмегенін айтады.

- Сіз неге бұлай қиыстырасыз, екеуіңіздің араларыңыздың суығанын жұбайыңыздың екі рет құлшылық етуге қатысқанынан деп ойлайсыз ба? Құлшылық етуге барғаны осындай ауыр зардаптарға ұласты деп неге ойлайсыз? Керісінше, бұл – шіркеу, ал ол өзін жайсыз сезінген соң мешітке немесе біздің шіркеуге келіп құлшылық еткен шығар. Біз әрдайым осы тұрғыдан қарастырамыз. Сіз мұны солай байланыстырыпсыз, әлдебір уайымыңыз бар екен, алайда оған біздің қатысымыз қанша? – деп мәлімдеді сотта Олег Бондаренко.

"Сіз неге бұлай қиыстырасыз, екеуіңіздің араларыңыздың суығанын жұбайыңыздың екі рет құлшылық етуге қатысқанынан деп ойлайсыз ба? Құлшылық етуге барғаны осындай ауыр зардаптарға ұласты деп неге ойлайсыз? Керісінше, бұл – шіркеу, ал ол өзін жайсыз сезінген соң мешітке немесе біздің шіркеуге келіп құлшылық еткен шығар".

Ол құлшылық етуге ниет білдірген кез-келген адамға, оның нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамастан шіркеу есігі әрдайым ашық екенін айтты.

Айжан Әбжанованың сөзінше, құлшылық етуге баруды қойғаннан кейін күйеуі "дұрысталып, бұрынғыдай болған". Марат Әбжановтың өзі сотқа келген жоқ. Әйелдің айтуынша, ол сотқа баратыны жайлы еріне айтпаған. Ол ері екеуі бірге тұратынын мойындағанымен, "бұл тақырыпты қозғамауға тырысамыз, өйткені мына жанжал бізді ажырастыра жаздады" дейді. "Мұның бәрі жаныма батады" деген уәжбен ол Азаттыққа қандай да бір жеке комментарий беруден бас тартты.

Айжан Әбжановамен бірге сотқа 15-16 жастағы жеткіншек көрінетін баласы Медет те қатысты. Тараптар қажеті жоқ деп ұйғарғандықтан сотта оны тергеген жоқ.

СОТТАҒЫ ДИАЛОГ

Судья Нұржан Қайырбек сотта дін істері басқармасы өкілінен "Пастор Бондаренко Медеттің құлшылыққа қатысуына оның анасының қарсы екенін білген бе? " деп сұрады.

- Ол кісі білуі тиіс пе, немесе одан баланың ата-анасы рұқсат сұрауы тиіс пе деген жайттар заңда жазылмаған, сондықтан мен [пастор Олег Бондаренконың көмекшісі әрі орынбасары] Тетерюк Андрейден "Әбжанов Медетті кіргізбеу туралы 21 тамыз күні бұйрық болып па еді?" деп сұрап, [заң бұзушылық] бар деп ұйғардым, - дейді дін істері басқармасының заңгері Алмазбек Мәмбетов.

Бұл уәжге судья "біреуді шіркеуге кіргізбеу үшін оның кіруіне әлдекімнің қарсы екенін білу керек" деп мәлімдеді.

- Меніңше, шіркеу балаларды кіргізген кезде олардың, ата-аналарының бұған келісімі бар я жоғын сұрауы қажет, - деп жауап берді оған.

Судья: "Баласы әкесімен бірге кірсе де "Анасының келісімі бар ма? " деп сұрауы тиіс пе еді?" деп нақтылады.

– Иә, келісімін жазбаша түрде бергені жөн. Қазірдің өзінде заңда ... – дейді Алмазбек Мәмбетов. Ол бұл өзінің "субъективті ұйғарымы" екенін және "ондай қарсылық болатыны қарастырылған нормативті-құқықтық актілер барын" айтады.

Адвокат Ерлан Ғазымжанов. Астана, 3 қазан 2017 жыл.
Адвокат Ерлан Ғазымжанов. Астана, 3 қазан 2017 жыл.

Адвокат Ерлан Ғазымжановтың сөзінше, құлшылық ету – дін істері басқармасының заңгері ойлағандай, діни қызмет емес. Оның айтуынша, істе заң бұзылды деп болжанған күн көрсетілмеген. Заңгер Алмазбек Мәмбетовтің хабарлауынша, шілденің 22-сі мен 29-сы күндері құлшылық ету жорасынан түсірілген видеолардан ол Әбжановтар отбасынан ешкімді көрмеген.

Өткен аптада судья Нұржан Қайырбек Марат Әбжановтың түсініктемесінен үзінді оқып берген. Оған сәйкес, Әбжанов шіркеуге әуестігі жеңіп бір-екі рет қана барған. Өзін мұсылман санайды, бірақ ислам шарттарын орындамайды. Бұған қоса, ол пастор Олег Бондаренкомен жеке таныстығы жоғын, шіркеуден христиан дінінің тарихы туралы кітап алғанын айтқан.

Жетінші күн адвентистері шіркеуі христиан дінінің протестант ағымына жатады. Олар Иса пайғамбар жуырда оралады деп сенеді, 10 өсиетті орындап, аптаның сенбісін айрықша құрметтейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG