Accessibility links

40 жыл бұрын соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай жүр


Ахмет Елібаев үйінде совет әскері қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқанын айтып отыр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.

Түркістан облысында тұратын Ахмет Елібаев совет әскері құрамында Ауғанстанда соғыста болғанын нақтылауды сұрап былтыр көктемде билікке жазған өтінішіне әлі жауап күтіп жүр. Соғысқа қатысқанын құжат жүзінде дәлелдей алса, азын-аулақ болсын жәрдемақыға ілінем бе деп үміттенеді. Қорғаныс бөлімі көрші елдегі әскери архивке сұрау салуға уәде береді.

«ОҚ АСТЫНДА КӨПІР КҮЗЕТТІМ»

59 жастағы Ахмет Елібаев Түркістан облысы Келес ауданы Түнетекетам ауылында тұрады. Ауыл шетіндегі саманнан соғылған, апатты жағдайдағы үш бөлмелі үйде әйелі, ұлы мен келіні және үш немересімен бірге тірлік кешіп жатыр.

Тұрмысы кедей отбасының иесі осыдан 40 жыл бұрын Совет одағы кезінде Ауғанстанда соғыста болғанын әлі күнге дәлелдей алмай жүргеніне шағынады.

Ахмет Елібаев үйінің алдында тұр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.
Ахмет Елібаев үйінің алдында тұр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.

- 1979 жылы қазанның 27-і күні совет армиясы қатарына шақырылдым. Біздің ауылдан Пердебай Шахабаев, Мұхтар Оралов үшеуміз бірге аттандық. Әуелі Шымкентке, сосын Ресей арқылы Украинаға жеттік. Ол жақта екі ай жаттығудан өттік. Бір күні тек мұсылман жігіттерді іріктеп алды. Мұхтар Оралов екеуміз «Ауғанстанға барасыңдар» деген бұйрық алдық, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Өзбекстанның Термез қаласына жеткен соң екеуін екі жаққа бөліп жіберген. Елібаев Ауғанстанмен шекара маңындағы жолды күзеткен әскери бөлімде көлік жүргізушісі болып қалған. Оралов басқа әскери бөлімде танк жүргізушісі болып қызмет атқарған.

Ахмет Елібаев Азаттық тілшісіне майланып, сарғайған беттері тозған, ішіндегі кей жазуы мен басылған мөрдің өңі кете бастаған әскери билетін көрсетті.

Ахмет Елібаев әскери билетін көрсетіп отыр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.
Ахмет Елібаев әскери билетін көрсетіп отыр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.

- Мына әскери билетімде 06901 дала поштасы әскери бөлімінде қызмет атқарғаным жазылған, - дейді ол.

Елібаев өзі болған әскери бөлімге Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы Әмудария өзені үстінен салынған көпірді күзету міндеті жүктелгенін айтады.

- Көпірдің үстінде жүру қауіпті еді. Қаңғыған оқ көп, қайдан атылатынын білмейсің. Кейде пышақ лақтыратын. Ұйқы, тыныштық жоқ. Жан-жағыңнан сәт сайын атыс пен жарылыс дауысы естіледі. Автоматты жанымыздан тастамаймыз. Дабыл соғылғанда әрқайсымыз орнымызға жетіп барамыз. Танкіден атқан кезде дауысынан екі құлағың тарс бітеліп қалады. Шаң көтерілгенде көзіңді аша алмайсың. Біздің әскери бөлімнің өзіне 5-6 рет рет шабуыл жасады, - дейді ол.

«АХМЕТПЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ ӘКЕМДІ КӨРГЕНДЕЙ ҚУАНДЫМ»

Ахмет Елібаевпен бірге әскер қатарына шақырылған Пердебай Шахабаев 1980 жылы қаңтар айында Елібаев пен Ораловты Украинадан Ауғанстанға шығарып салғанын, бірнеше айдан соң өзі де Ауғанстан аумағына өткенін айтады.

- 1980 жылы мамырдың басында Термез арқылы Ауғанстанға өттік. Әмудария көпірінен өткенде тексеру жүрді. Көпірді күзетіп тұрған жауынгерлерден «Шымкенттен келген жігіттер бар ма?» деп сұрадым. «Бар» деп Ахмет шыққанда әкемді көргендей қуандым. Екеуміз арқа-жарқа болып, жарты сағаттай әңгімелестік. Содан кейін колоннамен Кабулға кеттім. Ахметтің совет-ауған соғысына барғанын бүкіл ауыл біледі, - дейді ол.

Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Әмірбек Орынбеков 1981 жылы Термезден Кабул қаласына әскери көлікпен жүк тасыған кезде Ахмет Елібаевты Ауғанстан аумағында екі рет көргенін айтады.

Ахмет Елібаев (сол жақта) үйінде сыныптасы Әмірбек Өмірбековпен әңгімелесіп отыр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.
Ахмет Елібаев (сол жақта) үйінде сыныптасы Әмірбек Өмірбековпен әңгімелесіп отыр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.

- Жүк көлігіне жүргізушілер қайдан келгенін жазып қоятын еді. Мен «Шымкент» деп жазып қойғам. Шымкент облысынан (қазіргі Түркістан облысы – ред.) әскерге шақырылғандар көрсе қол көтеріп белгі беретін. Ахметпен шекарадағы көпірде екі рет кездестік, - дейді ол.

06901 ДАЛА ПОШТАСЫ ӘСКЕРИ БӨЛІМІ

Ахмет Елібаев Әмудария үстіндегі көпірді 1981 жылдың көктеміне дейін күзеткенін, кейін Ферғанадағы әскери бөлімде жарты жыл болып, әскери борышын толық өтеген соң елге қайтқанын айтады. Үйге оралған соң Келес аудандық әскери комиссариатына барып, тіркеуге тұрған.

Оның әскери билетіндегі соғыс қимылдарына қатысқаны туралы мәліметтер көрсетілетін бетте «қатыспаған» деп қолмен жазылған жазу бар.

Ахмет Елібаев совет әскері құрамында Ауғанстандағы соғысқа қатысқаны туралы айтып отыр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.
Ахмет Елібаев совет әскері құрамында Ауғанстандағы соғысқа қатысқаны туралы айтып отыр. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.

- Ол кезде аса мән берген жоқпын. Оқ ортасынан тірі шығып, елге келгеніме шүкір деп жүре бердік қой. Бірақ сол сөз кейін басыма таяқ болып тиді. Ауғанстан соғысына қатысқандардың тізіміне қосыңдар десем, әскери билетімді көреді де, «қатыспағансың» деп қайтарып жібереді. Тексеріңдер, көріңдер десем, анда бар, мұнда бар деп жұмсайды. 2002 жылдан бері соны дәлелдей алмай, әбден әуре-сарсаңға түстім, - дейді ол.

Әскерден оралған соң Ахмет Елібаев ауылда трактор айдаған. Үйленіп, төрт қыз, бір ұлдың әкесі атанған. Қыздарын ұзатып, келін түсіріп, немере сүйген.

2019 жылдың көктемінде Ахмет Елібаев совет билігі тұсында Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқанын тиісті орындардан анықтауды сұрап, Сарыағаш қаласының қорғаныс істері жөніндегі бірлескен бөліміне өтініш берген. Аудандық бөлімнің 2019 жылғы наурыздың 13-і күні жолдаған сауалына Ресей қорғаныс министрлігі орталық архивінен сол жылы шілденің 9-ы күні жіберілген жауапта «Сіздің Елібаев Ахмет Балғабайұлы жайлы сауалыңызға байланысты мынаны хабарлаймыз. 06901 дала поштасы әскери бөлімі 1980 жылғы тамыздың 18-інен 1983 жылғы мамырдың 25-іне дейін Ауғанстан аумағында соғыс қимылдарына қатысқан» деп жазылған. Ресей орталық әскери архиві 06901 дала поштасы әскери бөлімі туралы өзге құжаттар өзіне келіп түспегендіктен, ол туралы Өзбекстан қорғаныс министрлігінің орталық архивіне сұрау салуға кеңес берген.

Азаттық тілшісі Сарыағаш қаласының қорғаныс істері жөніндегі бірлескен бөлімінің басшысы Нұрдәулет Рахманбердиевтен Ахмет Елібаевтың өтінішіне жауап неге кешігіп жатқанын сұрады.

Ресей қорғаныс министрлігі орталық архивінің 9 шілде 2019 жылы Ахмет Елібаев туралы сауалға жолдаған жауабы.
Ресей қорғаныс министрлігі орталық архивінің 9 шілде 2019 жылы Ахмет Елібаев туралы сауалға жолдаған жауабы.

- Менің бұл қызметке тағайындалғаныма жеті ай ғана болды. Ахмет Елібаевтың өтініші жайлы хабарым жоқ. Егер шағымы болса бізге келсін. Ол кезде Орта Азия әскери округі орталығы Ташкентте болған. Қазақстаннан Ауғанстанға барғандардың тізімі Өзбекстан қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталады. Қолындағы бар құжатымен әскери борышын өтегенін анықтап беруін сұрап, Ташкентке хат жолдаймыз, - деп жауап берді бөлім басшысы.

Ахмет Елібаев әскери билетімен бірге жүретін әскери есеп картасын жоғалтып алғанына өкінеді. Ол болғанда әр есікке бір кіріп, қазіргідей қор болмайтын едім деп күрсінеді..

Ахмет Елібаевтың үйі. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.
Ахмет Елібаевтың үйі. Түркістан облысы, Келес ауданы, Түнетекетам ауылы. 11 ақпан 2020 жыл.

Әлі зейнет жасына жетпеген оның денсаулығы да сыр берген. Екі құлағы дұрыс естімей, қын қысымы көтеріліп, буындары қақсайтындықтан жүріп-тұруы қиындаған. Қазір еш жұмысқа жарамайды, табыс таппайды. Егер Ауғанстандағы соғысқа қатысқанын дәлелдей алса, аз да болса жәрдемақыға ілініп қалам ба деп үміттенеді

- Соғысқа қатысқаныңмен, заңды танылған мәртебең болмаса қараусыз, елеусіз қалады екенсің. Архивтерге өзім барып ізденейін десем жол жүруге қалта көтермейді. Денсаулығыңды, тұрмысыңды түзейін десең де қаражат жоқ. Уақыт болса өтіп барады. 40 жыл бұрын соғысқа қатысқанымды дәлелдей алмағандықтан өзге жұрт сияқты жеңілдіктерді де пайдалана алмадым, - дейді ол ренішін жасырмай.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG