Accessibility links

Шынберген Жауқаров: "Ауғанстандағы соғысқа сұранбасам да апарды"


Совет армиясы қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Шынберген Жауқаров.
Совет армиясы қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Шынберген Жауқаров.

Совет-ауған соғысына қатысқан қазақстандық билік "бұйрығына бағынғанын" айтады. Тарихшы соғысқа қатысқандар "империялық саясат құрбаны" болды дейді. Сарапшының пікірінше, қоғамда ол соғысқа советтік көзқарас әлі өзгермеген.

"ҚАЙДА БАРАТЫНЫМЫЗДЫ ЕСКЕРТПЕДІ"

Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылының тұрғыны Шынберген Жауқаров 1984 жылы 18 жасында совет армиясы қатарына міндетті әскери борышын өтеуге шақырылып, Ауғанстандағы соғыс ортасынан бір-ақ шыққанын айтады. Өз сөзінше, Өзбек ССР-і құрамындағы Қарақалпақстан АССР-індегі ауылда тұратын қарапайым отбасының жалғыз баласы жат елдегі соғысқа советтік МИ-24 әскери тікұшағының пулеметшісі болып қатысқан.

- 1979 жылы 8-сыныпта оқитынмын. Сол жылы ауылымыздан әскерге кетіп, Ауғанстанға түскен жас жігіттерден алғашқы қаралы хабар келді. Неге екенін білмеймін, сол кезде сыныптастарыма "Мен армияға Ауғанстанға барамын" деп айтқанымды кейін солар есіме салды. Бірақ мен ол соғысқа сұранған жоқпын, - дейді ол.

Шынберген Жауқаров өзі тәрізді әскерге жаңадан келген жастармен Ташкентте ұшаққа отырғызған кезде қайда бара жатқандарынан бейхабар болыпты. Тек Кабулда ұшақтан түскеннен кейін қайда тап болғандарын бір-ақ білген.

- Таңертең бізді сапқа тұрғызып қойып жан-жаққа бөлді. Казармаға қарама-қарсы мешіт бар екен. Содан азан даусы шығып жатты. Бір кезде әуеде қатар ұшып бара жатқан үш тікұшақтың бірі жарылып кетті. Бізде "Өлген жеріміз осы екен" деген бір ғана ой болды, - дейді ол.

Ауғанстандағы соғыста жоғалған совет сарбазы өзбекстандық Бахретдин Хакимов (шейх Абдулла) өзі жұмыс істейтін музейге қойылған советтік әскери тікұшақтың жанында тұр. Герат, Ауғанстан, 4 ақпан 2015 жыл.
Ауғанстандағы соғыста жоғалған совет сарбазы өзбекстандық Бахретдин Хакимов (шейх Абдулла) өзі жұмыс істейтін музейге қойылған советтік әскери тікұшақтың жанында тұр. Герат, Ауғанстан, 4 ақпан 2015 жыл.

Шынберген Жауқаровты МИ-24 әскери тікұшағына пулеметші етіп тағайындаған. Алғашқы әскери жорыққа Ауғанстанның Құндыз қаласынан аттанған, кейін Мазар-и-Шариф, Қандағар, Джалалабад тәрізді қалалардағы ұрыстарға қатысыпты. "Әр звенода төрт тікұшақтан болды, үш звенодан жорыққа шығатынбыз" деп еске алады.

- Әуеге көтерілген сайын аман-есен оралсақ екен деп тілейтінбіз. Жиырмаға да толмаған жас едік, - дейді ол.

Шынберген Жауқаровтың сөзінше, Ауғанстанға барғанда Құндыздағы әскери бөлімге онымен бірге түскен жетпіс сарбаздың 40-ы кейін оққа ұшқан. Азаттық тілшісімен әңгімеде ол күндіз үйінде әдеттегі шаруасын істеп жүрген қарапайым тұрғындар түн мезгілінде өздері басқыншы деп санайтын совет әскеріне қару кезеніп, өлтіріп кетуі ықтимал болғандықтан қас қарайған соң пулеметтің аузын ауылға қаратып құрғандарын айтып берді. "Әр совет жауынгерінің басына 1000 ауғани (Ауғанстан ақшасы – ред.) тіккен деп еститінбіз" дейді Шынберген Жауқаров.

Ауғанстаннан шыққан совет әскері СССР аумағына өтіп барады. Термез, Өзбекстан, 15 ақпан 1989 жыл.
Ауғанстаннан шыққан совет әскері СССР аумағына өтіп барады. Термез, Өзбекстан, 15 ақпан 1989 жыл.

Ол совет армиясы қатарындағы екі жылдық қызмет мерзімі біткен соң, 1986 жылы Ауғанстаннан Қарақалпақстандағы үйіне оралған, Ташкент институтында оқып, "инженер-техник" мамандығын алып шыққан. 1990 жылдардың ортасында Қазақстанның Ақмола облысына көшіп барған Шынберген трактор жүргізіп, дәнекерлеуші болған. Кейін Алматы облысына қоныстанған. Қазір әйелі, төрт баласы және немерелерімен бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Талғар қаласынан үй салуға жер сұрап кезекке тұрғанына он екі жыл болыпты.

Шынберген Жауқаров Ауғанстанға өз еркімен емес, совет өкіметінің бұйрығымен барғанын айтады.

"Біз тапсырманы орындаушы ғана болдық. Бізде басқа таңдау болмады" дейді ол.

"ИМПЕРИЯЛЫҚ САЯСАТ ҚҰРБАНДАРЫ"

Тарихшы Талас Омарбеков совет билігі өз азаматтарын Ауғанстандағы соғысқа жұмсап, "империялық саясаттың құрбаны етті" дейді. Оның айтуынша, Ауғанстанға әскер кіргізуге сол кезде СССР-ді басқарған коммунистік партия орталық комитетінің саяси бюросы мүдделі болғанымен, әскерилер қарсы болған.

- Олар (Ауғанстандағы соғысқа жіберілген совет әскерилері - ред.) империялық амбицияның құрбаны болды. Өйткені олардың санасына "интернационалдық борышты өтейсіңдер" деген түсінікті сіңіруге тырысты. Екіншіден, олар Ауғанстанға не үшін барғанын түсінбеді. Соғысқа барған сарбаздар кінәлі емес. Сол себепті де оларды "Кремль жүргізген империялық саясаттың құрбаны" деп атау керек, - дейді тарихшы.

Совет-ауған соғысының 25 жылдығына арналған жиынға қатысушылар. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.
Совет-ауған соғысының 25 жылдығына арналған жиынға қатысушылар. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.

Саяси сарапшы Дос Көшім Ауғанстандағы соғысқа Совет одағы тарамай тұрып "әділетсіз соғыс" деп баға берілгенімен бұрынғы көзқарас әлі өзгермей отырғанын айтады.

- 1991 жылы СССР халық депутаттарының алғашқы съезінде бұл соғысқа "әділетсіз соғыс" деген баға берілді. Яғни бұл Қазақстанның да бағасы болуы тиіс. Бірақ біз кейін ауған соғысына қатысушыларды мадақтап, ескерткіш қоя бастадық. Ауғанстандағы соғысқа қатысқаны үшін марапаттау, оларды патриот ретінде көрсету әлі сол қалпында. Өйткені билікте бұрынғы совет үкіметінен келе жатқан адамдар қалды да, ескі менталитет, сол идеологиямен отыр, - дейді ол.

Дос Көшімнің пікірінше, Ауғанстандағы соғысқа қатысқандарды ел үшін ерлік жасаған патриот ретінде емес, жат жердегі әділетсіз соғысқа қатысқан деп қабылдау керек.

- Ауған соғысына қатысушыларға Қазақстанда ескерткіш қоюдың өзі артық. Мысалы, өз еркімен Сирияға барып соғысқандарды он жылға соттаймыз. Ал биліктің бұйрығымен басқыншылық соғысқа қатысқандарды марапаттаймыз. Бұл жерде сен өз еркіңмен соғысқа барсаң қылмыс та, биліктің бұйрығымен барсаң дұрыс деген түсінік қалыптасады. Ал шындығында екеуінде де Қазақстанға қатысы жоқ бөтен елдегі соғысқа қатысты, - дейді Көшім.

Ауған жерінде қалған совет әскерінің қару-жарағы қойылған музейге келушілер. Герат, Ауғанстан, 15 ақпан 2019 жыл.
Ауған жерінде қалған совет әскерінің қару-жарағы қойылған музейге келушілер. Герат, Ауғанстан, 15 ақпан 2019 жыл.

Сарапшының пікірінше, өз Отанын шетелдік басқыншылардан қорғаған моджахедтерге советтік идеология тұрғысынан қарайтын ескі көзқарастан арылған дұрыс.

- Өйткені олар біздің жерімізге басып кірген жоқ. Керісінше, өз жерін, елін қорғады. Еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін соғысқа қатысты. Он жылға созылған соғыста Совет өкіметі жеңіске жете алмады, - дейді Дос Көшім.

Совет әскері 1979 жылы желтоқсанда Ауғанстанға басып кірді. Оларға қарсы соғысқан моджахедтерге батыс елдері қолдау білдірді. 1988 жылы сәуірде Женевада Ауғанстандағы жағдайды саяси жолмен реттеу туралы жасалған келісімнен соң, СССР мамырдың ортасынан бастап Ауғанстаннан әскери бөлімдерін әкете бастады. Соңғы совет әскери колоннасы 1989 жылы ақпанның 15-і күні Ауғанстаннан кетті. Ресми есеп бойынша, Ауғанстанда 14 мыңнан астам совет жауынгері қаза тапқан. Бұл соғысқа Қазақ ССР-інен апарылған 22 мың сарбаздың 924-і мерт болып, мыңнан астамы мүгедек болып оралған. 21 қазақстандық хабар-ошарсыз кеткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG