Accessibility links

Студенттерге мекенжай анықтамасы неге керек болды?


Мекенжай анықтамасын сұраған студент күрт көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Мекенжай анықтамасын сұраған студент күрт көбейді

Алматы қаласы Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына мекенжай анықтамасын алуға келген студенттер көбейген. Студенттер "бұл - университет тапсырмасы" десе, оқу орындары олардың айтқанын жоққа шығарады. Ал университет жанындағы студенттерге қызмет көрсету орталықтары мұны 9 маусымда өтетін президент сайлауымен байланыстырады.

«УНИВЕРСИТЕТ ТАПСЫРМАСЫ»

Cәуірдің 17-сі күні Алматы қаласы Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында ондаған студент кезек күтіп тұрды. Олардың көбі мекенжай анықтамасын алу үшін келген. Қолына бір жапырақ қағаз ұстап, орталықтан шығып бара жатқан студент Азаттық тілшісіне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитынын айтты.

- [Мекенжай анықтамасын] алдым. Кураторға апарым береміз. [Анықтаманы] сайлауға байланысты алдыртып жатқан шығар, - дейді ол.

Студенттердің көбі оқуыма кесірі тиіп кете ме деп аты-жөндерін айтқысы келмейді. Халыққа қызмет көрсету орталығынан шыққан бір топ студент «мекенжай анықтамасын алуды университет тапсырғанын» жеткізді.

- Деканат осы аптаның соңына дейін мекенжай анықтамасын өткізіңдер деді. Себебін түсіндірмеді. Топтағы он студент түгел келдік. Университеттегі басқа студенттер де келуі тиіс,- дейді олардың бірі.

Тағы бір мемлекеттік оқу орнының студенті Мұрат Бекмұхамед қызмет көрсету орталығында кезек көбін, мекенжай анықтамасын ала алмай қайтып бара жатқанын айтты. Оны да өзі оқитын университет жұмсаған. Бірақ мекенжай анықтамасы не үшін керек бола қалғанын білмейді.

- [Мекенжай анықтамасын] әкел деді, келдім, - деп қысқа қайырды ол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Ескендір Құралбаев та мекенжай анықтамасын алуға келгендердің бірі. Оның айтуынша, анықтаманы университет сұратып жатыр.

- Әуелі осы құжатты әкеліп тапсырыңдар, содан кейін әскери кафедраға арналған медициналық тексерістен өтесіңдер деп жатыр, - дейді ол.

Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Алмагүл Атагарованың сөзінше, 17 сәуірден бастап мекенжай анықтамасын сұраған студент көбейген. Ол университеттердің мекенжай қағазын не үшін сұратып жатқанын нақты білмейді.

«МЕКЕНЖАЙ АНЫҚТАМАСЫН ЖИНАМАЙМЫЗ»

Азаттық тілшілері сәуірдің 18-і күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барғанда ректорат ғимараты алдынан оқу орнының ректоры Ғалым Мұтановты кезіктіріп қалды. Ол Азаттық тілшілерімен сөйлесуге ықыласты болмады.

- Студентерді [Халыққа қызмет көрсету орталықтарына] жіберген жоқпыз. Университеттің қызмет көрсету орталығы тұр, басқа жаққа барудың қажеті жоқ, - деп жүре жауап берді ол.

Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов (ортада) Азаттық тілшісімен сөйлесіп тұр. Алматы, 18 сәуір 2019 жыл.
Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов (ортада) Азаттық тілшісімен сөйлесіп тұр. Алматы, 18 сәуір 2019 жыл.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің қызметкері Айкөркем Әділова «Деканат мекенжай анықтамасын жинамайды, өйткені университеттің өзінде студенттерге қызмет көрсету орталығы бар. Сонда барлық мәліметтер тұр» деді.

Азаттық тілшісі осыдан кейін ректор мен деканат қызметкері айтқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенттерге қызмет көрсету орталығының бастығы Сайран Баяндиновамен телефон арқылы сөйлесті. Ол ректор Ғалымқайыр Мұтановтың дұрыс айтқанын, студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

- Біздің орталыққа келіп жұмыс істейтін Медеу және Бостандық аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары соңғы екі аптада келмеді. Өйткені техникалық ақаулар болды. Мекенжай анықтамасын солар береді. Қазір сайлауға дайындық жүріп жатқандықтан Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында біздің студенттеріміздің көбейгені рас, - деді ол.

«САЙЛАУҒА СҰРАТҚАН»

Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Алмагүл Атагарова анықтама сұрап келіп жатқандар арасында Тұран университетінің студенттері де барын айтты. Азаттық тілшісі Тұран университетіне де хабарласып көрді. Тұран университетінің студенттерге қызмет көрсету орталығының басшысы Әдемі Құсайынова студенттерге қызмет көрсететін орталыққа Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары арнайы шақырумен ғана келетінін айтты. Оның сөзінше, сол кезде ғана студенттер университеттің қызмет көрсету орталығынан анықтама ала алады.

- Халыққа қызмет көрсету орталығының порталына өз бетімізбен кіре алмаймыз. Ондай фунцияны бізге де, басқа оқу орындарының қызмет көрсету орталықтарына да бермейді, - дейді ол.

Құсайынованың сөзінше, таяуда Қазақстан жоғары оқу орындарының қауымдастығы алдағы сайлауға байланысты арнайы хат жолдап, жоғары оқу орындары студенттерінің қайда тіркеуде тұрғаны жайлы ақпарат беруді сұраған.

- Сайлауға байланысты жан-жаққа ақпарат беріп жатырмыз. Студенттердің мекенжай анықтамасына жаппай алып жатқаны соның бірі болуы мүмкін. Бірақ өз студенттерімізді [халыққа қызмет көрсету орталығына] жібермедік. Жоғары оқу орындары қауымдастығының хатына өзіміздегі ақпаратпен жауап бердік, - дейді ол.

Құсайынова жоғары оқу орындары қауымдастығына нақты қандай ақпараттар жібергенін ашып айтпады.

Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкерлерінің сөзіне қарағанда орталықтан күніне үш мыңнан бес мыңға дейін студент мекенжай анықтамасын әкетеді. Олар мұны президент сайлауына байланысты болуы мүмкін деп болжайды.

Қазақстан статистика комитетінің есебінше, елде 540 мың студент бар. Қазақстандағы университет және колледж студенттері әлеуметтік желіде оқу орындары билік тарапынан ұйымдастырылған шараларға, әкімдіктің флешмобтарына еркінен тыс апаратынын айтып шағымданады. Мемлекеттік университеттің бірінде үш студент «Алматы турына» көрермен ретінде бармағаны үшін жатақханадан шығарылып, кейін басылымдар жазған соң қайта қабылданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG