Accessibility links

Швециядағы сайлауда оңшыл радикалдар көп дауыс жинады


"Швед демократтары" партиясының жетекшісі Йимми Окессон сайлау қорытындысын естіп қуанып тұр. Швеция, 9 қыркүйек 2018 жыл
"Швед демократтары" партиясының жетекшісі Йимми Окессон сайлау қорытындысын естіп қуанып тұр. Швеция, 9 қыркүйек 2018 жыл

Швециядағы парламенттік сайлауда миграциялық саясатты қатаңдатуды жақтайтын партия жеңіске жетті. Сайлаушылардың 17 пайыздан астам дауысын алған «Швед демократтары» партиясының бағдарламасында Еуроодақтан шығып, НАТО-мен байланыстан бас тарту туралы пунктер бар.

Екі саясаткер – Владимир Путин мен Эммануэль Макронның арасынан ол ешкімді таңдай алмады.

«Путин – диктатор деуге лайық адам. Макрон – еурофедералист, ол маған қымбат ұғым – ұлттық мемлекет идеясына қарсы шығады».

«Швед демократтары» (ШД) партиясының жетекшісі Йимми Окессон жақында берген телесұхбатында осылай мәлімдеді. ШД партиясы қыркүйектің 9-ы күні өткен парламенттік сайлауда жеңіске жетпесе де, дауыс беру нәтижесіне қарағанда, швед саясатының картасын қайта сызған сияқты.

Сайлау алды сауалнама бойынша, «түймедақтар» (ол ШД партиясының эмблемасы, бірақ гүлдің күлтесі ақ емес - ашық көк, швед туының көк-сары түсімен сәйкестендірген) сайлаушылардың 20% астам дауысын алуға үміттеніпті. Бірақ 17,6% дауыс жинады. Әйткенмен бұл бұрынғы сайлаумен салыстырғанда жетістік. Бұған дейін швед демократтарын 13% дауыс беруші қолдаған.

Йимми Окессон «біздің партия алдағы уақыттағы оқиғаның өрбуіне ықпал етеді» деп мәлімдеді, алайда бұрынғы партиялардың ешбірі «түймедақтармен» ынтымақтас болуды қаламаған еді.

Швециядағы сайлаудың алдын-ала қорытындысы (ағылшын тілінде):

ШД иммиграциямен күрес тақырыбына «қадалып қалған» тым популист оңшыл партия саналады. 30 жыл бұрын негізі қаланған партияның басында неонацистік топтарға қатысы бар адамдар тұрған, ал ШД бірінші қазынашысы Густав Экстрём жас кезінде Ваффен-СС-ке (20 ғасырдың 40-ші жылдары Германияда пайда болған әскери құрылым - ред.) қызмет еткен. Бұл партияның беделіне әлі күнге дейін нұқсан келтіреді.

2005 жылдан бері ШД басқарып келе жатқан Йимми Окессон партияға тартымды имидж әкелу үшін көп еңбек етті: «Швецияны швед «түймедағына» айналдырайық» деген сияқты ұрандардан бас тартты.

Әйткенмен шведтің Expressen газетінің мәлімдеуінше, көптеген партия белсенділері әлі күнге дейін нәсілшіл әрі антисемиттік пікірлер айтып қалады.

"Швед демократтары" партиясы мен оның жетекшісіне қарсы наразылық шарасы. Швеция, 7 қыркүйек 2018 жыл
"Швед демократтары" партиясы мен оның жетекшісіне қарсы наразылық шарасы. Швеция, 7 қыркүйек 2018 жыл

​Бір қызығы, Expressen дерегі бойынша, ШД мүшелері ондай пікірлерін ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің жабық топтарында білдіреді екен. Бірақ Еуропаның өзге популистік оңшыл партияларынан ерекшелігі ШД қазіргі басшылығы Кремльмен тығыз қарым-қатынас орнатқан емес.

Ондай байланысты өткен жылы «түймедақтардан» бөлінген радикалды «Швецияға балама» партиясы орнатқан. Олар атауын Кремльмен тығыз байланыс орнатқан «Германияға балама» (AFD) партиясына ұқсатып қойған.

«Швецияға балама» партиясының жетекшісі Густав Кассельстранд Ресейде болған. Кейбір деректер бойынша, Ресейдің бірқатар ұлтшыл ұйым өкілдерімен кездескен.

Қалай болғанда да, Еуроодақтан шығу туралы референдум өткізуді («Швекзид») және НАТО-мен бұдан әрі байланыс орнатудан бас тартуды қамтитын ШД бағдарламасы Мәскеудің сыртқы саяси ұстанымдарына сай келеді. Йимми Окессон мен оның партиясының басты тақырыбы – миграциялық саясатты күшейту.

Соның арқасында 2015 жылы миграциялық дағдарыс кезінде 163 мың босқынды қабылдаған (адам басына шаққанда ЕО үшін ең жоғары көрсеткіш) Швеция тұрғындары ШД партиясына дауыс берді. Қазіргі солшыл-орталықшыл билік кейін баспана беру ережесін қатайтты. Бірақ ШД ол шараны жеткіліксіз санайды – сайлаушылардың көбі онымен келіседі.

Сайлаудың ресми жеңімпаздары, швед саясатында көптеген жылдар бойы үстемдік еткен социал-демократтар жүз жылдан бері ең нашар нәтиже көрсетті - 28,4% дауыс жинады. Солшыл партиямен және «жасылдармен» бірге олар солшыл-орталықшыл блокты құрайды, оларды сайлаушылардың 40,3% қолдады.

Бірқалыпты коалициялық партия басқаратын оңшыл-орталықшыл топ та соған жуық дауыс алды. Екеуі де ШД-мен ынтымақтас болуды қаламайтындықтан, Швецияның жаңа үкіметінде кімдер болатыны белгісіз. Қазіргі социал-демократиялық премьер Стефан Левен әзірше отставкаға кетуге өтініш бермеді. Ол қалыпты оңшылдармен «блок аралық ынтымақтастық» туралы келіссөз жүргізбек.

Швецияның премьер-министрі Стефан Лёвен. 9 қыркүйек 2018 жыл
Швецияның премьер-министрі Стефан Лёвен. 9 қыркүйек 2018 жыл

БАҚЫЛАУШЫ ПІКІРІ

Ресейлік журналист, Азаттықтың Уфадағы тілшісі Артур Асафьев Швециядағы сайлауға шетелдік бақылаушы ретінде қатысты. Ол өзінің алған әсерімен бөлісті.

Артур Асафьев: Швед сайлауын бақылай отырып (12 бөлімшесінде болдым), Башқұртстан мемлекеттік жиынына сайлау өткізген Уфадағы жағдайды да бақылай отырдым. Алаяқтық, бақылаушыларға қысым жасау туралы хабарламалар көп түсті. Швециядағы жағдай мүлдем басқа. Әрине, интрига бар: кім жеңеді, кім кіммен бірігіп келесі үкіметті құрады дегендей. Швед саясаткерлері бір нәрсеге келіседі: саяси конфигурация өзгерді. Ескі, дәстүрлі партиялар сайлаушыларды жоғалтып, жаңалары күшейіп жатыр. Оң жақта да, сол жақта да сондай үрдіс бар.

Саяси конфигурация өзгерді. Ескі, дәстүрлі партиялар сайлаушыларды жоғалтып, жаңалары күшейіп жатыр

Азаттық: Екі блоктың да «Швед демократтарымен» ынтымақтас болудан бас тартуын немен түсіндіресіз?

Артур Асафьев: Оларды көпшілік ұнатпайды. Бірақ бәріне салыстырмалы түрде қарау керек. Жақында ШД-дан әсіре оңшыл топ бөлінді, олар «Швецияға балама» тобын құрды. Жарты миллион иммигрантты күштеп депортация жасайық деген ұран тастайды. Митинг кезінде олар әуежайдағы хабарлама сияқты рәсімделген арандатушылық роликтер көрсетеді: "мынандай елден келген мигранттар ұшаққа отырсын да, ешқашанда Швецияға оралмасын" дейді. Стокгольмде жұма күні сондай митингінің біреуін көрдім. Ол жерде фашизмге қарсы және радикал солшыл топтар келіп, қарсы шықты. Бірақ полиция қалқан жасап, екі жақты төбелестірмеді.

Қарай отырыңыз: Стокгольмдегі антифашистер мен радикал солшылдар арасындағы қақтығыс

Азаттық: - Бірақ «Швецияға балама» парламентке өткен жоқ қой?

Артур Асафьев: - Жоқ. Бірақ оның фонында «Швед демократтары» біршама сүйкімді көрінеді.

Азаттық: Швециядағы сайлау процесінен не түйдіңіз?

Артур Асафьев: - Біріншіден, азаматтар сайлау жүйесіне толық сенеді. Ресейден өзгешеленетін процедуралық сәттері бар. Мысалы, соңғы күнге дейін үгіт жасауға болады. Бөлімшелер алдында партия өкілдері тұрады, сайлаушыларға өз партиясының тізімі бар бюллетенді алуды ұсынады. Байқағаным, олай істейтін сайлаушылар аз, көбі бөлімшеге кіріп алады. Сайлау комиссиясы өте ашық әрі сыпайы, ештеңе жасырмайды, суретке түсіруге рұқсат етеді, дауысты санау сәтін видеоға түсіріп алсаңыз болады, тіпті әлеуметтік желіден тікелей трансляция жасаймын десеңіз де еркіңіз.

Өткен аптада Мәскеу «жалған бақылаушылар» жіберуі мүмкін деген сыбыс шықты

Азаттық: - Батыста қазір өзге елдердегі сайлауға Ресейдің араласуы туралы көп айтып жатыр. Швецияда ондай мәселе көтерілмеді ме?

Артур Асафьев: Өткен аптада Мәскеу «жалған бақылаушылар» жіберуі мүмкін деген сыбыс шықты. Олардың қандай рөл атқаруы мүмкін екенін түсінбедім. Қалай болғанда да, басында комиссия мүшелері орыс сөзін естігенде сақтықпен қарады. Кейін одан арылды. «Жалған бақылаушыларды» көрмедім, дауыс беретін күні олар туралы ештеңе айтылмады.

Швециядағы сайлауға шетелдік бақылаушы ретінде қатысқан журналист Артур Асафьев өз ойын осылайша тұжырымдайды.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы аударылып басылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG