Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.
Байбектің "Барахолкадағы" жер дауына қандай байланысы бар?
Алматының "Рахат" базарында 250-дей кәсіпкер наразылыққа шықты. Олар әкімдік базарды бұзып, жерін жиһаз фабрикасын салу үшін басқа компанияға берді деп айыптайды. Қаулыға бұрынғы әкім, қазір "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қол қойған. Ең қызығы, сол компанияға иелік еткен адам оның әкесі Қыдырғали Байбекпен серіктес болған.
"Екі түрлі" Жаңатас. Моноқаланың тыныс-тіршілігі
Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласы Тараздан батысқа қарай 170 километр жерде орналасқан. Қала деген аты болмаса, халқы 20 мыңнан сәл асады. Кезінде қаланың негізгі тіршілік көзі болған фосфорит зауытында істеген қарт кісілер болмаса, жұрттың көбі басқа жаққа көшіп кеткен.
19 ақпанда көппәтерлі тұрғын үйде бес бірдей бүлдіршін қыршын кеткен қайғылы оқиғадан соң көпшілік Жаңатас деген қаланы қайта есіне түсірді. 1990 жылдары тоқыраудың символына айналып, терезелері апандай үңірейген тұрғын үйлер қаңырап бос қалған моноқаладағы әлеуметтік толқулар бәсеңдеген соң бар мәселесі шешілгендей көрінген. Азаттық тілшісі қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Мақаланың толық нұсқасын оқи отырыңыз.
"Күйеу бала" Құлыбаевтың иелігіне ұлттық университет жері қалай өтті?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жерінің бір бөлігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың иелігіне өткен. Ол жерде құрылыс басталып, бизнес орталық салынбақ. Азаттық даулы жерге тағы барып қайтты.
Журналист Джоанна Лиллис: Батыс аудиториясы Қазақстанға аса қызыға бермейді
Британ журналисі Джоанна Лиллис 2005 жылы Қазақстанға келіп, 16 жыл бойы ел жаңалықтарын әлем оқырманына жеткізіп келеді. Мақалалары британиялық The Economist, The Guardian басылымдары мен америкалық Eurasianet сайтында жарық көріп тұрады.
Үш жыл бұрын ол "Қара көлеңке: Қазақстанның құпия әлемінің ішінде" деген кітабы жариялады.
Джоанна Лиллис: Шынымды айтсам, батыс аудиториясы Қазақстанға аса қызыға бермейді. Олардың қызығушылығын ояту үшін үнемі халықаралық ақпарат құралдарының назарын аударатын көкейкесті тақырыптар іздеуге тура келеді. 2001 жылы Нью-Йоркте жасалған терактіден кейін Орталық Азия өңіріне қызығушылық артты. Одан кейін Ауғанстанда соғыс басталды, АҚШ Тәжікстан мен Қырғызстанға әскери базасын әкелді, басқа да көп маңызды оқиға болды.
Сұхбаттың толық нұсқасына өтіңіз.
Равшан Золотой, Дикий Арман және өзбек қылмыс әлеміндегі дау
Өзбекстанның белгілі криминалдық авторитеті әлеуметтік желіде әлемдегі ең ірі наркобарондардың бірі саналатын, халықаралық әуесқой бокс федерациясының басшысымен туыстық жауластығы туралы айтып берді. Дау арасында қазақстандық криминалдық авторитет Арман Жұмагелдиевтің де аты аталады. Жұмагелдиев Қазақстанда "Дикий Арман" деген лақап атымен танымал. Мақаланың толық нұсқасын оқи отырыңыз.
Отырар өркениетінің күйреуіне Шыңғыс ханнан гөрі климат көбірек әсер етті. Марк Маклинмен сұхбат
Бір топ шетелдік ғалым Отырар оазисінде геологиялық зерттеу жүргізіп, өзен бойында орналасқан өркениеттердің түбегейлі жойылып кетуіне моңғол шапқыншылығынан гөрі климат көбірек әсер еткен дейді. Мамандар аймақтағы ескі су каналдарын зерттеп, олардың қараусыз қалуы шапқыншылық жылдарымен емес, құрғақшылық кезеңімен сәйкес келеді деген қорытындыға келген. Азаттық зерттеу авторларының бірі – Англиядағы Линкольн университетінің профессоры Марк Маклинмен сөйлесіп, зерттеудің егжей-тегжейін сұрады. Сұхбатты мына жерден таба аласыз.
"ARTиШОК" қойған "Гамлет": Шекспир шығармасы мен Қазақстандағы шынайы өмір ұқсастығы
Қазақстанда қазіргі заманғы сипатқа ие болған "Гамлетте" кейіпкерлер қолына сымсыз телефон ұстап жүреді, биліктің маңайындағы "көкелер" көрсетіліп, Нұрсұлтан Назарбаев жақсы көретін "Весна на Заречной улице" әні шырқалады. Қойылымның әр сәті көрерменге өз елінде болып жатқан оқиғаларды еске салады.
Шекспирдің қаламынан туған шығармада қарт патша, "Гамлеттің" әкесі дүние салып, таққа оның ағасы Клавдий отырады. Ол жақында ғана жесір қалған Гертруда патшайымға үйленеді. Жұрт жаңа патшаны қуана қарсы алып, оның портретін көтеріп, билеп, көңіл көтереді. Мерекелік отшашуға оранған бұл көрініс сахнада Ақорданың макеті болмағанымен, көрерменге нені меңзегенін ұқтырғандай әсер қалдырады. Бірақ шығармадағы оқиға әрине, Данияның Эльсинорында өрбиді. Айтпақшы қойылымның бір тұсында патшалықтағы жаңалықтарды оқыған диктор "Эльсинорда билік рұқсат етпеген митингілер басталды" деп хабарлайды.
Мақаланы оқи отырыңыздар.
ПІКІРЛЕР