Accessibility links

Мен ұйықтап жатқанда


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Экранда сол баяғы беттер, сол жыртақай шоу-думан... Кемел орысша, кекеш қазақша... Әншінің бәрі - жүргізуші, қалғанының бәрі...- әнші...

Соншалық анық... Тура өңімдегідей ап-айқын - түсімде... алдыңғы дағдарыс кезінде жүйкем тозып, қатты торыққаннан... кенет қатты ұйықтап кетіппін... Және сол түсімде - оянған кезде, қарасам, былығып, келесі дағдарысқа кіріп жатыр екенбіз... Әңгіменің бәрі теңге, мұнай, Украина, Сирия төңірегінде. Ал, жалпы, дүние орнында сияқты... Обама - орнында, Путин - орнында... Бізде де... бәрі - орнында... Арада табаны күректей сегіз жыл мүлде өтпегендей... Мен ұйқыға кетерде сайланған (әлде тағайындалған) парламент, мен қалың ұйқыда жатқанда, өзін өзі таратып жіберіпті... Ояна салып, ескі әдетпен, теледидарды қосқанымда, кейінгі сайланған (әлде тағайындалған) депутаттар да мерзімі бітпей, "біз тараймыз!" деп жатыр екен... Соған қарағанда, дүние, шынында да, әлі орнында...

Теледидар демекші, оның да мазмұны сол баяғыша - дамып жатырмыз... өлшеп берген пәлен қадамды қалдырмай санап, қарыштап келеміз... Басқа арналарды қараймын. Сол баяғы - ұрып кетті, соғып кетті, өрт алды, су басты, асылып қалды, секіріп өлді, жеп қойды, ішіп қойды, ұрлады, тонады, анаған сот, мынаған сот... Экранда сол баяғы беттер, сол жыртақай шоу-думан... Кемел орысша, кекеш қазақша... Әншінің бәрі - жүргізуші, қалғанының бәрі...- әнші... Құдай-ау, ештеңе өзгермеген!.. Мен екі президенттік сайлау мерзіміндей әлгі...летаргиялық ұйқыдан сәтімен оянған кезде, "осы, мен өмірден оңбай артта қалдым-ау" деп, орнымнан қайғырып тұрғам. Қайғыратын түк те жоқ екен!.. Дүние бәз қалпында! Тек мен сынайтын, мен жазатын нәрсе жойдасыз көбейіп кетіпті. Мен бұған, әрине, қуана қойған жоқпын... Бірақ, жасырып қайтем, біздің өмір, біздің заман, біздің мінез - кәсіби сатирикке таусылмас азық, сарқылмас кеніш екен ғой, бұйырса...деп, ішімнен шүкіршілік айтқаным да рас... Жалғыз-ақ, жаныма батқаны - мен ұйқыға кетерде, екінші сыныпта оқып жүрген ұлым, қалт-құлт етіп, әлі сол бастауыш сыныптарда батпақтап жүр екен!.. Мұрты тебіндеп қалған сойталдай немеге:

- Бұл не қылғаның... Бұл не сұмдық?!. - дедім.

- Оқулық көп... Оның үстіне, түсініксіз. Түсіндіретін сен...ұйықтап қалдың, - деп, ұлды қорғаштап, сол арада, сөзге әйелім араласты. - Мектепте - мұғалім, үйде - сен оқытып, екінші сыныпқа әрең жетіп едіңдер ғой, есіңде ме?..

Әрине, есімде... Есімде болғасын ғой, басы салбырап алдымда отырған бозбала жігітке ұрса да алмадым. Не деп ұрсам?.. Бұл байғұста не кінә?.. Біздегі оқу жүйесі, менің пайымымша, вундеркиндтерге арналған... Мұны ары қарай оқытуға енді менің де білімім жете қоймас...

Телевизордағы үгіт. Гузел Гарипова
Телевизордағы үгіт. Гузел Гарипова

Көңіліме және бір жайсыз тиген нәрсе - үй іші жүдеу көрінді. Жүдеу болмай қайтсін, асыраушылары өлген адамша пәлен жыл ұйықтап жатса... Жиһаздар тозған. Еден, қабырғалардың бояуы көшіп, түсқағазы жалбырап, есік-терезесі жөндеу тілеп, сықырлап-шиқылдап әрең тұр... Жә, бір мәнісі болар. Мен...бас бармағымды қайқитып тұрып көрсетейін - мынау деген сатирикпін!.. Мен ертең, баяғыша, бұрқыратып жазып, жан-жаққа топырлатып лақтыра бастағанда, басылымдар қағып алып үлгермей, қапылады әлі! Әлгі...тендердің қаймағын сыпырып байығандардай жырғап кетпесем де, бір үйдің шаруасын дөңгелентіп жіберер тиын-тебенді ойнап жүріп табатынымды айтып, әйелді көңілдендіріп қойдым. Мен алаңсыз ұйықтап жатқан сегіз жылда, қартаймаса да, шырайы әжептәуір оңып қалған әйелім, шынымен-ақ, көңілі көтеріліп:

- Әрине, жазасың ғой, жазғанда қандай!..- деді, мені көтермелеп. - Бірақ...сен енді сатира жазбай-ақ қойшы...

- Неге?!. - дедім, шоқ басқандай болып. Даусым да қаттырақ шығып кетті.

- Сатира...- кешірші...күні өткен жанр ғой...

Сегіз жылдан бері жаңа көріп отырған әйеліммен, ояна салып, ұрсыса кетуді ыңғайсыз көріп, өзімді сабырға шақырып:

- Неге олай ойлайсың?..- деп сұрадым, барынша байыпты үнмен.

- Енді... сен сынайтын ештеңе қалған жоқ... Шын айтам!.. Қазір әріптестерің кәсібін өзгертіп, мадақ жазуға көшкен. Табысы да жақсы, жүйкең де тыныш... Сен де...сондай бірдеңе жазшы!..

- Ей, әйел, - дедім мен, енді шамдана бастап. - Көріп, естіп отырмын - көкте де мадақ, жерде де мадақ... Бірақ кім айтты саған сатираның күні өтті деп?! Сонда менің, оянғалы бері, интернеттен оқыған, теледидардан көрген жаңалықтарымның бәрі өтірік пе, сеніңше?.. Тіпті, қай кемшілікті теріп, қай сорақылыққа шүйілеріңді білмейсің...

Ғалым Смағұлұлы салған карикатура
Ғалым Смағұлұлы салған карикатура

- Жо-жоқ, бәрі рас!.. Бірақ оған қазір кім мән береді... Өзің ойлашы, біреу үстіне жыртық-жамау шоқпыт киіп, көшеге шықса, және онысын...сән деп білсе, ал басқалар әлгінің әр жыртықтан жылт-жылт етіп көрінген жалаңаш мүшелерін түгендеп, мадақ айтып, соңында шұбырып жүрсе... кімді, нені әшкерелеп абырой таппақсың, жаным-ау?!.

- Жә, жетер... Тоқтат!..- дедім, бұдан әрі шыдай алмай. - Жыртықтың - жыртық екенін және оның ешқандай да сән емес екенін мен көрсетемін оларға!..

Соны айтып, теледидардан көрген, интернеттен сүзген деректерімді пайдалана отырып, жаннан асқан алаяқ, жалмауыз, жемқор кейіпкерімнің атын атап, түсін түстеп отырып, сарказмы сары аяздай шаққан, мысқылы кісі буындырып өлтірердей фельетон жазып... бусанып, көшеге шықтым... Көп ештеңе өзгермеген. Тек Алматыда ағаш сирепті, зәулім әйнек үйлер көбейіпті... Қызметтестерімнің бәрін таныдым. Жігіттердің біразының сақал-шашына ақ кіріп, келіншектердің жүзін аздап әжім шиырлай бастағаны болмаса, шырайлары баяғыша... Ең қызығы - сегіз жыл...табаны күректей сегіз жыл ұйықтап тұрғанымнан ешқайсысы xабарсыз!.. Мені көргенде:

- Сайтанбысың, немене, барған сайын жасарып барасың! - десті, бар болғаны.

Енді біреулері:

- Көрінбей кеттің ғой, тұмау-сымаудан аманбысың, әйтеуір?..- деп сұрады...

Баяғы бастығым да орнында болып шықты... Не өспеген, не түспеген. Тек қатты семіріпті. Менің бұрынғы сатиралық шығармаларымда бейнеленген бастықтар сияқты, шеңбірек атқан қарны - үстелге, өзі - қарнына мініп алып, екі иінінен демалып, ырсылдап әрең отыр. Мені:

- Ау, шырағым,қайда жүрсің?.. Осы апта бойы сені көрмеген сияқтымыз ғой...- деп, жазғыра сөйлеп қарсы алды.

Мен жайымды айттым. Осы уақытқа дейін әлгі...летаргиялық ұйқыда жатқанымды, сегіз жылдан бері редакцияға алғаш рет бас сұғып отырғанымды баяндай келіп, ренішімді де жасырмадым:

- Жоғалған ине құрлы болмадым ба, басеке?.. Осынша жылдың ішінде бір іздесеңіздер етті!.. Тым құрса, үйге телефон соғып, жағдайымды да сұрамапсыздар...

"Тендер". Аңсаған Мұстафаның карикатурасы.
"Тендер". Аңсаған Мұстафаның карикатурасы.

Бастық, онсыз да, ылғи ұйқы тығылып тұратын қысық көзі жұмыла, мүлгіп отырып:

- Сегіз...жыл деймісің... Ымм-м... Аз уақыт емес...- деді. - Тоқтай тұр, біз сені, осы, қысқартып жіберген жоқ па екенбіз...

Хатшысына тиісті қағаздарды алдырып, бұғағы салбырап, ырс-ырс етіп отырып, қарап шықты. Орнымда екенмін. Баяғы сол "штаттағы сатирик" деген қызметтемін...

- Құдай-ау, мұндай қызмет бізде әлі бар ма еді?!. - деп, бастық таң қалды.

Оның ырсылдап отырып, бұдан кейінгі айтқан әңгімесінен ұққаным - мен ұйықтап жатқанда сатира дейтін жанр, шынымен-ақ өліп қалыпты. Бейшараның бұрын да жетісіп тұрғаны шамалы еді, енді азу тісі мүлде қағылып, ары кетсе, жеңіл әзіл, бұралқы оспақты ғана талғажау етер деңгейге түсіпті. Қазір тек көңілді әндер, қытықтап күлдіретін сықақсымал дүниелер ғана өтімді көрінеді. Қазір трендте - мақтау-мадақ, ода сықпытты өлең, қара сөз, басқа сөз... Ал енді үлкен жиындарда, теледидарда айтылатын мадақтар алтынмен бағаланады екен!.. (Мәссаған!) Жағдай осылай болған соң, енді тек қағытпа, шымшыма сияқты зілсіз, бейбіт шаруаларды айналдырып жатыппыз... Бұрын күнде шу - басымыздан қиқу кетпеуші еді. Қазір жұмыс жеңіл, жүйке тыныш - бастық семірмегенде, кім семіреді!..

- Сені штаттағы шымшымашы етіп, қайта бекітемін, - деді бастық, ақыры. - Жұмысыңа бүгіннен бастап кірісе бер...

Мен алғашқы материалым дайын екенін айтқанымда, бастық тағы бір есінеп алып:

- Онда ана... шымшыма, не езу тартар бөліміне тапсырарсың. Газет ертең шығады, - деді.

Газет ертесіне шықты... Бастық шақырды. Буы бұрқырап, сатиралық пафосы бет шарпып тұрған шедеврімді аузын кере есінеп қойып, сүлесоқ оқып отыр екен.

- Немене жазғансың өзің?..- деді, ұйқылы көзімен маған бажырая қарап.

- Сатира ғой, басеке-ау... Сатира!..

- Ойбай-ау, мұны кім оқиды?.. Мен кеше ғана саған жағдайды түсіндірген сияқты едім ғой!.. - деп, жойдасыз семіздіктен демі алқымына тығылып, әрең отырған бас редактор, ентіге ырсылдап, жазғыра жөнелді. - Баяғы сол...бітпейтін коррупция!.. Айналайын-ау, аспаннан түскенсің бе?!.. Кім жемей, кім ішпей жатыр... Соны да сөз деп!.. Өмір ғой бұл, өмір!..Кітап емес, кино емес... Кімге керек сенің...сатирасымағың! Болмашы нәрсе үшін аймаңдай азаматты сонша масқаралап...Бұл не сұмдық!..

Бұл әңгіменің соңы қатаң сөгіске айналатын түрі бар. Ар жағы белгілі ғой...

Соның алдын алып:

- Басеке, сатираны, ақыры, ешкім оқымайды екен...- әлгі... аймаңдай азаматтың масқара болғанын кім біліп жатыр?..- деп едім:

- Кім оқиды дерің бар ма... Әлдеқалай... соның өзі оқып қалса, қайтпекпін?! - деді бастық. - Ол кісіге не бетімді айтпақпын, сосын?.. Ұят болды, масқара болды!..

Сол кезде кабинеттегі телефон бебеулеп қоя берді. Трубканы алған бастық бір қызарып, бір қуарды.

- А...А, сіз бе едіңіз... Бізден бір ағаттық кетті... Сіз - еліміздің аймаңдай... біртуар... Кешіріңіз!.. А?.. Ол... дәл осы қазір алдымда отыр... Шара қолданбақпын... А?.. Ж-жарайды...

Бастық кенет, түкке түсінбегендей, аңтарылып сәл отырды да, телефонды маған ұстата салды.

- Оқыдым...- деді трубкадағы дауыс. - Мен туралы жазыпсың. Саған раxмет айтайын деп едім...

- Не үшін?.. - дедім, таңырқап. - Мен сізді мақтай қоймаған сияқты едім...

- Мейлі ғой, - деді кейіпкерім, - өзің сияқты танымал жігіттер, мақтаса да, қарғап-сілеп, боқтаса да, атымызды бір атаса екен дейміз. Бұл қазір жақсы ырымға баланады... Әркімдерден жалынып сұраймыз, тапсырыс беріп жаздырамыз. Оған және қыруар ақша төлейміз! Көрдің бе?.. Так што, мен саған қарыздармын, айналайын!.. Маған баспасөз xатшысы боп келесің бе?.. Айлығы - осынша... Ха-xа-xа...

Түсінікті... Әйелім де рас айтыпты, бастықтың сөзі де - дұрыс... Кейіпкерімнің мазақ күлкісі жаңғырып тұрған трубканы иесіне ұстаттым да, орнымнан тұрып, шығып жүре бердім.

Үйге қайтып келе жатып, ойландым... Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын да... Жанқалтаның тесігінен түсіп қалған бес тиындық бақыр құсап, уақыт ағынынан шығып қалған қиын екен. Осынша ұйықтаймын деп, өзінің ешбір кемшілік, ешбір мініне селт етпейтін, соны әшкере, әжуа қылдым деп мәз болған саған, кез келген алаяқ, ең абыройсыз жемқор, қылмыскер мазақтап күлетін елде ояныппын... Әлде ешбір олқы-кемісі жоқ пейіш заманға тап келдім бе... Айтып жатыр ғой, әне, мадақшылар - қазақ мұндай бақытты бастан кешіп көрмеген деп... Әйтеуір, мына өмірден бұрынғы өз орнымды таппай, адастым да қалдым... Бірақ өмір дегеніңіз - диірменнің тасындай дөңгелеп, айналып соғып отыратын кезек дүниеден тұрмай ма?.. Кім біледі, енді бір айналғанда, мені ескі жұртқа тастап, алға озып кеткен қайран дүние қайырылып, алдыма және бір келер... Батқан күнім таң боп атып, қайта оралар... Төсегіме жетіп, қалғып бара жатып та, осыны ойладым. Әлсіз үмітім, бірте-бірте, нық сенімге айналды... Анық - менің күнім туады әлі!.. Мен - мінінің бәрі жетістік деп танылып, кенеусіз мадаққа тақырып болған бұл бітеу дүниеден...әлі талай кемшілік табам... Бойында атын атап тұрып сынауға, күлуге болатын кеміс-кетігі бар,...жаны бар, бет-бейнесі ашық заманға да жетерміз бір!.. Кім екенімді сонда көрсетермін!..

...Оған дейін, сірә, тағы бір...бес-он жыл ұйықтап алған жөн шығар... деп ойладым, сосын, түсімде қайта ұйықтап бара жатып...

Ескерту: Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG