Accessibility links

Украинада соғыс басталғалы орыс тіліне көзқарас қалай өзгерді?


Украин тілі курсы.
Украин тілі курсы.

Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украина тарихында орыс тілінен дәл бұлай жылдам бас тарту бұрын-соңды болмаған. Ресейдің Украина мәдениетін жойып, ел ішіне іріткі салуға талпынысы бұл процесті одан әрі жеделдетті.

Кремльге дрон тигеннен кейін Украина астанасына қарсы әуе шабуылы үдеді. Ресей бұған Киевті кінәлаған. Ирина, Светлана мен Оля соғысқа байланысты әр жерде өтіп жүрген украин тілі сабағын Ұлттық опера ғимаратына қарама-қарсы асханада өткізді.

Ресей оккупациясын көрген Севастополь, Энергодар мен Донецкіден келген үш әйел ондаған студентке 90 минут бойы сабақ берді. Студенттердің көбі Украинаның басқа қалаларынан келген. Арасында орыс тілінің боданынан құтылып, украин тілін жетілдіргісі келетін әйелдер де бар.

Иринаның ұлы Украина әскерінің қатарында соғысып жүр. Ол туған жері Қырымнан кетуге мәжбүр болған.

– Украинаны атқылап жатқан Қара теңіз флотының жанында тұра алмадым, – дейді ол. Ирина "өзін кінәлі" сезінбес үшін тек украин тілінде сөйлегісі келеді.

Светлана Киевке екі ай бұрын келген. Күйеуі Энергодарда қалған. Ол қазір соғыс басталғанда орыстар басып алған Запорожье атом электр станциясында істейді. Светлана оккупацияда өткен күндерін ұмыту үшін украин тілінде сөйлегісі келеді.

Оля 2014 жылы Украинаның шығысында сепаратистермен соғыс басталғанда Донецкіден көшіп кеткен. Бірнеше айдан соң ораламын деп ойлаған. Бірақ кейінгі сегіз жылда Донбассқа бара алмаған. Енді өткенді ұмытып, болашаққа бет бұру үшін украин тілін меңгергісі келеді.

Украинада осындай миллиондаған хикая бар. Осының бәрі украиндердің орыс тілінен жаппай бас тартып жатқанын көрсетеді. 2022 жылы желтоқсанда саясаткер Владимир Кулик пен Киев халықаралық әлеуметтану институты жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес, күнделікті өмірде украин тілін қолданатын азаматтардың үлесі 2017 жылғы 49 пайыздан 58 пайызға жеткен. Орыс тілінің қолданысы 26 пайыздан 15 пайызға дейін азайған. Респонденттердің 68 пайызы украин тілін қолдаған, 11 пайызы ғана оқу мен жұмыста орыс тілін қолданатынын айтқан. Украинаның орысша сөйлейтін халқының саны басым оңтүстік және шығыс аудандарында орыс тілінен бас тарту процесі батыс және орталық аймақтарға қарағанда жедел жүріп жатыр. Украин тіліне көшу оккупанттарға қарсылық белгісіне айналды.

Бірақ елдегі жағдай статистикаға қарағанда күрделі. Украинада бәрі украин және орыс тілін пассив түрде біледі. Көбі екі тілді араластырып сөйлейді. Украиндердің көбі Ресейге деген ашу-ызасына қарамастан, күнделікті өмірде қос тілді қолданады. Бірақ көшеде, әлеуметтік желіде, кітап дүкендері мен жекеменшік мекемелерде халықтың орысшадан украин тіліне жедел көшіп жатқаны байқалады.

Украина халқы тілге қатысты өзгерістерге қуанып жатыр. Бірақ Ресейдің Украина мәдениетін жойып, ел ішіне іріткі салуға талпынысынан туған процестің өз салдары да бар.

– Қанішерлер мен зорлықшылар федерациясы орысша сөйлейтін халықты қорғаймыз деген сылтаумен Отаныма қарсы соғыс ашты. Олар соғысын ақтап алу үшін мені пайдаланды, – дейді Донецкіде туған украин жазушысы Владимир Рафеенко.

Украин жазушысы Владимир Рафеенко
Украин жазушысы Владимир Рафеенко

Донбасста соғыс басталғалы Ресей президенті Владимир Путин Киевті орыстілді халыққа геноцид жасады деп бірнеше рет айыптады. Бұрын орыс тілінде жазып, орыс әдебиетінің өкілі болып келген жазушы Украинада орыс тілінің мәртебесі жоғары болғанын айтады.

– Ата-анам мен әжем, айналамдағылардың бәрі орысша сөйлейтін. 20 жасымда Достоевский мен Чеховтың шығармаларын жатқа оқыдым. Орыс филологиясы мамандығын бітірдім. 2014 жылы туған қаламды сепаратистер басып алған соң, Донецкіден Киевке кетуге мәжбүр болдым. Оған дейін украин тілін белсенді қолданамын деп ойламадым.

53 жастағы жазушы соғыс басталғаннан кейін орыс әдебиетінен алыстауға бел буған. 2017 жылы Рафеенко "Күннің ұзақтығы: қалалық баллада" деген туынды жазды. Онда Донбасстағы сюрреалистік өмірдің ащы шындығы баяндалады.

Рафеенко бұрын өзін қостілді авторға жатқызатын. 2019 жылы украин тіліндегі алғашқы романы – "Монградень: өлім мен махаббат туралы ән" кітабы жарық көрді. Автор бұл еңбегінде Донбасстан келген босқын хикаясы арқылы жад, тіл мен ұлттық болмыс мәселесін көтереді.

24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде Киев пен Буча арасындағы кейін Ресейдің қолына өткен ауданда тұрды.

– 24 ақпаннан бері үйге қайтқым келіп жүр. Бірақ қайтатын үйім жоқ, – дейді ол.

Рафеенко жазушылық, қоғамдық не жеке өмірінде ешқашан орыс тілінде сөйлемеймін деп шешкен.

– Орыс тілінен толық бас тартуым философиялық идея емес, психологиялық жарақат шығар. Бұл – болмысымның бір бөлігі, өлгенше ізімнен қалмайды, – дейді ол басынан өткен оқиғалар мен оқыған кітаптарын ұмыта алмайтынын меңзеп.

Жазушыға басқа тілге көшу – ұзақ, қиын әрі шаршататын процесс. Рафеенконың жұмыс үстелінде алты сөздік тұр.

– Бұл терапия сияқты. Украин тілі жаңа мүмкіндіктер ашып, ойыңды бүкпей, тіке айтуға баулиды. Бұл – өзіміз бен әлем үшін жауапкершілік алуға итермелейтін нақтылық тілі, – дейді ол.

Рафеенко мен украин тілін оқытып жүрген әйелдер сияқты өз еркімен украин тілін үйреніп жатқан адам көп. Бірақ бұл шара төменнен жоғарыға қарай ғана емес, жоғарыдан төмен қарай да жүріп жатыр.

Қаңтарда Киев-Могила академиясы университет қабырғасында орыс тілін қолдануға тыйым салды. Университет 30 жылдан бері украин және ағылшын тілдерінде сабақ береді. Сондықтан бұл тыйым оқытушылар, әкімшілік өкілдері мен студенттер арасындағы әңгіме де украин тілінде болуы керек дегенді білдіреді.

ИМПЕРИЯ МҰРАСЫ

– Бұл оқиға резонанс туғызады деп ойламадық. Орыс тіліне тыйым салуды университет өкілдері тегіс қолдады. Орыс тілінде сөйлегені үшін ешкімді жазаламаймыз. Бұл – қатарымызға жаңадан қосылғандарға арналған корпоратив мәдениетіміздің көрінісі, – дейді университет президенті Сергей Квит.

Қолданушылар арасында "Киев-Могила академиясының орыс тіліне тыйым салуы заңды ма?" деген сұрақ туды. Бірақ Украинада тіл саясаты көбіне қағаз жүзінде қалып қояды. 2019 жылы Украинада білім беру, ақпарат тарату, қызмет көрсету саласында украин тілі міндетті болды. Соғыс басталғалы ресейлік кітаптар мен музыкаға қосымша шектеулер енгізілді.

Квиттің айтуынша, орыс тіліне тыйым салуды cоғыстың Киев-Могила академиясы мен Украина мәдениетіне тигізген зардабы тұрғысынан қарастыру керек.

– Кей студенттер мен оқытушылар оккупацияланған аймақтарда үйде отыр. Біразы қолына қару алып, соғысқа кетті. Соғыс басталғалы 11 студент қайтыс болды, – деді ол.

Киев-Могила академиясы.
Киев-Могила академиясы.

Университеттің XVII ғасырда салынған дәлізіне студенттерді әскери білім алуға шақыратын плакат ілінген.

Әдеби сыншы Квит соғыс жылдар бойы жалғасып келе жатқан украин ұлты мен мәдениетін басып-жаншудың бір бөлігі деп есептейді. Ол орыс тілі Ресейдің қаруы мен империялық мұрасы, оған Украинада орын жоқ деп есептейді.

Тыйымға қарамастан, университет кітапханасындағы орысша кітаптар түртілмей қалады.

– Өзімізді қорғауымыз керек, бірақ кітаптарды өртемейміз. Орыс емеспіз, біз үшін еркіндік – саяси мәдениеттің негізгі элементі, – дейді ол.

ЛИНГВИЦИД

Украиналық зерттеушілердің айтуынша, 1627 жылы орыс және украин тілдері бөлінгеннен кейін славян тілінің украиналық нұсқасында жазылған кітаптар өртелген. Мәскеу патриархы Филарет Киевтен шыққан Евангелиені өртеуге бұйрық берген.

Киев-Могила академиясына келушілер университет жанындағы мемориал тақтадан осы оқиға туралы ақпарат оқи алады. Былтыр жазда және күзде "Лингвицид" жобасының белсенділері Киевтің тарихи орталығына осындай тақтайшалар орнатып шыққан.

Лингвицид – империялық Ресей мен Совет Одағының манипуляция тарихы туралы ағарту жұмыстарын жүргізетін жоба. Жобаның негізін Киевте тұратын мұғалім Валентина Мержиевская қалаған. Ол 2004-2005 жылдардағы Қызғылт түсті революциядан кейін (сайлауда Мәскеу қолдайтын кандидат жеңіске жетуіне қарсы жаппай наразылық) украин тіліне көшкен.

– Украинада тұратын орыстілді азамат ретінде өзімді алданып қалғандай сезіндім. Манипуляциялар тым тереңдеп кеткенін түсінбедім, – дейді ол.

"Лингвицид" жобасының авторы Валентина Мержиевская.
"Лингвицид" жобасының авторы Валентина Мержиевская.

Ресей көп жыл бойы Украинада саяси үстемдік жүргізіп келді. Украинаның ағартушылары қарсы болғанымен, бұрын елде орыс тілінің мәртебесі жоғары болатын. Орыс тілінде билік өкілдері мен әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар, ал украин тілінде ауылдан шыққан кедей адамдар сөйлейді деген түсінік бар еді.

Кейінгі кездері бұл түсінік өзгере бастады. Мержиевскаяның әкесі шағын қалашықтан Киевке көшкеннен кейін орыс тілінде сөйлей бастаған. Өзі де украин тілінде сөйлесе, жұрт жақтырмай қарайтын. Қазір Филареттің екі ұлы орыс тілін жақсы білмейді, күнделікті өмірде тек украинше сөйлейді.

Жақында орнатылған мемориал тақтаға 2022 жыл деп жазылған. Ол орыстандыру мәселесіне арналған. Куәгерлердің айтуынша, оккупацияланған аумақтарда орыстандыру саясаты жүріп жатыр. Оған музейлерді тонап, мәдениет артефактілерін ұрлап, Украинаның мемориалдарын құлатып, мектепте орысша оқытып, Ресейдің қайраткерлеріне ескерткіштер қойып шығу сияқты шаралар кіреді.

Бірақ Ресейдің әрекеті жауапсыз қалмайды. Апта сайын Киевтегі ескі әрі ірі кітапхана орыс тіліндегі 2 тонна кітапты өңдеуге жібереді. Жиналған ақша Украина әскеріне көмекке жұмсалады.

– Күніне 7 тонна жинаған кездер болды. Кітап толы қораптарды күніне бірнеше рет шығаратынбыз, – дейді 27 жастағы дүкен иесі Глеб Малыч.

"Сяйво книги" – авторлармен кездесу өткізіп, кітап оқуды насихаттаумен айналысатын жалғыз мемлекеттік кітап дүкені.

Малыч орысша кітаптарын өңдеуге өткізіп жатқан адамдардың күн санап артуы Украина халқы орысша контентті пайдасыз әрі қауіпті деп түсінетіндіктен дейді.

Украинадағы тілге көзқарас 1991 жылы тәуелсіздік алғалы өзгеріп келеді.

Жаңадан ашылған кітап дүкендерінен Сергей Жадан, Оксана Забужко сияқты қазіргі заманғы авторлардың кітаптарын, Киевтің кітапқұмар азаматтары сирек кездесетін тамаша кітаптарды "Петровка" кітап базарынан іздеуге кеңес береді. Аты аңызға айналған базарды сағаттап аралап, небір құнды кітап табуға болады.

Базардағы ең үлкен дүкендердің бірі 78 жастағы бұрынғы әскери қызметкер Александр Дробинге тиесілі. Орыс және украин тілдерінде жазылған мыңдаған кітаптың арасынан жол көрсетіп жүреді. Күнде базарға келіп, джаз қойып, сатып алушылармен, достарымен әңгімелесіп қайтады.

"Мұнда қанша кітап барын ешкім білмейді" дейді ол. Мамандығы инженер болғандықтан, Дробиннің дүкенінде әртүрлі салаға арналған кітап көп. Дүкен иесінің айтуынша, оқырман көбіне орыс немесе украин тіліндегі әлем әдебиетін іздеп келеді.

Дробин өмірінің көп бөлігін Беларусь, Польша, Германия, Ресей мен Ауғанстандағы әскери базаларда өткізген. Ата-әжесі Украинаның Николаевск облысынан Ресейге депортацияланған. Сондықтан Дробин Қиыр Шығыста өскен.

"Сяйво книги" науқаны туралы естімеген Дробин орысша жазылған кітаптарды өртеуден пайда жоғын, орыс тілінде сөйлейтін халыққа кітаптар керегін айтты. Оның "Петровка" базарындағы дүкенінде шатырдан аққан жаңбыр суынан бүлінген кітаптар ғана қоқысқа тасталған.

Ресей басып кіргенде Дробинге дүкенін жабуға тура келген. Бірақ екі айдан кейін "Петровкаға" оралған.

– Соғыс кәсібімнің түбіне жететін шығар деп ойлап едім. Бірақ соғыс кезінде адамдарға рухани азық керек екен. Олар қатыгез соғыстан басқа әлемге ашып кеткісі келеді, – дейді ол..

XS
SM
MD
LG