Accessibility links

Қолдау мен айыптау. Пекиннің Шыңжаңдағы саясаты туралы екі түрлі хат


Қашғардағы көшелердің бірінде тұрған қарулы полиция қызметкерлері. Қытай, Шыңжай-Ұйғыр автономиялық өлкесі, 2017 жыл.
Қашғардағы көшелердің бірінде тұрған қарулы полиция қызметкерлері. Қытай, Шыңжай-Ұйғыр автономиялық өлкесі, 2017 жыл.

БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесінің қорытынды сессиясы алдында 22 елдің елшісі Қытайдың аз ұлттарға - ұйғыр, қазақ, татар, қырғыз және өзге түркітілді этникалық топтарға жасап отырған қысымын айыптап, хат жолдады. 37 елдің Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдап, хат жазғаны да белгілі болды. Хатқа қол қойғандар арасында Ресей, Сауд Арабиясы да бар.

22 елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілдері Пекиннің Шыңжаң провинциясын мекендеген байырғы этникалық топтарға жасап отырған қысымын айыптады. Олардың арасында Австралия, Канада, Жапония, Жаңа Зеландия бар.

Бұл елдің елшілері БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне арнайы хат жолдап, шілденің 12-сі күні Женевада аяқталған кеңестің 41-сессиясындағы ресми құжаттар тізіміне енгізуді сұрады.

Дипломаттар хатта Шыңжаңдағы "еркінен тыс ұстау, жаппай аңду сияқты ұйғыр мен өзге де аз ұлт өкілдерге қолданылып отырған шектеу жайлы сенуге тұрарлық хабарламаларға" алаңдап отырғанын жеткізген. Хат авторлары Қытайды бұл саясаттан бас тартуға, аймақта этникалық топтардың еркін жүріп-тұруын шектемеуге шақырған.

Reuters-тің жазуынша, дәл сол күні 37 елдің өкілі қол қойған, мазмұны жағынан алдыңғы хатқа тұтастай қарама-қайшы хаттың БҰҰ-на жолданғаны белгілі болды. Хатқа қол қойғандар арасында Сауд Арабиясы, Ресей, Солтүстік Корея, Венесуэла, Куба, Мьянма, Филиппин, Сирия, Пәкістан, Оман, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және бірқатар Африка елдері болған.

Женевадағы БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңес отырысы. Көрнекі сурет.
Женевадағы БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңес отырысы. Көрнекі сурет.

​Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын жеткізген хат авторлары Қытайдың "адам құқығы саласындағы жетістіктерін" атап өтіп мақтаған.

"Терроризм және экстремизм сияқты ірі қауіп-қатерге кезіккен Қытай Шыңжаңдағы терроризм мен радикализммен күресу мақсатында бірқатар шара қолданды, кәсіби білім беру және оқыту орталықтарын ашты" делінген хатта.

Қытай "кәсіби үйрету орталықтары" деп атайтын орындарды халықаралық құқық қорғаушылар "қайта тәрбиелеу лагерьлері" немесе "концентрациялық лагерьлер" деп атайды. Құқық қорғаушылар мен куәгерлердің айтуынша, мұндай қамау орындарында азаптау мен қысым, күштеп жұмысқа шегу, еңбекті қанау бар. Кәсіби үйрету орталығынан гөрі түрмеге ұқсайтын мұндай орындарда ана тілінде сөйлеуге тыйым салады, мәдени-діни дәстүрден бас тартуға мәжбүрлейді.

Қытайдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлерінің" бірінің жанынан өтіп бара жатқан адамдар. 2018 жыл.
Қытайдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлерінің" бірінің жанынан өтіп бара жатқан адамдар. 2018 жыл.

Ал 37 елдің өкілі қол қойған хатта Шыңжаңда барлық этникалық топтардың негізгі құқықтары сақталатыны, Пекин әрекетінің арқасында "аймақтағы жағдайдың қауіпсіз бола бастағаны", соңғы үш жылда мұнда террористік шабуыл болмағаны жазылған. Хат авторлары бұған қоса Шыңжаң тұрғындарының "бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқанын" атап өткен.

Пекин аймақта адам құқығы бұзылып жатыр деген деректің бәрін жоққа шығарумен келеді. БҰҰ жанындағы Қытайдың тұрақты өкілі Сюй Чен жұма, шілденің 12-сі күні БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша қорытынды жиынында Қытай билігі мұндай қолдауды "қатты бағалайды" деді.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын, олардың арасында ұйғырлар мен қазақтар барын мәлімдеген.

Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтар жиналып, "Шыңжаңда жақындарымыз қысым көріп жатыр, лагерьде отыр, Қазақстанға өте алмайды" деген. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

Азаттықтың деректі фильмін қарай отырыңыз: "Күткендер".

Күткендер
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:09:07 0:00

Азаттық тәуелсіз БАҚ арасында алғашқылардың бірінші болып осы мәселені көтеріп, Шыңжаңдағы жабық мекемелерде тұтқында болған адамдар мен олардың туыстарының оқиғалары туралы жазды.

Қазақстан билігі Пекин саясатына байланысты Қытайды сынаған емес. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұған дейін "Шыңжаңдағы лагерьлер Қытайдың ішкі мәселесі, онда қамауда отырған этникалық қазақтар - Қытай азаматы" деп мәлімдеген. Кейін министрлік Пекинмен келіссөз жүргізіп, Шыңжаңнан бергі бетке өте алмай қалған қазақтардың мәселесі шешіліп жатқанын айтқан.

Бұған дейін Қазақстанға Қытайдан соңғы екі жылда бірнеше мың этникалық қазақ оралғаны хабарланды. Қытай билігі оларды қос азаматтығы үшін айыптап, көші-қон ережелерін бұзды деп сөккен.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 2019 жылы мамыр айында Азаттыққа жолдаған ресми жауабында "Шыңжаңдағы даулы лагерьлерде қанша этникалық қазақ отырғаны белгісіз" деп жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG