Accessibility links

Өзбекстанның қамаудағы бұрынғы бас прокуроры ауруханаға түсті


Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров

Қаңтардың 30-ы күні қамаудағы Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров түрме ауруханасына түскен. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот Ташкент қалалық қылмыстық істер бойынша Юнусабад аудандық сотында өтіп жатыр.

Өзбекстанның бұрынғы бас прокурорының ауруханаға түскенін ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық атқару бас басқармасының аты-жөнін айтпаған өкілі Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлаған.

"Қадыровтың денсаулығы нашарлаған. Анығырақ айтсақ, оның денсаулығын нашарлатқан" деді Рашид Қадыровты жақсы білетін ішкі істер министрлігінің шенеунігі.

Оның айтуынша, түрмеде бас прокурорға "барлық кінәсін мойындату үшін" психологиялық қысым жасаған.

- Оның камерасына [түрме әкімшілігімен жақсы] үш сотталушыны әкеліп отырғызған. Олар Рашид Хамитұлына психологиялық қысым көрсеткен. "Барлық кінәсін мойындауын" талап еткен. Соның кесірінен оның денсаулығы нашарлаған, - деді шенеунік.

Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров
Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров

Ал ташкенттік заңгерлердің бірі бұрынғы бас прокурордың түрме ауруханасына жатқызылуын "әдейі ұйымдастырылған тактикалық амал" деп атайды.

- Қадыров расында да түрме ауруханасына түсті. Алайда білуімше, мұны оның адвокаттары мен оны қолдайтын кейбір шенеуніктер ұйымдастырған, - дейді заңгер.

Ташкенттегі өзге адвокаттардың бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне "қорғап отырған азаматқа қатысты қоғам пікірін өзгерту үшін кейбір кезде адвокаттар осындай тактика қолданады" деген.

"Мұндай тәсілге тыйым салынбаған. Егер сотталушыға қатысты қоғам пікірі жақсы жаққа қарай өзгерсе, онда сот адамшылық танытып, үкім шығару кезінде оны ескереді. Ал нақты жағдайда түрмедегі жағдайдың үнемі жақсы күтім көріп келген 66 жастағы адамның жағдайына теріс әсер етпеуі мүмкін емес. Сондықтан Қадыровтың ауруханаға түсуін адвокаттар ұйымдастырды деп ойламаймын. Бұрынғы бас прокурордың адвокаттары негізгі назарды оның жасы мен денсаулығына аудартуға тырысып жатыр" дейді адвокат.

Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров өткен жылы 22 ақпанда ұсталды. Оған “бопсалау”, “қызметтік өкілетін асыра пайдалану”, “пара алу” баптары бойынша айыптар тағылған. 2018 жылы 24 ақпанда Өзбекстанның бас прокуратурасы Қадыровтың ұсталғанын ресми түрде растады.

Бұрынғы бас прокурордың соты 7 қаңтарда басталды. Соңғы сот отырысы қаңтардың 17-і күні өтті. Сот процесі жабық өтіп жатыр. Сот залына айыпталушылардың туыстарының да кіруіне тыйым салынған.

Құпия ақпарат көзіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі істе 13 айыпталушы бар екенін жазды. Олардың барлығы бұрын арнайы қызметте, прокуратура мен салық органдарында істеген.

Қаңтардың 17-сі күні айыпталушылардың бірінің туысы Азаттық тілшісіне екі айыпталушыны түрме ауруханасынан сот залына медициналық зембілмен жеткізгенін айтқан.

Әзірге соттың қашан аяқталатыны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG