Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

20:11 10.1.2021

Сайлау күні белсенділерді қалай ұстап әкетті? Азаттық тілшілері тікелей эфирде баяндайды:

20:08 10.1.2021

Жанболат Мамай: Тіпті әжетханаға да жібермейді

– Біз осы жерде сағат 11:30-ден бері тұрмыз. Осы қоршаудың ішінен ондаған азаматты алып кетті. Бізде интернет жоқ, ешқандай ақпаратты біліп отырған жоқпыз. Қазір қоршауда 25 адамбыз. Не кіргізбейді, не шығармайды. Адамдар амалсыздан әжетханаға осы жерден барып жатыр, – деді ол Азаттыққа журналисіне.

Мамай полицияның бұл әрекеті адам құқығын аяққа таптау санайтынын айтты.

– Осы жерде тұрған адамдарды полиция жасағы ұрып-соқты. Міне Қазақстанда сайлау осындай масқара жағдайда өтіп жатыр. Бұл сайлау легитимді емес. Сайлауды саяси реформаларсыз өткізуге болмайды.

Полиция Республика алаңына жиналған екі топты екі бөлек қоршауға алды. Бірінде "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері, бірінде "Демпартия" жақтастары. Полиция жеті сағаттан кейін "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділерін босатқан, "Демпартия" жақтастары әлі тұр.

19:40 10.1.2021

Полиция қоршауында 7 сағат тұрып, жүрегі қысылып шыққан белсенді Аружан Дүйсенбинова

Аружан Дүйсенбинова полиция қоршауынан жүрегі қысылып шықты. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Аружан Дүйсенбинова полиция қоршауынан жүрегі қысылып шықты. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстанда бүгін, 10 қаңтар күні парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Алматыда бірқатар топ сайлауға қарсы наразылық өткізу үшін Республика алаңына жиналған. Полиция белсенділерді қоршауға алды. Түскі 13:00 шамасында басталған қоршауға екі топ ілінді. Бірінде "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері, екіншісінде Жанболат Мамай бастаған "Демпартия" жақтастары. Полиция жеті сағат қоршауда ұстаған соң "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділерін босатты, қозғалыстың үсіп қалған екі мүшесі Әсем Жәпишева мен Дархан Шәріпті жедел жәрдеммен әкетті.

"Демпартия" белсенділері қоршауда әлі тұр. Қоршаудағы хәлі нашарлаған бір белсендіні жедел жәрдеммен әкетті.

19:24 10.1.2021

"Oyan, Qazaqstan" белсенділерін қоршаудан шығарды, "Демпартия"​ белсенділері әлі тұр

Vlast.kz басылымының хабарлауынша, полиция түстен бері қоршауда тұрған "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін босатқан, қозғалыс мүшелері Әсем Жәпишева мен Дархан Шәріпті жедел жәрдеммен алып кеткен. Екеуі де үсіп қалған.

Ал екінші қоршаудағы "Демпартия" белсенділері шеңберден әлі шыға алар емес.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG