Accessibility links

"Өз парақшам, не жазам, өзім білем". Блогерлер Жаңаөзен жұмыссыздарын қаралау үшін ақша алды ма?


Жаңаөзен жұмыссыздарын қаралау қанша тұрады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:17 0:00

Азаттық видеосы: Жаңаөзен жұмыссыздарын қаралау қанша тұрады?

Әлеуметтік желіде Астанаға барып, үкіметтен тұрақты жұмыс талап еткен Жаңаөзен мұнайшыларын қаралайтын жазба көбейді. Кейбір блогер мұндай жазбаны тапсырыспен жазғанын мойындаса, енді бірі пост үшін 100 мың теңге ұсынылғанын айтты. "Не жазарымды өзім білемін" дегендер де, "бір тиын да алмадым" дегендер де болды. Сарапшылар жұмыссыз мұнайшыларды айыптайтын жазбаларда манипуляция бар дейді.

"АҚЫЛЫ ПОСТ" ДАУЫ

10 сәуірде Астанаға келіп, энергетика министрлігінен тұрақты жұмыс талап еткен мұнайшыларды ертеңіне арнайы жасақ күштеп ұстап, кейін басым бөлігін Жаңаөзенге пойызбен қайтарып жіберген. Астанада айналасы екі-үш күнде болған бұл оқиғадан соң әлеуметтік желіде олардың талабын орынсыз дейтін жазбалар шыға бастады. Блогерлер мен журналистердің кейбірі желіде "Жаңаөзеннің жұмыссыз тұрғындарының артында мүдделі адамдар бар", "мұнайшылар 700 мың теңге жалақыдан өзі бас тартыпты" деп, наразыларды айыптайды.

Астанаға келген жаңаөзендік жұмысшылар өздері еңбек еткен "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорны тендерден жеңіліп, жұмыссыз қалғанын айтып, биліктен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына тиесілі "Өзенмұнайгаз" сияқты ірі компаниялардан тұрақты жұмыс талап еткен. "ҚазМұнайГаз" жұмысшыларға тендерде жеңген "Кезби" және Ai-Bis жеке компанияларынан жұмыс ұсынған. Бірақ жаңаөзендіктер "аз уақыттан соң қайта тендер болып, тағы жұмыссыз қаламыз" деген.

Аудиториясы үлкен авторлардың Жаңаөзен мұнайшыларын қаралайтын жазбаларының мазмұны ұқсас. Содан болар, желі қолданушылары мұндай жазбалар "тапсырыспен жазылды" деп жатты.

"Демократиялық партия" құру бастамашыл тобының мүшесі әрі белсенді Абзал Достияров желіде Думан Бықай, Диас Нұрақын, Жарас Кемелжан, Нұржан Сәдірбекұлы, Айбар Олжаев, Қазбек Майгелдинов, Ербол Мәндібек сияқты журналистер мен блогерлерді "жаңаөзендіктерді жамандау үшін ақшаға пост шығарды" деп айыптады.

Жаңаөзен мұнайшыларының үкіметке қойған талабы хақында журналист Айбар Олжаевтың Facebook-те жариялаған пікірі
Жаңаөзен мұнайшыларының үкіметке қойған талабы хақында журналист Айбар Олжаевтың Facebook-те жариялаған пікірі

Желіде қызу пікірталас туындап жатқан тұста журналист Айбар Олжаев Жаңаөзен проблемасы туралы жазбаны тапсырыспен жазғанын ішінара мойындады. Оның сөзінше, тапсырыс беруші мәтінді "айна-қатесіз" жариялауды талап еткен. Бірақ Азаттықтың "тапсырысты кім берді?" деген сұрағына Олжаев "келісімшарт құпиясы" деп, жауап бермеді.

– Біздегі идеология мектебі әлі бастауыш сыныптан шықпады және детальдармен жұмыс істеу бойынша олқылықтар бар. Түптің түбі біз ашықтықтан, транспаренттіктен өзге жол жоқ екенін түсінеміз, қазір соған келе жатырмыз. Мен Facebook коммуникациясы бойынша әріптестік негізде жұмыс істеймін және міндетті "маркировка" қағидасын ұстанамын. Оның ішінде саяси пиар бойынша шарт та болған, бірақ бұл тәжірибе маған ұнамады. Себебі тараптар оған әлі дайын емес, − деді Олжаев.

Ал блогер, радиожурналист Қуат Ахметжанов жаңаөзендіктерді қаралайтын постыны 100 мың теңгеге жариялау туралы ұсыныс түскенін, бірақ "ақшадан абырой қымбат" деп бас тартқанын жазған. Кейін ол желіден пікірін өшіріп тастады.

Компьютерден әлеуметтік желіні шолып отырған адам.
Компьютерден әлеуметтік желіні шолып отырған адам.

Журналист Думан Бықайдың Жаңаөзендегі жұмыссыз азаматтарды айыптаған жазбасы біраздан соң парақшасынан жоғалып кетті. Кейін ол Азаттықтың "постыңыз үшін ақша алды деп айыптап жатыр, бұған не дейсіз?" деген сауалына:

Думан Бықайдың биліктен тұрақты жұмыс сұраған жаңаөзендік мұнайшыларға қатысты Facebook-те жариялаған пікірі
Думан Бықайдың биліктен тұрақты жұмыс сұраған жаңаөзендік мұнайшыларға қатысты Facebook-те жариялаған пікірі

– Тәуелсіз журналиспін. Ешкімге ештеңе қарыз емеспін, ешкімге ешқандай уәде берген жоқпын. Өз парақшамда не жазамын, қандай ой айтамын, қандай позиция ұстанамын, өшіремін бе, қосамын ба – тек өзім білемін. Ал мені жазбам, пікірім үшін буллингіге ұшырату демократиялық қоғам құрамыз деп жүрген күштердің шын мәнінде демократия идеалдарынан алыс екенін байқатады, − деп жауап берді.

Ал Диас Нұрақын Азаттыққа пост үшін "бір теңге алған жоқпын, таза өз ойым, позициям" деп жауап берді. Ол мұндай жазбаға "тапсырыс бергендердің кім екенін білу өзіне де қызық екенін" айтты.

Блогер Ілияс Мыңжасаров "Бізде әлеуметтік желіде, әсіресе Facebook желісінде, мейнстрим пікірге қарама-қайшы жазылған постыларды тапсырысқа жазылған деп айыптайтын әдет бар. Басқалар тапсырысқа жазса, жазған шығар, өзім жазған жоқпын" деді Азаттыққа.

Нұржан Сәдірбекұлы "Мамайдың "товарищтері" (Достияровты айтады – ред.) 100 мың теңгеге пост жазатын "Отан сатқыны" деген "ярлык" жапсырмақшы" деп, бұл "қаралауға қосылмайтынын" жазды.

"МӘСЕЛЕ АҚШАДА ЕМЕС, АҒАЙЫН!"

Тәуелсіз журналист Күлтегін Аспанұлы өз дереккөзіне сілтеп, наразы жаңаөзендіктерді сынауға 200 мың теңге де ұсынылғанын айтты. Оның сөзінше, "танысына биліктен жұмыссыз мұнайшылар жайлы ақылы пост жазуға ұсыныс түскен". Азаттық бұл деректің рас-өтірігін анықтай алмады.

Күлтегін Аспанұлы "жаңаөзендіктерді айыптап жазғандар ақша алып жатқанын я болмаса пост ақысы банк шоттарына түскенін ешкім көрген жоқ. Бірақ соны тұспалдайтын, меңзейтін себеп, аргумент жеткілікті" деп есептейді.

– Антижаңаөзеншіл жазғыштардың аргументтері өте ұқсас, "Жаңаөзен жұрты неге 700 мың теңгені қанағат тұтпайды", "не себепті олар Жаңаөзенде жұмыссыздар тізімінде тұрған 9000 адамның алдына түсіп алғысы келеді", "олардың көбі – Түркіменстаннан, Өзбекстаннан келген оралман, қандас" деген үш аргументті бір-бірінен көшіріп, қайталайды. Бұл үш аргумент – фактчек жасалмаған, манипуляциясы бар, жалған, бұрмаланған ақпарат, − деді Аспанұлы.

Ал Жаңаөзен белсендісі, мұнайшы Мұратбай Жұмағалиев Азаттыққа "мұнайшылардың наразылығы жалақыда емес" деп, желідегі айыптауды сынады.

– Блогерлер "Жаңаөзендегі мұнайшыларда қанағат жоқ. 700 мың теңгеге қанағаттанбайды" деп айыптап жатыр екен. [Мәселе] ақшада емес, ағайын! Халық заң, әділдікті іздеп тұр, ондай өсекті қойыңыздар! Үстімізден "ақшаға тоймайды" дегендерге айтарымыз, тендер деген мәселені құрту керек. Үш ай, бір ай жұмыс істетеді де, ол мекеме жабылып қалады, − деді Жұмағалиев.

"БерӘлі Маңғыстау Company" тендерде жеңілгеннен кейін жұмыссыз қалған мұнайшылар 4 сәуірде Жаңаөзен әкімдігі алдындағы ереуілде де "бізге жеке кәсіпорындар керек емес, жеке компанияға жұмыс істеп, жалақы үшін күресіп шаршадық" деп, "ҚазМұнайГаздың" еншілесі "Өзенмұнайгаздан" жұмыс талап еткен еді.

"САНДАРМЕН ОЙНАП, ТАЛАП ЕТУШІНІ ЖЕКСҰРЫН ҚЫЛЫП КӨРСЕТУ"

Zertteu Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы, бюджетті зерттеуші Ғалымжан Оразымбет мұнайшыларды айыптағандар "700 мың теңге жалақыны" тарқатып айтпай, манипуляция жасап отыр деп біледі.

Ғалымжан Оразымбет
Ғалымжан Оразымбет

– Біріншіден, блогерлер 700 мың теңге деген вахта ақысы екенін айтқысы келмейді. Жұмысшылар вахтада болған уақытына ақша алады, демалса, оған төленбейді. Бір ай істеп, бір ай демалса, демек, жалақы екі айға болады. Екіншіден, 700 мың теңге жұмысшылардың таза қолына тиетін жалақы ма? Жалақыдан зейнетақы, табыс салығы ұсталады. Үшіншісі, мұнай саласында жұмыс істейтіннің бәрі 700 мың теңге ала ма? Ол жақта дәрежесі жоғары шеберлер бар, ал қарапайым жұмысшылар 700 мың теңге алады деп ойламаймын, − дейді ол.

Ғалымжан Оразымбет блогерлердің жазбасынан соң қарапайым адамдар арасында мұнайшылардың талабы "дұрыс емес" деп ойлайтындар табылады деп есептейді.

– 200 мың теңгеге жетпейтін айлық алатын адамға басқалардың 700 мың теңгеге көнбей отырғаны тойымсыздық болып көрінеді. Мұнда ең қарапайым тәсіл бар – сандармен ойнау арқылы талап етушіні жексұрын қылып көрсету, − дейді сарапшы.

Қазақстанда блогерлер мен журналистердің бір тобы ірі саяси науқан мен жаппай наразылық кезінде билікті мақтап, оппозициялық күштерді қаралайтын жазба жариялайтыны бұған дейін де байқалған. Желі қонданушылар олардың жазбасын "тапсырыспен жазылған" деп жиі айыптайды. Ал жазба авторлары әдетте "жеке пікірім" деп ақталады.

Бұған дейін Factcheck.kz сайты әлеуметтік желіде фейк аккаунттармен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет бастамаларын мақтап, билікті сынағандарға шабуылдайтын боттар қалай жұмыс істейтінін анықтап, зерттеу жариялаған еді. Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов билік қоғамдық пікірге әсер ету үшін блогерлерді, журналистерді, өнер адамдарын, басқа да инфлюэнсерлерді жиі пайдаланатынын айтады.

– Меніңше, бұл биліктің өзі істеп жатқан жұмысына халық қолдау білдіре бермейтінін сезетінін, оны білетінін көрсетеді. Сол үшін де осындай резонанс тудыруға, қоғамдық санаға манипуляция жасауға тырысады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені бұл – жасанды идеяны немесе абсурд дүниелерді осылай өрістету арқылы халықтың пікіріне, ойына манипуляция жасау ғой. Бұл қазіргі биліктің, әсіресе Жаңа Қазақстан деп жүрген президент Тоқаев жүйесінің ең үлкен қателерінің бірі деп есептеймін, – дейді ол.

"Құтырған иттер". 2011 жылы Жаңаөзен мұнайшыларын билікшіл БАҚ қалай көрсетті?

"Құтырған иттер". 2011 жылы Жаңаөзен мұнайшыларын билікшіл БАҚ қалай көрсетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

ЖАҢАӨЗЕН МҰНАЙШЫЛАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Астанаға жұмыс талап етіп келген жаңаөзендік мұнайшылардың бір тобы 12 сәуірде кері қайтқанымен, бірнешеуі "ҚазМұнайГазбен" және билік өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін қалған. Желідегі жазбалар дау туғызып жатқан тұста мұнайшылар билікпен келісімге келе алмай әуреге түсіп жүрді.

18 сәуірге дейін мұнайшылар мен "ҚазМұнайГаз", энергетика, еңбек министрліктері және "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры өкілдері арасындағы келіссөз әлі біткен жоқ.

Жаңаөзен мұнайшылары мен "ҚазМұнайГаз" келіссөзінен әлі нәтиже жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

Жаңаөзен мұнайшыларының лидері Жолмұрат Лұқпанның сөзінше, 17 сәуірде "ҚазМұнайГаз" оларға тағы бір жекеменшік кәсіпорын – "МөлдірМұнайдан" жұмыс ұсынған.

– Бізден "Мөлдір Мұнай" деген компанияға баруымызды сұрайды. Шамасы, "біз жұмыс ұсынып отырмыз, бармай отыр" дегенді айтқысы келетін сияқты, – дейді ол.

Мұнайшылар ашық әрі тәуелсіз комиссия құрып, тендерге қатысты зерттеу жүргізуді, оған журналистерді қосуды талап еткен. Олар бұған дейінгі өткен кездесулердің хаттамасы да түрлі себеппен берілмеді деп отыр.

"ҚазМұнайГаз" бұған дейінгі мәлімдемелерінде Жаңаөзенде жұмыссыз қалған мұнайшыларға "700 мың теңге айлығы бар жұмыс ұсынғанын", бірақ мұнайшылар ұсынған жұмыстарға "бармай отырғанын" айтқан. Ал 700 мың теңге барлық мұнайшыға ұсынылды ма, компания ол жағын ашып айтпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG