Accessibility links

"Үміт өшіп барады". Мүмкіндігі шектеулі балалар орталығы жабылуға шақ тұр


Жезқазғандағы "Нұр" коррекция орталығында.
Жезқазғандағы "Нұр" коррекция орталығында.

Жезқазғанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған коррекция орталығы қаржының жоқтығынан жұмысын тоқтатты. Қоғам белсенділері мен ата-аналар билік пен демеушілерден көмек сұрайды. Әкімдік мемлекеттік сатып алу байқауына қатысуға кеңес берген, бірақ орталық өкілдері осыған дейін қатысқан тендерлердің ешбірінде жеңбегенін айтады. Ұйымдастырушылар қаржы тапқанша балалар емнен қалып, үйде отыруға мәжбүр.

"БАЛАЛАРЫМЫЗҒА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН ЕДІ"

Жезқазған тұрғыны, аутизмнің ауыр түрімен ауыратын 10 жасар Арсен Қабдырахман қазір үйінде отыр. Бұған коронавирус өршіген тұста қатаңдай түскен карантин емес, "Нұр" коррекция орталығы жұмысының тоқтауы себеп болған. Енді Арсеннің ата-анасы Жезқазғанда мүгедек баласын осы орталыққа апарып жүрген басқа отбасылар сияқты не істерін білмей отыр.

- Балаларымызға барлық жағдай жасалған еді. Орталықта үйден кем түспейтін жағдай мен жақсы мамандар болды. Ендеше неге осы орталықты сақтап қалуға болмайды? Оның үстіне орталық орналасқан ғимарат та үлкен. Баламның диагнозы ауыр, сөйлемейді. Жағдайы түзеле бастағанда, қуанып едім. Балам таңертеңгі сағат алтыда оянып, орталыққа баратын кезді тосып отыратын. Ол орталықтағы балалармен серуендейтін сәтті күтетін, өйткені оған дейін ұлымды далаға алып шығу қиын еді. Балам көшеде айқайлай бастаса, адамдар бұрылып қарайтын. Қазір орталықты сағынып жүр. Енді не боларын білмеймін. Жұмысымды тастап, үйде отыруға тура келеді. Әзірге үлкен ұлым демалыста, балаға сол қарайды, ал мен жұмысқа барып жүрмін. Демалыс аяқталғанда қиын болады, - дейді Арсеннің анасы Ақторғын Сәдуақасова.

Арсен Қабдырахман мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықта. Жезқазған, Қарағанды облысы.
Арсен Қабдырахман мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықта. Жезқазған, Қарағанды облысы.

Жезқазғандық қоғам белсенділері құрған коррекция орталығына барғанға дейін Ақторғын Сәдуақасова Арсенді астанаға апарып жүрген. Баласының жағдайы жақсаруы үшін қолынан келген амалдың бәрін байқап көрген. Арсен астанадағы мүгедек балаларға арналған орталыққа екі ай барған. Ондағы оңалту шаралары жақсы нәтиже бере бастағанымен, ай сайын орталыққа 120 мың теңге төлеп, астанада тұруды отбасының қалтасы көтермеген.

Жезқазғанға келгеннен кейін Арсен "Өлке тану" коррекция орталығына бір жарым жыл барған. Ата-анасына орталықтың жұмыс кестесі мен айына 30 мың теңге тұратын қызмет ақысы ұнаған.

Баласы жұмыс күндері таңертеңнен кешке дейін орталықта болғанда, Ақторғын қосымша табыс тауып жүрген. Орталық балаларды таңертең көлікпен алып кетіп, кешкісін үйге әкеліп, күндіз ата-аналарына фото және видеоесеп жіберіп отырған.

КҮНКӨРІС ҮШІН КҮРЕС

"Өлке тану" қоғамдық қоры тұрғызған ғимаратта ашылған "Нұр" орталығы екі жыл қайырымдылыққа бөлінген ақша, ата-аналардың жарнасы мен орталықтың негізін қалаушы азаматтардың жеке қаржысына жұмыс істеп келді. Жергілікті кәсіпкерлер кейде көлік тасымалын ұйымдастыруға, балаларға сыйлық алуға, мерекелік шаралар өткізуге көмектесетін. Қазір орталықтың демеушісі жоқ, ал ата-аналардың жарнасы шығынды жабуға жетпейді. Сондықтан қор өкілдері ата-аналарға қаржы табылғанға дейін орталық қызметін тоқтатуға тура келетінін айтқан. Бос уақытын орталықта өткізіп келген денсаулығында ақауы бар 15 бала мен кәмелетке толған мүгедек жастар қазір үйінде отыр. Жезқазған мен көрші Сәтпаевтан орталыққа жазылған ондаған адам да сол күйі тізімде қалып қойған.

- Мүгедек балалар көбейіп келеді, сондықтан мұндай коррекция орталықтары керек. Орталық ашу үшін бір жарым жыл демеуші іздедім. Туыстарым көмектесті: жер сатып алып, үй тұрғыздық. Одан кейін екі жыл тендерге қатыстым, нәтижесіз болды. Енді сотқа жүгіріп жүрмін, өйткені тендер дұрыс өтпеді деп санаймын. Орталық ашсам, ары қарай биліктен көмек алуға болады деп ойладым. Бізге көп ата-ана баласын әкелгісі келеді, бірақ бәрінің бірдей жарна төлеуге жағдайы жоқ. Шығынның бір бөлігі бюджеттен төленсе жақсы болар еді. Маған бұрын көмектескен туыстарым осы жолы ақша беруден бас тартты. Үмітім өшіп барады. Облыс әкіміне де, президентке де хат жаздым. Бірақ нәтиже жоқ, - дейді "Нұр" орталығы мен "Өлке тану" қайырымдылық қорының жетекшісі Гүлсара Жылқайдарова.

Коррекция орталығында балаларға үш мезгіл тамақ беріп, серуенге шығарып, әртүрлі мамандардың көмегімен еңбекке баулып, орталықтан тыс жердегі шараларға қатыстырады. Мекеме ДЦП, Даун синдромы, аутизм диагнозы қойылған, тірек-қимыл жүйесі, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларды қабылдап келген. Орталыққа келушілер арасында арбада отыратын балалар көп еді. Мамандар оларды гигиена сақтауға, өзіне қызмет көрсетуге үйретіп, шығармашылыққа баулып, емдік дене жаттығуын жасатады.

Орталықта балаларды бау-бақша өсіруге баулуға арналған жасыл аумақ та бар. Мекеме сондай-ақ балаларға массаж, үрленген бассейнде суға түсу, спорт кешені мен шығармашылық үйірме жұмысы қызметін ұсынады. Қоғам белсенділері болашақта иппотерапия қызметін ашу үшін жылқы ұстайтын қора да салған. Қайырымдылыққа қаржы бөлген азаматтардың бірі орталыққа пони сыйлаған. Енді бұл жоспардың бәрі көзден бұл-бұл ұшатын сияқты.

БИЛІК МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСҚА ӨТІНІШ БЕРУДІ ҰСЫНДЫ

Облыстық әкімдік өкілдері Азаттық тілшісіне коррекция орталығының қызметіне қаржы бөлінбейтінін айтты. Олар орталық басшылығына бос уақытты ұйымдастыру, әлеуметтік-мәдени шаралар өткізу бойынша мемлекеттік тапсырыс байқауына қатысуға кеңес берді.

Билік өкілдерінің дерегінше, Жезқазған қаласының әкімдігі төрт миллион теңге (10 мың доллар) тұратын кезекті мемлекеттік тапсырысын 15 шілде күні жариялайды. Коррекция орталығы тендерге қатысып, тағы да бағын сынап көрмек. Бірақ орталық басшылығы бұған дейінгі тендерде негізсіз жеңілгені үшін шенеуніктермен соттасқан. Билік өкілдерінің соттан шағымды қанағаттандырмауын сұрағанын ескерсек, мемлекеттік тапсырысты жеңуіміз екіталай деп санайды орталық жетекшілігі.

Жезқазғандағы "Нұр" коррекция орталығында отырған бала мен педагог.
Жезқазғандағы "Нұр" коррекция орталығында отырған бала мен педагог.

Билік "Өлке тану" қоры осыған дейін қала мен облыс деңгейінде өткен мемлекеттік сатып алу байқауының қорытындысына келіспей, шағым бергенін растады. Бұл 2019 және 2020 жылдары болған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың бірі әлі орындалмаған. Тапсырыс бойынша қала бюджетінен мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын ұйымдастыруға, оларға арнап әлеуметтік-мәдени шаралар өткізуге қаржы бөлінген, бірақ игерілмеген.

Облыс әкімдігі Азаттыққа "Қазірге дейін әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын мекеме анықталған жоқ. Байқау үш рет өтті. Үшеуі де "өтпеген" деп танылды. Сондықтан әлеуметтік тапсырыс әлі күнге орындалған жоқ" деп жауап берді.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы биыл Жезқазғанда психоневрологиялық дерті бар 27 мүгедек балаға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында күндізгі уақытта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жобасы жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Байқау нәтижесінде "Өлке тану" емес, басқа қоғамдық қормен 13 миллион 900 мың теңгенің келісімшарты жасалған. "Өлке тану" қоры байқау барысында заңбұзушылықтарды байқап, тендер қорытындысына келіспей, шағым берген, бірақ нәтиже шығара алмаған.

"Өлке тану" қорының дерегінше, Жезқазғанда 500-ден астам мүгедек бала бар. Олардың бір бөлігі ғана коррекция орталықтарына барады. Балалардың көбі үйде отыруға мәжбүр, өйткені қала ішіндегі коррекция орталықтарында бәріне бірдей орын жетпейді. Кей ата-ана "Нұр" орталығын жабылудан сақтап, қаржыландыру туралы өтініштерін ескеретін адам табылар деген үмітпен әлеуметтік желіде билік өкілдері мен демеушілерге арнап видеоүндеу жариялаған. Орталық басшысы да өңірдегі ірі компаниялардан көмек сұраған. Ата-аналар орталық біржола жабылып қалса, денсаулығы түзеле бастаған балалары қайтадан тұйықталып, үйренген дағдысын ұмытады, кейін бұл қабілетті қалпына келтіру үшін айлап, не жылдап уақыт жұмсау керек болады деп уайымдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG