Accessibility links

Компартияның «жауынгер резерві» Қазақстанда ең соңынан тарады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның Лениншіл коммунистік жастар одағы Қазақстан Жастар одағы болып өзгерді. Бұрынғы комсомол жетекшілерінің көпшілігі пост-советтік Назарбаев режимінде де маңызды саяси тетіктерге айналды.


1991 жылғы қазан айының 12-сінде Қазақстан комсомолының төтенше және соңғы 18-съезі өтіп, қазақ-совет өкіметі тұсында «коммунистік партияның жауынгер резерві, әрі сенімді көмекшісі» атанған комсомол ұйымы Совет Одағы құларда жаңа формацияның ыңғайына бейімделді.

«МОРАЛЬДЫҚ ҚҰҚЫМЫЗ ЖОҚ...»

Қазақстан комсомолының соңғы съезі өтерден бір ай бұрын, яғни қыркүйек айында Бүкілодақтық комсомол ұйымы (ВЛКСМ) тарап кеткен еді. 1991 жылғы қыркүйектің 7-і Қазақстан Коммунистік партиясы да өзін-өзі таратып, съезд үстінде Социалистік партияға айналып шыға келген болатын.

Комсомолдардың төтенше съезі де компартияның соңғы съезінің сарынымен өтті. «Елімізде және республикада қалыптасып отырған қоғамдық-саяси жағдайда комсомол ұйымының өзін-өзі таратуы туралы әңгіме болуы мүмкін емес, және де біз ЛКСМ-ның ізбасары туралы мәселені шешпей тұрып, бұл залды тастап кетуге ешқандай да моральдық құқымыз жоқ», - деген еді съезде баяндама жасаған Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрлан Омаров.
Серік Әбдрахманов, 1981-1987 ж.ж. Қазақстан ЛКСМ-ның бірінші хатшысы. Астана, 28 желтоқсан 2010 жыл
Серік Әбдрахманов, 1981-1987 ж.ж. Қазақстан ЛКСМ-ның бірінші хатшысы. Астана, 28 желтоқсан 2010 жыл

Ұйымның атын бірден өзгертіп, мәртебесін белгілеуге съезге жиналған делегаттардың бәрі бірдей келісе қойған жоқ. Компартияның соңғы съезінде де біраз делегаттар «Компартия бар. Ол өмір сүруі тиіс!» деп екпіндеткен болатын.

«Әрдайым партиямен бірге, әрдайым халықпен бірге» деген советтік ұранмен тәрбиеленген комсомолдардың қимастық сезіміне қарамастан, осы съезд үстінде Қазақстан лениншіл жастар одағы таратылды.

Ал оның ізбасары ретінде Қазақстан Жастар одағы құрылды. Жаңа одақтың бірінші хатшысы болып Нұрлан Омаров сайланды.

Комсомол!-
Елімнің нұр шақтары!
Күтеді әлі Отанның тың-шатқалы,
Жаса мәңгі жастық боп Жер үстінде
Лениннің ержүрек ұрпақтары! - деп (Фариза Оңғарсынова) ақындар жырына арқау болған лениншіл жастар ұйымы бұрынғы социалистік жүйедегі Шығыс Еуропа мен СССР-де ең соңғы болып Қазақстанда осылайша тарады.

«СЕНІМДІ КӨМЕКШІЛЕР»

Алайда комсомол ұйымының ізбасары саналған Қазақстан Жастар одағы жастар саясатында бұрынғыша үстемдік ете алмайтыны белгілі еді. Уақыт ыңғайын аңғарған бұрынғы комсомол жетекшілерінің бір тобы мемлекеттік қызметке ауысып, Қазақстанның «демократия жолында гүлденуіне үлес қосуға кірісті». Ал енді бір тобы әуелі «коммерсант», кейін бизнесмен болып, мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге «лайықты» атсалысты.
Иманғали Тасмағамбетов, 1989-1991 ж.ж. Қазақстан ЛКСМ-ның бірінші хатшысы. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл
Иманғали Тасмағамбетов, 1989-1991 ж.ж. Қазақстан ЛКСМ-ның бірінші хатшысы. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Бұрынғы комсомол жетекшілері республикадағы жоғары лауазымды қызметтерге ие болып, билік партиясының қатарына өтіп жатты. Соңғы 20 жыл ішінде бұлардың бір де біреуі Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан бұрынғы коммунист Нұрсұлтан Назарбаевпен саяси бәсекеге түсетіндей тәуелсіз тұлғаға айнала алмады. Кезекті қызметке тағайындала салысымен өздерінің «сенімді көмекші» немесе «төл өнім» екенін жариялауға асықты.

Бұдан бөлек бұрынғы комсомолдың саяси-әлеуметтік мінезін айнытпай салып алған «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты деп аталатын жастар ұйымының «комсомолдық тапсырманы» бұлжытпай орындайтын жаңа буыны өсіп шықты.

2008 жылғы қарашаның 1-і Алматыдағы Республика сарайында ВЛКСМ-ның 90 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді. Советтік комсомол туы мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын жиынға қатысқандар тік тұрып қарсы алды.

Бұл жиынға Серік Әбдірахманов, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Дьяченко, Иманғали Тасмағамбетов, Қазақ ССР-інің тағы да басқа әр кезеңдегі комсомол жетекшілері түгелге жуық қатысты.
XS
SM
MD
LG