Accessibility links

Өткен күндерін әлі аңсайтын коммунистер Қостанайда шер тарқатты


Облыс орталығындағы «СССР» деп аталатын дәмхана. Қостанай, 7 қараша 2009 жыл.
Облыс орталығындағы «СССР» деп аталатын дәмхана. Қостанай, 7 қараша 2009 жыл.

Қарашаның жетісі күні Октябрь социалистік революциясының 92 жылдығына арнап, "Соцализмге балама жоқ!" деген ұранмен митинг өткізген коммунистер қатарластарын биліктегі "Нұр Отан" партиясының қатарына топтаса түсуге шақырды.

Ал қарашаның бесі күні облыс орталығындағы Лев Толстой атындағы әмбебап кітапханада осы күнге орай салтанатты мәжіліс өтіп, онда коммунистік партияның жергілікті белсенділері марапатталды.

Аталған бас қосуда Қазақстан Парламентінің экс-депутаты, байырғы коммунист Владимир Чернышов Москваға КПСС-тің кезекті сьезіне барғаны туралы әңгімелеп бергеннен кейін коммунистер өз ойларын ортаға салды. Бұл жерде жасамыстармен қатар мойындарында қызыл галстук байлаған жастар да төбе көрсетті.

«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ДА КОММУНИСТЕРДЕН ҮЛГІ АЛЫП ОТЫР»

Октябрь мейрамына орайластырылып жоспарланған коммунистер жиыны 7 қараша күні орталық мұражай жанындағы ақтардың қызыл әскерлерге қарсы ату жазасын орындаған қызыл қабырғаның жанынан басталды. Коммунистер революция сардарлары болып есептелетін Амангелді Иманов пен Лаврентий Таранның ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Жеңіс саябағында орнатылған Ленин ескерткіші жанында өткен митинг «Социализмге балама жоқ!» деген ұранмен өтті.

Компартияның Қостанай облыстық комитетінің хатшысы Людмила Горбенко коммунистердің капитализм идеяларына қашаннан қарсы екеніне тоқталып, социал-демократиялық партиялар буржуазияның мүддесіне қызмет етеді деген ойын білдіріп, коммунистер қатарына топтаса түсуге шақырды.
Рудный қаласындағы В.Лениннің ескерткіші тұрған сквер, Қостанай облысы.
Ол «қазіргі «Нұр Отан» партиясы да коммунистерден өнеге алып отыр, өйткені, партияның жас қанаты дегеніміз кәдімгі комсомол ұйымының көшірмесі, сондықтан да компартия идеологиясы қашанда ел көңілінен шығып келген" деген пікірін білдірді.

«Бірақ, елдегі сыбайлас жемқорлық пен әділетсіздікке қарсы күресте демократтармен біздің мақсатымыз бір», – деді Горбенко.

Коммунистердің тағы бір партиясы – Қазақстан коммунистері халықтық партиясы «Нұр Отан», «Патриоттар партиясы», «Руханият» және «Ақ жол» партияларымен бірлесіп, «Дағдарыс жағдайындағы өзара түсіністік туралы» меморандумға қол қойғаннан кейін аталмыш партияның Қостанай облыстық филиалының басшылығы жаңартылып, оның жетекшісі болып Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкий сайланған еді.

Ол «Қазақстан коммунистері халықтық партиясы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ешқашан да қарсы шыққан емес, оған қарсы болу үшін емес, Президентке партия мүшелері атынан ықпал жасау үшін күресуіміз керек» деген мәлімдеме жасаған.

Митингте коммунистер қатары көбейгені байқалмаса да, оларға іш тартатындардың аз еместігі көрінді. Мәселен, облыстық әкімшілікте, облыстық мәслихатта қазіргі уақытта қызмет атқарып жүрген бұрынғы комсомолдар, кейінгі коммунистер комсомолдың туған күнін жыл сайын дерлік атап өтеді. Қалада олардың арнайы ашып алған «СССР» деп аталатын дәмханасы да бар.

Ал Рудный секілді қала мен көптеген аудан орталықтарында бұрынғы «күн көсемнің» ескерткіші әлі сол қалпында тұр.

«Оларды алып тастауға жергілікті халық қарсы деген уәж айтылады. Шын мәнісінде қарсы топ ат төбеліндей ғана. Бірақ, олар атқарушы билік органдарында отыр», – дейді Қостанай қаласының тұрғыны Баймолда Баймұрзин.
XS
SM
MD
LG