Accessibility links

«Ақ жол» партиясы жаңа саяси маусымын ұлт саясаты тұжырымдамасымен ашты


"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменов пен партияның Орталық Кеңес хатшысы Амангелді Айталы. 23 қыркүйек, 2009 жыл. Астана
"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменов пен партияның Орталық Кеңес хатшысы Амангелді Айталы. 23 қыркүйек, 2009 жыл. Астана

«Ақ жолдың» ұлттық саясат бағдарламасы ХХI ғасырда қазақ ұлты қандай болу керек деген сұраққа жауап береді екен. Осылайша «Ақ жол» партиясы ұлтшыл бағыттағы ойын білдірсе, биліктегі «Нұр Отан» партиясының лидері, «мәңгілік президенттікке үміткер» Нұрсұлтан Назарбаев ел аралап жүр.


"АҚ ЖОЛ" "ҚАЗАҚСТАН - 2030" СТРАТЕГИЯСЫМЕН ЖҮРМЕЙДІ

Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету алдында (ЕҚЫҰ), мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси доданы қай тұстан бастайтынын бәсекелестері дөп баса алмай отырса да, елдегі саяси партия жетекшілері біртіндеп саяси сахнаға шыға бастады. Соның бірі – «Ақ жол» партиясы. Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған жаңа ұлттық саясат тұжырымдамасының тұсауын кескен «Ақ жол» партиясы президенттің Конституциядан кем дәріптелмейтін «Қазақстан - 2030» даму стратегиясы қайта қарауды қажет етеді деп мәлімдеді.

Қазақстанға жаңа саясаттың жолын ұсынып отырған аталмыш партияның лидерлерінің бірі - Амангелді Айталы қазақ санасын құлдық санадан арылтып, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ қалыптасыруымыз керек деп есептейді. Оның пікірінше, биліктің қазіргі саясаты қазақ халқын елдегі диаспораның бірі ретінде қарап келеді.
Ақжол партиясы жетекшілерінің бірі, бұрынғы депутат Амангелді Айталы. Астана, 23 қыркүйек, 2009 жыл.


- Белгілі бір уақытта ел ішіндегі тыныштық үшін бұл саясат дұрыс болған шығар. Бірақ бүгін, жаһандану заманында қазақ халқының рухани, мәдени, тілі және басқа да жағдайы мемлекеттің назарында болу керек. Ал диаспораның тағдыры өздерінің тарихи отанында шешіліп жатыр. Сол себептен де, ұлт саясатының негізгі мақсаты – қазақ халқының жағдайын көтеру, - дейді Амангелді Айталы.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтуынша, ұлттық мүддені көтеретін концепцияны қызыл империяның отарында болған бірқатар тәуелсіз мемлекеттер кезінде қабылдап қойған. Солардың ішінде Ресей, Украина, Молдова және Балтық мемлекеттері бар. Ал өздері ұсынып отырған концепцияда тіл мәселесінен бастап, әлеуметтік баспалдақтар мәселесіне дейін кең қамтылғанын айтады «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов.

Осылайша, өркениеттер ғасырында ауылдағы қараңғы қазақ баласын бәсекеге қабілетті ету жөніндегі тұжырымдаманы бір жыл көлемінде жазып шыққан «ақжолдықтардың» өздері мемлекет басшысын ұлттық лидер ету мәселесімен әуре болып жүрген биліктің ұсыныстарын қабылдай қоятынына сенбейді.

БИЛІКТЕГІ ҰЛТШЫЛДАР БОЛСА АУЫЛҒА ШАҚЫРАДЫ

- Біз байқап отырмыз, біздің көптеген ұсыныстарымызды арасына бірнеше ай өткізіп, үкімет өздерінің бағдарламалары ретінде пайдаланып жатыр. Ең соңғы мәселе, елде жұмыс жасайтын шетелдік компаниялар қаржысын Қазақстанда ұстасын деген үкімет талап қойыпты. Ал біз осындай ұсыныспен былтыр қараша айында шыққанбыз. Осылай, үкімет біздің білімімізді, білігімізді алғанымен, ол халық пайдасы үшін жұмсалса, бізге де осы маңызды, - дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Биліктің «Нұр Отан» партиясының өкілі, мәжіліс депутаты Алдан Смайыл ұлттық саясаттан гөрі, елге ауыл мәдениеті деген мемлекеттік бағдарлама маңыздырақ деп есептейді.

- Жекелеген тұжырымдамалармен ауыл халқын дамыта алмаймыз. Ауылдың талабы қазір басқа. Біз ауылды артта қалып қойған десек, қателесеміз. Қазір ауылдың өзі спутник арқылы таралатын телеарналарды көріп отыр. Маңыздысы, дамып келе жатқан ауылға керек мамандар жоқ. Біз осы жағын ойластыруымыз керек. Сондықтан ең бірінші ауыл мәдениетінің мамандары деген тұжырымдама керек, - дейді Алдан Смайыл.

Соңғы кездері ұлттық мүддені көтеріп жүрген бір «Ақ жол» партиясы емес. Радикалды оппозиция ретінде саналып жүрген «Азат» партиясының лидерлері де мемлекеттік тілге арналған жиындарда бас көтеріп, митингілер ұйымдастырып жүр. Сонымен бірге соңғы бір екі жылдың ішінде ұлттық ұйымдар саны да өсіп келеді. Ұлт деген сөзге үрке қарап келген саясаткерлер қазақ ұлтын көтермейінше, ауылдағы қазақ баласының санасын өсірмейінше, қазақ мемлекеті болып қалыптасу мүмкін емес екеніне көз жеткізе бастаған секілді.

Ал бұл кездері мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстік өңірлерді аралап, халықтың тамырын басып жүр. Осының алдында ол батыс облыстарына сапар шеккен болатын. Тамыз айларында шығыс, солтүстік өңірлерде болды. Президенттің елге жасаған сапарларының қорытындысы немен түйінделетіні әзірге Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне ғана мәлім. Дегенмен, билік дәліздерінен естіліп қалатын ұзынқұлақ деректері саяси доданың жақындап қалғанынан хабар бергендей.
XS
SM
MD
LG