Accessibility links

Дулат Исабеков: Тарихты мультфильм арқылы көру балаларға сіңімді


Жазушы Дулат Исабеков.
Жазушы Дулат Исабеков.

Шымкенттік киностудия Керей мен Жәнібек хандар жайлы мультфильм түсіріп жатыр. Фильмнің көркемдік кеңесшісі Дулат Исабеков оны «балаларға арналған шежіре» деп сипаттайды.

Шымкенттегі «Сақ» киностудиясы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай наурыз айынан бері «Қазақ елі» атты толық метражды мультипликациялық фильм түсіруге кіріскен. Сценарийін Сағаділдә Үсіпәлі жазған мультфильмнің режиссері – Батырхан Дәуренбеков.

Биыл желтоқсан айында жарыққа шығуы тиіс туындының көркемдік кеңесшісі, жазушы Дулат Исабеков Азаттыққа берген сұхбатында мультфильм жайлы пікірін айтты.

Азаттық: – Бұл мультфильмнің көркемдік кеңесшісі ретінде сценарийге өзгеріс енгізген кезіңіз болды ма?

Дулат Исабеков: – Балаларға арналған бұл мультипликациялық фильмнің ұзақтығы – бір сағат. Оны түсірушілерді бұрыннан білемін – Шымкенттегі бұған дейін «Қошқар мен Теке», «Мұңлық-Зарлық» секілді 50-ден астам мультфильм түсірген «Сақ» студиясы.

«Мультфильмдегі Керей мен Жәнібек бала күндерінен бастап хандар секілді сөйлеп кетпей ме» деген де күдігім болды басында.

Сценарийді бір емес бірнеше рет оқып шықтым. Тіпті күні кешеге дейін үйге келіп, менің редакциялаған вариантымды алып кетті. Көптеген өзгерістер енгізілді. «Мультфильмдегі Керей мен Жәнібек бала күндерінен бастап хандар секілді сөйлеп кетпей ме» деген де күдігім болды басында. Сценарийде «Еліміздің ертеңі үшін» деген секілді жалаң ұранды сөздер де болды. Әуелгі сценарийде 15-ғасырдың емес, 21-ғасырдың тілімен сөйлетіп жіберген тұстар көп кездесті. Атасының немересіне айтатын әңгімесінің өзі бүгінгі күннің ұранына ұқсап кетіп жатты. Осылардың бәрінің мұртын басып, сыпайылаттым.

Азаттық: – Мультфильм оқиғалары қай кезеңдерді қамтыған?

Дулат Исабеков: – Мультфильм – Керей мен Жәнібек дәуірі жайлы, олардың Алтын Орда тарағаннан кейін құрған хандығы туралы. Мультфильмде екеуінің балалық шағынан бастап билікке жеткен кезеңіне дейінгі аралық қамтылған. Оқиға ақсақалдың немересіне аңыз айтуымен басталады. Астанадағы Керей мен Жәнібектің ескерткіші көрсетіледі. Немересінің «Ата, бұл кім деген?» сауалынан оқиға өрбиді. Жалпы, Керей мен Жәнібектің балалық кезеңі өте қызықты. Олардың билікке жайдан жай келе салмағаны, бала күннен ерлікке, мергендікке тәрбиеленгені, Отырарға келуі, білім қууы, тіпті хандық деңгейге көтерілгенге дейінгі аралықтағы жоңғарлармен соғысы жақсы қамтылған.

Бұл – балаларға арналған танымдық фильм. Жарнамалық ролигін көріп, қатты ұнаттым. Егер дәл осылай түсіретін болсақ, өте ұтымды және балалардың жүрегіне жетеді. Өз тарихын мультфильм арқылы көру балаларға сіңімді болады. Бұл шындығында – біздің тарихымыз жайлы балаларға арналған шежіре.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG