«Даналық кітабы» жинағын толық түрде тұңғыш рет қазақ тіліне аударған ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, Сәрсенбі Дәуітұлы, М. Шафиғи мырзалар «Диуани Хикмет» сөзін «Ақыл кітабы» деп аударған екен.
Мұхамедрахым Жармұхамедұлы осы жинаққа жазған алғысөзінде аударма табиғаты жайлы: «Бұл жолы аудармаға негіз етіп, ең көне нұсқаларының бірі, жаңаша 1897-жылы Ыстамбул қаласында басылып, республикамыздың Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазба қорындағы 2330-38- реттік саны бойынша сақталып келген нұсқаны алдық»,- деп ескерте кеткен екен.
ОН ЕКІНШІ ҒАСЫРДЫҢ КУӘГЕРІ
Ал тарихи деректерге қарағанда, шығарма түпнұсқасы 12-ғасырда жазылып, түрлі ғасырларда әртүрлі көркем жазушылардың көшіруімен халыққа тарап отырған.
Соңғы замандарға жеткен алғашқы нұсқаларының бірі 15-ғасырда араб әрпімен жазылса керек.
Ғалымдардың дәлелдеуінше, «Даналық кітабы»-оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген дүние. Бұл тәсіл дастан көшпенді түркі тайпаларының бәріне бірдей түсінікті болсын деген ниеттен туындаса керек.
Дегенмен шығарма баспаханада теріліп, жеке кітап ретінде он тоғызыншы ғасырдың соңын ала жарық көргенге ұқсайды.
Ғалымдардың пікірінше ең толық нұсқасы Қазан қаласында 1887-жылы жарық көрген жинақта қамтылған секілді.
Филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтың саралауынша, Қазан басылымында барлығы 149 хикмет қамтылған. Оның ішінде 109-ы аутордың өзіне тікелей тиесілі жыр жолдары екен. Қалғаны жинақты көшіріп жазушы шәкірттері тарапынан еніп кеткенге ұқсайды.
Ғалым Келімбетовтың талдауынша: «Даналық кітабында» негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: «шариғат»- Ислам заңдары мен әдет-ғұрыптарының жинағы; «тариқат» - сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты; «мағрифат»- дін жолын танып, оқып білу; «хақиқат»- құдай және оған жақындау».
Шариғат заңдарына сүйене отырып, ақын халықты ізгі қасиеттерге шақырады.
Ол жалған ғалымдар мен жағымпаздарды аяусыз сын тезіне алады:
«Білгірі заман-ақыр залым болды,
Жағымпаз жаналғыштар ғалым болды.
Сойқанды елге ашық айта алмаудан,
Ішіме менің дертті жалын толды» дейді ақын.
«БЕС ЖАСЫМДА ШАРИҒАТҚА БЕЛІМ БУДЫМ»
Қожа Ахмет Яссауидің жеке өмірбаянына қатысты деректер аз сақталған. Және түрлі дерек көздері әртүрлі болжам айтады.
Бір дерекке қарағанда ол 1103-жылы туылып, 1228-жылы дүниеден өткен.
Келесілеріне сүйенер болсақ, ақынның туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылы 1166-жыл болуы мүкін.
Дей тұрғанмен бір нәрсе-анық. Ақын 63 жасқа келгеннен кейін, пайғамбар жасынан асып, жер бетінде жүргісі келмейтінін айтып, қылуетке яғни жер астына түсіп, қалған өмірін сонда өткізген-міс.
Бір аңыздарға қарағанда ақын қылуетте тағы 63 жыл жасағанға ұқсайды.
Бұл турасында ақынның өзі:
«Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында Ораза ұстап, әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып, тәуба қылдым,
Сол себептен 63-те кірдім жерге...»-деп жырлаған.
Негізінен жыр жолдары 11, 12 буынды боп келген бұл хикметтер кейде а-а-а-б, ал келесі бір шумақтарында а-а-б-а тәсілімен жазылған екен.
Ал Ислам танушы ғалымдардың біраз тобы Қожа Ахмет Яссауидың қылуетке кіруін «Алланың берген жасына, маңдайына жазған тағдырына қарсылық білдіру болды» деп, өз ұстанымдарын дәлелдеп келеді.
Дерек көздерге қарағанда Қожа Ахмет Яссауи сәби кезінде анасыз, ал жеті жасқа толғанында әкесіз қалған екен.
Әпкесі Гаухар-Шаһназдың қолында тәрбиеленген ол бертін келе Арыстан Баб, Хамадани сияқты ұстаздарынан дәріс алған көрінеді.
Дегенмен Қожа Ахмет Яссауидың Ислам жолындағы алғашқы ұстазы өзінің әкесі болған екен.
Ал, ақынның жолын қуып, сопылық сарында жырлар жазған шәкірттерінің ішіндегі ең танымалы Сүлеймен Бақырғани болатын.
Сөз түйінінде Қожа Ахмет Яссауидың бір шумақ өлеңін келтіре кеткен жөн болар:
«Ғаріп-пақыр, жетімдерді қылған шадман,
Құлдық қылып, ғазиз жанды еткен құрбан.
Тағам тапсаң, шын пейілмен күткін мейман,
Халықтан естіп, бұл сөздерді айттым міне...»