Accessibility links

Украинаның Әблязовті экстрадициялату өтініші не болмақ?


Мұхтар Әблязов. 15 тамыз 2010 жыл.
Мұхтар Әблязов. 15 тамыз 2010 жыл.

Украина бас прокуратурасының қуғындағы қазақстандық саясаткер Әблязовті экстрадициялау туралы өтініші күшінде тұр. Бірақ Киев түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтады.

Қыркүйектің 25-і күні Францияның Лион қаласының апелляциялық соты Ресей мен Украинаның қуғындағы қазақстандық саясаткер әрі бұрынғы банкир, қазір Францияның оңтүстігіндегі түрмеде отырған Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы өтінішін қарауы керек.

Биыл сәуір айында Францияның кассациялық соты Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы қаулының күшін жойған. Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы өтінішті Украина да жолдаған. Ол Украинаның өтініші негізінде 2013 жылдың жазында тұтқындалған.

ЕСКІ ІС

Украина бас прокуратурасының жұртшылықпен және ақпарат құралдарымен байланыс басқармасының бастығы Андрей Демортиноның Азаттыққа хабарлауынша, Украинаның Мұхтар Әблязовті Франциядан экстрадициялау туралы өтінішінің күші жойылмаған.

– Бұл – көптен бері созылып келе жатқан оқиға. Қазір онсыз да проблемамыз көп. Қазір шынын айтқанда оған мойын бұратындай жағдайда емеспіз. Оппозициялық саясаткерді экстрадициялауды Украинадан өзгелер де күтіп отыр. Сіз сұрамағанда, мұны ешкім есіне де алмас еді, – деді Андрей Демортино Азаттық тілшісіне.

Украинаның бас прокуратурасы ғимараты. (Көрнекі сурет)
Украинаның бас прокуратурасы ғимараты. (Көрнекі сурет)

Бірақ кейінірек Украина бас прокуратурасы өкілі Әблязовті экстрадициялауға қатысты ескі өтініштің күшін жою немесе жалғастыра беру мәселесі «әлі қаралып жатқанын» хабарлады.

– Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Украина оған қандай баптар бойынша талап қойғанын әрі оны экстрадициялауды бұрынғыдай талап етер-етпесін білмеймін, нақты ештеңе айта алмаймын. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр, шешім қабылданған жоқ. Қолымда қосымша ақпарат жоқ, – деген Андрей Демортино Украина билігі Мұхтар Әблязовке қандай айып таққанынан хабарсыз екенін айтты.

Андрей Демортино Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы өтінішке қатысты ісің ескі екенін, енді ғана қаралатынына назар аударады. «Бұл іс қашан қаралады және қазақстандық диссидент Әблязовті экстрадициялау туралы мәселені қарайтын француз сотымен Украина бас прокуратурасы хабаралсып тұра ма?» деген сұраққа Андрей Демортино жауап бере алмады.

«ДЖЕМИЛЕВ ПЕН САВЧЕНКО СИЯҚТЫ»

Мұхтар Әблязовтің қорғаушысы, ресейлік адвокат Марк Фейгиннің пайымдауынша, Украинаның Мұхтар Әблязовті Франциядан экстрадициялау туралы өтінішіне қатысты іс бұрынғы екпінімен жалғасып келеді.

Фейгин жуырда Киевте өткен баспасөз жиынында қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықовтың сұрақтарына: «Украинада Мұхтар Әблязовке қатысты істің жалғасуын рецидив дер едім. Бұл істі Украинаның бұрынғы билігі, Янукович режимі Қазақстан басшылығының өтініші негізінде қозғаған. Меніңше, бұл іс инерциямен жалғасып келеді» деп жауап берген.

Адвокат Марк Фейгин Украинаның жаңа билігі бұл істің мән-жайын түпкілікті анықтаса, Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы өтінішінің күшін жояды деп сенеді.

Ресейлік адвокат Марк Фейгин.
Ресейлік адвокат Марк Фейгин.

– Мұхтар Әблязов – шынымен де оппозициялық саясаткер. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне қарсы шықты. Надежда Савченко, Мұстафа Джемилев сияқты жүйеге қарсы шыққандардың кез келгенінің ісі сияқты бұл да – саяси іс, – дейді Марк Фейгин.

Украина және Ресей билігі «қаржылық алаяқтық жасады» деген айыппен БТА Банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасын экстрадициялауды сұраған. Қазақстанда Әблязовқа өзі басқарған БТА Банктің «6 миллиард доллар ақшасын жымқырған» деген айыппен іздеу жарияланған. Қазақстан мен Франция арасында азаматтарды экстрадициялау туралы өзара келісім жоқ.

Қазақстанның 74 жастағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыластарының бірі, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды «саяси астары бар» деп атап, оларды мойындамайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG