Accessibility links

Әбжанның үкімін білуге барғандарға арнайы жасақ шақырды


Азаматтық белсенді Махамбет Әбжан сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 27 қараша 2017 жыл.
Азаматтық белсенді Махамбет Әбжан сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 27 қараша 2017 жыл.

Үлескерлер мен тозған баспанадан көшірілгендердің мүддесін қорғаумен танылған астаналық белсенді Махамбет Әбжан үш жарым жылға сотталды. Сот Әбжанды «алаяқтық жасады» деп таныды. Белсенді мен оның адвокаттары үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Үкім жарияланғаннан кейін сот залына арнайы жасақ полицейі кірді – оған процеске жиналған адамдарды бөлмеден шығаруды тапсырған.

ҮШ ЖАРЫМ ЖЫЛ МЕН МҮЛІК ТӘРКІЛЕУ

Үш жарым жыл түрме, «қылмыстық жолмен тапқан» мүлікті тәркілеу. Қарашаның 27-сі күні Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты «алаяқтық жасады» деп айыпталған азаматтық белсенді Махамбет Әбжанға осындай үкім кесті. Сот белсендіден іс бойынша жәбірленуші деп танылған әрі сотта премьер-министр канцеляриясының жетекші маманы деп аталған Азамат Жетпебаевтің пайдасына екі жарым миллион теңге өндіріп беру туралы қаулы етті. Сот екінші жәбірленуші Ғалымжан Пановтың азаматтық талап-арызын қарамай тастады. Жәбірленушілер үкім жариялауға қатысқан жоқ.

Судья Азамат Жетпебаев пен Ғалымжан Панов екеуінен 30 мың АҚШ долларын талап еткен Махамбет Әбжанның азаматтық талап-арызын да қарамай қойды. Сот Әбжанның Жетпебаев пен Пановтан екі миллион теңге (әр жәбірленушіден бір миллион теңгеден) моральдық зиян өндіріп беру туралы талабын орындаудан бас тартты. Судья Біржан Төрегелді «сотқа дейінгі өндіріс әрекеттерінен заңсыздық анықталмады» деп мәлімдеді -ертеректе Әбжан тергеушілердің жұмысына шағым түсірген болатын.

- Сот жеке сипаттағы қаулы шығарды. Онда Сарыарқа прокурорына тиісті шаралар қолдану үшін «Ынтымак Курылыс Астана» ЖШС-нің инвестиция ретінде жеке азаматтардан ақша тарту әрекеттеріне назар аудару туралы айтылған. Сот осы жеке қаулыға тергеуге дейін заңдылығын тексеру үшін Жүнісовтің атына жазылған әрі қорғаушы тарап берген екі келісім-шартты қоса тіркейді, - дейді Біржан Төрегелді.

Судья Біржан Төрегелді Махамбат Әбжанның үкімін оқып тұр. Астана, 27 қараша 2017 жыл.
Судья Біржан Төрегелді Махамбат Әбжанның үкімін оқып тұр. Астана, 27 қараша 2017 жыл.

Судья прокурордан жәбірленуші Пановтың «26 мың АҚШ долларым жымқырылды» деп көрсеткен куәліктеріне назар аударуды өтінді. Әлгі соманы иемденіп кетті деген айып Махамбет Әбжаннан алынып тасталды.

Оқи отырыңыз: Үлескерлерді қорғаған белсендіні «алаяқ» деп айыптайды

«ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙМІН»

Үкім жарияланғаннан кейін азаматтық белсенді Махамбет Әбжан әділетсіз үкім деп санайтынын айтты.

- Істе қылмыс құрамы жоқ деп санаймын, судья мені ақтауы тиіс болған, сот заң мен ар-ұжданға сүйенуі тиіс. Шамасы, сотқа ІІД тарапынан қысым жасалған сияқты, сондықтан судья сот тәуелсіз болуы тиіс деген принципті ұстай алмады. Үкімді алған бетте шағымданамыз, менің әрекеттерімде қылмыс құрамы жоқ екенін дәлелдейміз, - дейді Махамбет Әбжан.

Әбжанның адвокаты Фатима Берсанова Азаттыққа «қорғаушы тараптың үкімге қарсы шағымданатынын» айтты. Берсанованың сөзінше, клиентінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар жоқ, ал «Жетпебаевқа қатысты эпизод бойынша әлдебір ақшаны бергенін дәлелдейтін айғақ мүлде жоқ, жанама айғақтар да жоқ, [бәрі] - құр сөз». Бұған қоса, оның айтуынша, мүлікті тәркілеу де болмайды, өйткені «қылмыстық жолмен алынған» мүлік жоқ.

- Оның пәтері жоқ, көлігі несиеге алынған, қылмыстық жолмен алынбаған, әрі әзірше қамауда тұр, - дейді Фатима Берсанова.

Сотталған белсендінің анасы бүгін бостандыққа шығатын шығар деп үміттенгенін айтты, бірақ ол «бәріне даяр болғанмын» дейді.

- Мұның бәрін әдейі ұйымдастырылған, алдын ала жоспарланған әрекет екені әу бастан түсінікті болған, сондықтан оны бұдан да ұзақ мерзімге соттайтын шығар деп қорқып едім. Шын мәнінде, оның жазығы жоқ, мұны сотта болғандардың бәрі, халық түсінді, жұрттың көзі бар. Мұндай елде тұрып жатқанымызға қынжыласың, мұндайды көргенде түңілесің, бірақ белді бекем буып, ақырына дейін күресетін боламыз, - дейді Салия Әбжанова.

Махамбет Әбжан (сол жақтан оңға қарай) ісіндегі қорғаушылар: қоғамдық қорғаушы — белсендінің анасы Салия Әбжанова, адвокат Фатима Берсанова және адвокат Найля Кузбаева. Астана, 16 қазан 2017 жыл.
Махамбет Әбжан (сол жақтан оңға қарай) ісіндегі қорғаушылар: қоғамдық қорғаушы — белсендінің анасы Салия Әбжанова, адвокат Фатима Берсанова және адвокат Найля Кузбаева. Астана, 16 қазан 2017 жыл.

Үкімді жариялауға қатысқан оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова «мына сот шешіміне мүлде абдырап қалдым» дейді. Ол Әбжанның ісіне қатысты процесс – өзгелерге сабақ болу үшін өткізілген көрнекі сот деп санайды.

- Кінәсі дәлелденген жоқ, бұл істе тапқан жауаптарынан гөрі, сұрақ көп. Сот кей адамдарды, мысалы Азамат Жетпебаевты өзінің айыптау дәйектерін маңыздырақ етіп көрсету үшін пайдаланды деп санаймын. Шын мәнінде, бәрі дәл соның жауаптарына негізделіп құрылған. Амал нешік, өмірде мұндай да достар кездеседі. Миллиардтап ұрлап жатқан қаншама коррупционер бар. Олар құқық қорғаушыларға«Жақсы,өздерің қорықпасаңдар да, отбасыларың азап шегетінін біліп қойыңдар» дегенді көрсеткісі келеді, - дейді Зәуреш Батталова.

Үкім жарияланғаннан кейін судья Біржан Төрегелді процеске қатысушылардан «аялдай тұруды» өтінді - хатшы сот шешімі мен жеке қаулылардың көшірмелерін әкелуге кетті. Үкімді жариялау басталмай жатып дәлізде арнайы жасақ полициясының екі қызметкері пайда болды. Олардың бірі залға кіргісі келді, бірақ судьяның хатшысы бірдеңе деген соң бөлмеге кірген жоқ.

Кейінірек, сотталушыны әкетіп, процеске қатысушылар тарай бастаған кезде әлгі екеуі онсыз да ың-жыңсыз кетуге ыңғайланып жатқан жұртты шығару үшін залға кірді.

Үкім оқылғаннан кейін адамдарды залдан шығаруға кірген арнайы жасақ жауынгерлері. Астана, 27 қараша 2017 жыл.
Үкім оқылғаннан кейін адамдарды залдан шығаруға кірген арнайы жасақ жауынгерлері. Астана, 27 қараша 2017 жыл.

Қарашаның 23-і күні өткен тараптар жарыссөзінде прокурор Қанат Тілеужан соттан Әбжанды «алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танып, 4 жыл 8 айға соттауды сұраған. Айыптаушы тараптың болжамынша, екі жәбірленуші – «Азамат Жетпісбаев пен Ғалымжан Пановқа жиыны үш жарым миллион теңгеден көп зиян келген».

Әбжанның соты (23 қараша):

Суд по делу активиста Абжана
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

ҚАМАУДАҒЫ АЛТЫ АЙ

Әуелгі тергеу болжамына сәйкес, Махамбет Әбжан мен «Ынтымақ Құрылыс Астана» компаниясының директоры Азамат Жетпісбаев Оңтүстік Қазақстан облысы Ақсукент ауылының тұрғыны Ғалымжан Пановты «егер бір миллион теңге салсаң, «Ата-Кент» тұрғын үй-құрылыс кооперативінен (ТҚК) үш бөлмелі пәтер сатып алуыңа болады» деп «шатастырған». Пановқа ақша салуды ұсынған Астанадағы үй салынып бітпеген. Тергеу болжамынша, жәбірленуші Пановқа 972 мың теңгеден көп соманың материалдық зияны келтірілген. Қазанның аяғында - Әбжанның ісін сотта қарап жатқан кезде азаматтық белсендінің туыстары пайдалануға берілмеген үйдің құрылысына үлескер болып қатысу туралы келіссөзді бұзған жәбірленуші Пановтың атына бір миллиондай теңге аударған.

Қыркүйекте сот басталмай тұрып Азамат Жетпісбаевтің екінші жәбірленуші ретінде танылғаны, ал Махамбет Әбжанның ісінде белсендіні «Жетпібаевқа жоғары жақтағы құзырлы құрылымдар арқылы көмектесемін деген уәде беріп, сегіз мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшаны иемденіп кеткен» деп айыптайтын эпизод пайда болды. Тергеушілер мен айыптаушылардың болжамынша, Әбжан жер телімінің мақсаттылығын көп қабатты үй салу деп өзгертуге көмектесемін деп уәде еткен. Құрылыстың тұрып қалу себептерінің бірі - жер телімінің мақсатқа сай болмауы. Астана шетіндегі Көктал шағын ауданындағы жер телімі құжат бойынша бизнес-орталық салынатын телім болуы тиіс, ал іс жүзінде ол жерде салынып бітпеген тұрғын үй тұр.

Азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның үкімі оқылып жатқан сәт. Астана, 27 қараша 2017 жыл.
Азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның үкімі оқылып жатқан сәт. Астана, 27 қараша 2017 жыл.

Биылғы маусымнан бері қамауда отырған Махамбет Әбжан тағылған айыптарды жоққа шығарып келген. Оның туыстары «тергеу салынып бітпеген тұрғын үй кешенінің бүкіл проблемасын оның мойнына іліп қоюды ұйғарды» деп санайды әрі Әбжанның ісі «тапсырыспен қозғалған сияқты» деп мәлімдейді.

Әбжан - бұған дейін де қылмыстық қудалауға ұшыраған белсенді. 2016 жылғы тамызда Астананың Сарыарқа аудандық № 2 соты «полицейлерді қорлады», «билік өкіліне бағынбады, күш қолданды» деген айыппен оның еркіндігін бір жылға шектеп, 600 доллардан көп көлемде айыппұл салған. Апелляциялық сот үкімді күшейтіп, еркіндігін шектеуге тағы бір жыл қосқан. Әбжанның бұрынғы әйелінің сөзінше, кейінірек белсенді амнистияға ілігіп, ел ішінде жүріп-тұруын шектеуді алып тастаған.

Белсенді ретінде танылған Әбжан 11 жыл бұрын Астана қаласы мәслихаты депутаттығына сайлау науқаны кезінде «қаржылық алаяқтық жасады» деп айыпталып, үш жылға сотталған. Түрмеде үш жыл отырып шыққаннан кейін Махамбет Әбжан қоғамдық жұмысқа қайта оралып, Байқоңыр ғарыш айлағынан улы отынды пайдаланатын зымыран ұшыру мен Ресейдің Қазақстандағы әскери полигондарды пайдалануына қарсы «Антигептил» тобы мүшелерінің бірі болған, үлескерлердің құқығын қорғап наразылық акцияларын өткізген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG