Accessibility links

Үлескерлерді қорғаған белсендіні «алаяқ» деп айыптайды


Махамбет Әбжанның Астананың Сарыарқа аудандық № 2 сотында түсірілген суреті. Астана, 16 қазан 2017 жыл.
Махамбет Әбжанның Астананың Сарыарқа аудандық № 2 сотында түсірілген суреті. Астана, 16 қазан 2017 жыл.

Қамауда отырғанына төрт айға жуықтаған Астанада тұратын азаматтық белсенді Махамбет Әбжанды алаяқтық бабы бойынша айыптайды. Іске қатысты жәбірленушілердің бірі өзін премьер-министр канцеляриясының қызметкерімін деп атайды. Сотта тағы бір жәбірленуші полициядан телефон соққаннан кейін Әбжанның үстінен арыз бергенін айтты.

Тарап кеткен «Антигептил» тобына мүшелігінен бастап саяжай иелері мен тозған баспанадан көшірілгендердің мүддесін қорғауға дейінгі белсенділігімен танылған 34 жастағы астаналық тұрғын Махамбет Әбжанды биыл маусымда қамауға алған.

САЛЫНЫП БІТПЕГЕН ПӘТЕРЛЕР ХИКАЯСЫ

Әуелгі тергеу болжамына сәйкес, Махамбет Әбжан мен сотта премьер-министр канцеляриясында сарапшы болып жұмыс істеймін деп мәлімдеген "Ынтымақ Құрылыс Астана" компаниясының директоры Азамат Жетпібаев Оңтүстік Қазақстан облысы Ақсукент ауылының тұрғыны Ғалымжан Пановты "егер бір миллион теңге салсаң, „Ата-Кент“ тұрғын үй-құрылыс кооперативінен (ТҚК) үш бөлмелі пәтер сатып алуыңа болады" деп шатастырған. Тергеу болжамынша, жәбірленушіге 972 мың теңгеден көп материалдық зиян келтірілген.

Махамбет Әбжанның соты. Астана, 16 қазан 2017 жыл.
Махамбет Әбжанның соты. Астана, 16 қазан 2017 жыл.

Бірақ қыркүйекте Азамат Жетпібаев екінші жәбірленуші ретінде танылды, ал Махамбет Әбжанның ісінде оны Жетпібаевқа жоғары жақтағы құзырлы құрылымдар арқылы жер телімінің мақсаттылығын көп қабатты үй салу деп өзгертуге көмектесемін деген уәде беріп, "сегіз мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшаны иемденіп кеткен" деп айыптайды. Ол тұста бұл екі жарым миллион теңгеден көп ақша болатын.

Азамат Жетпібаев оны күдіктіден жәбірленушілер қатарына қалай ауыстырғанын Азаттыққа түсіндіруден бас тартып, комментарий беруден жалтарды.

Сарыарқа аудандық № 2 сотында қазанның 17-сі күні өткен отырыста жәбірленуші Ғалымжан Панов тергелді. Оның айтуынша, өзі тұратын әрі кәсіпкерлікпен айналысатын Ақсукент ауылындағы көршісі 2016 жылы оған 18 мың доллар қарыз болып қалған. Көршісі қарыздың өтеуіне Астанадағы әлі салынып бітпеген тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер мен үлескерлік құрылыстағы инвестициялық келісім-шартты ұсынған. Оның сөзінше, әлгі тұрғын үйді Азамат Жетпібаевтың "Ынтымақ Құрылыс Астана" компаниясы "Пригородный" тұрғын үй ауданынан салуы әрі биыл төртінші тоқсанда пайдалануға беруі тиіс болған. Пановтың сөзінше, Азамат Жетпібаев бір бөлмелі пәтерді сатып алу жөніндегі инвестициялық келісім-шартты оның атына қайта жазған, ал кейінірек Панов оған екінші бір бөлмелі пәтер үшін аванс ретінде сегіз мың доллар беріп жіберген. Құрылыс аяқталғаннан кейін толық есеп айырысамыз деп болжанған, бірақ үй әлі күнге дейін салынбаған.

Азаматтық белсенді Махамбет Әбжан адвокаты Найля Кузбаевамен сөйлесіп тұр. Астана, 16 қазан 2017 жыл.
Азаматтық белсенді Махамбет Әбжан адвокаты Найля Кузбаевамен сөйлесіп тұр. Астана, 16 қазан 2017 жыл.

Бұған қоса, Ғалымжан Панов сотта «Азамат Жетпібаевтың ол берген сегіз мың долларды жер телімінің мақсаттылығын өзгертуге жұмсауды жоспарлағанын» айтты. Яғни жер бизнес-орталық салынатын телім емес, Панов бір бөлмелі екі пәтер сатып алмақ болған көпқабатты тұрғын үй салынатын телім болып ауыстырылу керек болған.

Биыл көктемде Азамат Жетпібаев Ғалымжан Панов пен Махамбет Әбжан екеуін таныстырған. Тергеу болжамынша, Пановқа екі инвестициялық келісім-шартты айырбастауды, Көктал шағын ауданындағы "Нұр Бесік" тұрғын үй кешеніндегі "Ата-Кент" ТҚК-дегі үш бөлмелі пәтердің бір миллион теңге үлестік жарнасын құюды Әбжан ұсынған.

Жәбірленуші Ғалымжан Пановтың сөзінше, ол Махамбет Әбжанға 500 мың теңге және 1500 доллар көлемінде ақша берген.

Ал сотталушының айтуынша, ақша оған емес, "Ата-Кент" ТҚК-ге берілген, әрі қазір туыстары оны жәбірленушіге қайтаруға әзір, бірақ 26 мың долларды ол алмаған, оны жәбірленуші Азамат Жетпібаевтан талап ету керек. Махамбет Әбжан айыпты мойындамайды.

Ғалымжан Панов сотта Астананың ішкі істер департаменті үйіне телефон соғып, Махамбет Әбжанның пәтерінен екі келісім-шарт пен жарамсыз мөр табылғанын хабарлап, арыз жазуын өтінгеннен кейін Әбжан мен Жетпібаевтың үстінен полицияға арыз жазғанын айтты. Оның сөзінше, күдігі сол кезде оянған.

ТҚК ЖӘНЕ ОНЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙ

Астанадағы "Ата-Кент" тұрғын үй-құрылыс кооперативі жайлы жұрт 2016 жылы Астана тұрғыны Ольга Цветкова қала шетіндегі Көктал шағын ауданында орналасқан "Ата-Кент" ТҚК-ге салған тоғыз миллион теңгеге жуық үлес ақшасын қайтаруды талап етіп, үстіне бензин құйып, өзін өртейтінін мәлімдеген кезде естіген. Ол уәделі пәтерді екі жыл күтіп, төзімі таусылған. Ол кезде жағдайға жергілікті билік араласып, құрылыс компаниясы ақшаны қайтарған.

ВИДЕО: Өзін өртеймін деп қорқыту

Угроза самосожжением
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

Оқи отырыңыз: Астанада үлескер өзін-өзі өртемек болды

Туыстарының айтуынша, әлгі оқиғаға Махамбет Әбжан белсенді ретінде араласқан. Олар Әбжанға тағылған айыптарды Көкталдағы тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің құрылысына ақша салып, бірнеше жыл бойы пәтерлерін ала алмай жүрген "Ата-Кент" ТҚК үлескерлерінің құқығын қорғаумен байланыстырады.

Ертеректе – 2015 жылғы сәуірде олардың кейбірі жылжымайтын үй құрылысына үлестік жарнамен қатысу туралы келісім-шартқа мүлік агенттігі арқылы 2014 жылы отырғанбыз, бірақ әлі үйдің тіпті жартысы да салынған жоқ деп мәлімдеген. Ол кезде салынып бітпеген кешеннің алдындағы билбордта құрылысты жүргізуші - "Темірбек" ЖШС, ал тапсырыс беруші - "РОО оралманов АСАР" деп жазылған нысанның паспорты ілулі тұрған.

Әбжанның бұрынғы әйелі Жансая Кенжебаеваның айтуынша, әлгі ТҚК-нің 20 үлескері белсендінің көмегіне "Шаңырақ" қоғамдық ұйымы төрағасы ретінде жүгінген.

- Ол әлгі үлескерлерді қорғап, оларға әу бастан көмектескен, ал кейін бұл принципшілдікпен айналысты. Ол әлгі істі ақырына дейін жеткізгісі келді, - дейді ол.

ТІНТУ

Махамбет Әбжанның жақындарының пікірінше, тергеу бүкіл проблеманы оның мойнына іліп қоюды ұйғарған. Бұрынғы әйелі Жансая Кенжебаеваның сөзінше, "Ата-Кент" ТҚК төрағасы міндетін бұрынғы атқарушы Қайрат Бодауханның "өзiнше билiк ету" туралы арызы негізінде полицейлер екі – оның және Махамбет Әбжанның үйінде тінту жүргізіп, екі азаматтық-құқықтық келісім-шартын тапқан, ал сосын олардың негізінде алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жансая Кенбежаеваның айтуынша, қазір "Ата-Кент" ТҚК-де жаңа төраға. Оны алдыңғы төрағамен туған даудан кейін сайлаған.

- Ақша жинап, әлгі пәтерлерді салып бітіру үшін инвесторлар іздей бастаған болатын, оны әлгі үйдің салынып бітпегенін көздейтіндер әдейі жауып отыр. Ол үйді салып бітіре алмай жүргендеріне бес жыл болды, - дейді Жансая Кенжебаева.

Махамбет Әбжанның қорғаушылары (солдан оңға қарай): қоғамдық қорғаушы, белсендінің анасы Салия Әбжанова, адвокат Фатима Берсанова және адвокат Найля Кузбаева. Астана, 16 қазан 2017 жыл.
Махамбет Әбжанның қорғаушылары (солдан оңға қарай): қоғамдық қорғаушы, белсендінің анасы Салия Әбжанова, адвокат Фатима Берсанова және адвокат Найля Кузбаева. Астана, 16 қазан 2017 жыл.

Айыпталушының анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Салия Әбжанованың сөзінше, қамалардың алдында Әбжан пәтер жалға алып, отбасынан бөлек тұрған, бірақ көп уақытын бұрынғы әйелінің пәтерінде үш баласымен бірге өткізіп жүрген. Белсендінің үлкен қызы - алты, ұлы - бес, кенже қызы - бір жарым жаста. Қазір кішкентай балалардың бүкіл қамы бұрынғы әйелі Жансаяның мойнына түскен.

ЖЕТІ ҮЛЕСКЕРДІҢ БАСПАСӨЗ ЖИЫНЫ

Биыл тамызда атауы "Жас отан" деп өзгерді деп мәлімдеген "Ата-Кент" ТҚК-нің жеті үлескері өздерін «Әбжанның құрбанымыз» деп атап, баспасөз жиынын өткізген. Олар үлескерлердің арасында туған араздыққа Махамбет Әбжанды айыптаған. Әйелдердің сөзінше, ол ТҚК басшылығына қарсы айдап салып, "үлескерлердің бірін ТҚК-дегі есеп-шотын жауып тастауға мәжбүрлеп, алдау арқылы ТҚК төрағасын қайта сайлауға тырысқан".

Тамыздың 17-сі күні Астанадағы баспасөз жиынында Роза Әлиманова парақтан "Өзінің жеке мақсаты үшін, билікке, құқық қорғау органдарына және жолында кедергі болған ұйымдар мен тұлғаларға қарсы қою үшін Әбжан адамзатты әділетсіздіктен қорғаушы деген масканы пайдаланады. Бұған қоса, ол өзге блогерлерді де шатастырып, осы мақсатта пайдаланады. Біз биліктен Әбжан сияқты адамдарды қашанға дейін мемлекеттік мекемелерге кіргізе бересіңдер деп сұрағымыз келеді. Ол Астанадағы салынып бітпей қалған проблемалық тұрғын үй кешендері бойынша құрылған ведомствоаралық комиссияға емін-еркін кіріп, өтірік айтады. Біз, яғни ТҚК басқармасы мүшелері тұрмыз, ол біз - 42 адамбыз деп өтірік айтып тұр, ал бізде бар-жоғы 38 үлескер" деп оқып берген.

Ол ТҚК-нің бұрынғы үлескері Ольга Цветковаға "құрылыс компаниясынан өзімді өртеймін деп ақшаңды қайтарып ал деген кеңесті де дәл осы Әбжан бергеніне" сенімді.Ол кезде Ольга Цветкова өзін өртеуге шарасыздық итермеледі деп мәлімдеген.

Роза Әлиманова кооперативтің өзге өкілдерін Махамбет Әбжанның ісі бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырған.

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН БЕЛСЕНДІ

Махамбет Әбжан мен биліктің арасы 2006 жылдан бері дұрыс емес. Ол «Патриот жастар одағы» жетекшісі ретінде саясатқа енді ғана араласа бастаған кезде Астана қаласы мәслихаты депутаты болып сайлануға тырысқан, бірақ "сайлау науқаны кезінде қаржылық алаяқтық жасады" деген айыппен үш жылға сотталған.

Ресей елшілігі жанында наразылық акциясын өткізіп тұрған Махамбет Әбжан. Астана, 3 наурыз 2014 жыл.
Ресей елшілігі жанында наразылық акциясын өткізіп тұрған Махамбет Әбжан. Астана, 3 наурыз 2014 жыл.

Махамбет Әбжан түрмеден шыққаннан кейін де қоғамдық жұмысын тоқтатпай, саяси және әлеуметтік жобалармен айналысқан, бірақ билік өкілдері мен полицейлермен әрдайым жаңа проблемаларға тап болатын.

Былтыр тамызда Астананың Сарыарқа аудандық № 2 соты "полицейлерді қорлады", "билік өкіліне бағынбады, күш қолданды" деген айыппен Махамбет Әбжанның еркіндігін бір жылға шектеп, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 212 мың теңге) айыппұл салған. Кейінірек қалалық сот Астананың Сарыарқа ауданы прокурорының қарсылығын ішінара ескеріп, тағы бір жыл қосқан. Ол кезде оған митингілерге қатысып, оларды ұйымдастыруына, ескертусіз өзге жерлерге кетуіне тыйым салынған. Бірақ бұрынғы әйелі Жансая Кенжебаеваның айтуынша, Қазақстандағы соңғы амнистиядан кейін Махамбет Әбжанның соттылығы жойылған, сондықтан елдің ішінде еркін жүріп-тұруға құқығы болған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG