Accessibility links

Айыпталушы Владимир Козловтан жауап алынды


Владимир Козлов, тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі.
Владимир Козлов, тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі.
Жұма күнгі сот отырысында екі куәгердің жауаптарына қатысты күмәнді сейілту үшін ҰҚК тергеушілерін шақырту туралы адвокаттың өтініші қанағаттандырылмады.

Қыркүйектің 7-і күнгі сот отырысында судья адвокат Венера Сәрсенбинаның кешегі өтініші қанағаттандырылмайтынын айтты. Адвокат Сәрсенбина іс материалдарындағы екі бірдей куәнің берген жауаптарының екі парағы бір-бірінен айнымайтындығын айтқан еді. Мұның себебін анықтау үшін куәгерлерден жауап алған ҰҚК екі тергеушісін шақыртуды сұраған.

Судьяның бұл ісін Владимир Козлов «тергеушілер бұл жағдайды түсіндіре алмаушы еді. Жалған құжаттар екендігі көзге көрініп тұр, сондықтан да сотқа шақыртылмады» деп түсіндірген. Бұл мәліметті сотқа қатысып отырған блогер Дмитрий Щёлоков жариялады.

ТАҒЫ ДА ӘБЛЯЗОВ ТУРАЛЫ

Бұдан кейін айыпталушы, тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтан жауап алынды. Ол өзінің жауаптарында Мұхтар Әблязовпен қарым-қатынасы, Қазақстанның демократиялық таңдауы (ДВК) қозғалысының пайда болуы мен «ұйымдасқан қылмыстық топ» жайында айтты.

Козлов «1999-2000 жылдары Ақтауда тұрғанын, бұдан кейін Маңғыстау өндірістік компаниясына жарнама маманы болып қызметке шақыртылғанын» баяндады.

- Бұл компания энергетика министрлігінің жұмысын жандандыру мақсатында жұмыс істеді. Ол кезде Әблязов министр болатын. Министрліктің жағдайы мүшкіл еді. Менің қызметім қоғаммен байланысты қалыптастыру болатын. Әблязов мықты мамандарды жинап, аз уақыттың ішінде министрлік жұмысын қайта қалпына келтірдік, - деді Козлов.
Егер президент сол кезде Тоқаевтың отставкасын қабылдағанда, қазір біз басқа елде тұратын едік.
Айыпталушы 2001 жылы Әблязов министрліктен кеткеннен кейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылғанын, Мұхтар Әблязов Ғалымжан Жақиянов, Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Зейнолла Кәкімжанов және Нұржан Субханбердиндермен бірге оның құрылтайшысы болғанын тәптіштеп айтып шықты. «Сол кезде мені Әблязов баспасөз қызметіне шақырды да, Алматыға келдім» деді Козлов.

- Бұл Қазақстан тарихындағы жоғарғы шенді лауазым иелері оппозицияға өткен тұңғыш оқиға еді. Алайда екі күннен кейін сол кездегі премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев «президентке ультиматум» қойды. Тоқаев қозғалысты құрғандардың барлығын қызметтерінен кетіруді талап етті, әйтпесе өзі отставкаға кететіндігін айтты. Егер президент сол кезде оның отставкасын қабылдағанда, қазір біз басқа елде тұратын едік, - деді Козлов.

ТІРКЕЛУДЕН ӘЛІ ҮМІТТІ

Айыпталушы ретінде сұралған Владимир Козловтың айтуынша, қызметінен қуылғандарға қатысты қатаң репрессиялар басталып, бір айдан кейін ДВК бөліне бастаған.

- Өз ішінде «мемлекеттің барлық басшыларын сынға алушылар «және «президенттен өзгелерді ғана сынайтындар» болып бөліне бастады. Оппозицияда қалып, барлығын сынаушылар – Әблязов, Жақиянов, Тоқтасынов пен Батталовалар болды. Ал президентті сынағысы келмейтін топта - Байменов, Әбілов және Жандосовтар болып, кейін олар «Ақ жол» партиясын құрды, - деді «Алға» жетекшісі.
Әблязов осы күнге дейін барлық Қазақстандық оппозицияны қолдап келді. Ол - өте талантты бизнесмен.
Ол 2002 жылы Мұхтар Әблязовқа қатысты қылмыстық іс қозғалған шақта да онымен тығыз байланыста болғандығын айтты. Әблязов 2004 жылы президент рақымшылығынан кейін ол бостандыққа шығып, шетелге кеткен еді.

- Сол кезден бері жаңадан партия тіркемек болдық. Алайда біздегі заңдар мемлекет басшысының саяси серігі еместерді тіркеуге болмайтындай етіп қабылданған. Мәселен 40 мың тізімі бар адамның ішінде бір азамат кәмелетке толмаған немесе Қазақстанның азаматы болмай шықса тіркелуге мүмкіндік жоқ. Осы күнге дейін біз партиямызды тіркеуден әлі де үміттіміз. Әблязов осы күнге дейін барлық Қазақстандық оппозицияны қолдап келді. Ол - өте талантты бизнесмен. Бұған оның түрмеден шығысымен БТА банкін басқарып, оның екі жыл қатарынан ең үздік банк болуына қол жеткізгендігі куә, - деді Козлов.

«ЖАҚТАСТАРДЫҢ САНЫН ӨСІРУ ҚЫЛМЫС ПА?»

Владимир Козлов прокурорлар келтірген әйгілі скайп-конференцияны «Әблязовтың емес, партияның аймақтардағы жетекшілерінің бастамасымен» болған жиын екендігін айтты. «Сондықтан тергеудің Әблязов бізге тапсырма берді дегені негізсіз» деді Козлов.

Оның сөзінше, конференция сұрақ-жауап түрінде өткен, арасында қалжыңдар айтылған. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген талантты топ менеджер ретінде Әблязовқа сұрақтар қойылған.

- Әблязов өз сөзінде бізге нақты идея мен бағдарлама бойынша адамдарды соңымыздан ертуді үйренуіміз керек. «Бүгін 500, ертең 1000, ал арғы күні 5000 адам шыққанда, билік бізбен санасады» деді. Айыптаушы тарап бұл сөзден қылмыстық сипат табады. Ал Еуропада да жүздеген мың адам шығады, бірақ бұл процестің соңы соғыспен аяқталмайды ғой. Билік сайлау арқылы өзгеретін елде әр партия қолдаушылар санын арттыруға мүдделі, - деді Козлов.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминов «әлеуметтік араздық туғызды, конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды және қылмыстық топ құрды» деп айыпталып отыр.
XS
SM
MD
LG