Accessibility links

Тілшіге қатысты полиция әрекеті қысым ретінде бағаланды


"Не хабар?!" газетінің кезекті саны. (Көрнекі сурет).
"Не хабар?!" газетінің кезекті саны. (Көрнекі сурет).

Ақтауда полиция қызметкерлері өздерімен бірге рейдке шыққан журналистің диктофонын тартып алып, жазбаларын өшірген.

Оқиға сәуірдің 4-інен 5-іне қараған түні Ақтау қалалық полициясының «Жасөпірім» атты рейді барысында болған. Бұл рейдтің мақсаты – түнгі ойын-сауық мекемелеріндегі тәртіпті бақылау болған.

ОҚИҒА БАРЫСЫ

Осы рейдке тіркелген жергілікті «Не хабар?!» газетінің тілшісі Қуаныш Нұржанов та өзге журналистермен бірге барып қатысқан.

Түнгі сағат екіге таман рейдтің бірінші кезеңі аяқталып, журналистер мен полицейлер бөлімге оралады. Қажетті ақпараттар толық болмағандықтан тілші Қуаныш Нұржанов рейдтің екінші кезеңіне қатыспақшы болады. Полицейлердің кеңесімен ұсталған жасөпірімдердің жанында тұрады.

Тілшінің айтуынша, дәл осы кезде бір әйел полицей ұсталған жасөпірімдерге дөрекі сөйлеп тұрған екен. Диктофонды көрген полицейлердің бірі тілшіні меңзеп «Сөйлемеңдер, мынау диктофонға жазып отыр» деп айғайлайды. Осы сәтте «жасөпірімдерге дөрекілік көрсетіп тұрған полицей» тілшінің диктофонын тартып алады.

Мұнан соң тілшіні полиция капитаны Нұрлан Рахаевқа апарған.

- Полиция капитаны жеке және қызметтік құжатымды көрсетуді талап етті. Қарап болған соң қайтарып беруді сұрағанымда бас тартты, - дейді тілші Қуаныш Нұржанов.

Осылайша қажетті шарадан ақпарат ала алмай, бір сағат бойы полиция бөлімшесінен шығарылмағанын айтқан тілші диктофонын тек ертесінде - ішінде қажетті жазбалары өшірулі күйінде алған.

Оның айтуынша, «диктофонын тартып алған» полиция қызметкері жазбаларды өшіргенін айтып, өзінің әрекеттері үшін кешірім сұраған.

ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАУАБЫ

Азаттық полицияның осы оқиға барысындағы әрекетіне түсінік беруін сұрады. Маңғыстау облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Азамат Сәрсенбай бұл туралы диктофонды тартып алған полицияның қызметке жаңадан алынғанын, тәжірибесіз екенін айтып ақталды.

Ақтау көшесінде кетіп бара жатқан полиция көлігі. (Көрнекі сурет).
Ақтау көшесінде кетіп бара жатқан полиция көлігі. (Көрнекі сурет).

- Ол (диктофонды тартып алған полиция – ред.) өзінің жұмысын дұрыс білмейді. Жұмыс жасағанына бір-ақ ай болған ғой, - деді Азамат Сәрсенбай.

Ал полиция капитаны Нұрлан Рахаев тілші Қуаныш Нұржановты «бір сағат бойы кабинетінде сұрақ астына алғанын» жоққа шығарады. Оның сипаттауынша, «барлық журналистер керек кезде кетіп қалған, ал тілші полицияда қалып қойған».

- Тілшіден «Сен кімсің?» деп сұрадым. Құжаттарын көрдім. «Жарым түн болды, өзіңнің уақытыңнан қалма» деп айттым. Бары - сол. Құжаттарын қолына ұстаттым. Үйіне дейін жақындатып апарып тастадым. Басқа ештеңе болған жоқ. Оған ешқандай қысым көрсетілген жоқ, - дейді ол.

ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫ ПІКІРІ

Тек журналистпен ғана сөйлесіп, біржақты ғана ақпарат алып отырғанын ескерткен құқыққорғаушы Ғалия Әженова «диктафонын тартып алған» полицей мен полиция капитанының әрекетінен қылмыстық кодекстің екі бабын көріп отырғанын айтады.

​Оның айтуынша, «тілшінің диктофонын тартып алған полицей» журналистің заңды кәсіби қызметін жалғастыруға кедергі жасаған. Мұндай әрекетке қылмыстық кодекстің 158-ші бап, 1-ші тармағы бойынша (ҚР ҚК «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау») жаза қарастырылған.

Құқыққорғаушы полиция капитанының әрекеті туралы:

- Журналисті полиция капитанына бір сағат бойы сұрақ астына алған. Дұрыс сұрақ қойылмаған. Кімсің, қандай хақың бар, неге жаздың, кім рұқсат етті деген т.с.с сұрақтар қойған. Яғни, оны бір сағат бойы психологиялық, моральдық жағынан үркітуге алған. Кәдімгідей қысым жасады деп айтуға болады, - дейді құқыққорғаушы.

Құқыққорғаушы Ғалия Әженова.
Құқыққорғаушы Ғалия Әженова.

Ғалия Әженованың айтуынша, бұл жерде қылмыстық кодекстің 158-ші бап, 1-ші, 2-ші тармағын (яғни, лауазымын пайдалана отырып, журналистің заңды кәсіби қызметін жасауға кедергі жасау – ред.) да байқауға болады.

- 2-ші тармақ бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - дейді құқыққорғаушы.

Құқыққорғаушының айтуынша, тілші полицейдің әрекеттеріне қатысты сотқа арыз түсіре алады.

Ақтауда шығатын «Не хабар?!» тәуелсіз газетінің тілшілері бұған дейін «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің тілшілерін жиынға кіргізбей, фотоаппаратын тартып алғаны турасында да шағымданған болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG