Accessibility links

Тасқын судан үйі қирағандар құрылыс бастады


Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан адамдар. 4 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан адамдар. 4 маусым 2017 жыл.

Биылғы көктемде жүрген су тасқыны кезінде үйлері құлап қалған тұрғындар Ақтөбеге жақын ауылдарда құрылыс бастады.

Тасқыннан соң жергілікті билік суға кеткен аудандардың 81 тұрғынына жер учаскесін бөлген. Соның 51-і – Ақтөбеден 13 шақырым жердегі Қурайлы ауылында. Ауыл шетіндегі құрылыс алаңында жұмыс соңғы бір аптада қыза түскен. Бірақ Еділ Жақақов сияқты үйінің қабырғасын көтеріп, шатырын жауып алғандар әзір некен-саяқ. Су тасығанша Ақтөбенің Махамбет деп аталатын бөлігінде тұрған Еділдің жаңа үйін тұрғызуға бауырлары мен нағашысы, тіпті Ойылда тұратын құрдасына дейін келген.

Тасқыннан үйсіз қалғандар үй салып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

«ШАМАМЫЗДЫҢ ЖЕТКЕНІ – ОСЫ ҒАНА»

Еділ Жақақов – Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тумасы. Осыдан біраз жыл бұрын Махамбетке көшіп келіп, саманнан шағын үй соғып алған. Онысы биылғы сәуірдің 15-і күні су тасығанда құлап қалды.

- Жергілікті билік жер учаскесінен бөлек, әр отбасына көмек ретінде 800 мың теңгенің құрылыс материалдарын берді. Ол негізі іргетасының ені – 5, ұзындығы – 8 метр болатын шағын баспанаға есептелген. Отбасымызда бес адамбыз. Балаларым өсіп қалды. Қырық шаршы метрлік баспанаға сыймайтын болғасын, үйімнің іргетасын 9 х 11 етіп құйдым. Бұйырса, екі айға жетпей жаңа үйге кіретін шығармыз деп жоспарлап отырмын, - дейді Еділ Жақақов.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан адамдар. 4 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан адамдар. 4 маусым 2017 жыл.

Жасы қырықтың үстіндегі Еділ Жақақов - қазір жұмыссыз. Ал әйелі Ақтөбедегі ауруханалардың бірінде санитар болып еңбек етеді. Балалары әзірше туыстарының үйін паналап отырғандықтан ерлі-зайыптылардың құрылысты ыждағаттап бітіріп алмақ ойлары бар. Еділдің сөзіне қарағанда, үш балалы отбасы бар жиған-тергенін 100 шаршы метрге жуық құрылысқа жұмсап жатыр.

Бұрын Ақтөбенің іргесіндегі «Кривое озеро» саяжай ұжымында тұрып, жуырда Еділ Жақақовпен көрші болған Қуаныш Аманжолов та жұмыссыз. Келіншегі үшінші перзентін босанғалы отырған Қуаныш тұрақты табысы болмағасын 40 шаршы метрлік баспананы місе тұтқан. Ол да үйінің қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып алыпты. Әлі сылақ тимеген баспанасының терезелеріне полиэтилен ұстап қойған.

Қуаныш Аманжолов, Ақтөбеден 13 километр жердегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан азаматтардың бірі. Қуаныш су тасығанша "Кривое озеро" саяжай ұжымында тұрған. 4 маусым 2017 жыл.
Қуаныш Аманжолов, Ақтөбеден 13 километр жердегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан азаматтардың бірі. Қуаныш су тасығанша "Кривое озеро" саяжай ұжымында тұрған. 4 маусым 2017 жыл.

- Салынып бітпесе де, әйелім екеуміз осы үйді ықтап отырмыз. Құрылыс біткенше ұлдарымды ауылға жібердім. Баратын жер, басатын тауымыз болмай, әбден қиналғасын осы үйді тұрғызып алдық, - дейді Қуаныш.

Азаттық тілшісі барғанда аяғы ауыр Жансая Аманжолова құрылыс басындағыларға ас әзірлеп жатты. Күйеуімен бірге төрт қабырғасы мен шатыры ғана бар үйді паналап отырған жүкті келіншек қабат-қабат болып киініп алған.

- Осы күнімізге де шүкіршілік етіп отырмыз. Қала басшылары мүлдем көмектеспей қойса қайтер едік? Біз оларға не істей аламыз? Үйіміз 25 күн бойы суда тұрды. Сол кезде екі ұлыма желшешек шығып, бізді тіпті жұрттың бәрі паналап отырған мектепке де қабылдамай тастады. Инфекциялық ауруларды емдейтін ауруханаға түстік. Осының бәрінен соң қазіргі күнімізге шүкіршілік етпеске лажымыз жоқ. Әркім көрпесіне қарай көсіледі емес пе? Біздің шамамыздың жетіп тұрғаны – осы ғана. Кейін жұмыс тауып жатсақ, тағысын тағы көрерміз, - дейді Жансая.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан адамдар. 4 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында үй салып жатқан адамдар. 4 маусым 2017 жыл.

«КҮН СУЫМАЙ ГАЗ БЕРУІМІЗ КЕРЕК»

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Азаттық тілшісіне Қурайлыдағы құрылыстың жай-жапсарына қанық екенін айтты. «Ол жерге үш мәрте барғам» деген қала басшысының сөзінше, Қурайлыдан 51 отбасына жер бөлінген.

- Қурайлыдағы құрылыстың басына бүгін-ертең су құбырын тартамыз. Жуырда жарық та берілуі керек. Біз бұл мәселені «Энергосистема» мекемесімен бірлесе шешіп қойдық. Ең қиыны газ құбырын тарту болғалы тұр. Газдың қымбатқа түсетін сыңайы бар. Сондықтан қазір демеушілер іздеп жатырмыз. Егер газды бюджеттің ақшасына тартар болсақ, жобалық-сметалық құжаттарының өзіне алты ай керек. Ол тым ұзақ. Қыс түсіп кетеді. Ал біз күн суымай ол жерге газ беруіміз керек, -дейді Ілияс Испанов.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылы. 4 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылы. 4 маусым 2017 жыл.

Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде 81 үй құлап қалған. Испанов «кей үйлер бірден құлады, кей үйлер біраз уақыт өткен соң құлады» дейді. Табиғи апаттан соң баспанасыз қалған ақтөбеліктерді қолдау мақсатында «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қоры құрылды. Осы қорға қазақстандықтар жалпы сомасы 144 миллион теңге болатын жылу жинап, оған құрылыс материалдары сатып алынған. Үйсіз қалған тұрғындарға берілген жер учаскелері – Ақтөбенің іргесіндегі Қурайлы, Ясное, Сазды ауылдарында. Ал үй салуға шамасы келмейтін 15 отбасына арендалық пәтерлер берілген.

Қала әкімінің айтуынша, көктемгі су тасқынының зардабын жою үшін жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінген. Бірақ ол қаржыны билік су тасыған кезде бүлінген көпірлерді жөндеуге, "Бауырластар-4" деп аталатын ауданға инженерлік коммуникация тартуға жұмсамақ.

Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

- Електі жағалай қонған саяжайлар мен елді мекендердің көпшілігі тыйым салынған зонада. Әсіресе, Махамбет, ВОХР деп аталатын аудандардың жағдайы тіпті қиын. Жыл сайын көктемде су көтеріледі. Сондықтан болашақта бұл аудандардың халқын "Бауырластар-4" аталатын жаңа ауданға көшірмекшіміз, - дейді қала басшысы.

Биыл сәуір айының ортасында су тасыған кезде Ақтөбенің Елек және Қарғалы өзендерін жағалай қонған елді мекендер мен саяжайлар тасқынның астында қалған болатын. Баспанасыз қалған екі мыңдай тұрғынның 800-ге жуығы бір апта бойы қала мектептерінің спорт залдарын паналаған.

ВИДЕО: Су тасқыны кезіндегі Ақтөбе (18 сәуір 2017 жыл)

Құтқаруға қайық тапшы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00

XS
SM
MD
LG